Баға және кәсіпорынның баға саясаты

 

КІРІСПЕ

 

        Курстық жұмыстың өзектілігі. Бүгінгі экономика өзінің негізгі үш субъектісінің: өндірушінің, тұтынушының және үкіметтің өзара іс-қимылымен сипатталады. Қандай да болсын кәсіпорын өзінің серіктестерімен нарықтық қарым-қатынаста іс-әрекет етеді. Ал бұл жағдайда тек заманға сай, бәсекелестік қабілеті жоғары өнім шығаратын кәсіпорын ғана жетістікке жете алады.

         Нарық жағдайында шаруашылық субъектілерінің табысты жұмыс істеуі үшін осы заманғы ғылыми теория мен практиканың әдіс-амалдарын қолдана білудің маңызы зор екенін талдай келе, нарықтық механизмнің негізгі элементтерінің бірі – баға екенін әрқашан есте ұстаған жөн.  Нарықтық баға өндірушілердің және тұтынушылардың  өз арасындағы бәсеке нәтижесінде қалыптасады. Бұған бәсекеден басқа да көптеген факторлар әсер етеді. Жалпы нарық бағасына нарыққа қатысушылардың бәрі де әр түрлі деңгейде тәуелді болады, әсіресе сұраныс пен ұсыныс нарықтық баға әсерінен қалыпты жағдайдан тез ауытқиды. Сондықтан да нарықтық бағаның құрылуын, қалыптасуын және оның ауытқу заңдылықтарын біліп отыру, әр кәсіпорынның табысты тұрақты алуына және өндіріс  бағытын жетілдіруге негіз бола алады. Міне, әр салада, әр сферада және әр тауар түрі  бойынша бағаның құрылуының маңызы мен маңыздылығы осында десек, артық айтқандық емес. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғалы бері өзі қатарлы ТМД мемлекеттері арасында экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени салаларында көш басшы атанып келеді. Бұл еліміздің қай саласын алып қарасақ та халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жасалынып жатқан игі істер мен экономикалық жағдайды  көтеруде алдыңғы қатарлы озық ойлар мен пайдалы қадамдар жасалынып жатқандығын көрсетеді. 
        Нарық кешенін құрайтын бір тәсіл бола тұра баға өте маңызды қызметтер атқарады. Сайып келгенде коммерциялық фирма әрекетінің түпкі нәтижесі көбінесе бағаға байланысты. Дұрыс таңдалып алынған баға стратегиясы тауардың бәсекелестік қабілетіне және кәсіпорынның өндіру-өткізу  жұмысына ұзақ мерзім әсерін тигізеді. Бұған қоса тұтынушыларға (тауарды сатып алушыларға) тигізетін бағаның әсері де аса зор. Баға дегеніміз тауар құнының ақшалай белгісі. Ол еңбек өнімінің натуралдық-заттық нысанынан ақша нысанына көшуін және сатып алу-сату актілерінің негізінде оның бір иеден басқасына қозғалысын ортақтастыра отырып құндық бөліністің бастапқы категориясы ретінде керінеді. Ұлттық табыс бөлінгенге дейін және қайта бөлінгенге дейін тауар сатылуы тиіс. Баға өнім иесіне оны өткізуден түсетін ақшаның мөлшерін алдын ала анықтайды және одан әрі бөлінетін процестің алғашқы негізі болып саналады.

        Баға құрудың негізгі міндеттері: өндіріс, тауарды өткізу, құнның қалыптасуы, жалпы ішкі өнім мен ұлттық табыстың өндірілуі, оның бөлінуі және пайдаланылуы, баға түрлері, олардың негізгі принциптері мен есептеу жолдарын  анықтау. Жалпы баға – күрделі экономикалық категория. Сондықтан да баға теориясын түсіну және оны нақты практикада іс жүзінде қолдана білу болашақ мамандар үшін аса қажет.  Өйткені, Қазақстан Республикасы жағдайында бағаның  құрылуының өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, бағаның құрылуы өндіріс және айналым шығындары негізінде және бағаның нарықтағы сұраным мен ұсынымның өзара әрекеті негізінде құрылуы, бағаның нарықтық қатынастардағы орны, баға құрылымының механизмі және оның өзіндік сипаты тұрғысындағы өзекті мәселелер бәсекелестік ортаға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ экспорт және импорт тауарлары мен қызмет көрсету түрлерінің сыртқы сауда бағасы және ұлттық баға жүйесі, сыртқы  сауда бағасының жіктелуі, экспорт және импорт тауарларының ішкі бағасы және оның қалыптасу тәсілдері мен принциптері, сонымен қатар экспорттық және импорттық қосымша, сараланған валюта коэффициенті, оның мәні және есептеу тәсілдері, Қазақстан Республикасына ТМД елдерінен әкелінген тауарлар бағасын есептеу әдістемесі де экономикадан өзіндік орын алады.

