Инвестициялық жоба



 

 

КІРІСПЕ

1. ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАУДЫҢ НЕГІЗГІ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

1.1 Жоба, жобаның өмірлік циклі және инвестициялық жобалардың түрлері

1.2 Инвестициялық жобаларды талдаудың жалпы кезектілігі

2. ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚАЖЕТТІЛІКТЕР

2.1 Жобаның инвестициялық қажеттіліктері және оларды қаржыландыру көздері

 

ҚОРЫТЫНДЫ

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.             Инвестициялық жобалаудың негізгі теориялық аспектілері

1.1.           Жоба, жобаның өмірлік циклі және инвестициялық жобалардың түрлері

 

Нақты инвестицияның едәуір бөлігі инвестициялық жобалар формасында жүзеге асырылады. Халықаралық тәжірибиеде компанияның даму жоспары арнайы рәсімделген бизнес-жоспар түрінде ұсынылады. Бұл компанияның даму жобасының құрылымдық бейнесін көрсетеді. Егер жоба инвестиция тартумен байланысты болса, онда ол "инвестициялық жоба" деп аталады. Компанияның қандай да бір жаңа жобасы жаңа инвестицияларды тартумен байланысты болып келеді. Тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыру компанияға дағдарыс жағдайынан шығуға мүмкіндік береді. Кейінгі кезде банктік қызмет бағытының арасынан инвестициялық жобаларды қаржыландырумен байланысты жобалық қаржыландыру және инвестициялық несиелендіру түрлері кең таралып отыр.

В.Д. Шпироның кітабында жоба ұғымы–физикалық (нақты) объектілерді, техникалық процестерді, олар үшін техникалық және ұйымдастырушылық құжаттарды дайындау және жүзеге асыруда құрылатын немесе модернизацияланатын, материалдық, қаржылық, еңбек және басқа да ресурстар, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді және олардың орындалу шараларын біріктіретін мақсаттар шеңберінде қалыптасқан жүйені түсіндіреді.

Димпломдық жұмысқа орай инвестициялық жоба –мақсаттарға жетуді (қойылған нәтижелерді алу) қамтамасыз ететін қандай да бір әрекеттер кешенін жүзеге асыруды жорамалдайтын іс, қызмет, шара.

Жобалық талдаудың мазмұны ол қойылған мақсаттарға бекітілген бюджет кезінде және шектелген уақыт кезеңі ішінде табысқа қол жеткізуге арналған өзара байланысты шаралар кешені. Бизнес-жобаларды іске асыру бүгінгі ақша қаражаттарынан бас тарту арқылы болашақта табыс алумен байланысты. Әдетте, инвестициялық жобаларды тактикалық және стратегиялық деп бөлу қарастырылған. Соңғы жағдайда, көбінесе меншік формасының өзгерісін (арендалық кәсіпорын, акционерлік қоғам, жеке кәсіпорын, бірлескен кәсіпорын және т.б. түрінде құру) немесе өндіріс сипатының түбегейлі өзгерісін (жаңа өнім шығару, толық автоматтандырылған өндіріске өту, жаңа өндіріс құралдарын жасау, техникалық жабдықтарды немесе процестерді жетілдіру және т.б.) қарастыратын жобалар жатқызылады. Ал тактикалық жобалар шығарылатын өнім көлемінің өзгеруімен, өнім сапасының жоғарылауымен, қондырғылардың модернизациясымен байланысты.

Отандық тәжірибиеде жоба жаңа ұғым болып есептеледі. Оның өткен кезеңдегі ерекшелігінің мазмұны онда компания дамуының негізгі бағыттары компанияға қатысты жоғарыда тұрған экономика саласын басқару деңгейінде анықталған болатын. Жаңа экономикалық жағдайларда компания оның меншік иелері және басқарудың жоғары құрамы барлық стратегиялық және тактикалық мәселелерді өздігімен шеше алатын және болашақтағы өз өміріне өзі алаңдаушылық білдіруі тиіс. Мұндай инвестициялық жобалау саласындағы қызмет арнайы түрде ұйымдастырылуы қажет.

