Бюджетті жоспарлау және болжамдау



 

КІРІСПЕ

 

Бюджет– мемлекеттің қажетті атрибуты. Бюджеттің көмегімен тиісті мемлекеттік және жергілікті құрылымдардың ақша қорлары құрылады, бұл қорлар олардың жалпы маңызды міндеттерін орындауды қамтамасыз етеді, мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының функцияларын жүзеге асырудың қаржылық негізін жасайды. Бюджеттерде мемлекеттің қаржы ресурстарының аса ірі бөлігі шоғырландырылады, бұл мемлекеттің қаржы саясатын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қажет.

Экономика дамуының қазіргі кезеңінде орталықтандырылған қаржы ресурстары мемлекетке қоғамдық өндірістің қажетті қарқындары мен үйлесімдерін қамтамасыз етуге, оның салалық және аумақтық құрылымдарын жетілдіруге, экономика салаларын дамытудың бірінші кезектегі бағдарламалары үшін қажетті мөлшерлерде қаражаттарды қалыптастыруға, ірі әлеуметтік өзгертулер жүргізуге жағдай жасайды.

Қаржыны орталықтандырудың арқасында ақша қаражаттары мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатын табысты іске асыру үшін жағдайлар жасай отырып, экономикалық және әлеуметтік дамудың шешуші учаскелеріне шоғырландырылады.

Сөйтіп, құндық бөліністің айрықша бөлігі ретінде мемлекеттік бюджет айрықшалықты арналымды орындайды – жалпықоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға қызмет етеді.

Қаржылық қатынастардың белгілі бір жиынтығы ретіндегі мемлекеттік бюджетке ең алдымен оны жалпы қаржы категориясынан ажырататын өзгеше белгілер тән:  бюджеттік қатынастардың бөлгіштік сипаты бар, әрқашан ақша нысанында жүзеге асырылады, мақсатты ақша қорларын қалыптастырумен және пайдаланумен қосарлана жүреді.

Курстық жұмыстың өзектілігі. Еліміздің өтпелі экономикалық негіздігі нарықтық қатынастарға өту барысында ұлттық экономиканың тиімді дамып, әлемдегі жоғары дамыған елдер қатарына қосылу үшін макроэкономикалық реттеулердің негізгі құралдарының бірі болып табылатын бюджет жүйесінің маңыздылығын, оның құрылымы мен түрлерін, оның экономикаға әсерлерін қарастыру және еліміздегі бюджет жүйесінің даму барысына тоқталып өту болып табылады. Сонымен қатар, бюджеттің ақша қаражаттары қорының тиімді бөліну үшін жағдай жасайтын бюджетті жоспарлау мен болжамдауға, онда қолданылатын әдістерін, кезеңдерін қарастыру болып табылады.

Осы жұмысты орындаудағы мақсатым мен міндеттеріме:

      Қаржы саласындағы мемлекеттік бюджеттің экономикалық мәні мен қызмет ету барысын түсіну;

      Бюджеттік жүйе, оның түрлері мен ерекшеліктерін басқа елдердің құрлымымен салыстыру;

      Бюджетті экономиканы басқару құралы ретінде алу;

      Бюджетті жоспарлау мен болжамдаудың әдістеріне тоқталу;

      Бюджетті жоспарлау және болжамдауда қолданылатын принциптерді қарастыру;

      Білім беру саласындағы мекемелерді мысал ретінде алып, оған жұмсалатын шығыстарды қалыптастыру, оларды қаржыландыру, қызметкерлерге еңбекақы төлеу ерекшеліктеріне тоқталып өту болып табылады.

Бүгінгі күнгі мемлекеттің бюджеті қаржылық қарым-қатынастағы әр түрлі қатысушылардың әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қалыптастыратын күрделі және көп міндет атқаратын құрал. Ал бюджет экономикалық құжат ретінде қоғамның саясаттық және әлеуметтік дамуын көрсетеді.

I. МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘНІ

1.1.           Бюджет түсінігі. Мемлекеттік бюджеттің экономикалық мазмұны

Бюджет – ол жалпы қаржы категорияға қарағанда бөлек, ерекше тұрған экономикалық категория. Оның қаржыдан ерекшелігі қаржылық байланыстың әр түрлі дәрежеде болуына байланысты. Сондықтан, көптеген қаржылық байланыстардың ішінде  бір-бірінен ерекше тұратын бөлек арнайы салаларды бөліп шығаруға болады. Сондай бір ерекше байланыс қоғамдық құндылық өнім бөлу аумағында мемлекет пен заңды және жеке тұлғалар арасындағы қаржылық қарым-қатынас болып табылады. Бұндай қаржылық қарым-қатынастың жалпы белгісі, біріншіден, олар мемлекеттің қатысуымен болатын құндылық бөлу процесінде орын алуы, екіншіден, жалпы мемлекеттік функцияларды атқаруға арналған орталықтандырылған ақша қаражаттар қорын қалыптастыру мен пайдалануына байланысты. Осындай барлық қаржылық  қарым-қатынас мемлекеттік бюджет деген түсініктің экономикалық мазмұнын құрады.

Бюджет – ол мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асырылуын қаржылық қамтамасыз етуге арналған оның орталықтандырылған ақша қоры. Бюджеттің формасы – қаржылық жоспар, материалдық негізі орталықтандырылған қор, экономикалық негізі жалпы экономикалық қарым-қатынас, заңнамалық белсендіруі заң болып табылады.

Бюджет әр мемлекетке өзінің экономикалық, әлеуметтік және саясаттық функцияларын орындауға объективтік ақшалай түрде қажет. Бюджет қай мемлекеттікі болмаса да мазмұндары бірыңғай категориялардан қалыптасады, яғни салық, зайымдар, шығын және тағы басқалары, сонымен қатар олар бір қоғамдық экономикалық формациядан басқа формацияға ауысса да өздерінің мазмұнын өзгертпейді. Дәл осы ұғым бюджетті экономикалық категория деп дәлелдейді. Сондықтан, бюджеттің экономикалық түбі басқа да экономикалық категорияларға сай ақша түріндегі және соған сәйкес материалды негізі бар өндірістік қарым-қатыныста жатыр.

Бюджет қаржы жүйесінің орталық тізбегі болғандықтан, ол сол қаржының барлық негізгі, сапалы сипаттамаларына сай. Басқаша айтқанда, егерде «қаржы» жалпы ақша қарым-қатынас жүйесі болса, яғни мемлекеттік орталықтандырылған ақша қорын қалыптастыру және пайдалану процесі, онда «бюджет» өз алдына ақша қарым-қатынас жүйесін құрады, яғни бюджеттік қорды қалыптастыру және пайдалану процесі. Бюджеттік қор көптеген қоғамдық қажеттілік шығындарды (әлеуметтік, қорғаныс) қаржыландыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры.

Экономикалық әдебиет беттерінде «бюджет» термині әр түрлі ұғымда пайдаланылады, мысалы, ақша қаражаттарының кірісі мен шығысы формасында немесе ақша қаражаттарының негізгі орталықтандырылған қоры ретінде. Осыған қоса, әдебиетте мемлекеттік бюджетке тағы да келесідей анықтама берілген: бюджет – ол қаржылық жоспар; бюджет – ол басқарушылық жоспар; бюджет – ол заңнамалық құжат деген. «Бюджет» деген көптеген ұғымға сүйене отырып, ол келесідей түсініктемелерден қалыптасады деп айтуға болады:

      ол өз алдында жеке бір экономикалық категория;

      ол мемлекеттің ақша қаражаттарының орталықтандырылған қоры;

      ол экономиканы реттеуге арналған құрал;

      ол мемлекеттің негізгі қаржы жоспары;

      ол барлық бюджеттік қарым-қатынасқа қатысушылар міндетті түрде орындайтын заң;

