Абай Құнанбаев Жастарға үлгі - жас Ибраһим

ЖОСПАР

 

І. Кіріспе  бөлім.

А) Жастарға үлгі - жас Ибраһим.

Б) Ақылы-кең-дария, ізденімпаз Абайдың ақындық жолға түсуі.

ІІ.Негізгі  бөлім.

А) Абай шығармаларының оқудан тыс жұмыстарда қолданылуының тәрбиелік маңызы.

Б) Пайда ойлама, ар ойла...

В) Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,

Ойланшы сыртын қойып, сөздің ішін...

ІІІ.Қорытынды  бөлім.

А) Ақылға тұнған әлем бұл.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы,  Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс.                                                                      

 Н. Ә. Назарбаев 

 

  Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, жазушы, қоғам қайраткері, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.

 Абай 10 тамыз 1845 жылы қазіргі Семей облысының Шыңғыс тауларында Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың төрт әйелінің бірінен туған. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы. «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған. Содан бері бұл есіммен Абай тарихқа енді.

   Осындай текті  ортадан шыққан Құнанбай мен  Ұлжаннан туған төрт ұлдың  бірі Абай жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үміт етеді. Сондықтан да ол Абайды медреседе бірнеше жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады.

...Кедейдің  өзі жүрер малды бағып,

Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

Тоңған иін  жылытып, тонын илеп,

Шекпен тігер  қатыны бүрсең қағып.

 

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,

Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.

Бай ұлына жалшы  ұлы жалынышты,

Ағып жүріп  ойнатар көздің жасы, - деп өзі жырлағандай,  Абай ауқатты отбасынан шықса да халқына үнемі жақын болды, олардың дауын даулап, мұңын жоқтады.

  Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.

Абай өз ауылында арабша хат танығаннан кейін, он жасында Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесінде 3 жыл оқиды. Оқуға зерек, ұғымтал Абай діни сабақтармен қоса өз бетінше араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс классиктері: Низами, Сағди, Хафиз, Науан, Физули еңбектерімен танысып, тағылым алады.

Абай ақыл-ой санасы толысқан шағында ел билеу ісінен аулақтанып, ақындық өнер жолына түседі. Өз бетінше шығыс, батыс, орыс елдері ақындарының, ойшыл оқымыстыларының еңбектерін оқып, білімін толықтырады. Абай орыс тіліндегі кітаптарды көбірек оқуды мықтап қолға алады. Сол кезде Семейге айдалып келген орыс демократтарымен танысады. Соның ішінде өзінің ерекше танысып, араласқаны Михаэлис болды.

1870 жылдарда Петербургтен  айдалып келген революционер  Михаэлис Петербург университетінің  студенті, Чернышевскийдің жолын  қуушы, демократ-революционер еді. Михаэлис арқылы Абай айдаудағы орыс демократтары: доктор Долгополовпен, табиғат зерттеушісі, тарихшы Леонтьевпен танысады. Солар арқылы ол орыстың белгілі ақын-жазушылары: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Шедрин, Некрасов; сыншыл, ойшыл-демократтары Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов; Батыс Еуропа ақындарымен: Гёте, Байрон, философ ойшылдарынан: Спенсор, Спиноза, Дарвин, т.б. еңбектерімен танысып, тәлім-тәрбие алады.

  Абай өлең шығаруды  бала кезінде-ақ бастаған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

  Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге», Білімдіден шыққан сөз», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Интернатта оқып жүр», «Пайда ойлама, ар ойла» және тағы да басқа көптеген өлеңдері, поэмалары, қырық бес қара сөзі бізге мұра болып қалды.