        Курстық жұмыстың  мақсаты. Кәсіпорынның баға стратегиясын және баға саясатын ЖШС «Қазақмыс корпорациясы» мысалында терең зерттеу.Баға және баға белгілеу нарықтық экономиканың негізгі элементтерінің бірі болып табылады.Бағада іс жүзінде экономиканың жалпы қоғам дамуының барлық негізгі мәселелері түйінделген және шоғырланған. Бұл тауарларды өндіру және сатып өткізу, олардың құнын қалыптастыру жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мен ұлттық табысты құру, бөлу мен пайдалануға қатысты болады.

        Баға белгілеу - тауарлар мен көрсетілген  қызметтерге бағасын қалыптастыру  процесі.

        Баға белгілеудің негізгі екі  моделін бөліп көрсетуге болады:

  • қандай да бір тауар нарығында сатып алушылар сұранысы мен сатушылар ұсынысы арасында өзара әрекет ету негізінде нарықтық баға белгілеу.
  • орталықтандырылған мемлекеттік баға белгілеу - шығындық баға белгілеу шеңберінде өндіріс пен айналым шығындары қойылу арқылы бағаларды мемлекеттік мекемелердің анықтауы.

        Курстық жұмыс міндеттері. Осы курстық жұмыстың мақсатына байланысты мынадай міндеттер белгіленді:

  • Нарық жағдайында фирманың тауарына баға тағайындау әдістерін    талдау;
  • Фирмадағы баға саясатының атқаратын қызметтерін талдау;
  • Баға саясатын белгілеуді қарастыру;
    • Бағаның тауар құнын қалыптастыруды зерттеу т.б.

        Кәсіпорынның табысы олардың  активтерінің артуы немесе капитал  меншігінің көбеюіне әкелетін  міндеттемелердің  кемуі. «Табыс»   ұғымы   жалпы   мемлекетте  ұлттық табыс, кәсіпорындарда (жалпы табыс, таза табыс), ал жеке тұлғаларда (халықтың ақшалай табысы, жеке табыс) болып   қолданылады.

1 КӘСІПОРЫНДАҒЫ БАҒА МЕН БАҒА САЯСАТЫНЫҢ              ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

         1.1  Бағаның экономикалық мәні мен оның түрлері

 

 Құн  мен баға ұқсас ұғымдар, алайда  біркелкі, пара-пар деп түсінуге  болмайды. Құн тауар өндірісінің  шығындарын көрсетеді, ал жекелеген  тауардың бағасы нарықта байқалады  және ол құннан ауытқуы әбден  мүмкін. Себебі оған сұраныс пен ұсыныс, пайдалылық, сиректілік, инфляция және т.б. факторлар ықпал жасайды. Баға-тауар құнының ақшалай өлшемінің көрінісі. Нарықты зерттеу және сегменттеуде тауар қозғалысы шаруашылық процесстерін реттеудің құралы болып табылатын бағамен іске асады. Баға белгілеу механизмі бірқатар элементтерден тұрады: бағалар, олардың құрылымы, деңгейі, белгілеу тәсілі, баға динамикасының факторлары.

«Баға»  категориясы деп өзінің қызметтерінің  ерекшелігімен, қолдану сферасымен, қалыптасу тәсілімен ерекшеленетін  баға түрлерін түсінеміз.Баға-құнның ақшалай  көрінісі. Ол құннан ауытқып тұрады, тек нарықты тепе-теңдіктің кейбір сәттерінде құнмен сәйкес келеді.Баға-тауарға  төленетін ақша соммасы, яғни баға тауар  өндірісіне кеткен шығындармен байланыспайды.

       Бағаның қызметтері:

        Есеп қызметі. Бұл өнім өндіргенде  қоғамдық қажетті еңбек шығыны  процессінің өзгеруінде байқалады  және әртүрлі өнімді өндіру  қалай ,немен жүзеге асқанын көрсетеді.

