Суицид туралы



ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ СУИЦИД НЕМЕСЕ Ө3ІНЕ-ӨЗІ ҚОЛ ЖҰМСАУДЫҢ АЛДЫН  АЛУ ЖОЛДАРЫ

 

Адаева Фариза

Ғылыми жетекші: Қайболдиева Н. Ж.

(Маңғыстау гуманитарлық колледжі)

 

Өзіне - өзі қол жұмсау  адам жаратылғалы жалғасып келеді. Суицид тақырыбы біздің бойымызға бойлай еніп, өзінің көкейкестілігін жоғалтпай, қайта жас ерекшелігіне қарай маңызы арта түсті. Осыдан мынадай сұрақ туады: «Суицид дегеніміз не?»              «Суицид» латын тілінен алынған «өзін - өзі өлтіру, өзіне қол жұмсау» деген мағынаны білдіреді. Тағы бір синонимдік мағынасы қасақана өз өмірін қию. КСРО кезінде бұл мәселе жабық қаралатын. 1926 жылдары Кеңес елдерінде 100 мың адамға шаққандағы өз - өзіне қол жұмсау көрсеткіші 7.8 адамды құрады. 1930 жылы санақ жөніндегі мемлекеттік комитеті өзіне - өзі қол жұмсағандармен айналысатын секторды жауып, бұл жұмысты психиатрларға тапсырды. Неге десеңіз, өз - өзіне қол жұмсағандарға ақыл - есі кеміс, психикалық ауру деп баға берілді.

Сол кезеңде АҚШ - та да өз өмірін өлімге қиып, аман қалғандар жазасын өтеуге түрмеге қамалды. Австрия мамандарының дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында жасаған баяндамасы бойынша, бүгінгі күнгі соғыс пен қанды қылмыстарға қарағанда әлемде өз - өзіне қол жұмсау салдарынан өлетін адамдар көп екен. Әлемде жыл сайын шамамен бір миллиондай адамның өз - өзіне қол жұмсап, 10 - 20 адамның өз өмірлерін қиюға әрекет жасайтындығы соның айғағы. Тіпті әр 40 секунд сайын дүниежүзінде бір кісінің өз өмірін қиятындығы бұл өлімнің қаншалықты жиі кездесетіндігін көрстетеді.

Ал, қазіргі таңда өз өмірін қиюға бағытталған саналы, ерікті түрдегі әрекет жаһандық, қоғамдық мәселеге айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жылына шамамен 400 - 500 мың адам өз өмірін қол салумен аяқтаса, ал соған әрекет жасау он шақты есе көп. Еуропалық елдерде өзін - өзі өлтіру, адам өлтіруге қарағанда шамамен үш еседен асып түседі екен. Өзіне - өзі қол салу деңгейі, көптеген зерттеушілердің пікірі бойынша, салыстырмалы тұрақты ұлттық көрсеткіш болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзін – өзі өлтіру көрсеткішін үш топқа бөледі:

1) Өзін - өзі өлтіру көрсеткіші өте төмен елдерге (яғни 100 мың адамнан жылына10 адам). Оған Грекия, Италия, Гватемала (0.5), Филиппин (0.5), Албания (1.4), Доминикан Республикасы (2.1), Армения (2.3) жатады. Ал өзін - өзі өлтірудің ең төменгі көрсеткіші мұсылман елдерінде. Айталық, Мысырда (0.03), Кувейт (2.1). Африка елдерінде бұл көрсеткіш жоққа тән.

2) Өзін - өзі өлтіру көрсеткіші орташа елдерге (100мың адамнан жылына 10 – 20-дан көп). Аустралия, АҚШ (10.4) жатқызуға болады.

3) Өзін - өзі өлтіру көрсеткіші жоғарғы және өте жоғары елдер (100 мың адамнан 20-дан көп). Оларға Жапония (27.1), Венгрия (35.9), Эстония (40), Ресей (39,4 жыл сайын 60 мың адам), Литва (42,5).

Өзіне - өзі қол салу негізгі үш топқа бөлінеді: нағыз, демонстративтік және жасырын.

Нағыз суицид - қашанда жабырқау, дағдарыстық жағдай немесе өмірден бас кешу жайлы ой, өмір сүрудің мәні жайлы ойланып, күйзелу жатады.

