Жергілікті басқару. 2



Жергілікті өзін-өзі басқару — мемлекеттегі белгілі бір әкімшілік-аумақтық бөлік тұрғындарының және оның сайланбалы органдарының жергілікті істерді басқару жөніндегі дербес қызметі. Қазақстан Республикасы Конституциясының (1995) “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару” туралы 8-бөлімінде жергілікті өкілді органдардың сипатына, мақсатына және құрылу тәртібіне қатысты жалпы ережелер белгіленген. Осы бөлімнің 89-бабы бойынша, “Қазақстан Республикасында жергілікті маңызы бар мәселелерді жергілікті тұрғындардың өзі шешуін қамтамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқару танылады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғындар тікелей сайлау жолымен, сондай-ақ, адамдар жинақы тұратын аумақты қамтитын ауылдық және қалалық жергілікті қауымдастықтардағы сайланбалы және басқа жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызмет тәртібін заңда көрсетілген шекте азаматтардың өздері белгілейді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне олардың заңмен белгіленген өкілеттігі шегінде кепілдік беріледі. Мемлекет олардың қызметін және олардың өкілеттігінің шегін заңдылық деңгейінде тек жалпы шеңберде белгілейді. Басқа жағдайларда өзін-өзі басқару органдары мәселені дербес шешеді. Сондықтан жергілікті жерлерде мұндай органдардың құрылуы тек атауы бойынша ғана емес, бағыты, нысаны, қызмет тәртібі, кірістердің қосымша көздері, әкімдермен, мәслихаттармен өзара қатынас тәсілдері бойынша да әр түрлі болуы мүмкін. Жергілікті өзін-өзі басқару қызметі әрбір мемлекеттің өзінің ішкі ерекшеліктеріне қарай қалыптасады. Әлемде, негізінен, жергілікті өзін-өзі басқарудың англосаксондық француздық, кеңестік үлгілері қолданылады. Англосаксондық үлгідегі АҚШ, Ұлыбритания, Канада, т.б. елдерде жергілікті өкілді орган коммитеттері жергілікті басқару органдары мемлекеттік механизмінің құрамдас бөлігі болып саналып, барынша кең өкілеттілікке ие болады. Бұл үлгі бойынша жергілікті өзін-өзі басқарудың жергілікті мемлекеттік басқарудан айырмасы оның жергілікті сипатында ғана. Еуропа, Африка, Латын Америкасының бірқатар елдерінде жергілікті өзін-өзі басқарудың француздық үлгісі кеңінен таралған. Жергілікті өзін-өзі басқарудың кеңестік үлгісінің әр түрлі көріністерін қазіргі Қытай, Куба, ҚХДР-дан көруге болады. Бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған елдер арасында Эстония, Латвия және Қырғызстанда 1991 — 95 жылдар аралығында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін үйлестіретін заңдар қабылданып, жүзеге асырылды. Қазақстанда жергілікті басқарудың тиімді тәсілдерін қалыптастыру жолында бірқатар түбірлі өзгерістерге қол жеткізіліп келеді. Қазақстан Республикасындағы саяси билік пен қоғамдық өмірді демократияландырудағы басты мәселелердің бірі — жергілікті мемл. басқару мен жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау болып табылады. Бұл ретте шетелдік тәжірибелерді пайдаланумен қатар, Қазақстан халықтарының тарихи-мәдени дәстүрлері ескеріледі. Қазақ халқының ежелден қалыптасқан өзіндік дәстүрлі басқару жолдарында жергілікті өзін-өзі басқарудың алғышарттары болғандығы белгілі. Рубасылары мен тайпа көсемдері көшпелілердің құрылтайлары мен жиындарында сайланды. Оларға тартыс-таластарды шешуге, өз алдына әскер жасақтарын құруға құқықты өкілет беріліп, рулық қауымдастықтар кең көлемде автономияға айналды. Қазақ даласы Ресей патшалығының отарына айналғаннан кейін, қалыптасқан дәстүрлер түбірлі өзгерістерге ұшырады. 