Диалектизм нормалары



 

 

Кіріспе.................................................................................................................

 

І тарау ҚАЗАҚ ДИАЛЕКТОЛОГИЯСЫНЫҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ.

1.1. Норма, диалект, говор туралы жалпы мәлімет.........................................

1.2 Орыс ғалымдарының «диалект», «диалектизм», «говор» терминдеріне берген анықтамалары......................................................................................

1.3 Батыс ғалымдарының диалект, жайлы көзқарастары және қазақ ғылымында «диалект» сөзінің мәні................................................................

1.4 Қазақ ғалымдарының қазақ тіліндегі диалектілер жайындағы көзқарастар....................................................................................................

 

ІІ тарау ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖЕРГІЛІКТІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІҢ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ

2.1 Территориялық (жергілікті) және тайпалық диалектілердің қалыптасуы және ара қатынасы........................................................................................

2.2 Қазіргі қазақ тіліндегі ауыспалы говор мен жергілікті говор.................

2.3 Қазақ тіліндегі диалектілік сипаттағы элементтер..................................

 

Қорытынды...................................................................................................

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі....................................................................

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

Қазақ тілінің лексикалық құрамы әдеби тілде қолданылып жүрген сөздерден ғана жасалмайды. Ол сөздерден басқа да халық тілінен қамтылмаған тіл материалы, сөз байлығы бар. Бұл сөз байлығы ұлт тілі жасалған дәуірде ғана әдеби тілге еніп, бірте-бірте қалыптасып, халықтың керегіне жұмсалады. Тілдің сөздік құрамы толығып, кейбір грамматикалық формалары жетіліп, ұлт тілінің көлемі кеңейді. Мұның өзі ұлт тілінің халық тілінен айырмасын анықтайтын көрсеткіштің бірі болып табылады.

Шынында ұлт тілінің дамуы тілдің жаңа, тың элементтерінің өрістеуімен де байланысты. Қазақ тілінің сөздік қоры қазіргі әдеби тілде қолданылып жүрген сөздерден, сөйлеу тіліндегі лексика мен диалектілік лексикадан ғана тұрмайды, қоғамдағы әр түрлі топтардың тіліндегі арнаулы сөздер де ұлттық тілдің сөздік құрамына кіреді. Олар тіл білімінде әлеуметтік диалектілер деп аталып жүр. Қазақ тіліндегі сөз тудыру заңдарының негізінде жасала отырып, бұлар да лексиканың басқа салалары сияқты, ұлттық әдеби тіл нәр алатын негізгі арналардың бірі болып табылады. Әлеуметтік диалектілердің қалыптасу, пайда болу жағдайы, себептері жергілікті диалектілерден басқаша. Қай тілде болсын, жергілікті диалектілердің негізі көне замандарда салынып, қалыптасуы феодалдық заманмен ұштасып жатыр. Мұнда ең басты себеп халықтың жергілікті аудандарының экономикалық бытыраңқылығымен байланысты. Ал әлеуметтік диалектілерді тұтасымен белгілі бір ғана қоғамның жемісі деп кесіп айтуға болмайды. Мәселен, қазақ тіліндегі кәсіби сөздердің кейбіреулері (шиіт, тоған, арық-атыз, алыс-арық т. б. М. Қашғаридың сөздігінде (XI ғ.) кездеседі. Көне заманнан келе жатса, бірсыпырасы кейінгі кездің жемісі, мысалы, балық шаруашылығындағы, тау-кен өндірісіндегі кәсіби сөздер Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейін пайда болған. Сондықтан, олардың қалыптасу тарихы да түрлі кезеңдерді қамтиды деген қорытынды жасаймыз.

Тіл тарихын жасауда жергілікті диалектілер мен говорлардың алатын орны зор. Шын мәнінде, жергілікті диалектілер мен говорларды зерттемейінше халықтық, ұлттық тілдер мен әдеби тілдің қалыптасу тарихын толық білу мүмкін емес. Ұлттық тіл де, кейде әдеби тіл де жергілікті диалектінің, говорлардың негізінде дамиды. Мысалы, орыстың ұлттық әдеби тілі Москва говорының, ағылшының ұлттық әдеби тілі Лондон диалектісінің, Италияның ұлттық әдеби тілі Тоскан говорларының негізінде жасалғаны белгілі.