Инвестициялық жобаның өмірлік циклі.

Әрбір инвестициялық жоба оның  пайда болу уақытынан аяқталу немесе жойылу уақытына дейін жобаның өмірлік циклі деп аталатын белгілі – бір этаптардан өтеді.

Жобаның өмірлік циклі – жоба бойынша жұмыстарды қаржыландыру мәселелерін зерттеу және сәйкес шешімдерді қабылдау үшін бастапқы түсінік болып табылады. Жобаны жүзеге асырудың соңы болып:

      объектілерді іске қосу, оларды эксплуатациялауды бастау және жобаны жүзеге асырудың нәтижелерін пайдалану;

      жобаны орындаған қызметкерлерді басқа жұмысқа аудару;

      жобаны жүзеге асыру нәтижесінде қойылған талаптарға жету;

      жобаны қаржыландыруды тоқтату;

      бастапқы жобада қарастырылмаған күрделі өзгерістерді жобаға енгізу бойынша жұмыстарды бастау;

      эксплуатациядан жоба объектілерін шығару болып табылады.

Әдетте, жобаны жүзеге асырудың басталу кезі мен оның жойылу кезі ресми құжаттармен рәсімделеді. Ақшалай қаражаттардың келіп түсуі мен олардың жұмсалуын салыстыру - таза ақша ағымын анықтауға мүмкіндік береді. Инвестициялық жобаны жүзеге асырудың бірінші этапы таза ақша ағымының теріс мөлшерімен сипатталады (ақша қаражаттарын инвестициялау орындалады), бұдан кейін, жоба бойынша табыстардың өсуі оның оң мөлшерін көрсете бастайды. Жобаның өмірлік циклінің уақыттағы ұзақтылығы – бұл болашақтағы шығындар мен табыстардың мөлшері (құны) бүгінгі көз-қараспен салыстырғанда (яғни жобаларды инвестициялау туралы шешім қабылдау мезетінен бастап) әркелкілігін білдіреді.

Инвестициялық жобаның өмірлік циклі 3 негізгі стадияға бөлінуі мүмкін: инвестиция алдындағы, инвестициялық және эксплуатациялық. 

Бастапқы, яғни инвестиция алдындағы стадия әдетте, инвестиция алдындағы зерттеулер мен жобалы – сметалық құжаттаманы әзірлеу, жобаны жоспарлау және құрылысқа дайындау жұмыстары болып бөлінеді. Инвестиция алдыңдағы стадияны өткізу барысында келесі 3 фазаны бөліп көрсетеді:

1.      жобаның инвестициялық мүмкіншігін зерделеу;

2.      жоба алдындағы зерттеулер;

3.      инвестициялық жобаның орындалатындығын бағалау.

 

 

 

 

 

 

 

Әлемдік банк әдістемесіне сәйкес инвестициялық жобаның өмірлік циклі стадияларының кезектілігі төмендегі сызбада көрсетілген.[1]

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1-сурет         Жобаның өмірлік циклі

Инвестиция алдыңдағы зерттеу деңгейлері арасындағы айырмашылық шартты және әр деңгейді жасау тереңдігі жоба күрделілігіне, уақытша шектеулерге, әлеуетті инвестор талабына және басқа да көптеген факторларға тәуелді. Сондай-ақ, жоба алдыңдағы зерттеулерді жүргізу құны да әртүрлі және ол ірі жобалар үшін 0,8 %-дан шағын көлемдегі инвестициялар салынатын жобалар үшін 5  %-ға дейін түрленеді.

Инвестициялық (құрылыстық) стадияға:
      сауданы жүргізу және келісім-шарттарды жасау, сатып алу мен жеткізуді, дайындық жұмыстарын ұйымдастыру;

   құрылыс-монтаждық жұмыстар;

   жобаның құрылыстық фазасын аяқтау кіреді.