 Абай өзінің өлең-жырларында ел ішіндегі ұрлық, зорлықты, алтыбақан алауыздықты, күштілікті, жатып ішер жалқаулықты өлтіре сынап, жастарды адал еңбекке, отырықшылыққа, егіншілікке, өнер-білімге шақырады. 
Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге

Көкірегінде болсын көз, - деп әрбір адамның көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қалайды. Шығыс пен Батыс классиктерінің ағартушылық ой-пікірлерінен мол нәр алған ұлы ақын бала тәрбиесі мәселелеріне де кеңінен тоқталып, өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде педагогикалық көзқарасын білдіреді. Абай өзінің көптеген өлеңдерін жаман әдеттерден арылу, қисық-қыңыр мінезден құтылу тақырыптарына рнап, қатты сынайды. Мысалы, өзінің он сегізінші қара сөзінде:

  «Адам баласына  жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып  кимей, таза кимек - дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық  киінбек, не киімі артық болмаса  да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ - кербездің ісі.

 Кербездің екі түрлі  қылығы болады: бірі бет-пішінін,  мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын  қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп,  қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі  атын, киімін «айран ішерім» деп,  солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» - дейтұғын болмаққа ойланбақ.

  Мұның бәрі - масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы - қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», - деп, адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді есте сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдыдан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңдіру, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттайды.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де — бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар  қалан!

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат кімде  бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз

Біте қалса қазаққа,

Алдың — жалын, артың  — мұз,

Барар едің қай жаққа?

Пайданы көрсең бас ұрып,

Мақтанды іздеп, қайғы  алма.

Мініңді ұрлап жасырып,

Майданға түспей бәйгі алма...деп бұл жалған өмірде халқыңа титтей де болса пайдаң тиердей кірпіш болып қалан, сол жолда ақыл мен қайрат бағыт-бағдар беруші жолбасшың болады дейді. Сонымен қатар бас пайдасын ойлап жүріп, жақын мен жаранға деген мейірімділік, қайырымдылықтан жұрдай болма, мақтаншақтықпен көзге түсем деп орға жығылма деп ақыл-кеңесін береді.

Акырын жүріп, анық бас, 
Еңбегің кетпес далаға. 
Ұстазтық қылған жалықпас 
Үйретуден балаға, - деген өлең жолдарынан өзгеге жақсылық жасап, білген ізгі ісіңді үйретсең, еңбегің далаға кетпес, қайбір істі істеп, сөзді сөйлемес бұрын алдын-ала ойлап, пішіп алған жөн деген ақынның жан сырын ұғамыз.  
  «Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал»,-дейді. Яғни, адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады.

  Абай сана-сезімді тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның ролін материалистік тұрғыдан түсіндіре білді. Адамның жақсы-жаман болуы, ақылды-ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты, ақ сүйек тұқымынан шыққандар ақылды, батыр, алғыр болады деген буржуазиялық нәсілдік, идеалистік көзқарасқа қарама-қарсы. Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екенін дәлелдеді. Өзінің отыз жетінші қара сөзінде: «Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»,-деді.

   Абайдың поэтикалық шығармалары мен қара сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы. Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Біздің түйсігіміз бен қабылдауымыз, түсінігіміз айналадағы ақиқат шындық өмірдің сәулесі ғана.

 Адам баласы «көзімен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады»,-дейді Абай. Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу - жан құмарлығы (жетінші сөз) деп ой түйіндей келе, «адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым… ол таланттылық пен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі» деген қорытынды жасайды.

Абайдың дүниенің дамуы  жөніндегі көзқарасында диалектикалық  сарын басым. Ол табиғат құбылыстарын өзара бір-бірімен байланыста, үнемі өзгерісте, дамуда болады, адамды қоршаған ортаның – табиғаттың ішкі сырын білім-ғылым арқылы білуге болады деп қарастырады. 
Ұлы ағартушы өзінің көптеген шығармаларында қазақ халқының ауыр тұрмысын және надандығын мінеп-шенеді. Қара басының қамын ғана ойлайтын, яғни тән қажеттігін өтеуді ғана ескеріп, рухани қажеттілікті ойламайтын, біреуді алдап, біреуді арбап күн көрушілерге, өзінен күшті әкімдер алдында жағымпаздықпен көзге түсіп қалуға тырысушыларға Абай мейлінше қарсы болды. Ондағы мақсат халыққа адал қызмет ету деп ұқты:

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық  білуге.