Бюджет экономикалық қарым-қатынасқа негізделгендіктен объективтік түрде сипатталады. Өз алды бюджеттік сала болуы адамзаттың субъективтік пікіріне байланысты емес, ең алдымен ол қоғамдық өндірістің дамуына керекті орталықтандырылған ресурстарға, мемлекеттің табиғаты мен функцияларынан туатын объективтік қажеттілікке байланысты. Ақша қаражаттары ресурстарын орталықтандырудың экономикалық және саясаттық мәні өте зор, себебі олар мемлекеттің жоспарлаған шараларын іске асырудың негізгі құралы, біріккен экономикалық және қаржылық саясатты жүргізуге қажетті болып табылады.

Сондықтан, мемлекеттік бюджетке мынадай түсінік берілген – ол «республикалық және жергілікті бюджеттердің арасындағы қарама-қарсы өтеу операцияларын есептемегенде сараптамалық ақпарат ретінде пайдаланатын және бекітуге жатпайтын қосындысын құрайтын жалпы бюджет». Сонымен қатар, «мемлекеттік бюджет» термині – мемлекет құрастыратын және басқаратын орталықтандырылған бюджеттік қор мағынасында да пайдаланады.

Құндылық бөлудің айрықша аумағы ретінде бюджет арнайы қоғамдық міндет атқарады, яғни ол жалпы мемлекеттік мүдделерді қаражаттандыруға қызмет етеді. Бюджет қаражаттары арқылы өндірістің дамуы мен ұлғайтуының шығыстары, ғылыми-техникалық пен қоғамдық өндірістің салалық және аумақтық құрылымын жетілдіру қаражаттандырылады, ұжымдық шығындар (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала) және басқа да шығындар қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік бюджет өндірістік қарым-қатынасқа негізделеді және өзіне сай материалды-құндылық түрі бар, яғни бюджеттік қарым-қатынас материалды түрде орталықтандырылған ақша қаражаттар қоры – бюджеттік қорда болады. Бұның нәтижесінде қоғамда болып жатқан нақты экономикалық процестер мемлекеттің жинап және пайдаланып жатқан ақша қаражаттары көлемі арқылы көрінеді. Бюджеттік қор (бюджет ресурстары) – ол мемлекет тарапына, оның жалпымемлекеттік функцияларын орындауға арналған, құндылық бөлу сатыларынан өткен, қоғамдық өнім мен ұлттық табыс қозғалысының белгілі бір бөлігін құрайды.

Бюджеттік іс-әрекет жүргізу мемлекеттің орталықтандырылған ақша қаражаттары қорын қалыптастыру мен пайдалануына байланысты және  ерекше экономикалық, ұйымдастырушылық формаларды қолдану негізінде жүргізіледі. Бюджеттің жұмыс жасауы ерекше экономикалық нысандар – бюджеттің кірістері мен шығыстары арқылы жүргізіледі. Бұлар өз алды арнайы қолданылады, яғни кіріс – мемлекетті бюджеттік ресурстармен қамтамасыз етуге арналған, ал шығыс жалпымемлекеттік функциялар орындауды қаражаттандыруға арналған, қайтарылмайтын негізде бөлінетін бюджет қаражаттары.

Бюджеттің кірістері – бюджетке қайтарылмайтын негіздегі салықтардан, алымдардан және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден алынатын түсімдердің, салықтық емес түсімдердің, ресми трансферттердің, сондай-ақ негізгі капиталды сатудан түсетін кірістердің көлемі.

Салықтық түсімдер деп мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгіленген белгілі бір мөлшерде жүргізілетін қайтарымсыз және өтеусіз сипатта болатын бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдерді айтамыз. Олар нақты әрекеттегі ақшалай қатынастармен дәлелденеді және қаржы қатынастарының бөлігі ретінде үнемі қозғалыста болады.