        Ынталандыру қызметі. Бұл кезде  баға өндіріс тиімділігіне әсер  етіп, өнім ассортиментін жаңғыртуға, жаңа технологияны қолдануға, өнім сапасын арттыруға күш салады.

        Бөлу-реттеу қызметі. Бағаның  бөлу қызметі сұраныс пен ұсынысты  реттеу және тұтынушы мәртебесінің  өзгеруі кезінде байқалады.Нарықты тепе-теңдік сақтағанда, тұтыну мен өндірісті теңгергенде байқалады.

        Ақпараттық. Баға тұтынушыға сатушылар  тарапынан тауар ұсынымы туралы  белгі береді және олар өз  өнімі үшін қанша алғысы келетіндігін  баяндайды.Екінші жағынан сатушылар  сатып алушылардың төлем қабілеттілігін  немесе өндіріс ресурстарының  қорын байқайды. Мұндай ақпарат  барометр сияқты-зерттеу және  сегменттеудегі конъюктура жағдайын  айқындап, кейбіреулердің іскерлік  белсенділігін арттырады.  Қазіргі  уақытта тауарды сатып алу  мен қызмет көлемінің 70-80% еркін  баға үлесі қамтиды. Нарық діңгегін  еркін баға құрайды. Нарықты  зерттеу және сегменттеу дамыған  көп елдерде баға міндетті  түрде реттелінеді, еркін нарықты  бағасыз өзін-өзі реттеу механизмі  жұмыс істелмейді. [1]

        Үкімет органдары тарапынан бағаны бақылау. Мемлекеттік орган мен олардың әлеуметтік әріптестері бағаны бақылаудың басты мақсаты-өмір сүру құнының өсуін айқындау.

        Бағаға жанама әсер ету. Мұның  мәні мынада: сыртқы саудада кейбір  сандық немесе кедендік шектеуді  еңгізу немесе алып тастау.Сондай-ақ  есептеу ставкасының өзгеруі, салық ықпалдығын ескеру, ақша эмиссиясының көлемін көбейту немесе азайту.

       Мемлекеттің баға құрылу процесіне араласуы. Бұл жерде үкімет органдарының өндіріс шығындарын көтеруге рұқсат етілуі көзделген: өзіндік құнға көтеріңкі жойылған амортизация және басқа қорларға жіберілген нәрселер қосылады.

       Бағадағы лидерлік. Бұл құбылыс өндіріс саласының тауар мен қызмет көрсету саласында басталады. Себебі мемлекеттің үлесі сүбелі. Егер салаларды мемлекет пен жеке кәсіорындар басқарса, мемлекет конъюктуралық немесе құрылымдық-саяси мақсатта өзіне жататын кәсіпорындар бағасына әсер ету қолынан келеді. Мемлекет нарықтың көлемді бөлігін бақылап, ұсынымның шектелуімен баға белгілеуде лидер болып, сала бойынша оның деңгейін анықтайды. Осындай жағдай мемлекеттік ірі сатып алушы және тапсырыс беруші салаларында да қалыптасқан.

Мемлекеттің бағаға тікелей әсері. Мұны мемлекеттік  субсидия жүзеге асырып, сала ішінде, салада немесе аймақта жеке тұтынушылар  шығынының төмендеуін байқатады.

Зерттеу және сегменттеудің мемлекеттік  секторында өндірілген тауар және жасалатын  қызметке жеңілдетілген баға мен  тарифтерді белгілеу. Бұған минерал-шикізат  және жағармай-энергетикалық ресурстар, темір жол мен почта-телеграф тарифтерінің бағасын айтамыз.

         Бағаның көрсетілген түрін немесе  олардың белгіленген көтерілу  шегін үкіметтің бақылауы. Бағаны  осылай реттеу әлеуметтік келеңсіздіктің белең алғанында ғана қолданылады.Тауардың кейбір түрлеріне бағаны бекіту мен бақылауды ұлттық органдар құзырына береді. [2]

 Бағаның тауар құнынан жоғары немесе төмен қарай ауытқуларын анықтайтын факторлар өндірушінің өзіне басшылары мен ұжымның қызметіне байланысты, ішкі және кәсіпорынға тәуелді емес сыртқы факторлар болып екіге бөлінеді.