Тіл этноспен бірге жаралып, бірге өмір сүреді десек, оның бастапқы белгісі өсу, даму, қарым-қатынас көріністері осы күні жергілікті тіл ерекшелігі, яғни диалект деп танылып жүрген сөздердің мағынасында сақталған. Сондықтан диалект сөздерді тек этимологиялық, семантикалық, семасиологиялық, тарихи тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ экстралингвистикалық мақсатта да қарастырып, мәдениетпен, халықтық этнографиямен жақындастыра зерттеу қажеттігі туды.

Диалектілік жүйенің пайда болуына тағы бір себеп – көрші елдің тілдік әсері, яғни  ареалды қарым-қатынастың ықпалы. Оқшауланған сөйленіс өзінің негізгі диалектілік сөйленіс тобы көлемінен соншалықты алыстап көптегенімен оған өзін қоршаған өзге туыс, туыстық қатысы жоқ тілдер айқын әсер етеді. Бұл жөнінде диалектолог-ғалымдар Ш.Сарыбаев, О.Нақысбеков былайша түсіндіреді: «Қарақалпақ жеріндегі қазақтар қарақалпақ, өзбек, түрікмен халықтарымен аралас тұрады, сондықтан олардың тілінде аталған тілдердің әсері байқалады. Осы сияқты Өзбекстан, Түрікменстан, Қытай, Монғол, Ресей қазақтарының тілі де үлкен әсерге ұшыраған, дегенмен оқшауланған сөйленістер де лексиканың негізін жалпыхалықтық лексикадан алады, сондықтан диалектілік лексика шығу арнасына қарай: дәстүрлі диалектілік құбылыстар, дәстүрсіз диалектілік ерекшеліктер болып бөлінеді» [1, 16].

Әдеби тіл мен диалектілік лексиканың арасына біржола шекара қою қиын, қоғам дамуына, тілдің ішкі дамуына сай көнеру, мағына кеңеюі, жаңа сөздердің пайда болуы сияқты өзгеріс диалектілік лексика мен әдеби тіл арасында үзбей жүріп отырады. Сондай-ақ әр кезеңде өмір сүретін ұлттық тілдердің жалпыхалықтық әдеби тілімен қатар жалпыхалықтық мәні жоқ, жергілікті, аймақтық сипаттағы сөздері әдеби тілмен қатар жүріп дамып отыратыны заңды құбылыс.

Көркем әдебиет тілінде диалектизмдерді пайдалануды сөз еткенде, біз екі нәрсені шатастырмауымыз керек. Диалектизмдерді автордың өз баяндауларында пайдалану мәселесі бар да, кейіпкерлердің тілінде беру жағы бар. Кейде жазушы сипаттап отырған кейіпкерін өзіне тән ерекшеліктерімен толық көрсету мақсатында диалектизмдерді әдейі қолданады. Бұл – жазушының кейіпкерді неғұрлым нанымды, жан-жақты көрсетуіне мүмкіндік береді... Ал жергілікті сөздерді автордың өз баяндауларында қолданудағы мақсаты - әдеби тілде баламасы жоқ диалектизмдермен тілімізді байыту.

Көркем мәтінде диалектизмдердің қолданылу ерекшеліктерін айта келіп, ғалым Ш.Сарыбаев көркем әдебиетте жергілікті тіл ерекшеліктерін мүлде пайдаланбау керек деген көзқарасқа келіспей, көркем шығармада әдеби тілде баламасы бар диалектизмдерді кеңінен қолданғаннан гөрі, бұрын соңды естіле бермейтін, әдеби тілде баламасы жоқ кейбір тіл ерекшеліктерін қолданған дұрыс деп санайды. Олай дейтін себебі, жергілікті тіл ерекшеліктерінің әдеби тілді байытатын жерлері де, шұбарландыратын жерлері де бар. Осы тұрғыдан алғанда ғалым көркем әдебиетте диалектизмдерді пайдалану мәселесін былай түсіндіреді: «Диалектизмдерді автордың өз баяндауларында пайдалану мәселесі бар да, диалектизмдерді кейіпкердің тілінде пайдалану мәселесі бар. Екеуінің әр біреуіне тән өзіндік ерекшеліктері, мақсаттары басқа. Жергілікті сөздерді автордың өз баяндауларында қолданудағы негізгі мақсаты - әдеби тілде баламасы жоқ диалектілермен әдеби тілімізді байыту» [2, 462б].