1867 — 68 жылдардағы реформалардан кейін қазақ даласы ауылдық, болыстық, округтік әкімшілік-территориялық бірліктерге бөлініп, Ресей империясының қатаң бақылауында ұсталынды. Аға сұлтандар мен болыстарды, билерді сайлау шартты түрде жүргізілді. Басқарудың тиімділігін арттыру үшін жергілікті қалыптасқан дәстүрлі басқаруды ішінара сақтап қалды. Сол арқылы қазақ халқының жергілікті маңызы бар мәселелерді ауыл және болыстық жиналыс арқылы өз бетінше шешуіне мүмкіндік берілді. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен соң Қазақстан біртұтас кеңестік басқару жүйесінің құрамына енгізілді. Бір орталықтан басқаруға негізделген қоғам жергілікті өзін-өзі басқаруды іске асырмауға, барынша шектеп ұстауға тырысты. Қазақ КСР-ның 1937 жылғы Конституциясында жергілікті басқару органдары туралы “Облыстық, аудандық, қалалық, поселкелік, селолық және ауылдық жерлердегі мемлекеттік билік органдары Халық депутаттары кеңесі болып саналады” деп жазылып, жергілікті кеңестердің құрылуына жол ашылған болатын. Алайда, шын мәніндегі жергілікті өзін-өзі басқару болмады, жергілікті мемлекеттік басқарудың жетегінде кетіп отырды. 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясында бұрынғы жүйеге көп өзгеріс енгізілген жоқ, мұнда да: “Мемлекеттік биліктің органдары болып еңбекшілер депутаттарының кеңесі саналады” деп жазылып, жергілікті өзін-өзі басқарудың қоғамдық сипатының негіздері көрініс таппады. Қоғамдық-саяси өмірді қатаң бақылауда ұстаған тоталитарлық мемлекет жергілікті өзін-өзі басқару тәрізді мемлекеттік емес институттардың қызметіне мүдделі болмады. Жергілікті кеңестер партиялық бюрократияның бет пердесіне айналды. Меншікті түгелдей мемлекет иелігіне алу мен бір партиялық идеология жергілікті халыққа өз бетінше іс-әрекет етудің, өзін-өзі басқарудың ешқандай мүмкіндігін қалдырмады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың кейбір нышандарының (жолдастық соттар, аудандық, облыстық, қалалық бақылау коммитеттері, т.б.) қызмет аясы мен құзыреті реттелінді. КСРО тарихында тұңғыш рет 1990 жылы сәуір айында жарияланған “КСРО-дағы жергілікті өзін-өзі басқару мен шаруашылық жүргізудің жалпы бастаулары туралы” заң жергілікті жерлердегі билікті демократияландыруға қарай жасалынған маңызды бетбұрыс болған еді. Қазақстанда “Жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақ КСР халық депутаттарының жергілікті кеңестері туралы” 1991 жылғы 15 ақпандағы Қазақ КСР Заңымен жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізуге бірінші қадам жасалынды. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне халық депутаттарының жергілікті кеңестері, аумақтық-қоғамдық өзін-өзі басқару органдары, жергілікті референдумдар, жиналыстар (жиындар), азаматтардың конференциялары, өзге де демократияның тікелей нышандары енді. 1992 жылы 13 қаңтарда аталған заңға өтпелі кезеңге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұрынғы атқару коммитеттерін алмастырған жергілікті әкімдер институты, іс-жүзінде, өзін-өзі басқарудың негізгі принциптерінің бірі — жергілікті дербестікке көшуді білдірді. Қазіргі уақытта (2000) Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқарудың толыққанды құқықтық негізін қалыптастыратын жаңа заң жобасы әзірленуде.