  Ішкі факторлар:

      • жарнама деңгейі (ол қаншама тартымды да ұтымды болса, өндіруші бағаны да соншалықты көтере алады);
      • өндірілген өнімнің ерекшелігі (оның өңделу деңгейі қаншалықты жоғары  сапасы ерекше болса, бағасы да соншама жоғары болады);
      • өндіріс процесінің ерекшеліктері (аз көлемде шығарылатын және жеке өндіріс өнімдерінің өзіндік кұны және осыған сәйкес, бағасы да жоғары болады; жаппай өндірілетін тауарлардың шығыны салыстырмалы түрде төмен болғандықтан, өнімдердің бағасы да онша жоғары болмайды);
      • өндірушінің нарықтық  стратегиясы мен тактикасы (бір немесе бірнеше нарық сегменттеріне бағытталған);
      • өнімнің өмірлік кезеңдерінің ерекшеліктері;
      • өндірістік процестің жинақтылығы;
      • тауардың өндірушіден тұтынушыға дейін жетуінің ұзақтылығы;
      • сату және сатқаннан кейінгі кезеңде сервис қызметін ұйымдастыру;
      • өндірушінің ішкі және сыртқы нарықтардағы имиджі.

         Бағаның  ауытқуына әсер ететін сыртқы факторлар:

      • тауар өндірілетін ел мен кәсіпорын өнімдерін сататын елдердегі саяси тұрақтылық;
      • еркін нарықта қандай да бір қажетті ресурстардың (еңбек, материалдық, қаржылық) болмауы;
      • мемлекет жүргізетін экономикалық саясаттың сипаты;
      • инфляцияның деңгейі және динамикасы:
      • нарық көлемі;
      • әрекет етуші және болашақтағы сатып алушылық сұраныстың көлемі мен ерекше белгілері;
      • біртекті өнімді өндірушілер арасында бәсеке болуы және оның деңгейі. [3]

1. Айналымға  қызмет көрсету сипаты бойынша  бағаның келесідей түрлерін бөліп  көрсетуге болады:

  • Сатып алу және сатудың көтерме сауда бағасы. Көтерме баға деп      өндірушілер шығарған тауарларын басқа кәсіпорындарға, жеткізуші ұйымдарға ірі партиямен сататын бағаны айтамыз.
  • Сатып алу бағасы бойынша ауыл шаруашылық өндірушілері өз өнімдерін мемлекетке, кәсіпорындарға, өнеркәсіптік кәсіпорындарға кайта өңдеу үшін сатады.
  • Бөлшек сауда бағасы арқылы тауарлар жеке немесе ұсақ сатып алушыларға негізінен халықка өткізіледі.
  • Смета құны - салынған құрылысқа (ғимараттар, үйлер) төленетін баға.
  • Халыққа көрсетілген қызметтердің бағалары мен тарифтері - тұрғын үй, коммуналдық шаруашылықтар, туристік және қонақ үй, денсаулық сақтау, тұрмыстық қызмет көрсету қызметтеріне қойылған бөлшек бағаның ерекше түрі.

 Айналым саласында (көтерме - өткізуші бөлшек саудада) баға шегерімі мен баға үстемесі қолданылады.

 Жабдықтаушы-өткізуші ұйымдар бағасы мен жеткізуші кәсіпорынның көтерме бағасы арасындағы жабдықтаушы-өткізуші үстемесі болады. Сатып алу және сатудың көтерме бағасы мен көтерме және бөлшек бағалар араларындағы айырмашылық сауда үстемесін (шегерімін) көрсетеді.

 2. Мемлекеттің әсер етуі мен реттеуіне нарықтағы бәсеке деңгейіне байланысты келесі баға түрлері ерекшеленеді:

  • Еркін бағалар (нарықтық бағалар) - осы нарықтағы қалыптасқан сұраныс пен ұсыныс негізінде өнімдер мен қызмет көрсетуге өндірушілердің орнататын бағалары. Еркін бағаға жататындар:
      • Сұраныс бағасы - сатып алушы нарығында қалыптасатын бағалар.
      • Ұсыныс бағасы - сатушылардың ресми ұсынысында көрсетілетін шегерімсіз нарықтық баға.
      • Өндіріс бағасы - барлық авансыланған капиталға орташа пайданы қосу арқылы өндіріс шығындары негізінде анықталатын баға.
      • Реттелетін бағалар - мемлекеттік басқару органдары орнататын бағалар. Реттелетін бағалар кепілді және кепілдемелі, ұсынылатын, шектеулі, төменгі қорғаныс болады.