Эксплуатациялық стадия өзіне эксплуатацияны, жөндеуді, өндіріс дамуын және жобаны жабуды біріктіреді. Стадияаның жобаны жүзеге асыру процесін бөлуде әмбебап тәсілдемесі жоқ, тәжірибиеде ол әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Әлемдік банктің анықтамасы бойынша инвестициялық жобаның өмірлік циклі келесідей этаптардан тұрады: анықтама (идентификация), әзірлеу, экспертиза, қаржылық қамтамасыз ету, жобаны жүзеге асыру, жобаны эксплуатациялау және қорытынды баға.

Осы аталған этаптар келесідей мәнге ие:

Анықтама – мұнда экономикалық даму мақсаттары қалыптасады, жобаның міндеттері анықталады, жобаның бастапқы техника-экономикалық негіздемесі (ТЭН) дайындалады, осы мақсатта жобаның идеялары жасалады, оның эскиздік бастапқы өңдеуі жүргізіледі, оның орындалуын талдау, альтернативті жобалар қарастырылады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін болашақ кредитор және қарызгер бірлескен есеп (резюме) жасасады.

Әзірлеу – жобаның техникалық, экономикалық, институционалдық, қаржылық аспектілерін, оның жүзеге асырылу тәсілдемесі тұрғысынан зерделеу. Техника – экономикалық негізде құрылады. Жұмысты қарызгер немесе арнайы жалдаған агенттік жүргізеді.

Экспертиза – бұл инвестициялық жобаның барлық аспектілерін детальді түрде зерделеу, яғни, оның коммерциялық өмірқабілеттілігі, технологиялық прогрессивтілігі, қаржылық нәтижелері, экологиялық зардаптары, халықшаруашылық эффектісі, әлеуметтік және мәдени икемділік және т.б. Мұндай талдау не арнайы агенттікпен, не кредитор мен қарызгердің бірлесуімен жүргізіледі. Сонымен қатар, жобамен байланысты барлық табыстар мен шығындар талданады, яғни техникалық жоспар және оның аяқталу дәрежесі, табиғи және әлеуметтік ортаға әсері, коммерциялық (нарықтық) перспективалары, жобаның мемлекет үшін экономикалық зардаптары, жобаның қаржылық жағдайлары және т.б.

Қаржылық қамтамасыз ету – бұл инвестицияларды іздеу, кредитор және қарызгер арасында кездесулерді өткізу, қаржыландыру және несиелендіру шарттарын жасау, несиені бекіту, құжаттарға қол қою, осыдан кейін жобаға несие беру орындалады.

Жобаны жүзеге асыру – тапсырыстарды сатып алу және орналастыру, қондырғыларды монтаждау, мониторинг, эксплуатацияға өткізу.

Эксплуатация – жобалық қызметті жүргізу, іс – шараларды бақылау мен жобаны басқару.

Қорытынды баға – жоба орындалғаннан кейін, біраз уақыт өткен соң жүргізіледі және ретроспективалық талдау мақсаттарына қызмет етеді.

Қазақстандық жағдай үшін ҚР-ның қазіргі нормативтік құжаттарына орай қолданылатын дәстүрлі инвестициялық жобаның өмірлік циклінің сызбасы 4 фазадан тұрады:

1.      концепция  (1 – 5 %)

2.      жоспарлау және әзірлеу  (9 – 15 %)

3.      орындау  (65 – 80 %)

4.      аяқтау  (10 – 15 %)