Диалектілік тұрақты тіркестер – рухани мәдениет көрсеткіші болып табылады. Диалектілік тұрақты тіркестер пайда болып жасалуы жағынан алғанда тілдің тарихымен өзектес сондықтан диалектілік фразеологизмдерді жинау, зерттеу сипаттау диалектілік лексиканың құрамы мен көлемі мәселесін ғана шешпейді. Біріншіден, диалектілік тұрақты тіркестер тіл тарихына қатысты шешімі табылмай жүрген сұрақтардың жауабын табуға септігін тигізе алатын сенімді дереккөз. Олардың бойында дыбыстық-грамматикалық құрылыстың кейбір көне элементтері тұнып қалған. Екіншіден, диалектілік фразеологизмдер бойынан диалектіге тән сөзжасам және түрлену жүйесі айқын көрінеді. Үшіншіден, диалектілік тұрақты тіркестер әдеби тілдің фразеологиялық құрамын байытуға азды-көпті үлес қосады. Төртіншіден, фразеологиялық тіркестер семантикасы ауқымды, терең. Олардың мазмұнында этностың рухани мәдениетінің айшықты мағлұматтары жинақталған.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Жұмыста жергілікті тіл элементтерінің әдеби нормаға қатысы, әдеби тілге ену әлеуеті (мүмкіндігі), баспасөз бен көркем әдебиеттегі орны, қызметі; қазақ тілінде диалектілердің болуы не болмауы, болса оның дәрежесі қандай деген секілді көкейтесті мәселелер ғылыми тұрғыдан қайта сараланып отыр. Адамзат тіршілігінің  ең басты құралы деп танылатын тіл болмысына зер салу, сөз мағынасын халықтық таным тұңғиығынан өрбіту, тіл тарихын адамның қабылдау, пайымдау, ойлау тарихымен ұштастыру, дәстүр мен жаңашылдық үдерістерін танымның  табиғатымен үйлестіру, сол арқылы барша жұртқа ортақ нормаға қол жеткізу қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, өркениетті мемлекеттің қоғамдық-әлеуметтік мүмкіндігін арттыруға әсер етері хақ.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты – қазақ тілінің диалектілерге топтастырылуы кезінде қолдан қалыптастырылған күрделі мәселелердің сырларын ашу, біртұтас монолитті тілді диалектілерге топтастырудың салдарынан тіліміздің мүмкіндігінің қаншалықты төмендегенін анықтау, жергілікті сипатқа ие, бірақ сөздік қорды байыту әлеуеті жоғары сөздерді қолданысқа енгізудің жолдарын қарастыру. Сонымен қатар, жергілікті тіл ерекшеліктерінің жұмсалуының қазіргі қазақ көркем әдебиет, баспасөз тіліндегі көрінісін, өріс алу бағытын анықтау. Осы мақсат үдесінен шығу үшін мынандай міндеттерді жүзеге асыру көзделді:

      жазушылардың жергілікті тіл ерекшеліктерін уәжді-уәжсіз қолдануын анықтау;

      диалектизмдерді қолданудағы жазушының стильдік мақсатын айқындау;

      әдеби тілде жоқ бірліктердің орнына жергілікті сөздердің қолданылу көрсеткіштерін анықтау.

 

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қазақ тіл білімінің сөздік қоры мен мұрагерлік қазынасынан бастау ала отырып, бүгінгі танымдық ұстанымдарға үйлесе жалғасқан тілтаным теориясының ғылыми негіздерін анықтап талдау арқылы жұмыста төмендегідей проблемалар өз шешімін тапты:

      қазақ диалектологиясының зерттелу сипаты реттілікпен жіктеліп көрсетілді;

      жергілікті ерекшелігі бар сөздердің қазақ тілінің нормалануы мен баюына тигізетін  маңызы айқындалды;

      қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер «диалект ме, говор ма?» - деген деген сұрақ төңірегіндегі пікір-көзқарастар жүйеленді;

      тілтаным теориясын жан-жақты меңгеруге ықпал ететін терминдер бір жүйеге келтіріліп,  оларға ғылыми негізде түсініктеме берілді.

      қазақ әдеби тілі лексикасын толықтырып, әр алуан қажеттіліктерін өтеуге жарайтын диалектизмдер мен кәсіби сөздер қатары анықталды;

      жергілікті тіл ерекшеліктерін уәжді-уәжсіз қолдану сипаты анықталды. 

Зерттеу дереккөздері. Қазақ тіл біліміндегі тілтаным теориясының  даму сипатын айқындау, оның тілдік ұстанымдарымен сабақтасар тұстарын зерделеу үшін ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап тіл ғылымы саласында дүниеге келген зерттеу жұмыстары негізге алынды. Зерттеу жұмысының дереккөздеріне: «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі», «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», М.Қашқари. «Түрік тілінің сөздігі», Р.Сыздық «Тілдік норма және оның қалыптануы», «Сөздер сөйлейді», Сарыбаев Ш., Мұсабаев Ғ., Исаев С., Кеңесбаев І., «Қазақ тіл білімінің мәселелері» атты кітаптары және т.б. еңбектер алынды.

Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Жалпы тіл білімінің теориялық мәселелерін қозғай келе, қазіргі қазақ тілінің көкейтесті проблемаларды шешуге, тіл білімінің терминологиялық және сөзжасам жүйесіне ат салысады.

Зерттеудің практикалық мәнділігі. Зерттеудің нәтижелері тіл мамандарына, филология факультеттерінде лексикология, диалектология салаларының ғылыми курсы бойынша дәрістерде, сөздік жасау тәжірибесінде қолдануға болады.

Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Зерттеу барысында жұмыста жинақтау, сипаттау, жүйелеу, салыстыру, жіктеу, талдау, этнолингвистикалық талдау, қорытындылау әдіс-тәсілдері кеңінен қолданыс тапты.

Зерттеу жұмысының құрылымы. 90 беттік зерттеу жұмыс әрқайсысы бірнеше тармақшалардан топталған кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды тараулардан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

 

І тарау. ҚАЗАҚ ДИАЛЕКТОЛОГИЯСЫНЫҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1.1.           Норма, диалект, говор туралы жалпы мәлімет.

Қазақ диалектологиясы – өте күрделі ауқымды сала. Оның негізгі міндеті – қаза тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді зерттеу, оларды топтап, жан-жақты сипттау. Қазақ диалектологиясы – қазақ тіл білімінің тек Қазан революциясынан кейін пайда болып, қалыптаса бастаған саласы. Негізінен диалектология мәселесімен шұғылдану 1930 жылдардың аяқ шенінен басталады.

Қазақ тiл бiлiмiндегi диалектологиялық зерттеулердiң негiзiн салушы ғалымдарымыз Ж.Досқараевтың, С.Аманжоловтың, Т.Сауранбаевтың еңбектерiнен басталған осы жұмыс Ш.Сарыбаев, F.Қалиев, С.Омарбеков, О.Нақысбеков, Ә.Нұрмағамбетовтың зерттеулерiнен өз жалғасын тапты. С.Аманжолов "Вопросы диалектологии и истории казахского языка" атты eңбек жазса, Ш.Сарыбаев казақ тiлiнiң аймактық лексикографиясын, Ж.Болатов қазақ тiлiнiң шығыс говорлар тобын, Ә.Нұрмағамбетов батыс говорлар тобын, О.Нақысбеков oңтүстiк говорлар тобын, С.Омарбеков қазақ тiлi говорларының дыбыстық жүйесiн, F.Қалиев казак тiлiндегi диалектiлiк сөз тудыру ерекшелiктерiн, Ж.Айдаров Өзбекстандағы казактардың тiлдiк ерекшелiктерiн, Б.Өтебеков Aуған, Иран қазақтарының тiлiндегi жергiлiктi ерекшелiктердi зерттеп, монографиялар жариялады.

Қазақ диалектологиясың, оның ішінде аймақтық лексикографиясының негізін қалап, әрі қарай дамуына үлес қосқан проф. С.Аманжолов пен Ж.Досқараевтың есімдері ерекше аталу керек. С.Аманжоловтың 1959 жылы орыс тілінде басылып шыққан «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» деген монографиясының соңына тіркеліп берілген 4000-ға жуық сөзді қамтитын сөздігі мен Ж.Досқараевтың 1955 жылы жарық көрген 1500-ге жуық сөзді қамтитын «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері (Лексика)» атты еңбегі қазақ диалектологиясы саласы бойынща құрастырылған алғашқы сөздіктер еді. 1969 жылы «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі» деген атпен 6000 сөзді қамтитын бір топтық ұжымдық еңбек жарық көрді. Бұдан кейін де іздестіру жұмыстарының нәтижесінде үш томдық сөздік шығару жоспарланып, оның бірінші және екінші кітаптары басылып шықты. Жоғарыда аталған сөздіктердің негізінде және соңғы 10-15 жылдарда жүргізілген диалектологиялық зерттеулердегі, жарияланған мақалалардағы материалдардың басын қосып, толықтырудың нәтижесінде жаңадан 22 мыңнан асатын сөз бен сөз тіркестерін қамтитын «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» тұтас бір кітап түрінде оқырман назарына ұсынылды. Осы көрсеткіштен ойымызға «Уақыт өткен сайын қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері көбейіп отырған жоқ па?» - деген сұрақ оралады. Алғашқы сөздікте 6000 сөз болса (1969), кейінгісінде 22000-нан астам сөз (2005) қамтылған.