 Реттелетін бағалардың арасынан шектеулі бағалар мен бекітілген бағаларды бөліп көрсетеді: шектеулі бағалар – кәсіпорындар, белгіленген бағадан жоғары деңгейде баға белгілей алмайтын бағалар.Бекітілген бағалар - белгілі деңгейде қойылатын бағалар. Олардың өзгеруі бекіткен нарық субъектісінің немесе органының шешімімен ғана болуы мүмкін.

 3. Тағайындау және бекіту әдісі бойынша бұл бағалар шарттарда, келісім-шарттарда анықталады. Олардың арасынан мыналарды бөліп көрсетуге болады:

  • қатаң баға (тұрақты) - шартқа қол қойылған кезде, қойылатын және осы шарт, келісім-шарт, келісім бойынша өнімді жеткізу мерзімі аяқталғанша өзгертілмейді.

Тұрақты баға келесі мәмілелерде қолданылады;

    • өнімді жедел жеткізу;
    • өнімді қысқа мерзімде жеткізу;
    • ұзақ мерзімде тоқтаусыз жеткізу.
  • жылжымалы баға - егер шартта айтылғандай, оны орындау кезінде нарыктық баға өзгерсе (жоғарыласа немесе төмендесе), онда келісілген баға деңгейі қайта қаралуы мүмкін болады;
  • сырғымалы баға-ұзақ дайындау мерзімін талап ететін бұйымдарға қойылатын баға. Өнімді дайындауға қажет уақыт кезеңіндегі өндіріс шығындарындағы өзгерісті есепке ала отырып, бастапқы шарт бағасын қайта қарау арқылы шарт орындала бастаған кезден бастап есептеледі.

4. Уақыт факторын есепке алу бойынша келесі баға түрлері анықталады:

  • тұрақты баға - әрекет ету мерзімі алдын-ала анықталмаған баға түрі.
  • маусымдық баға - маусымдық тауарлардың сипаттағы сатып алу немесе бөлшек бағаларының түрлері.Белгілі бір уақыт ішінде әрекет етеді және бастапқы сату бағасына жеңілдіктер қолдану арқылы анықталады;
  • сатылы баға - белгілі уақыт мерзімдерінде алдын-ала анықталған тәртіп бойынша біртіндеп төмендетілетін баға түрі.

  Баға деңгейі туралы ақпарат алу тәсілі бойынша:

-  анықтамалық  бағалар - каталогтарда, прейскуранттарда, экономикалық журналдарда, анықтамалар  мен арнаулы экономикалық шолуларда жарияланады.Ұқсас өнімге баға қою кезінде бағдарлық ақпарат ретінде немесе бағалардың деңгейлері мен арақатынастарын талдау үшін пайдаланады.

- прейскуранттық  баға - сатушы фирмалардың прейскуранттарында  жарияланатын анықтамалық баға  түрі.

- есеп  айырысу бағасы - жеке тапсырыс  бойынша өндірілетін стандартты  емес құрал-жабдықты дайындау  туралы шарттарда, келісім-шарттарда  қолданылады; жеткізуші әрбір  жеке тапсырыс бойынша, оның  техникалық және коммерциялық  жағдайына сәйкес есептеп дәлелдейді.

  Нарық түріне байланысты:

- аукциондық баға - тауарлар партиясын сатып алушы алдын ала қарау арқылы ашық сауда кезінде ұсынылған ең жоғарғы баға деңгейі;

- биржалық  баға белгіленімі - биржа арқылы  сатылатын біртекті стандартталған  тауарлардың (оның ішінде бағалы  қағаздардың) бағасы;

- сауда-саттық  бағасы - алдын-ала ерекше құжатта  (теңдерде) жарияланған шарттар бойынша  белгілі бір жұмысты орындауға мердігерлікті жеңіп алу немесе тауарларды жеткізуге тапсырыс беруге негізделген арнаулы сауданың ерекше нысанының бағасы.