Демонстративтік суицид - өлуге деген ниетпен байланысты емес, қайта өз проблемасына назар аудартудың әдіс құралы болады, көмекке шақырады.

Жасырын суицид – өзіне - өзі қол салу мінез қылығының бір түрі. Бірақ, қатаң мағынада оның белгілеріне жауап бермейтін, сонда да сол бағыт пен қорытындыға ие болады. Бұл іс әрекет көп жағдайда қауіп - қатер деңгейінің жоғарғы ықтималдылығымен ұштасып жатады. Көп жағдайда бұл мінез - құлық тәуекeлге негізделіп, өмірден өтуден гөрі, өліммен ойнауға көбірек ұқсайды. Бұларға автомобиль жүргізудің қауіпті түрі, спорттың экстремалдық түрлерімен айналасуы, ерікті түрде ыстық нүктелерге бару, әсері күшті есірткілерді пайдаланумен, ішімдікті қолданумен, сондай ақ, өзін өзі оқшаулау жатады.

Суицид әрекеті - өзіне - өзі қол салуды жасау әрекеті мен аяқталған суицидті біріктіреді. Өзіне өзі қол салу әрекеті дегеніміз - саналы түрде өз өмірін қандай да бір жолдармен қиюға бағытталған, бірақ соңы өліммен аяқталмаған әрекет. Өз өмірін қиюға бағытталған әрекет қайтымды немесе қайтымсыз болуы мүмкін. Аяқталған суицид деп өлімге әкеліп соққан әрекетті айтамыз. Өзіне қол салу көріністері арқылы өзіне суицидтік ойларды, түсініктерді, көріністерді, күйзелістерді, сондай - ақ суицидтік тенденцияны, олардың арасынан түпкі ой мен ниетті айқындауға болады. Суициалдық ниет түпкі ойға ерік компонентті қосылған кезде шығады, яғни, шешім сыртқы мінез - құлықтың әрекетіне қосымша бірнеше толықтырулар енгізуге болады, олар: біріншіден, демонстративтік мінез - құлқын бөлектеу; екіншіден, өзін - өзі қандай да бір дене мүшесіне жарақат салу , зақымдаумен шектеледі. Үшіншіден, мұндай мінез - құлықтар айналып келгенде бақытсыз жағдайдың құрбаны болуға әкеліп соғады.

Суициалдық мінез - құлық жас айырмасына қатысты болады. Мысалы, өмірдің кризистік кезеңдері, жастық шақ, кәріліктің басталуы, жан күйзелісіне шыдай алмау, жағдайдан шығудың жолын таппау, үмітсіздікке бой алдыру мен жеке басының дағдарысы, проблемада байланып қалу, осының бәрі айналып келгенде таңдауды тарылтып, өзіне - өзі қол салуға итермелейді.           

Ал енді жасөспірімдік суицидке тоқталатын болсақ, есею кезінде жасөспірімдер қоршаған оны ортаны ақ және қара, жақсы я жаман деп бөледі, өмірдің мәнін өліммен ойнай отырып іздейді. Мұндай ойлардан жасөспірімді қалай сақтап қалуға болады?...

Жасөспірімдердің есеюі міндетті түрде ата анасының санасына енгізген құндылықтарды жоғары бағалаумен байланысты болады. Кейде бұл құбылыс санадан тыс шығып кетеді. Жасөспірім әрбір затқа келеңсіз көңіл бөледі, өмірдің бекер және мәнсіздігі жөнінде пайымдайды, әділетсіз және қатігез азаптардан құтылудың жалғыз ғана жолы -өлім деп шешеді. Кейбіреулер шынайы еркін адам өз - өзіне қол жұмсауға құқылы деген теорияны дәлелдейді. Ал кейбіреулері өмірмен өлімді айыру үшін түрлі мысалдар ойлап табады. Мәселен, кәрілікке дейін өмір сүретін адамдар - аңқау жанкүйерлер ғана, ал өмірдің мәнін жете түсінетіндер - тіршіліктен ерте кету керек деген ойда болады. Ата аналарға балаларының бұндай ойларынан қорықпауы керек. Әдетте, ол өзіне қол жұмсайтын ойы жоқ, өйткені бұл жалған өмірде өзін ерекше екендігін сезіну өте жағымды көрінеді. Бұндай жағдайда жасөспірімнің зерттеушілік дүниетанымын, ой өрісін кеңейту керек. Егер жасөспірім философия және өмірдің мәнін іздеуге қызығушылық білдірсе, оған Ф.Ницшенің қайғылы кітаптарының орнына, өмірдің мәнін ашатын Л.Гумилевтің еңбектерін оқыған жөн. Бірақ, егер жасөспірім өзіне - өзі қол жұмсаушылық процесіне, бұл процесте сезінетін сезіміне қызығушылық танытса, бұл қауіптірек болады. Оны осы ойлардан арылту үшін спорттың экстремалды түрлерімен: сноубордпен, су астында жүзумен және т.б. айналысқан жөн болады. Бұл спорт түрлері жасөспірімге өзінің ерекшелігін, өзін - өзі бағалауы және өмірге деген қызығушылығын артады.