Артық ғылым  кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

Военный қызмет іздеме,

Оқалы киім киюге.

Бос мақтанға салынып,

Бекер көкірек  керуге.

Қызмет қылма  оязға,

Жанбай жатып  сөнуге.

Қалай сабыр  қыласың,

Жазықсыз күнде  сөгуге?

Өнерсіздің  қылығы –

Тура сөзін  айта алмай,

Қит етуге бата алмай,

Қорлықпенен шіруге.

Аз ақшаға жалданып,

Өнбес іске алданып,

Жол таба алмай  жүруге.

Алыс та болса  іздеп тап,

Кореннойға  кіруге,

«Талапты ерге нұр жауар»,

Жүріп өмір сүруге.., - деп жастарды білім-ғылымды меңгеруге шақырды. Ғылым-білімді жанына серік етуін насихаттаған Абай өзінің он жетінші қара сөзінде кейінгі жастарға сабақ боларлықтай мынадай керемет мысал келтіріп жазады:

 «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол - менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те - менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.

 Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын - мен, сенің сөзіңді ұғатұғын - мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» - депті. 
Онан соң жүрек айтыпты: «Мен - адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.

 Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты: 
- Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман, - депті.

  -Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да - бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені - сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, - депті. - Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ - менің ісім, - депті. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. 
- Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам - сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, — депті».

   Абай сол кездегі кейбір оқыған жастардың білімді шен алу, шекпен кию үшін пайдаланып, парақорлықпен алдап-арбаудың құралы етуге тырысқанына ызаланғанып:

Ойында жоқ  олардың

Салтыков пен  Толстой

Я тілмаш, я  адвокат.

Болсам деген  бәрінде ой,- деп сөкті. Жастарға халық қамын ойлаған ақын-жазушылар мен ғалымдарды үлгі-өнеге етіп, «білімдіден шыққан сөз талаптыға кез болса екен», -дейді. Тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде деп ұққан Абай:

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу  оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған мақсат емес,

Өнердің бұдан  өзге бәрі жалған.

Ел болу үшін қала салып, отырықшылықта болу керек, мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде ғана тұр деп жар салды. Өнер-білімсіз қоғамның пайдалы азаматы болудың мүмкін емес екендігін, терең түсінген ол: «Барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет… өнер де, ғылымда орыста тұр. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанға түседі»,-деп озық мәдениетті орыс халқын өнеге етті.

Абай Құнанбаев ағартушылық жұмысында өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде оқу, өнер, білім үйрену, оны халық қажетіне жұмсау, жастарды адамгершілік қасиеттерге, өнегелі мінез-құлаққа тәрбиелеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Абай жас ұрпаққа өмір сүруді үйретіп, оның болашақ өсу, даму жолдарын байқатар басты нәрсе – ғылым деп көрсетеді.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлүге,

Бес нәрседен қашық бол,

Адам болам десеңіз  – 

деп өсиет айтады. Саналы азамат болып, саналы өмір сүру үшін, ғылымды үйреніп, тәлімге тәнті болу керек дейді  ғұлама. «Оқу инемен құдық қазғандай» дейді халық. Данышпан ақын ғылымды  үйреніп, білімді болу үшін жалықпай, ерінбей еңбек ету қажеттігін айтады.

Сізге ғылым  кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүмше де өзі, молда да өзі

 Ғылымға көңіл бөлсеңіз – деп ғылым үйренудің қиындығы мен бағыт-бағдарын шебер түсіндіреді.

  Абай Құнанбаев өзінің отыз  сегізінші қара сөзінде: «...өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі! Әуелгісі - әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.

  Екіншісі - өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады. 
Үшіншісі - қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады. 
  Һәм өзі өзгеше тұтатын демектің түбі - мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады.

  Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі - надандық, екіншісі - еріншектік, үшінші - залымдық деп білесің. 
Надандық - білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. 
Білімсіздік хайуандық болады.

Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің  дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады.