 

 

Жергілікті мемлекеттік басқару — Қазақстан Республикасының “Жергілікті мемлекеттік басқару туралы” Заңында (23.1.2001) және басқа да заң актілерінде белгіленген құзірет шегінде жергілікті өкілді және атқарушы органдардың тиісті аумақта мемлекеттік саясатты жүргізу, оны дамыту мақсатын жүзеге асыратын және сол аймақтағы істің жай-күйіне жауапты болып табылатын қызметі. Жергілікті атқарушы органның құрамына (әкімият) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзіреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган кіреді. Жергілікті өкілді органға (мәслихат) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тұрғындары сайлайтын, халық еркін білдіретін және ҚР заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілейтін және олардың жүзеге асуын бақылайтын сайланбалы орган жатады;

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

 

Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы N 148 Заңы Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 3

 

 

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтiнде сөздер алмастырылды - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      Ескерту. Тақырыбы мен кiрiспеге өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.02.09 N 126-IV Заңымен (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз).

       Осы Заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құзыретiн, қызметiнiң ұйымдастырылуын, тәртiбiн, сондай-ақ мәслихаттар депутаттарының құқықтық жағдайын белгiлейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

       1) әкiм - жергiлiктi атқарушы органды (ол құрылған жағдайда) басқаратын және тиiстi аумақта мемлекеттiк саясаттың жүргiзiлуiн, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттiк органдарының барлық аумақтық бөлiмшелерiнiң үйлесiмдi қызмет iстеуiн, тиiстi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарға басшылықты қамтамасыз ететiн, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергiлiктi мемлекеттiк басқару өкiлеттiгi және өзiн-өзi басқару функциялары берiлген, тиiстi аумақтың әлеуметтiк-экономикалық дамуының жай-күйiне жауапты Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң өкiлi;

       2) әкiм аппараты - жергiлiктi атқарушы органның (ол құрылған жағдайда) және әкiмнiң қызметiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк мекеме;

       3) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстi басқару схемасы - тиiстi аумақта орналасқан, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң бюджетiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар жүйесi;

       4) жергiлiктi атқарушы орган (әкiмдiк) - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкiмi басқаратын, өз құзыретi шегiнде тиiстi аумақта жергiлiктi мемлекеттiк басқаруды және өзiн-өзi басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

       5) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган - жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың және өзiн-өзi басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыруға әкiмдiк уәкiлеттiк берген, тиiстi жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттiк мекеме;

       6) жергiлiктi қоғамдастық - шекараларында жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс iстейтiн тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында тұратын тұрғындардың (жергiлiктi қоғамдастық мүшелерiнiң) жиынтығы;

       7) жергiлiктi маңызы бар мәселелер - реттелуi осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiне сәйкес тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс тұрғындарының басым бөлiгiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық (селолық) округ, ауылдық (селолық) округтiң құрамына кiрмейтiн кент пен ауыл (село) қызметiнiң мәселелерi;

       8) жергiлiктi мемлекеттiк басқару - осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленген құзыретi шегiнде тиiстi аумақта мемлекеттiк саясатты жүргiзу, оны дамыту мақсатында жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асыратын, сондай-ақ олардың тиiстi аумақтағы iстiң жай-күйiне жауапты болып табылатын қызметi;

       9) жергiлiктi өзiн-өзi басқару - халық тiкелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын осы Заңда, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде айқындалған тәртiппен жергiлiктi маңызы бар мәселелердi өзiнiң жауапкершiлiгiмен дербес шешуге бағытталған қызмет;

       10) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары — осы Заңға сәйкес жергiлiктi маңызы бар мәселелердi шешу жөнiндегi функциялар жүктелген органдар;

       11) жергiлiктi өкiлдi орган (мәслихат) - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) халқы сайлайтын, халықтың еркiн бiлдiретiн және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны iске асыру үшiн қажеттi шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган;

       12) мәслихат аппараты - тиiстi мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк мекеме;

       13) мәслихат сессиясы - мәслихат қызметiнiң негiзгi нысаны;

       14) мәслихат сессиясының төрағасы - мәслихат депутаттарының арасынан сайланатын, мәслихат сессиясында ұйымдастырушылық-билiк ету функцияларын жүзеге асыратын, мәслихаттың лауазымды адамы;

       15) орталық мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшесi - тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс шегiнде орталық атқарушы органның функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы органның құрылымдық бөлiмшесi.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен. 

      2-бап. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi

               басқару туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы

       Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      1. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

       2. Осы Заң Алматы қаласының айрықша мәртебесi және астана мәртебесi туралы заңдарға қайшы келмейтiн бөлiгiнде Алматы қаласы мен астананың аумағында қолданылады.

        Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      2-1-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды ұйымдастыру

                 негiздерi

      1. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық (селолық) округ, ауылдық (селолық) округтiң құрамына кiрмейтiн кент пен ауыл (село) шегiнде жеке жүзеге асырылады.

       2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды жергiлiктi қоғамдастық мүшелерi тiкелей, сондай-ақ мәслихаттар мен басқа да жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арқылы жүзеге асырады.

       Облыстың, ауданның, қаланың, қаладағы ауданның, ауылдық (селолық) округтiң, ауылдық (селолық) округтiң құрамына кiрмейтiн кент пен ауылдың (селоның) әкiмi мемлекеттiк басқару функцияларымен қатар жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының функцияларын да жүзеге асырады.