Салықтық емес түсімдерге республикалық меншіктен алынатын кірістер, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің тауарларды өткізуден түсетін түсімдері, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алуларды өткізуден түсетін түсімдер, мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, өндіріп алулар, мүлікті жария етуі үшін алым және де бюджетке түсетін салықтық емес басқа түсімдер жатады. Салықтық түсімдерге қарағанда салықтық емес түсімдердің тағайындалған мөлшерлемелері жоқ, басқаша айтқанда, олар фискалды-тұрақты сипатта емес, сондықтан мұндай түсімдер мөлшерін өткен жыл деңгейінде жоспарланады.

Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге мемлекет меншігіндегі тауарларды, жер учаскелерін сату немесе жалға беруден түскен табыстар және мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақшалар жатады. Трансферттер түсімдері – бұл бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне, Ұлттық қордан республикалық бюджетке түсетін түсімдері.

Бюджет қаржыны шоғырландыра отырып, оны қажеттіліктерге жұмсауды көздейді. Сондықтан да бюджет шығыстары келесідей түрлерге бөлінеді: мемлекеттік мекемелердің қызметтерін қамтамасыз ететін шығыстар, мемлекеттік шараларды жүргізу мен ұйымдастыруға арналған шығыстар, заңды тұлғаларға субсидия беру, ресми трансферттер және басқа да шығыстар жатады.

Мемлекеттік бюджет кірістерінің құрамында салықтық және салықтық емес түсімдердің рөлі мен мәні өте зор, себебі барлық кірістер ішінде 80-90 пайызы осы түсімдер үлесіне жатады, ал салықтық түсімдердің жыл сайынғы өсуі орта есеппен 12-13 пайызға жетеді.

1.2.           Мемлекеттік бюджет экономикалық басқару құралы

 

Мемлекеттік бюджетті, жалпы басқа да экономикалық категориялар секілді мемлекет белсенді түрде болашақ және ағымды әлеуметтік-экономикалық міндеттерін нақты шешуде пайдаланады. Мемлекет бюджетті өзінің ұйымдастырушылық функциясын іске асырудың маңызды құралы ретінде қолданып, оны экономиканы басқарудың әсершіл құралына айналдырады.

Бюджетті экономикалық басқарудың құралы ретінде пайдалануы мынадай маңызды қасиеттерімен дәлелденеді: ол заң күшіне ие; мұнда қоғамдық өндірістің дамуына бағытталған, оның тиімділігін жоғарылатуға, қоғам мүшелерінің мұқтаждықтарын қанағаттандыруға арналған бағдарламалар тікелей көрсетілген. Бюджеттік қатынастарды пайдалану құқықтық формада болғандығы оған өте үлкен ұтқырлы және ұйымдастырушылық мән береді.

Ішкі өнім бөлудің ақшалай формасының біршама дербестік болуының салдарынан қоғамдық өндірістің құндық құрылымын реттейтін мүмкіншілік болады және ол қажетті экономикалық нәтижеге жеткізеді. Құндылық құралдарды (қаржы, бюджет, несие) пайдалану мемлекетке қоғамдық өндірістің құрылымын жетілдіру мен экономикалық процестердің тиімділігін жоғарлатуға мүмкіндік береді.

Реттеу құралы ретінде мемлекеттік бюджет экономиканың салалық және аумақтық пропорцияларын жетілдіруде, өндірістен тыс салалардың дамуын реттеуде, қаржы ресурстарын жалпы мүддеге сәйкес қайта бөлуде пайдаланады. Ол еңбек, ақша және материалды ресурстарды пайдалануын ынталандыру, экономиканың барлық тізбектерінде жүйелі бақылауды іске асыру мен басқа да әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды шешуге мүмкіншілік береді. Экономиканы басқарудың белсенді құралы ретінде мемлекеттік бюджетті айтуға болады, себебі бюджет негізі – бюджеттік қатынастар қоғамдық өндіріс дамуы мен оның тиімділігін жоғарлату мүдделерінің алуан-алуан бағытында пайдаланады.