Залымдық - адам баласының  дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады. 
Бұлардың емі, халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын...» - деп, осы адамды қор қылатын  үш нәрсемен аяусыз күресті де, оларды жоюдың емі – ғылымды, адал еңбекті, адамгершілікті атап, өзінің шығармашылығында осы үшеуін дәріптеп, өсиет етті және бұл үшеуінің жасампаздық күшіне сенді.

  Абайдың жоғарыда айтылған «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңіндегі «Бес асыл іс» - адамгершілік – Абай ұсынған этикалық әдеп нормалары. Адамзат қоғамы тарихында – жеке адамның ақылы мен мінезі, адамгершілігі жағынан өсіп-жетіліп, толық адам болып қалыптасуы – күрделі мәселелердің бірі.

  Абай да гуманистік танымы тұрғысынан өзі өмір сүрген ХІХ ғасырдығы қазақ қоғамы жағдайында жастардың адамгершілік негіздері, бойға ұялатар қасиеттері қандай болмақ деген ойға ерекше көңіл бөлді.

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым  ойлап қой -

Бес асыл іс, көнсеңіз...» - деп, тұжырымды жауап берді.

 «Адам баласының ең жаманы – талапсыз». Талапсыздық түрлері – ынтасыздық, ықылассыздық, жігерсіздік.

Керек іс бозбалаға талаптылық,

Әр түрлі өнер, мінез  жақсы қылық.

Кейбір жігіт жүреді мақтан сөйлеп,

Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.

 Еңбек – бұл дүниедегі құдіретті күш, діни ұғымда құдай болса, ғылыми ұғымдағы бірден-бір жасампаз ұлы күш – еңбек.

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу  оқып, білім алған,

Би болған, болыс болған өнер емес

Еңбектің бұдан  өзге бәрі жалған...

Бақпен асқан  патшадан,

Мимен  асқан  қара артық.

Сақалын сатқан кәріден,

Еңбегін сатқан бала артық...немесе өзінің төртінші қара сөзінде: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ - өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» - дейді.

Терең ой – адамды адам еткен еңбек болса, сол еңбек дағдасы барысында қалыптасқан адамды барлык жан-жануардан ерекше айырып тұрған екі қасиетті Абай жоғары бағалды. Оның біріншісі – ақыл-ой, екіншісі – сөз.

Қанағат. Абай адамгершілік, иман туралы толғаныстарында «Қағанат» ұғымына ерекше мән береді. Ақынның түсінуінше қанағат – барға риза болу, місе тұту, нысаптаншықпау, нәпсіге ермеу.

Рақым. Рақым дегеніміз ұғымдық философиялық тұрғыдан алғанда адамның өзге кісілерге жасайтын жақсылығы, мейірім-шапағаты мен көмегі. Ақын қайырымсыз адамдардың іс әрекетіне күйініп:

«Сан кісі мұңайсын,

Сабырмен шыдайсың,

Күйемін, жанамын,

Еш рақым  қылмайсың...»

деп оларды адамгершілікке шақырады.

«Бес дұшпан» - Абай айқындап берген адамгершілікке жат этикалық әдеп нормалары.

«Бес дұшпанда»:

«Адам болам  десеңіз,

Оған қайғы  жесеңіз,

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер  мал шашпақ –

Бес дұшпанын білсеңіз...» - деген өлең жолдары бар.

Мұндағы  өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік Абай заманында ел арасына көп тараған, адамгершілікке жат, жаман қылықтар. Адам баласы осындай жат қылықтардан ада болса екен, кейінгі жас ұрпақ бойына мұндай ғадеттердің сіңірмесе екен, үлгі қып көрсетпесе екен дейді.

  Абай шығармаларында негізделген адамның бойындағы «Үш қасиет» пен «Бес асыл» өзара байланысты , «Бес асыл іс» «Үш» қасиеттен шығады . Бұл –ыстық қайраттан шығатын талап пен еңбек, нұрлы ақылдан шығатын терең ой мен білім –бәрі де жылы жүректің әмірімен адамзаттың игілігі үшін қызмет ететін, рақымды, әділетті, шапағатты «Толық адамның» тұлғасын сипаттайды.