  Ішкі фирма немесе трансферттік бағалар - кәсіпорын (фирма) бөлімшелерінің немесе бір ассоциацияға ұйымдастыру нысанына кіретін түрлі кәсіпорындардың арасында өнімді өткізу кезінде кәсіпорын (фирма) ішінде қолданылатын баға. Трансферттік бағалар дайын өнімдерге, жартылай дайын өнімдерге, шикізатқа сонымен қатар қызметтерге, оның ішінде, басқару қызметтеріне тағайындалады. [4]

  Әлемдік бағалар - бұл нақты тауарларды сататын халықаралық сауданы жеткілікті түрде сипаттайтын ірі экспорттық және импорттық операциялар жургізілетін бағалар. Практикада әлемдік бағалар тауарлардың түрлі топтарында келесідей болып аныкталады:

-  шикізат  тауарлары бойынша олар экспорттаушы  немесе импорттаушы елдердің бағалары деңгейімен немесе аукциондар мен биржалар бағаларымен анықталады.

- өндірістік-техникалық  бағыттағы бұйымдар бойынша - жетекші әлемдік өндірушілер  бағалары.

- тұтыну  тауарлары бойынша - көш басындағы  ірі сауда үйлерінің каталогтарында  жарияланған бағалармен анықталады.

 

 

  1.2 Баға саясатының мақсаттары, стратегиялары, әдістері

 

          Фирма ең алдымен нақтылы тауардың көмегімен қандай мақсатқа жету керектігін шешуі керек. Егер мақсатты нарықты таңдау және нарықты позициялау ұқыпты қолданылған болса, онда маркетинг кешенін құрастыру және баға проблемасы анықталған жағдайда деуге болады. Өйткені баға белгілеу стратегиясы негізінде нарықты позициялау туралы қабылданған шешімдермен анықталады . Сонымен қатар фирма алдына басқа да мақсаттар қоюы мүмкін. Бұл мақсаттар неғұрым анық болса, соғұрлым баға белгілеу жеңіл болады. Тәжірибеде жиі кездесетін мұндай мақсаттарға күнделікті табысты максималдандыру, нарық бөліктерін игеру, не тауар сапасы көрсеткіштері бойынша лидерлікке жету мақсаттары жатады.

       Фирманың өмір-тіршілігін  қамтамасыз ету.Нарықта өндірушілердің  көп болған жағдайында және  бәсекелестіктің шиеленіскен кезеңінде,  не тұтынушылардың тұтынысы күрт өзгергенде фирманың өмір тіршілігін қамтамасыз ету негізгі мақсатқа айналады. Кәсіпорынның жұмысын және өз тауарларын өткізуді қамтамасыз ету үшін фирма төменгі баға белгілеуге мәжбүр болып, оған тұтынушылардың қайырымды жауапты реакциясы болады деп үміттенеді. Тіршілікті сақтау табыстан гөрі маңыздырақ. Қиын жағдайға ұшыраған «Креислер» және «Интернеишнл Харвестер» түрлі фирмалары кеңейтілген баға төмендету бағдарламасын қабылдаған. Төмендетілген бағалар шығындарды жабатын жағдайға жеткенше бұл фирмалар бірқатар уақыт өзінің коммерциялық әрекеттерін жалғастырады.

Күнделікті табысты максимизациялау.Көптеген фирмалар күнделікті табысты максимизациялауға  тырысады. Олар әртүрлі бағалар деңгейі  бойынша сұраныс пен шығындарды бағалап, күнделікті максималды табыс  және қолма-қол ақша келтіретін және шығынды максималды түрде өтейтін  бағаны таңдайды. Мұндай жағдайлардың бәрінде фирма үшін күнделікті қаржы  көрсеткіштері ұзақ уақытқа арналған көрсеткіштерден маңыздырақ деп  саналады.

Нарық бөлігі көрсеткіші бойынша лидерлікті жеңіп алу.Басқа фирмалар нарық  бөлігі көрсеткіші бойынша лидер  болғысы келеді. Олардың сенімі бойынша, нарықтың ең үлкен бөлігіне ие болған компания ең ұзақ уақытқа созылатын  табысқа ие болумен қатар, ең төмен  шығында болуы керек. Нарық бөлігі бойынша лидерлікке жету жолында  олар бағаны мүмкіншілігінше максималды түрде төмендетеді. Бұл мақсаттың  тағы бір нұсқасы нарық бөлігін нақтылы өсіру . Бір жыл аралығында фирма өзінің нарықтағы үлес бөлігін 10%-дан 15 %-ға  жеткізгісі келеді деп айталық. Осы мақсатқа сәйкес ол бағаны да , маркетинг кешенін де құрастыруға тиіс.