Тіл мәдениетінің өзегі — норма. Норма тілдің жүйесі мен құрылымына иек артады. Тілдік жүйе дегеніміз тілде бар үлгілердің, қолданыс типтерінің (түрлерінің) белгілі бір тәртіппен келуі. Ал тілдік құрылым дегеніміз осы жүйенің іске асқан (көрінген) материалдық мүмкіндіктері. Тілдік норманы сөз ету үшін бұл саланың терминдеріне назар аударсақ. Алдымен, норма, нормалану (нормализация) және кодификация терминдері білдіретін ұғымдар жөнінде түсінік берелік. Норма — негізінен тілдің өзі ұсынған тәртіп, нормалану — сол тәртіптерді тілдің өзі қалыптастыруы. Тілдің нормалануы мен ол нормалардың кодификациясы бір әрекет емес, соңғысы тіл процесстеріне адамдардың араласуы, яғни тілдік нормаларды реттеу, сұрыптау, дұрысын бекіту, қалыптанғандарын хатқа тіркеу сияқты іс-әрекетті білдіреді. Кодификация — әдеби тілдің дамуына әлеумет тарапынан ықпал жасау [1. 45].

Әдетте «норма» сөзін терминдік мағынада емес, қалыпты бейтарап сөз мәнінде жұмсасақ, белгілі бір «тәртіп, жүйелілік, дұрыстық» деп ұғынамыз. Норма деп тану үшін «әлеуметтік бағалау», яғни сол тілде сөйлейтін қалың жұртшылықтың «дұрыс не дұрыс емес, жағымды, әсем не жағымсыз, орынды не орынсыз» деген танымы, бағасы болу керек. Нормалық танымына тұрақтылық, дәстүрлілік, көпшілікке біршама ортақтық белгілер де кіреді. Бұлар — тілдегі нормалылықтың әлеуметтік категория ретіндегі белгісі.

Норманың өзіндік өлшем-шарттары (критерийлері) бар. Тек жаңа тұлғалардың жасалуында емес, тілдің өзінде қалыптасқан табиғи нормалар да, кодификацияланған жазба тіл нормалары да — баршасы да сол тілдің ішкі құрылымдық заңдарына сәйкес келуі нормалылықтың бірінші шарты. Норманың екінші шарты — тілдің қатынас құралы ретінде қалың жұртшылықтың әрдайым қолданысында болатындығы, яғни, әлеумет дұрыс деп тауып, көпшілік әрдайым қолданып отыратын сөздер, грамматикалық тұлға-тәсілдер, сауатты жазу, сөзді дұрыс дыбыстау үлгілері норма болып табылады. Норма деп танудың үшінші шарты — оның әлеуметтік қолдау табуы, яғни қалың жұртшылықтың белгілі бір сөздің, тіркестің, грамматикалық тұлғаның, жаңадан жасалған не өзге тілдерден енген сөздердің осы тұлғада айтылуы дұрыс, сөздердің сөйлеу үстінде осылайша дыбысталуы жөн деп мақұлдауы.

Демек, әдеби тілдің нормасы дегеніміз қоғамның белгілі бір кезеңдегі әдеби тілді жазба және ауызша түрде қолдану тәжірибесінде қалыптасқан, көпшілік қауым дұрыс деп таныған, жалпыға ортақ сөз қолдану, сөйлем құрастыру, сөз жасау, сөзді дұрыс дыбыстау, сауатты жазу заңдылықтары, яғни тілдік амалдарды дұрыс жұмсаудың көрінісі [3, 56].

1.2 Орыс ғалымдарының «диалект», «диалектизм», «говор» терминдеріне берген анықтамалары

Қазіргі заманғы ұлт тілдері арасынан азды-көпті болса да диалектілік ерекшеліктер байқалмайтын тілді кездестіру қиын. Бірақ олардағы диалектілік ерекшеліктердің күрделілігі, ұлт тілінің тұтастығын қамтитын құбылыстарының дәрежесі, бірлігі тұрғысынан алғандағы арасалмағы бірдей емес. Осыған орай, диалектологияда тілдің диалектілік мүшеленуінің әр түрлі дәрежелерін бейнелейтін негізгі ұғымдар мен соған сәйкес терминдер қалыптасқан олар мыналар: говор, говорлар тобы, наречие.