 «Ақыл – ардың сақтаушысы» деп қарап, адамгершілік мәселелерін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптеген ұлы ағартушы – 
Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр талап,

Бұларды керек  қылмас ешкім қалап…

Терей ой, терең  ғылым іздемейді

Өтірік пен  өсекті жүндей сабап, - деп кейбір жастардың іс-әрекетін қатты сынға алады. Абай қазақ қоғамындағы жас ұрпақтарды тәрбиелеуге байланысты ойларын бірнеше өлеңдерінде айқын білдіреді. Солардың бірі «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңі:

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, 
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат 
Арзан, жалған күлмейтін шын күлерлік 
Ер табылса жарайды қылса сұхбат. 
 
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз. 
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз. 
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен 
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз. 
 
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып, 
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып. 
Біріңді бірің ғиззәт құрмет етіс. 
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып. 
 
Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс, 
Оның қадірін жетесіз адам білмес. 
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас. 
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.

 Абай Құнанбаев сонымен қатар «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңінде де:

Мен жазбаймын  өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бұл сөзді тасыр  ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.

Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,

Сыртын танып  іс бітпес, сырын көрмей.

Шу дегенде  құлағың тосаңсиды,

Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.

Таң қаламын, алдыңғы  айтқанды ұқпай,

Және айта бер  дейді жұрт тыным бермей, - деп, жастарға дұрыс тәрбие, дұрыс бағыт-бағдар беріп, ақылға шақырып, сырты жылтырағанның бәріне ұмтыла бермей, ішіне үңілуіне кеңес береді.

Сөз айттым «Әзірет  Әлі», «айдаһарсыз»,

Мұнда жоқ «алтын иек, сары-ала қыз».

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген  жерім жоқ жігіт арсыз.

Әсіре қызыл  емес деп жиренбеңіз,

Түбі терең  сөз артық, бір байқарсыз, - деген өлең жолдары арқылы біреудің сырты көріксіз деп, қашқақтамай, ішкі жан-дүниесін түсінуге тырысу қажеттігін, сырты жылтыр болмағанмен, іші алтын болуы әбден мүмкін екенін үғындыруға тырысады.

  Ол халықтың артта қалушылығын, надандығын мінеп, әдебиет пен ағарту халыққа қызмет етуі, жалқаулыққа, ымырашылдыққа қарсы күрес жүргізуі қажет екендігін көрсетеді, прогресшіл орыс мәдениетіне жақындай түсуді уағыздайды. Мұндай күрделі міндеттерді шешудің жолдарын іздестіре келе, Абай өзінің қырық бірінші сөзінде: «...Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді...» - дей келе жалпыға бірдей білім беру талабын ұсынып, қыздар да оқып, білім алу керек деп есептейді.

   Ұлы ағартушы өз айналасын қоршаған әділетсіздік қазақ халқын аздырып бара жатқанын, жас ұрпақты тәрбиелеуге теріс ықпалын тигізетіндігін байқап, халықты, әсіресе, жастарды, адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл аударды.

Ал жастар бойына дарытуға тиісті жоғары адамгершілік қасиеттер ретінде туған елге деген сүйіспеншілік пен ерлік, табандылық пен адалдық, парасаттылық пен сыпайылық, адамдарға қайырымдылықпен қарау, еңбек сүйгіштік, жарқын өмірге ұмтылушылық тағы басқаларды атап айтты. 1886 жылғы бір өлеңінде ақын:

Қартайдық, қайғы  ойладық, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі  жас балалардан.

Терін сатпай, телміріп көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың  бәрі болды аларман,- деп өз кезіндегі жастардың осындай жағымсыз мінездерін қатаң сынға алды.

  Абай уақытын еңбексіз бос өткізетіндерді, еріншектерді, өсекшілдерді, адамгершілік қасиетке ұмтылмайтындарды мейлінше жек көрді. Ондайлар туралы: 
Осындай сыйдаң жігіт елде мол-ақ,

Абай Құнанбаев Жастарға үлгі - жас Ибраһим