Инвестициялық жобаның өмірлік циклі инвестициялық және кәсіпкерлік тәуекелмен сипатталады. Сонымен қатар, инвестициялық жобаны қаржыландырумен байланысты тәуекел типтерін уақытына қарай – дайындау стадиясының тәуекеліне, жобаны құру тәуекеліне, эксплуатацияға объектілерді енгізу тәуекеліне, объектілерді функционалдау тәуекеліне бөлуге болады. Жобаны іске асырудың алғашқы үш стадиясына жалпы инвестициялық тәуекелдің құрамдас бөлігі болып табылатын жалпы және өзіндік тәуекел типтері мен түрлері тән. Сонымен бірге, жобаны орындаудың барлық стадияларында жалпыэкономикалық, саяси - әлеуметтік, техникалық, коммерциялық сипаттағы тәуекелдер мен факторлар орын алып отырады. Төртінші стадияда нарыққа тауарлар мен қызметтерді енгізу, нарық сиымдылығының өсуі, жетілуі және тауарлар мен қызметтерге сұраныстың төмендеу кезеңдерін қосатын кәсіпкерлік қызметпен байланысты инвестициялық тәуекелдер пайда болады.  

Инвестициялық жобалардың түрлері.

Жобалық талдау тәжірибиесі жобаларды жасау мен типтік жобаларды тізбелеуге мүмкіндік береді. Шетелдік тәжірибиеде кездесетін инвестициялық жобаның негізгі типтері келесілерге сүйенеді:

1.                  Ескірген қондырғыны ауыстыру – бұл қолданыстағы бизнесті өзгермейтін ауқымдарда жалғастырудың табиғи процесі. Әдетте, мұндай жобалар шешімді қабылдау мен негіздеуде өте ұзақ және күрделі процедураларды қажет етпейді. Көпальтернативтілік, егер осы сияқты қондырғының бірнеше түрі болған кезде және олардың біреуінің артықшылығын негіздеу қажет болған жағдайда пайда болуы мүмкін.

2.                  Ағымдағы өндірістік шығындарды төмендету мақсатында қондырғыны ауыстыру. Мұндай жобалардың мақсаты жұмыс істеп тұрған, бірақ кейінгі кезде салыстырмалы түрде моральдық тозуға ұшырап отырған шамалы тиімді қондырғының орнына неғұрлым жетік қондырғыны пайдалану болып табылады. Жобалардың бұл типі әр жекелеген жобаның пайдалылығын өте детальді түрде талдауды ұйғарады, өйткені техникалық жағынан неғұрлым жетік қондырғы қаржылық тұрғыдан әлі де айтарлықтай тиімді емес.

3.                  Өнім шығаруды ұлғайту және қызмет көрсету нарығын кеңейту. Жобалардың бұл типі әдетте, компания басқаруының жоғарғы деңгейінде қабылданатын өте жауапты шешімді талап етеді. Нарық тапшылығын тиянақты негіздемеде кеңейтумен байланысты жобаның коммерциялық орындалуын, сондай-ақ жүзеге асыру көлемін ұлғайту тиісті пайда өсіміне әкелетіндігін анықтай отырып, жобаның қаржылық тиімділігін мұқият талдауды қажет етеді.

4.                  Жаңа өнімдерді шығару мақсатында компанияны кеңейту. Осы тип жаңа стратегиялық шешімдердің нәтижесінде пайда болады және бизнес мазмұнының өзгеруіне әсер етуі мүмкін. Талдаудың барлық стадиялары жобаның осы типі үшін бірыңғай дәрежеде маңызды. Әсіресе, айтарлықтай жәйт, егер де жобаның осы типінде жіберілген қате болса, онда ол компания үшін айтарлықтай өкінішті зардаптарға әкеледі.

5.                  Экологиялық ауыртпалығы бар жобалар. Инвестициялық жобалау барысында экологиялық талдау, қажетті элемент болып табылады. Экологиялық ауыртпалығы бар жобалар өз табиғатында әрқашанда қоршаған ортаны ластаумен байланысты, сондықтан талдаудың бұл типі сынамалы болып келеді. Қаржылық критерилер санымен негізгі дилеманы міндетті түрде шешуді және негіздеуді қажеттейді, яғни жобаның қай нұсқауларына сүйену керек: (1) капитал шығындарын ұлғайта отырып, неғұрлым жетік және қымбат қондырғыны пайдалану немесе (2) шамалы қымбат қондырғыны иелену және ағымдағы шығындарды көбейту.