        Ескерту. Заң 2-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      3-бап. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi

               басқару қызметiнiң экономикалық және қаржылық

               негiзi

       Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару қызметiнiң экономикалық және қаржылық негiзiн:

       1) жергiлiктi бюджет;

       2) коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтiлген мүлiк;

       3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес коммуналдық меншiктегi өзге де мүлiк құрайды.

        Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      4-бап. Мәслихаттар мен әкiмдiктер үшiн белгiленетiн

               негiзгi талаптар мен шектеулер

      1. Мәслихаттар мен әкiмдiктер өз қызметiнде:

       1) жалпы мемлекеттiк сыртқы және iшкi саясатқа, қаржы және инвестициялық саясатқа сәйкес келмейтiн шешiмдердiң қабылдануына жол бермеуге;

       2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасының мүдделерiн сақтауға;

       3) қызметтiң қоғамдық маңызы бар салаларында белгiленген жалпы мемлекеттiк стандарттарды ұстануға;

       4) азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

      2. Мәслихаттар мен әкiмдiктерге Қазақстан Республикасының шегiнде бiрыңғай еңбек рыногын, капиталды, қаржыны қалыптастыруға, тауарлар мен қызмет көрсетудi еркiн алмасуға кедергi келтiретiн шешiмдер қабылдауға тыйым салынады.

      3. Мәслихаттар мен әкiмдiктер қабылдайтын аумақты дамыту жоспарлары Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарларына сәйкес келуге тиiс.

2-тарау. МӘСЛИХАТТАРДЫ ҚҰРУ, ОЛАРДЫҢ ҚҰЗЫРЕТI ЖӘНЕ

ҚЫЗМЕТIН ҰЙЫМДАСТЫРУ

      5-бап. Мәслихаттарды құру тәртiбi

      1. Мәслихаттарды тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң халқы жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды.

       2. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Қазақстан Республикасының азаматы бiр мәслихаттың ғана депутаты бола алады.

       3. Тиiстi мәслихат депутаттарының санын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мынадай шектерде: облыстық мәслихатта, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарында - елуге дейiн; қалалық мәслихатта - отызға дейiн; аудандық мәслихатта - жиырма беске дейiн белгiлейдi.

       4. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген оның депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшi сайланған жағдайда мәслихат заңды болып есептеледi.

       5. Мәслихаттар депутаттарын сайлау Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңдарымен регламенттеледi.

       6. Мәслихаттың өкiлеттiгi бiрiншi сессия ашылған кезден басталады және жаңадан сайланған мәслихаттың бiрiншi сессиясының жұмысы басталғанда аяқталады.

       7. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс қайта ұйымдастырылған (бiрiккен, қосылған, қайта құрылған, бөлiп шығарылған немесе бөлiнген) жағдайда жаңадан сайланған мәслихат сессиясының жұмысы басталғанға дейiн мәслихат депутаттары өз өкiлеттiгiн сақтайды және құрамына өз сайлаушыларының басым бөлiгi кiрген, қайта ұйымдастырылған мәслихаттардың депутаттары болып табылады.

       Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс таратылған жағдайда тиiстi мәслихат таратылады.

       8. Мәслихаттың заңды тұлға құқығы болмайды.

        Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      6-бап. Мәслихаттардың құзыретi

      1. Мәслихаттардың құзыретiне:

       1) тиiстi аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi және олардың атқарылуы туралы есептердi бекiту, соның iшiнде қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмдерi iске асыратын (әрбiр қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ бойынша жеке-жеке) бюджеттiк бағдарламаларды бекiту;

       2) тиiстi аумақтарда қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану жөнiндегi бағдарламаларды және қоршаған ортаны қорғау, сауықтыру жөнiндегi шығыстарды бекiту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мәселелердi шешу;

       3) Қазақстан Республикасының Үкiметi жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың үлгi құрылымдары негiзiнде қалыптасқан әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктi басқару схемасын әкiмнiң ұсынысы бойынша бекiту;

       4) өздерiнiң қарауына жатқызылған әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс мәселелерiн шешу;

       5) әкiмнiң ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының шешiмiмен тиiстi әкiмдiктiң дербес құрамын келiсу;

       6) атқарушы органдар басшыларының есептерiн қарау және тиiстi органдарға мәслихат шешiмдерiн орындамағаны үшiн мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгiзу;

       7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктердi жүзеге асыру;