Говор дегеніміз тілдің диалектілік мүшеленуінің ең ұсақ түрі, ең ұсақ бірлігі. Говорлардың ортақ белгілерінің жақындығы негізінде (әлденеше говорға бірдей ортақ фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктердің жиынтығы негізінде) говорлар тобы ажыратылады. Ал наречие дегеніміз тілдің диалектілік мүшеленуінің ең күрделі түрі. Оның құрамына бір-бірімен жақын әлденеше говорлар тобы енеді.

Ғылыми әдебиетте «диалект» деген термин әр түрлі мағынада қолданылады [4, 131]. Алдымен ол кең мағынада жұмсалады. Кең мағынасында «диалект» әйтеуір бір тілдің қолданылуы жағынан шектелген түрі дегенді білдіреді. Мұнда нақты тілдердегі жергілікті ерекшеліктердің қандай дәрежеде екендігі (говор дәрежесінде ме, әлде говорлар тобы, не наречие дәрежесінде ме) ескерілмейді. Ол говор, говорлар тобы, наречие дегендердің қай-қайсының да орнына жүре береді. Жалпы тіл білімінде «диалект» деген термин осындай кең мағынада жұмсалады.

Сонымен қатар, кейбір ғалымдар «диалект» терминін нақты тілдердің диалектілік мүшеленуінің белгілі бір дәрежесін атау үшін қолданған. Мұндай тар мағынада «диалект» енді говордан үлкен, наречиеден кіші диалектілік ерекшеліктердің жиынтығын бейнелейді. Бірақ «диалект» терминінің осындай тар мағынада жұмсалуын ғалымдардың көпшілігі қолдамайды. Мәселен, орыс ғалымдарының мына пікірлеріне назар аударайық:

«Диалект» термині говор мағынасында да, наречие мағынасында да қолданыла береді. Кейбір лингвистер «диалект» терминін арнайы тар мағынада қарастырады: диалект наречиеден кіші, бірнеше ортақ ерекшеліктері бар говорлардың жиынтығынан тұрады, бір наречиенің құрамына бірнеше диалектінің кіруі мүмкін. Негізінен, диалектінің осы мағынада жұмсалуы көпшілікке танылмайды [5, 3].

Орыс ғылымында «диалект» термині тілдің әр түрлі диалектілік мүшеленуінің қатынасымен жұмсалады [6, 16].

«Диалект» термині мүшеленбеген сипатта қолданады. Яғни, бөлек говордың, сонымен қатар, говор тобы және тұтас наречиенің мағынасында жұмсалады [7, 6].

Демек, бұл ғалымдар тобы «диалект» терминінің мағынасын кең мағынада жұмсалуын құптайды.

Үлкен кеңестік энциклопедиясында диалектіге төмендегідей анықтама берген:

Диалект (от греч . dialektos - говор, наречие), жақын территориямен, белгілі бір кәсіппен және әлеуметтік қоғамдағы адамдардың қатынас құралы ретінде қолданылатын тіл түрі.

Диалектизм, әдеби тілге қатысатын, диалектілік көріністері бар, тілдік (фонетикалық, грамматикалық және т.б.) ерекшеліктер. Кейде көркем шығармаларда стилистикалық мақсатта қолданылады [8, 87].

              Ахманова О.С. өзінің «Словарь лингвистических терминов» атты еңбегінде диалект терминіне төмендегідей анықтама береді:

Диалект 1. Разновидность (вариант) данного языка, употребляемая более или менее ограниченным числом людей, связанных тесной территориальной, профессиональной или социальной общностью и находящихся в постоянном и непосредственном языковом контакте.

2. Совокупность однородных говоров, обладающих относительным единообразием.

Диалект акающий. Диалект, характеризующийся аканьем. Диалкет классовый. Диалект, обьединяющий представителей данного общественного класса. Диалект литературный. Один из диалектов данного языка, являющийся основой литературного языка. Диалект окающий. Диалект, характеризующийся оканьем. Диалект племенной. Диалект, принадлежащий этнически выделимой группе людей в составе большой этнической общности. Диалект производственный. Разновидность профессионального диалекта, объединяющая людей одной профессии или одного рода занятий. Диалект профессиональный. Диалект социально−групповой. Диалект отдельной социальной группы. Диалект социальный. Диалект, принадлежающий какой-либо социальной общности или группе людей. Диалект территориальный. Диалект, распространненый в определенной местности. Диалект этнический. Разновидность языка, свойственная данной этнической группе.

3. То же, что говор.

4. То же, что наречие.

Диалектизмы 1. Диалектные слова, употребляющиеся в языке художественной литературы как средство стилизации слога

2. Фонетические, грамматические и лексические особенности, свойственные тем или иным диалектам и вкрапливаемые в речь, в основном соответсвующую нормам литературного языка [4, 131].