6.                  Жауапкершілік тұрғыдан шешім қабылдауда мағынасы өте маңызды емес жобалардың басқа да типтері. Мұндай типтегі жобаларға жаңа офис салу, жаңа көлік сатып алу және т.б. жатады.

Дүниежүзілік тәжірибиеде инвестициялық жобаларды келесідей тәртіппен жіктейді:

      масштабы (ауқымы);

      жүзеге асыру мерзімі;

      орындау сапасы;

      пайдаланылатын ресурстардың шектеулігі;

      жүзеге асыру орны мен шарты.

Масштабы бойынша оны - шағын жоба және мегажоба деп бөледі.

Шағын жоба – масштабы бойынша үлкен емес, қарапайым және көлемдерімен шектеулі. Мысал ретінде тәжірибиелі - өнеркәсіптік қондырғыларды (опытно-промышленные установки) құру, кіші-гірім ғимараттар, шағын қуатты кәсіпорын салу, қолданыстағы өндірісті модернизациялау, нақты маусымға арналған киімдер жасау және т.б. келтіруге болады.

Мегажобалар – бұл ресурстармен жүзеге асырылуға бөлінген және уақыты мен орындалуға жіберілген жалпы мақсатқа біріккен көптеген өзара байланысты жобаларды құрайтын мақсатты бағдарламалар. Олар – халықаралық (Әзірбайджан – Чеченстан – Новороссиск мұнай құбыр желісін салу), мемлекеттік (Алматы және Астана қалалары арасында тасжол салу), ұлттық (Хромтау – Алтынсарина теміржол тармағын салу), аймақтық (Жамбыл облысындағы Амангелді газ кенішін жетілдіру), салааралық (көкеністерді өсіру холдингін құру және оларды одан кейін консервтік заводтарда қайта өндеу), салалық (құс фермасын салу) болуы мүмкін.[1]

Жүзеге асыру мерзімі бойынша, әсіресе, қысқамерзімді және басқаларын бөліп көрсетуге болады. Әдетте, қысқамерзімді жобалар әртүрлі сипаттағы жаңалықтарды өндіру, бәсекелестік жаңалықтарды зерттеу және өнім шығару үшін тәжірибиелі қондырғыларды құру, әрқилы авариялардан, табиғи апаттардан немесе адамдарды құтқару бойынша әрекеттерден кейінгі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында орындалады. Мұндай объектілердің құны тапсырыс беруші және жобаны орындаушы қалыпты уақыт режимінде орындайтын осы секілді жобалар құнынан әлде қайда жоғары болады.

Жобаның сапасы бойынша дефектілік емес деп аталатын және басқа да жобаларды қарастыруға болады. Дефектілік емес жобада басымды фактор болып оның сапасының жоғарлылығы болып табылады. Мысалы, мұндай жобаларға атом электростанциясын немесе ғарыштық ракетаны құру, ғарышкерлердің басқа ғаламшарға ұшуы, эпидемиялық ауруға қарсы вакцина жасауды жатқызуға болады.

Ресурстардың шектеулілік дәрежесіне қарай жобаларды – алдын-ала ресурстар бойынша шектеулер қойылмайтын (мысалы, стратегиялық сипаттағы жобалар), кейбір ресурстар бойынша шектеулер қойылатын (жобаны орындау мерзімі барысында), көптеген ресурстар бойынша шектеулер қойылатын (жобаның құны, уақыты, оның еңбексиымдылығы және т.б.) деп бөледі. Сондай-ақ, тәжірибиеде бір өндірістік фирма үшін әртүрлі мердігерлермен орындалатын бірнеше өзара байланысты жобаларды жатқызуға болатын мультижобаларды және фирманың бір жобалық командасы шеңберіндегі жекелеген жобаларды орындауды білдіретін моножобаларды да кездестіруге болады.