Мемлекеттік бюджетті – экономиканы басқару құралы ретінде сипаттай отырып, бұл құралдың рөлі объективті алдын ала анықталғанын айрықша айту қажет. Оған дәлел, біріншіден, экономикалық байланыстарды жалпы реттеу нәтижесінде бюджеттік қатынастарды негізгі қаржы құжат арқылы формада пайдалану, екіншіден, мемлекеттік бюджеттің бөлу табиғаты негізінде оны қоғамдық өндіріске әсер ететін маңызды экономикалық құрал ретінде пайдалану. Бюджеттің мәні мен рөлі оның экономикалық құрал ретіндегі ерекшелігімен дәлелденеді, яғни ол қоғамдық өнім бөлу саласының кең пайдаланатын құндық құралы болып табылады.

Экономиканың дамуына байланысты оны басқару құралы ретінде бюджеттік бақылаудың мәні ұлғаяды. Қоғамдық өндірістің ауқымы неғұрлым ірі болса, соғұрлым экономиканың өсу қарқыны жоғары, сондықтан ақша қаражаттарын уақытында қалыптастыру мен тиімді пайдалану процестерін бақылау өте маңызды.

Бюджеттің рөлі экономиканы ынталандырушы есебінде арнайы бюджеттік механизм арқылы іске асырылады. Ол механизмнің арқасында объективтік түрде бар қатынастарды экономиканың даму мүддесінде пайдаланудың мүмкіншілігі болады. Бюджеттік механизм – ол бюджеттік қатынастарды ұйымдастыруға мемлекеттің құрастырған және пайдаланатын арнайы формалар кешені мен қаржылық ресурстарды қоғамдық іс-әрекет салалары, экономика салалары және елдің аумақтар арасында қайта бөлуді қамтитын әдіс-тәсілдерінің жүйесі болып табылады.

 

1.3. Бюджеттік жүйенің түрлері, ерекшеліктері

 

Бюджеттік жүйе – мемлекеттің барлық қаржы жүйесінің маңызды құрамдық бөлігі болып табылады. Бюджеттік жүйе экономикалық категория ретінде мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын – бюджетті – қалыптасу мен пайдалану бойынша заңды, жеке тұлғалар мен аймақтар арасындағы барлығы қаржылық қатынастар, бюджеттік қалыптасу мен атқарудың әдіс-тәсілдері және сол қатынастарды басқару органдарымен танысты. Басқаша айтқанда, барлық деңгейдегі бюджеттер мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және экономикалық қатынастар мен құқықтық нормаларға негізделген бюджеттік процесс пен бюджеттік қатынастар қосындысын бюджеттік жүйе деп түсіндіріледі.

Дүние жүзінің әр түрлі елдерінде бюджет құрылысы мемлекеттің құрылысына, аумақтық-әкімшілік бөлінісіне, экономиканың даму деңгейіне және нақтылы мемлекеттің басқа айрықша белгілеріне байланысты өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Әр түрлі елдердің бюджет жүйелері өзінің құрылымы, бюджеттердің жекелеген түрлерінің саны жағынан түрліше болып келеді, өйткені олардың аумақтық құрылысы мен аумақтық бөлінісіне байланысты болады.

Бюджет жүйесінің құрамы елдің ұлттық-мемлекеттік құрылымымен анықталады. Мемлекеттің федеративтік және унитарлық құрылымы болуы мүмкін.

Федеративтік мемлекеттерде бюджет жүйесі үш буыннан тұрады:

      мемлекеттік бюджет немесе федералдық бюджет немесе орталық мемлекеттің бюджеті;

      федерация мүшелерінің бюджеттері (АҚШ-та–штаттардың, ГФР-да-жерлердің (ландтардың), Канадада-провинциялардың, Ресейде-федерация субъектілерінің бюджеттері);

      жергілікті бюджеттер.

              Унитарлық (біркелкі) мемлекеттерде екі буынды бюджет жүйесі қолданылады: орталық (республикалық) бюджет және толып жатқан жергілікті бюджеттер.