         Тауар сапасы көрсеткіші  бойынша лидерлікті жеңіп алу.Фирма нарықта ұсынылатын барлық тауарлар арасында өз тауарының ең жоғары сапалы болуын мақсат етуі мүмкін. Әдетті жағдайда, бұл жоғарғы сапаға жету және қымбат бағалы ҒЗТКЖ-ні ұйымдастыру шығындарын өтеу үшін тауарға жоғары баға тағайындауды талап етеді. Тауар сапасы бойынша жетекшілік рөлді жеңіп алу үшін күресетін мекемелердің көрнекті өкіліне «Мишлен» шина компаниясы жатады. Ол шиналарына ылғи жаңа қасиеттер беру арқылы олардың қызмет атқару уақытын ұзартып, олар үшін жоғарылатылған баға алады. [5]

Өмірде баға белгілеудің мынандай мақсаттары қойылады:

  • Нарықта қалуды қамтамасыз ету;
  • Пайданы мейлінше молайту;
  • Нарық үлесін жаулап алу;
  • Тауар сапасы бойынша берілген нарықта жетекші орынды алу.

 Көтерме саудамен айналысатын ірі саудагерлерді, фирманың өндірістік мүмкіндіктерін пайдалану,тауар имиджін жасауда баға белгілеудің мақсаттары болуы мүмкін.

 Қазақстанның нарықтық қатынастарға өткен бастапқы кезеңінде көптеген фирмалардың баға белгілеудегі басты мақсаты - нарықта сақталып қалуды қамтамасыз ету болса, қазіргі жағдайда күнделікті ағымдағы пайданы мейлінше молайту мен нарық үлесін жаулап алу алға шықты.

 Кәсіпорындардың экономикалық жағдайы жақсарса, баға белгілеудің де мақсаттары өзгереді, ағымдағы пайданы молайту жаңа, беделді, стандартты емес тауарлар өткізілген кезде ғана баға белгілеудің мақсаты бола алады.

 Егер нарықта бәсеке деңгейі едәуір жоғары болса, көбінесе баға белгілеудің мақсаты — нарық үлесін жаулап алу деп қабылданады. Мұндай жағдайда бәсекелестік бағаларға ерекше көңіл бөлінеді. Бірақ, нарық жағдайларына үнемі бейімделіп отыру баға дифференциациясының болмауына әкеледі.

 Фирма белгілі бір көрсеткіштері бойынша нарық лидері болғысы келеді, бұл оның шығындарын азайтып, пайда алуға көмектеседі. Өнім сапасын  жоғарылату көптеген шығындарды талап етеді, әйтсе де бұл шығынның орны тұтынушы сапалы, озық тауарды жоғары бағамен сатып алуға әзір болғандықтан, тез толады.

 Фирма басшылары бағаны есептеудің әдістерін таңдап, ең жоғарғы және төмен бағаның ықтималды деңгейін бекітеді. Бағалық стратегия шығынға, сұранысқа, бәсекеге, тауардың өмірлік цикл кезеңіне негізделіп,айқындалуы мүмкін. [6]

 Нарық түрін бағалау фирма стратегиясын жасаудағы нақты бір әдісті таңдауының маңызды шарты болып табылады. Нағыз бәсеке нарығы белгілі бір өнімді сатып алатын және сататын көптеген сатып алушылар мен сатушылардан тұрады. Мұндай нарықта ешбір сатушы, не болмаса сатып алушы күнделікті ағымдағы бағалар деңгейіне көп әсер ете алмайды. Сатушы нарықтық бағадан жоғары баға қоя алмайды, өйткені сатып алушы бұл тауарды төменгі бағамен басқа бір сатушыдан сатып алуы мүмкін. Мұндай нарықта бәсекелестік баға белгілеу стратегиясын қолданған дұрыс болады.

  Қазіргі экономикалық теорияда қарастырылатын бағаның формуласы жетілген бәсеке жағдайында бір жағынан шекті пайдалылық, екінші жағынан шекті шығындарға сәйкес келіп, сұраныс пен ұсыныс қисықтарының қиылысу нүктесіне орналасады.

  Олигополиялық нарық бір-біріне өте сезімтал бірнеше сатушылардан тұрады. Тауарлар ұқсас болуы мүмкін. Мұндай нарыққа жаңа сатушылардың енуі қиын. Олигополист өз бағасын түсірсе де, оны осы деңгейде ұстап қалатынына сенімсіз болады. Алайда бағаның өсуі бәсекелестерге әсер етпеуі мүмкін, тек мұндай жағдайда фирма тұтынушылары бәсекелестерге кетіп қалуы мүмкін. Мұндай нарықта көбіне бағалық жетекшіге қарап, баға белгілейтін бейімделу стратегиясы қолданылады.