Сонымен қатар, айырықша күрделілігімен және құнымен ерекшеленетін халықаралық жобаларды айтуға болады. Олар сол мемлекеттерге арналып жасаллады және сол елдердің экономикасы мен саясатында маңызды роль атқарады. Оларды жүзеге асыру үшін екі немесе одан да көп партнерларды қосатын бірлескен компаниялар құрылады. Әртүрлі белгілері бойынша қарастырылған жобалар классификациясы әр жағдайда инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалау міндеттерін нақты және толық шешуге мүмкіндік береді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.2 .  Инвестициялық жобаларды талдаудың жалпы кезектілігі

 

Жобаның көп түрлілігіне қарамастан оларды талдау, әдетте жобаның орындалуын коммерциялық, техникалық, қаржылық, экономикалық және институционалдық бағалауда арнайы бөлімдерді қамтитын жалпы сызбаға сүйенеді. Стратегиялық білікті инвестордың көз-қарасы тұрғысынан жоба тәуекелді талдаумен аяқталуы керек. Төмендегі сызбада жобаны талдаудың жалпы кезектілігі көрсетілген.[1] Айта кететін жайт, жобада қолданылатын "Жоба қабылданбайды" бөлімі шартты сипатта болады. Жоба шынымен де өзінің бастапқы түрінде қабылданбауы тиіс. Сонымен қатар, мысалы жоба, оның техникалық орындалмаушылық себебінен түр өзгертуі мүмкін.

 

 

   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2-сурет          Жобаны талдаудың жалпы кезектілігі

 

Жобаның коммерциялық (маркетингтік) орындалуын талдау.

Маркетингтік талдаудың мәні қарапайым 2 сұраққа жауап беруден тұрады:

Біз жобаны жүзеге асырудың нәтижесі болып табылатын өнімді сата аламыз ба?

Біз бұдан инвестициялық жобаны растайтын пайданың жеткілікті көлемін ала аламыз ба?

Толық маркетинг келесі 4 бөліктен тұрады:

1.          нарықты талдау

2.          бәсекелестік ортаны талдау

3.          өнімнің маркетингтік жоспарын әзірлеу

4.          алдынғы бөлімдер үшін пайдаланылатын нақты ақпараттармен қамтамасыз ету.

Нарықты зерттеудің мақсаты – тұтынушылық сұраныстарды табу, маркетинг бойынша шешімді қабылдау сапасын жақсарту және процесті жеделдету үшін нарық сегменттерін және сатып алу процесін анықтау. Сұраныс пен өткізуді талдау барысында мынадай негізгі сұрақтар қарастырылуы мүмкін:

      потенциалды сатып алушы кім болып табылады ?

      өнімді сатып алу себептері ?

      сатып алу қалай жүргізіледі ?

Қандай ақпарат қажет және оны қалай жинауға болады?

Нарықты құрылымдық зерттеуді алдымен бәсекелестерді, мемлекеттік немесе жеке компанияларды, жергілікті, ұлттық немесе халықаралық компанияларды, дәстүрлі немесе жаңа, маркіленген немесе маркіленбеген өнімдерді анықтаудан бастау керек. Сондай-ақ нарыққа жаңа қатысушылардың кіру мүмкіндігі мен мағынасын, тауар ауыстырушылар жағынан бәсекелестікті бағалау қажет. Жауапты міндетті түрде талап ететін басты сұрақтарға тоқталатын болсақ, олар:

-         осы тауар нарығының құрылымдық мазмұны қандай?

-         сол саладағы бәсекенің негізі?

-         институционалдық шектеулер бәсекелік ортаға қалай әсер етеді?

Коммерциялық талдау процесінде көптеген талдаулар жиынтығын пайдалану өте маңызды. Олар компанияның өзі үшін де, стратегиялық инвестор үшін де неғұрлым сенімді.