              Екі жағдайда да олардың бюджеттік жүйелерінде бюджеттердің оқшаулануы мен дербестігінің әр түрлі дәрежесі болуы мүмкін, бірақ, әдеттегідей, әлеуметтік-экономикалық үдерістерді басқаруды орталықтандыру деңгейіне байланысты төменгі тұрған бюджеттерге қатынасы жөнінен белгілі бір реттеуші рөл орталық бюджетте сақталады.

              Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі бюджет құрылымының унитарлық типімен анықталады, өйткені Қазақстан федералдық емес, басқарудың Президенттік нысаны және сайланатын Парламенті бар унитарлық мемлекет.

              Қазақстан Республикасында жиынтығында мемлекеттік бюджетті құрайтын бекітілетін, атқарылатын және дербес болып табылатын мынадай деңгейдегі бюджеттер жұмыс істейді:

      Республикалық бюджет;

      Облыстық бюджеті, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана бюджеті;

      Аудан бюджеті (облыстық маңызы бар қалалар бюджеті)

              Қазақстанда төтенше немесе соғыс жағдайында Төтенше мемлекеттік бюджеті әзірленуі, бекітілуі және атқарылуы мүмкін. Ол республикалық және жергілікті бюджеттердің негізінде қалыптастырылады және енгізілген мерзім ішінде қолданыста болады. Мұндай бюджет тек қана Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен енгізіледі және күшін жояды.

              Мемлекеттік бюджет – бұл араларындағы өзара өтелетін операцияларды есепке алмағанда, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, бекітуге жатпайтын жиынтық бюджет, ол тек талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылады.

              Мемлекеттік (республикалық) және жергілікті (муниципалдық) бюджеттер кез келген басқа мемлекеттердегідей Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің орталық буыны болып табылады. Республикалық бюджет мемлекеттік бюджеттің жоғары деңгейі, ал жергілікті бюджет төменгі деңгейі санатымен ажыратылады.

              Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетінің басты бөлігі республикалық бюджетте шоғырланған. Республикалық бюджет – бұл салықтық және басқа түсімдер есебінен қалыптастырылатын және мелекеттік саясаттың жалпы республикалық бағыттарын іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры.

              Жергілікті бюджеттің (әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеті) құрамы облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттерін қамтиды. Жергілікті бюджет – бұл ұлттық табысты аумақтық тұрғыда қайта бөлуге және де жергілікті деңгейдегі экономикалық және әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды.

Қазіргі кезде Қазақстандағы жергілікті бюджеттер кірістері мен шығыстары бойынша мемлекеттік бюджеттің қаражаттары көлемінің 50% аралығын құрайды. Олар мемлекеттік бюджеттің құрамды бөлігі болып есептелмейді, республикалық бюджетпен бірге қоғамның мемлекеттік бюджетінің жиынтығын құрайды.

              Дамыған нарықтық экономикасы бар елдерде биліктің жергілікті органдарының бюджеттері мемлекеттің бүкіл қаржы ресурстарының 30-дан 60% қайта бөледі (Англия, АҚШ, Жапония, Германия) және өңірдің өндіргіш күштерін, нарықтық инфрақұрылым құрып, кеңейтуде маңызды рөл атқарады.

              Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен, жергілікті бюджеттер мәслихаттардың шешімімен бекітіледі. Бюджет жүйесінің жұмыс істеуі бюджеттердің әр түрлі деңгейлерінің өзара байланысына негізделеді және оларды жоспарлау, әзірлеу, қарау, бекіту, атқару, бақылау тәртібімен, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеппен қамтамасыз етіледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

II. БЮДЖЕТТІ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ БОЛЖАМДАУ

2.1. Бюджетті жоспарлау мен болжамдаудың рөлі және мақсаттары

 

              Бюджеттің барлық әрекет етуі жоспарлы түрде жүргізіледі, себебі әрбір шаруашылық өз алды болжам-жоспарлық жүргізуді талап етеді. Бұл, кезекті ретте, бюджеттік қарым-қатынастың осындай болжам-жоспарлық формада әрекет етуіге талап етеді. Мемлекеттің ақша қаражаттары орталықтандырылған қорының қозғалысы жоспарлық форма мен бюджеттік байланыстардың арнайы қаржы құжатында – бюджетте, яғни мемлекеттің негізгі қаржы жоспарында анықталады. Бұл құжатта бюджеттің экономикалық мазмұнын құрайтын барлық бөлу процестері қарастырылған.