       7-1) Қазақстан Республикасының сайлау туралы заң актiсiне сәйкес аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының мүшелерiн жасырын немесе ашық дауыс берудi өткiзу жолымен сайлау;

       8) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес, бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жауаптылық белгiленетiн ережелердi бекiту;

       9) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстi дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларының, жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына бақылау жасау;

       10) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарын құру, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, мәслихаттың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелердi шешу;

       11) халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу мен кедейлiктi азайту бағдарламаларын бекiту;

       12) әкiмнiң ұсынуы бойынша ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша әкiмдiк жанындағы консультациялық-кеңесшi органдардың дербес құрамын бекiту;

       12-1) әкiмнiң ұсынысы бойынша "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметтi азаматы" атағын беру;

       12-2) "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметтi азаматы" атағын беру ережелерiн бекiту;

       13) Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес жер қатынастарын реттеудi жүзеге асыру;

       14) азаматтар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметi актiлерiнiң, орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларын орындауына жәрдемдесу;

       15) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.

       2. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының құзыретiне сонымен бiрге облыстың аудандық жоспарлану схемасын, облыс орталығын, республикалық маңызы бар қаланы және астананы салудың бас жоспары жобасын бекiту туралы Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсыныс енгiзу, әкiмшiлiк аудандардың аудандық жоспарлануы жобаларын, облыстық (облыс орталықтарынан басқа) және аудандық маңызы бар қалаларды салудың бас жоспарларын бекiту және ауылдық елдi мекендерде жұмыс iстейтiн және тұратын жекелеген азаматтар санаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтiк қолдау шараларының жүйесiн айқындау жатады.

       3. Аудандық мәслихаттардың құзыретiне сонымен бiрге тиiстi ауданның аумағында орналасқан қалалар, кенттер мен ауылдар салудың бас жоспарларын бекiту, аудандық маңызы бар қала, ауылдық (селолық) округ, ауылдық (селолық) округтiң құрамына кiрмейтiн кент пен ауыл (село) әкiмiнiң атқарылған жұмысы туралы есебiн қарау және аудан әкiмiне тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс әкiмiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту туралы ұсыныс енгiзу жатады.

       4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының мәслихаттары тиiстi әкiмдiктердiң ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес қарыз алу туралы шешiмдер қабылдауға құқылы.

       5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары қоршаған ортаға жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн, орман пайдаланғаны үшiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн эмиссия үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төлемдер ставкаларын бекiтедi.

       6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мәслихаттары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте ядролық қондырғылар мен объектiлердi салуға келiсiм беру туралы мәселенi қарайды.

       7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың барлық мәслихаттары атынан өкiлдiк ететiн депутаттар болып табылатын таңдаушылардың бiрлескен отырысында сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкiлеттiгi таңдаушылардың шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2004.05.11 N 552 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2004.07.09 N 583, 2006.01.10 N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07 N 171 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2007.01.09 N 213, 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2008.12.24 N 111-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Мәслихаттың актiлерi

      1. Мәслихаттың өз құзыретiндегi мәселелер бойынша шығаратын шешiмдерi мәслихаттың актiлерi болып табылады.

       2. Мәслихаттардың жергiлiктi бюджет кiрiстерiн қысқартуды немесе жергiлiктi бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздейтiн шешiмдерiнiң жобалары әкiмнiң оң қорытындысы болған жағдайда ғана қарауға енгiзiлуi мүмкiн.

       3. Мәслихаттың өз құзыретi шегiнде және азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты қабылдаған шешiмдерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте ресми жариялануға тиiс және ол тиiстi аумақта орындалуға мiндеттi.

       4. Мәслихаттың жалпыға бiрдей мiндеттi маңызы бар, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты шешiмдерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте Әдiлет министрлiгiнiң аумақтық органдарының мемлекеттiк тiркеуiне жатады.

       5. Мәслихаттардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейтiн шешiмдерiн мәслихаттың өзiнiң жоюы не сот тәртiбiмен жойылуы мүмкiн.

        Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      8-бап. Мәслихат жұмысын ұйымдастыру

      1. Мәслихат өз өкiлеттiгiн сессияларда тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары, мәслихат сессиясының төрағасы, мәслихаттың депутаттары мен хатшысы арқылы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте жүзеге асырады.

       2. Мәслихат қызметiнiң негiзгi нысаны сессия болып табылады, онда мәслихаттың қарауына заңдармен жатқызылған мәселелер шешiледi.