Маркетингтік жоспар жобаның құрамдас бөлігі болуы керек. Оны жасау кезіңде маркетолог келесідей сұрақтарға жауап беруі тиіс:

-         өнім қаншалықты жақсы әзірленген ?

-         баға белгілеу стратегиясы дұрыс анықталған ба?

-         тауарды нарыққа жылжыту стратегиясы дұрыс айқындалған ба?

-         өткізу жүйесі сатушы мен сатып алушының тиімді байланысын қамтамысыз ете ме?

-         маркетингтік қоспа элементтері біртұтас жұмыс атқаратын маркетингтік жоспарға біріктірілген бе?

Қорыта келсек, маркетингтік бөлім жобаларды талдау барысында анықтаушы мәнге ие, өйткені жобаның өмір қабілеттілігін бағалауда қажетті нарықтық ақпараттарды алуға мүмкіндік береді.

Техникалық талдау.

Инвестициялық жобаны техникалық талдаудың міндеттері:

      жобаның мақсаттарына қарай неғұрлым жақын келетін технологияларды анықтау;

      жергілікті жағдайларды талдау, соның ішінде шикізат, энергия, жұмыс күшіне қол жеткізу мүмкіншілігі және құны;

      жобаны жоспарлау мен орындаудың потенциалды мүмкіншіліктердің барлығын тексеру.

Әдетте, техникалық талдау өзге мамандарды тарту ықтималдылығымен не компанияның өз эксперттер тобымен жүргізіледі. Техникалық талдаудың стандартты процедурасы жеке меншігіндегі қолданыстағы технологияларды талдаудан басталады. Сонымен бірге, келесі критерилермен санасу қажет: (1) технология өзін жақсы көрсете білуі, яғни стандартты болуы керек; (2) технология импорттық қондырғы мен шикізатқа бағдарланбауы қажет. Егер, өз технологияңды пайдалану мүмкін болмаса, онда шетел технологиясы мен қондырғысын тарту мүмкіншіліктеріне талдау жүргізіледі. Оларға:

1)     шетел фирмасымен бірлескен компания – аздап инвестициялау және барлық технологиялармен толық қамтамасыз ету;

2)     технологиялық Ноу – Хау-ды жүзеге асыратын қондырғыны сатып алу;

3)     "turn – key" – қондырғыны сатып алу, завод салу, технологиялық процесті жүргізу;

4)     "product – in – hand" – "turn – key" қосу қызметкерлерді компанияға қажетті дайын өнім өндіргенше оқыту;

5)     өндіріске лицензия сатып алу;

6)     шетел технологтары тарапынан технологиялық көмек.

Технологияларды таңдау тәртібі кейбір альтернативті технологияларды кешенді талдау және қандай да бір белгілі критерий негізінде тиімді вариантты таңдап алуды қарастырады. Альтернативті технологиялар арасынан біреуін таңдап алудың басты факторлары технологияны пайдаланудың келесідей аспектілерін талдауға жүгінеді:

      таңдап алынған технологиялардың қазіргі пайдаланудағы ұқсас масштабтары (нақты нарық үшін масштабтар өте үлкен болуы мүмкін);

      шикізатты алу мүмкіншілігі (потенциалды жабдықтаушылар қанша, олардың өндірістік қуаты қандай, шикізат сапасы, шикізатты басқа да тұтынушылардың саны қанша, шикізат құны, жеткізу әдісі мен құны, қоршаған ортаға қатысты тәуекел);

      коммуналдық қызметтер және коммуникациялар;

      технологияны сататын ұйымның оған потенті немесе лицензиясы бар екендігіне сенімді болу;

      ең болмағанда технологияларды сатушымен өндірісті бастапқы шығарып салу және қолдау;

      технологиялардың жергілікті жағдайларға (температура, ылғалдылық және т.б.) икемділігі;

        толық өндірушілікке сәйкес келетін тұрақты жағдай үшін іске асыру факторы (жоба шарттары бойынша номиналды қуатынан проценттер);

      қауіпсіздік және экология ;

      капитал және өндірістік шығындар.