Сонымен бірге, жасөспірім кезде суициалдық мінез - құлықтың кейбір өзгешеліктері болады. Жасөспірімдер арасында ересек адамдарға қарағанда, өзін өзі өлтіруге әрекет жасау жиі кездеседі. Бірақ, олардың аз ғана бөлігі өздерінің қойған мақсатына жетеді. Бұндай мінез құлық бұл жаста көп жағдайда демонстративтік, сонымен бірге байбаламдық сипат алады. Статистика бойынша, жасөспірімдердің 10 пайызы ғана шынайы өлгісі келетін ниет білдірсе, ал 90 пайызы көмекке шақырған жанайқай. А.Е.Личко және А.А.Александров 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді сынақ-зерттеуден өткізіп, мынадай қорытындыға келген: «Психикалық өзгерістердің біршама aртуы байқалады, мысалы депрессия. Жасөспірімдер депрессияның белгілеріне, әрбір ұсақ түйекке мән берушілік, іш пысу мен шаршағандық сезімдері, ата аналарының айтқанын тыңдамау мен айқай шу, жанжал көтеруге дайын тұрушылық, ішімдік пен есірткіні пайдалану».

Зерттеулердің көрсеткеніндей, өзін - өзі өлтірудің неғұрлым көп бөлігі 40 пен 65 жас аралығында жасалады екен. Негізінен, бұл жасқа келгенде суицидтық әрекетке итермелейтін факторлар: ажырасу, жақын адамын жоғалту, жұмыстан айырылу, қаржылай кризис, жанұяда баласының қайтыс болуы, т.б. жатады. Ал кәрілік жаста мынадай маңызды әлеуметтік психологиялық мәселелермен беттеседі. Жалғыздық, қызмет бабының аяқталуы, мүмкіндігін жоғалту, жолдастарынан, жанұясынан айырылу, сонымен қатар, депрессия шаршағандықпен, үмітсіздікпен ұштасып жатады.

ДДҰ өз - өзіне қол жұмсаудың 80 тәсілін анықтаған. Кең тараған ең негізгі тәсілдері мыналар: асылу, суға кету, улану, ғимараттан, көпірден, жартастан т.б. биік жерлерден өзін тастап жіберу, қару арқылы өзін - өзі өлтіру, өзін - өзі өртеп жіберу, әдейі нәр таппай ашығу, тамырын кесу, пойыздың, машинаның астына түсу, тоққа ұрыну, т.б. Ал кейде тіпті XVII-XVIII ғасырлардағы көне нанымдағылардай жаппай өзін - өзі өлтіру жайттары кездескен. Мысал ретінде алатын болсақ, 1945 жылы ешбір шартсыз тізе бүгуге қол қойылғанда, жапондық харакиден жалпы саны 100 мың адам өз өмірлерін қиған. Немесе 1978 жылы «Ұлттық ғибадатхана» сектасының 912 адамы Джонстаунда (Гаяна) жаппай өз өмірлерін қиды. Айта берсек, әрине мысал көп табылар. Ал енді суицидтік мінез құлықты дін жағынан қарастырайық. Ислам діні өзін - өзі өлтіруді ең үлкен күнә қатарына жатқызады. Өйткені, жан - Құдайдың адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Өз өмірін қию  сол аманатқа жасалған қиянат. Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп біледі, өткінші деп қарайды. Ендеше, өзін -өзі өлтірудің себептерін өмірдің қиындықтарынан іздеу дұрыс емес. Мұндағы басты себеп  сенім болып тұр. Иманы толық адамдарда қандай да бір қайғыны жабыла көтеру, қиыншылыққа ортақтасу бар. Ал, өзімшіл адамдарда бауырмалдық пен жанашырлық атымен болмайды. Сол себепті, қиналған кезде қайғысы еселеніп, бұл дүниеден  безуден басқа жолы қалмайды. Өйткені, о дүниеге сенімі жоқ. Сөйтіп, онсыз да қызығы қашқан өмірден өліп құтыла салғанды жөн көреді.