Б. А. Серебренников өзінің «Общее языкознание. Формы существования функции, история языка» атты еңбегінде диалект пен говордың арасын өте жақсы ашып, түсініктеме береді:

Диалект зерттеулермен қамтылмаған, говор мен подговорлар классификациясына ұшырамаған топты құрайды. Біз диалектілік бірліктерге бөлген кезде, «диалект» - наречиеден кіші, говордан үлкен тілдік бірлік деген тұжырымнан шықтық. Говорлардың атаулары сол территориямен оның таралу аймағы арқылы анықталады... Ендеше, говорлар ішінара подговорларға бөлінеді. Говор өзінің құрамына белгілі бір ортақ сипатқа ие бір немесе бірнеше подговорды енгізуі мүмкін... [9, 352]

(Диалект объединяет большое количество неохваченных исследованием и не подвергшихся еще классификации говоров и подговоров. При выделении диалектных единиц мы исходим из известного положения, что термин «диалект» — языковая единица, меньшая, чем наречие, и большая, чем говор. Названия говоров определены по наименованиям территорий их распространения и, как правило, совпадают с названиями мест проживания их носителей. Если говор объединяет речь жителей нескольких селений, то за основу берется название наиболее крупного из них и интересного в языковом отношении. Речь почти каждого населенного пункта, входящего в тот или иной говор, имеет свои специфические черты, позволяющие считать их самостоятельными подговорами. Следовательно, говоры, в свою очередь, делятся на подговоры. Говор может включать в свой состав один или несколько подговоров, характеризуемых общностью определенных языковых особенностей. Кроме черт, характерных для всего говора, они имеют и свои специфические особенности. Подговор также может представлять речь жителей как одного, так и нескольких населенных пунктов [9, 352].)

1.3 Батыс ғалымдарының диалект, жайлы көзқарастары және қазақ ғылымындағы «диалект» сөзінің мәні

Батыс ғалымдарының диалект және оларды топтастыру жайлы көзқарастары қызық, әрі дұрыстау болып келетін сияқты. Мысалы, С.З.Деваев диалектілерді классификациялау әрекеттері ешқандай оң шешім бермейтіндігі жайлы былай деген болатын: «Попытки классифицировать диалекты на основе различий разных уровней, не могут дать положительного результата, они приводят чаще всего к выводу о пространственной непрерывности, нерасчлененности того или иного языка в целом с различными переходными явлениями в его структуре. Практически не встречается таких диалектов, которые имели бы параллельные отличия, как в области фонетики, так и грамматики» [10, 4].

Атақты теоретик Герман Паульдың өзінің «Принципы истории языка» атты еңбегінде диалетілік топтар мен топшаларға нақты бөлудің мүмкін еместігін кесіп айтқан еді [11, 238].

Ал Гастон Парис пен Г.Шухард диалектілерді мүлдем жоққа шығарған. Гастон Парис: «В действительности диалектов не существует. Народные говоры незаметными оттенками переходят друг в друга» [10, 316].

Францияның лингвистикалық атласын жасағаннан кейін Ж.Жильерон мен Е.Эдмонд диалект ұғымын және зерттеуді шектеуге шақырған еді. В.М.Жирмунский осы мәселелерді зерттей келе өзінің «О некоторых проблемах лингвистической географии» атты еңбегінде қазіргі лингвистикалық атластардың дұрыс, нақты жасалуы қателескен ғылыми теорияға әкеліп, тіл бүтіндігі мен бірлігінің бұзылуына, яғни диалект құбылысының атомизациясына соқтыртады [12, 127] – деген қорытындыға келген.

Шындыққа жүгінсек, қазақ тіліндегі жоқ диалектілерді қазбалап зерттеу тілдің табиғи заңдарына қайшы, бұл бағыттағы зерттеулерден кеткен кемшіліктер тіл дамуының тежелуіне әкеп соқтырады. Себебі қазақ тілінде диалект жоқ. Әрине, азын-аулақ, санаулы ғана түсініксіздеу сөздер бар. Дегенмен, қазақ тілі – бүтін тіл, бірегей тіл. Қазақ тіл білімінде бұрыс ашылымдар жасамас үшін осы зерттеулерді басынан кешірген ғалымдардың еңбегіне көз жүгірткен жеткілікті сияқты.