       Егер мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсi сессияға қатысса, мәслихат сессиясы заңды болады.

       3. Мәслихат:

       1) мәслихат сессиясының төрағасын, мәслихат хатшысын сайлайды және қызметiнен босатады, олардың есептерiн тыңдайды;

       2) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметiнен босатады, олардың жұмысы туралы есептi тыңдайды;

       3) мәслихаттың қызметiн қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды, тексеру комиссиясының актiлерiн бекiтедi;

       4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген адам саны мен қаражат лимитi шегiнде мәслихат аппаратының құрылымын бекiтедi және оны ұстауға әрi материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды. Мәслихат аппараты мемлекеттiк қызметшiлерiнiң штат саны лимитi тиiстi мәслихат депутаттарының саны негiзге алынып, бес депутатқа бiр қызметкер қатынасында, бiрақ бес адамнан кем емес  болып белгiленедi;

       5) мәслихаттың регламентiн бекiтедi;

       6) депутаттардың сауалдарын қарайды және олар бойынша шешiмдер қабылдайды;

       7) өз жұмысын ұйымдастыру жөнiнде өзге де шешiмдер қабылдайды.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2004.05.11 N 552 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен. 

      9-бап. Мәслихат регламентi

      Мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткiзу, оларға мәселелер енгiзу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау депутаттардың сауалдарын қарау тәртiбi, мәслихаттағы депутаттық бiрлестiктердiң өкiлеттiгi, қызметiн ұйымдастыру, сондай-ақ дауыс беру тәртiбi, аппарат жұмысын ұйымдастыру, басқа да рәсiмдiк және ұйымдастыру мәселелерi сессияда бекiтiлетiн мәслихаттың регламентiнде белгiленедi.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2006.11.04 N 186 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      10-бап. Мәслихат сессиясын шақыру тәртiбi

      1. Жаңадан сайланған мәслихаттың бiрiншi сессиясын осы мәслихат үшiн белгiленген депутаттар санының кемiнде төрттен үшi болған ретте, мәслихат депутаттары тiркелген күннен бастап отыз күн мерзiмнен кешiктiрмей, тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады.

       2. Мәслихаттың кезектi сессиясы кемiнде жылына төрт рет шақырылады және оны мәслихат сессиясының төрағасы жүргiзедi. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясын осы мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемiнде үштен бiрiнiң, сондай-ақ әкiмнiң ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының төрағасы шақырады және жүргiзедi. Кезектен тыс сессия оны өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негiз болған ерекше мәселелер қаралуы мүмкiн.

       3. Мәслихат хатшысы мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен өткiзiлетiн орны туралы, сондай-ақ сессияның қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы депутаттарға, халыққа және әкiмге - сессияға кемiнде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемiнде үш күн бұрын хабарлайды. Мәслихат хатшысы сессияның қарауына енгiзiлетiн мәселелер бойынша қажеттi материалдарды депутаттарға және әкiмге - сессияға кемiнде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемiнде үш күн қалғанда табыс етедi.

      11-бап. Мәслихат сессиясын өткiзу тәртiбi

      1. Мәслихат сессиясы жалпы отырыс нысанында өткiзiледi.

       2. Мәслихаттың бiрiншi сессиясын тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы ашады және мәслихат сессиясының төрағасы сайланғанға дейiн жүргiзедi. Одан әрi мәслихат сессиясын мәслихат сессиясының төрағасы жүргiзедi.

       3. Егер мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсi мәслихат сессиясына қатысса, ол заңды болады.

       Шешiмдер мәслихат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.

       4. Сессия жұмысында мәслихат шешiмi бойынша мәслихат белгiлеген он бес күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмге үзiлiс жасалуы мүмкiн.

       5. Сессияның ұзақтығын мәслихат белгiлейдi.

       6. Мәслихат сессиялары, әдетте, ашық сипатта болады. Мәслихат сессиясы төрағасының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бiрiнiң ұсынысы бойынша қабылданатын мәслихат шешiмiмен, егер қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшiлiгi осы үшiн дауыс берсе, жабық сессиялар өткiзуге жол берiледi.

       7. Мәслихат сессиясы төрағасының шақыруы бойынша жергiлiктi атқарушы органдар басшылары, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында орналасқан ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдары мәслихаттың құзырына жататын мәселелер бойынша ақпараттар беру үшiн мәслихат сессиясына келуге мiндеттi.

Жергілікті басқару. 2