Қаржылық талдау.

Инвестициялық жобаның қаржы бөлімінің жалпы схемасы жай кезектілікке сүйенеді:

1.                       компанияның өткен үш (немесе бес) жыл ішінде атқарған жұмыстары негізінде қаржылық жағдайын талдау;

2.                       инвестициялық жобаны дайындау мерзімінде компанияның қаржылық жағдайын талдау;

3.                       өнімнің негізгі түрлерін өндіру шығынсыздығын талдау;

4.                       инвестициялық жобаны жүзеге асыру процесінде табысты және ақша ағымын болжау;

5.                       инвестициялық жобаның тиімділігін бағалау.

Компанияның өткен мерзімдегі жұмыстарын және оның ағымдағы жағдайын қаржылық талдау, әдетте, компанияның өтімділігін, несиеқабілеттілігін, табыстылығын бейнелейтін негізгі қаржылық коэффициенттер есебі мен интерпретациясына және оның менеджментінің тиімділігіне жүгінеді. Шығынсыздықты талдау – ол өнімнің негізгі түрлерін дайындау мен сатудың өзіндік құнының және барлық шығындарды өзгермеліге (өндіру және сату көлемінің өзгеруімен өзгеретіндер) және тұрақтыға (өндіріс көлемінің өзгеруі барысында өзгермей қалатындар) бөлудің құрылымын талдау бойынша жүйелі жұмысты көрсетеді. Шығынсыздықты талдаудың негізгі мақсаты – шығынсыздық нүктесін анықтау, яғни табыстың нольдік мәніне сәйкес келетін тауарды сату көлемі. Шығынсыздықты талдаудың маңыздылығы шығынсыздық нүктесімен инвестициялық жобаны жүзеге асыру процесінде нақты немесе жоспарлы түсімді салыстыруды және одан кейінгі компанияның табыстылық қызметінің беріктігін бағалауды білдіреді. Шығынсыздықты талдауды келесі бөлімде толық қарастырамын. Жобаның қаржылық талдауының неғұрлым жауапты бөлігі болып оның сол инвестициялық бөлігі саналады. Оған:

      жоба бойынша компанияның инвестициялық қажеттілігін анықтау;

      инвестициялық қажеттіліктерді қаржыландыру көздерін бекіту;

      инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін тартылған капитал құнын бағалау;

      жобаны жүзеге асыру есебінен түсетін табысты және ақша ағымдарын болжау;

      жобаның тиімділік көрсеткіштерін бағалау.

Экономикалық талдау.

Қаржылық талдаудың негізгі сұрағы: жоба компания иелерінің байлығын ұлғайта ала ма? Ал экономикалық талдау – жобаның мемлекет (ұлт) байлығын ұлғайтуға әсерін бағалаудан тұрады. Бірақ экономикалық талдау мемлекеттік мәнге ие болғандықтан бұл талдауды қарастырмаймын.

Институционалдық талдау.

Институционалдық талдаудың ұйымдастырушылық, құқықтық, саяси және әкімшілік жағдайларын ескере отырып инвестициялық жобаның қолайлы орындалуын бағалайды. Инвестициялық жобаның бұл бөлімі сандық және қаржылық болып табылмайды. Оның басты міндеті – инвестициялық жобамен байланысты жүретін ішкі және сыртқы факторлар жиынтығын бағалау. Әдетте, ішкі факторларды бағалау келесі тәртіппен орындалады:

1.        Өндірістік менеджменттің мүмкіншіліктерін талдау. Бізге белгілі, нашар менеджмент – ол өте жақсы деген жобаны да құлату жағдайына себеп бола алады. Компанияның өндірістік менеджментін талдауда келесідей мәселелерге сүйену керек:

      компания менеджментінің тәжірибиесі мен квалификациясы;