     Суицидке барудың психологиялық факторлары:

      Көңіл – күйдің төмендігі.

      Аутоагрессияға бейімділігі.

      Өзін –өзі қабылдаудағы негативизм

    Суицидтік әрекеттер көбінесе қандай жағдайда болады?

     Әрбір баланың мінезі жүре қалыптасады. Кейбір кездерде әр түрлі оқиғаға бала жүрегімен беріледі, өзінше қайғырады, содан барып түрліше мінез көрсететін кездері болады.

      Әке-шешенің айрылысуынан, үлкендердің өз уайымы өздерінде болады, бұл балаға кері әсерін тигізеді, бала осы уақытта кез-келген нәрсені жүрегіне жақын қабылдайды.

      Жақын адамын жоғалтуы; бала өзіне жақын адамды жоғалтқандықтан мінезі өзгеріп, уайым пайда болады.

      Отбасына жаңа сәби келген кезде, балада қызғаныш пайда болады.

      Отбасындағы кері көзқарас: ұрсу, соғу, жәбірлеу, намысына тиетін сөз айту, баланың өзін басқа баладан кем сезіну.

         Тәуекелге баратын жасөспірімдер:

1.      «Қиын» жасөспірімдер:

      ата – анасының қарауынсыз қалған балалар

      мүгедек балалар

      физикалық және психикалық даму кемістігі бар балалар

      зорлық-зомбылық көрген балалар

      колониярларда тәрбиеленген балалар.

2.      Өзін-өзі бағалауы төмен балалар:

      тез ренжігіш;

      депрессияға жеңіл түсетін балалар.

     Көріп отырғанымыздай, суицидтік әрекеттер тамыры тереңге кеткен әр түрлі әлуметтік жағдайлардан болатыны белгілі. Сондықтан осындай балаларға жекелей жұмыс, педогогикалық әдістеме керек.

       Суицидтің алдын-алу мақсатында жүргізілетін негізгі жұмыстар:

1.      Әлуметтік педагог және оқушы арасында сенім қалыптастыру.

2.      Оқушы отбасымен үнемі тығыз байланыста болуы.

3.      Баланың балалық шағын қорғау үрдістерін іске қосу.

4.      Әлуметтік қорғау туралы мағлұматтармен танысу.

5.      Оқушыға жеке кеңес беру (құпия түрде кемек көрсету).

6.      Психодиагностикалық жұмыстар жүргізу (суицидтік әрекеттерді, көңіл –күйді,ойды анықтай мақсатында)

7.      «Сенім телефон» немесе «сенім жәшігінің» жұмыс істеуі.

Өмір адамға бір ақ рет беріледі. Ал, бітпес тіршіліктің сол тауқыметіне қарсы күресіп, өз несібеңді жесең соның өзі бақыт.Сондықтан, жастар, Алла тағала берген жалғыз өмірімізді қастерлейік!

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

1.Жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаушылық әрекеттерінің  алдын алу // Алтын ұя, 7 мамыр 2009ж.

2. Жасөспірімдердің мінез-құлықтарындағы ауытқушылықтың сипаты // Таптым-таптым –эврика,№4 2009ж.

3. Суицидтік мінез-құлық психологиясының ерекшеліктері // Сыныптағы тәрбие №1 2009ж.

4. Жасөспірімдік кезеңдегі суицидтік әрекеттің себептері // Тәрбие құралы №4 2008ж.



Суицид туралы