Бюджеттік үдеріс – бюджетті жоспарлау, әзірлеу, қарау, бекіту, атқару, түзету жөніндегі, бюджеттің атқарылуы бойынша бюджет есебі мен есептемені жүргізу, мемлекеттік қаржылық бақылау, сонымен қатар жоспарлау мен пайдалану жөніндегі қызмет.

Бюджеттің жобасын уақтылы және сапалы әзірлеу мен бюджетті нақтылау және атқару жөнінде ұсыныстар жасауды қамтамасыз ету мақсатымен Қазақстан Республикасының Президенті бюджеттік комиссияны құрады, ол туралы қағиданы бекітеді, оның құрамын анықтайды. Бюджеттік комиссиялардың құзырына мыналар кіреді:

      алдағы үш жылдық кезеңге орта мерзімді фискалдық саясат жөнінде ұсыныстар талдап-жасау;

      тиісті қаржы жылына арналған бюджеттер жобаларының көрсеткіштерін айқындау жөнінде ұсыныстар талдап жасау;

      тиісті қаржы жылына арналған бюджеттерді нақтылау жөнінде ұсыныстар талдап-жасау;

      бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау нәтижелерін қарау және олар бойынша ұсыныстар талдап-жасау.

Республикалық және жергілікті бюджеттерді және Ұлттық қорға жіберілетін бюджеттік түсімдерді жоспарлау жоспарланып отырған кезеңге арналған бюджеттік түсімдердің көлемін және стратегиялық міндеттерді ескере отырып әрі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттеріне сәйкес оларды пайдалану бағыттарын айқындау жөнінде ұсыныстарды әзірлеу үдерісі болып табылады.

Бюджет бір қаржы жылына жоспарланады. Кезекті қаржы жылына арналған бюджеттің жобасымен бір мезгілде алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттің болжамы жасалады.

Республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды, жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу тәртібін Үкімет айқындайды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспары, Үкіметтің алдағы үш жылдық кезеңге арналған орта мерзімдік фискалдық саясаты, мемлекеттік, салалық бағдарламалар, Президенттің Қазақстан халқына елдегі ахуал және республиканың жыл сайынғы ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайынғы жолдауы, өткен және ағымдағы қаржы жылдарындағы республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері, республикалық бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын әэірлеу үшін негіз болып табылады.

Бюджет үдерісінде маңызды рөл бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға беріледі, ол тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың жобаларын әзірлейді және оларды қарауға Үкіметке табыс етеді, бюджеттік өтінім жасаудың және табыс етудің тәртібін айқындайды.

Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджеттік комиссия қабылдаған шешімдердің негізінде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкілікті нұсқасы негізінде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын жасайды және ағымдағы жылдың 15 тамызынан кешіктірмей оны Үкіметке қарауға табыс етеді. Үкімет жоспарланып отырған жыл алдындағы жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірілмей   Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізеді. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын Парламент палаталарының бірлескен отырысында кемінде екі оқылымда және ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей бекітіледі. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті бекіту Парламент палаталарының бірлескен отырысында заң қабылдау арқылы жүзеге асрылады.