Жоғары оқу орындарында фиология факультеттерінің студеттеріне, оқытушыларға арналған оқулықтарда бұл ұғымдарға төмендегідей анықтамалар беріледі:

Диалект деген термин жалпыхалықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын, өзіне тән тілдік ерекшеліктердің жиынтығын, өзіне ғана тән тілдік ерекшеліктері бар жекелеген аймақ, территорияны білдіреді. Говор – жергілікті диалектілердің шағын аймақты қамтитын бөлігі. Жергілікті ерекшеліктердің таралу шегіне қарай кейбір тілдерде говорлар подговорға бөлінеді. Негізгі диалектілік ерекшеліктері бірыңғай блып келген говорлардың жиынтығы наречие деп те айтылады. Диалект, говор, наречие деген термидер бірінен-бірі сонша алыс кеткен ұғымдар емес. Бәріне де жергілікті тіл ерекшеліктері негіз болады [13, 4]

Ғылыми әдебиетте «диалектизм» деген термин де жиі ұшырасады. Диалектизм дегеніміз әдеби тілдің стильдік тармақтары мен жанрларында әр алуан стильдік мақсатпен қажетке жаратылған диалектілік сөз, фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерді түсінеміз [14, 20].

Диалект деп атау үшiн өзiне тән грамматикалық құрылысы және өзiне тән сөздiк құрамы болу керек болса, онда қазiргi қазақ тiлінде мұндай диалект атымен жоқ деуге болады. Сөйтiп қазiргi қазақ тiлiнде тайпалық диалект де жоқ. Говор деген терминдi айтқанда бiздің түсiнетiнiмiз - жергiлiктi сөйлеу тiлiнiң жалпы халықтық тiлден фонетикалық лексика-морфологиялық айыpмашылығы. Қазақ ССР Fылым академиясының Тiл бiлiмi институты тарапынан ұйымдастырылған диалектологиялық экспедицияның жиырма жыл бойы жиған материалдары диалектiлiк емес, говорлық сипатта. Сондықтан қазақ тiлi говорын сөз еткенде, оның өзiне тән грамматикалық құрылысы мен сөздiк қоры жоқ eкeндiгiн айта кетудi орынды деп санаймыз. Қазiргi қазақ тiлiнде eкi түрлi говор бар: 1) ауыспалы говор; бұл даусыз, яғни мол; 2) жергiлiктi говор; мұнысы - тайпа тiлiнің қалдықтары [19, 180].

 

1.4 Қазақ ғалымдарының қазақ тіліндегі диалектілер жайындағы көзқарастар

Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің сипаты қандай дәрежеде дейтін сқрақ — қазақ тіл білімінде талас тудырған мәселелердің бірі. Бұл жөнінде екі пікір бар: 1) Қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер диалект дәрежесінде (термин тар мағынасында) дейтін пікір (С. Аманжолов, Н. Т. Сауранбаев, т.б.); 2) Қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер говор сипатында дейтін пікір (Ж. Досқараев, Ғ. Мұсабаев, І. Кеңесбаев, М.Балақаев, т.б.) [14, 21].

Көптеген әдеби тілдер халық тілінде бар бірнеше диалектінің біреуінің негізінде жасалғанда, ол диалектінің таралу аумағы, тіл байлығы, әдеби нышандары жағынан басқа диалектілерден елеулі артықшылықтары болуға тиіс. Соңғыларда бар прфессионализм тағы басқа тіл ерекшеліктері орайына қарай, керегінше сол әдеби тілге өз үлесін қосып жатады. Ондай тілдердің диалектілік құрылысы әртүрлі болады. Бұл жағынан түркі тілдердің кейбір тобындағы диалектілер әртүрлі аралас тайпа тілдерінен құралса (мысалы, өзбек, алтай, азербайжан, ұйғыр), бірқатарында өзара туыс тайпалар тілдерінен жасалады (мысалы, түрікпен, хакас, татар). Тюркологтардың біразы қазақ тілін диалектілік айырмашылықтары аз, көрші тілдердің әсерінен туған диалектілік ерекшеліктері бар тілдер тобына жатқызады [15, 34].

Қазақ тілінің «диалектілік» құрамы босаң, әрі жадағай болуына қарап, қазақ тіл мамандарының көпшілігі ондағы жергілікті тіл айырмашылықтарын говор дәрежесінде таниды. Сондықтан қазақ әдеби тілін орыс әдеби тілі Москва диалектісі негізінде, өзбек әдеби тілі Ташкент−Ферғана диалектісі негізінде жасалғандай, басыбайлы бір диалектіге телуге болмайды. Өйткені онда әдеби тілге негіз болатындай диалект жоқ [16, 184].

Диалектизм нормалары