  Монополистік бәсеке нарығы тауардың әр түрлі нұсқаларын ұсынуға байланысты кең диапазонды бағалар туралы мәмілелер жасайтын көптеген сатушылар мен сатып алушылардан тұрады. Мұнда дифференциялды және бәсекелестік баға белгілеу стратегиясын қолдануға болады.

  Нағыз монополия жағдайында нарықта тек бір сатушы ғана болады. Ол өз саясатын нарықты кеңірек жаулап алу мақсатымен жүзеге асырады. Мұндай нарықтағы баға монополист бағасына байланысты болады. Егер монополист әлеуметтік және қайырымдылық мәселелерін шешіп жатса, баға шығындар деңгейінен төмен де болуы мүмкін. Егер ол пайданың өсуін көздесе, баға шығындардан  артып, көп жоғарылайды. Әрине, монополистер пайданы ең көп шамаға ұлғайтуға ұмтылады, бірақ оған бағаны монополияға қарсы реттеу тосқауыл бола алады.

  Қазақстанда тұтыну тауарлары мен қызметтері нарықтарының көбі монополистік бәсеке нарығына жатады, өйткені олар сапа, тұтыну қасиеттері, буып-түю, орауы және т.б.  сипаттамалары  бойынша ерекшеліктері бар бір-біріне ұқсамайтын әр тауардың бірнеше модификацияларынан тұрады. Сондықтан, баға тағайындау әр түрлі тәсілдерді қолдануды талап етеді. [7]

  Баға стратегиясын жасаған кезде микро және макро ортаны талдап, ондағы факторлар өзгерістерінің тенденциясын анықтау керек.

 Жалпы баға үш тәсіл арқылы анықталады:

  1. Баға тауар өндіру және қызмет көрсетуге байланысты шығындарды жабуы қажет.
  2. Кәсіпорын тек шығындарды ғана жаппай, сонымен қатар белгілі бір пайда алуы тиіс, ол өз кезегінде тауарға деген сұранысқа байланысты.
  3. Нарықта бәсекелестер әрекет етеді. Сондықтан тұтынушыны төлеуге әзір бәсекелестер ұсынысына байланысты.

  Сөйтіп, баға жайында шешім  қабылдау шығындарға, тұтынушылар сұранысы мен ұсынысына,  бәсекелестердің мінез-құлқына байланысты. Соған қарай, шығындарға сұраныс пен бәсекеге негізделген стратегияларды бөліп көрсетуге болады.

    Сұранысқа негізделген баға тағайындау әдістерін кең қолдану кәсіпорынға бағаларды үнемі өзгертіп отыру және қажетті пайда алу мүмкіндігін береді. Тәжірибеде сұранысқа негізделген баға тағайындау стратегияларының мынандай түрлері қолданылады:

  1. «Қаймақ қалқып алу» стратегиясы. Жаңа тауарларды жоғары бағамен сатуды көздейді. Тауар жаңа болғандықтан, оған деген сұраныс икемді емес. Баға икемділігі нарықты әр түрлі сегменттерге бөлуге көмектеседі. Бастапқы бағаға қарамайтын тұтынушылардан «қаймақ қалқып алуға» болады. Жоғары баға жарнама және тауар бейнесін қалыптастыруға жұмсалатын шығындарға байланысты белгіленеді. Икемділігі жоғары сегменттер үшін бағалар біртіндеп төмендей бастайды. «Қаймақ қалқып алу» стратегиясын қолданған кезде тауардың өмірлік циклі қысқа болуы мүмкін және бәсекелестер де оны қайталауы мүмкін.

  «Қаймақ қалқып алу» стратегиясының артықшылықтары:

- бұл стратегия бағаны нарықтағы  өзгерістер мен бәсекелестердің  іс-қимылын есепке ала отырып, өзгертуге мүмкіндік береді;

- жаңа тауарды өндіру шығындары  әрқашан жоғары болады, ал бұл  стратегия оларды жабуға жәрдемдеседі;

- тауардың жоғары бағасы оның  сапалылығына байланысты деп  есептелінеді. Сондықтан, бұл стратегия  фирманың және оның тауарының  беделін көтеруге мүмкіндік береді.

Баға және кәсіпорынның баға саясаты