Парламент ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдамаған жағдайда Президент алдағы қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары туралы жарлық шығаруға құқылы, ол республикалық бюджетті Парламент бекіткенге дейін қолданылады. Бұл республикалық қаржы жоспары ағымдағы жылдың 30 желтоқсанынан кешіктірілмей алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының төрттен бір бөлігі көлемінде бекітіледі. Кезекті қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары бекітілген жағдайда осы қаржы жылына арналған республикалық бюджет сол жылғы 1 наурыздан кешіктірілмей бекітілуі тиіс. Бұл ретте алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет сол жылдың бірінші тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары ескеріле отырып бекітіледі.

Бюджеттің атқарылуы ағымдығы қаржы жылының 1 қаңтарында басталып, 31 желтоқсанында аяқталады және кассалық негізде жүзеге асырылады.  

Бюджеттік құралдардың қалыптасу, бөлісу және пайдалану процестерін басқару бюджеттік  жоспарлау мен болжамдау арқылы іске асырылады. Бюджеттік жоспарлау мен болжамдаудың рөлі мен мәні бюджеттік құралдарды қалыптастыру мен олардың негізгі мақсаттарда, яғни әлеуметтік реформаларды дамыту мен әрі қарай тереңдетуге, білім мен денсаулықты сақтауды дамытуға, индустралды-инновациялық дамуға, аграрлық сектордың дамуына, пайдаланудағы мемлекеттің мүмкіншіліктерін анықтайтын адресті қаржылық жоспар – бюджетті құрғанда көрінді.

Бюджеттік жоспарлаудың экономикалық мағынасы барлық қаржылық жүйенің әр түрлі буындары арасында қоғамдық өнім құны мен ұлттық табысты орталықтандырылған түрде бөлісу мен қайта бөлісу бойынша мәнерленеді және әр деңгейдегі бюджеттерді жасау мен атқару процестерінде көрінеді. Бюджеттік жоспарлаудың негізі болып елдің мемлекеттік әлеуметті-экономикалық даму бағдарламасы табылады.

Жалпы қаржылық жоспарлау және оның маңызды құрамалы буыны – бюджеттік жоспарлау, яғни бюджетті құру мен атқаруына байланысты жоспарлау, барлық халық шаруашылығын жоспарлаудың органикалық бөлшегі болады. Сонымен қатар, қаржы ресурстарын басқарудағы бюджеттік жоспарлаудың рөлі өте зор, себебі ол тек қана бюджеттің кірістері мен шығындарының жоспарын құруы және оларды атқаруы, яғни төлемдер бойынша міндеттемелерді тағайындау мен бюджеттік қаржыландыру көлемін анықтаумен шектелмейді. Бюджеттің басқа қаржы жоспарлар ішінде алатын ерекше ахуалы бюджеттік жоспарлауға жалпымемлекеттік мән береді. Ол мемлекеттік басқаруды реформалау мен биліктік өкілеттілікті орталықсызданудың барлық бюджеттік процеске қатысушылар арасындағы қаржылық және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру байланысында және мемлекеттік шығындарды, олардың формалары мен қаржыландыру әдістерін ұтымдылауда білінеді.

Бюджеттік жоспарлау қаржылық жоспарлаумен, бюджеттік арнаулардың мақсаттық сипаттарымен, резервтердің барлығымен және кірістер мен шығындардың теңгерушіліктерімен өзара байланыс талаптарына сәйкес болуы тиіс. Жоспарлау процесінің негізгі мақсаты – ол төлемдердің әрбір түрі бойынша салықтар мен басқа да кірістердің жылдық түсімін анықтау және әр түрлі деңгейдегі бюджеттер арасында кірістерді дәйекті бөлісін қамтамасыз ету. Кірістер мен шығындарды басқарудың мағынасы тиісті өкілетті органдардың мемлекеттік бюджетке салықтар мен төлемдердің түсуін болжамдау, талдау мен бақылау жөніндегі жұмыстарын ұйымдастыру мен басшылық ету, бюджеттік құралдарды тиімді жұмсау және мемлекеттік бюджеттің кірістік мен шығындық бөлімдерін атқару жөнінде есеп дайындаумен тұжырымдалады.

Бюджетті жоспарлау және болжамдау