Дағдарыс

Мазмұны

                                                          

 

Кіріспе......................................................................................................................4

 

1. Әлемдік қаржы дағдарысы.................................................................................6

 

1.1. Әлемдік қаржы дағдарысының  алғышарттары.............................................6

1.2. Қаржы дағдарысы туралы әлем  экономистерінің сараптамасы..................7

 

2. Әлемдік қаржы дағдарысы кезіндегі Қазақстан экономикасының

     ағымдағы жағдайы...........................................................................................10                                                              

 

2.1. Қазақстан Республикасының ұлттық  өндірістерінің даму

       проблемалары.................................................................................................10     

2.2.Ұлттық бюджетке әсері..................................................................................18

2.3. Банк жүйесіне әсері........................................................................................19                                                                                                                                          2.4. Инвестицияға әсері.........................................................................................20

 

3. Қазақстанның дағдарыс әсеріне  қарсы күрес шаралары...............................22

 

3.1. «Дағдарыстан дамуға». Дағдарыстың  Қазақстанға беретін перспективалары...................................................................................................22.

3.2. Үкіметтің антикризистік бағдарламасы  және оның мүмкіндіктері.........23

 

Қорытынды............................................................................................................26

 

Қолданылған әдебиеттер......................................................................................27

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

Баршамызға мәлім ағымдағы әлемдік қаржы дағдарысы ешбір  мемлекеттке оң қырымен танылып қойған жоқ. Қазіргі таңда әлемнің ең ірі, алпауыт елдерінің өзі қомақты қаржылық және өндірістік тоқырауларды бастан кешуде, сонымен қатар жүз мыңдаған адамдар жұмыссыз қалуда, көптеген шарушылық орталықтары жабылуда. Дағдарыстың қауіпті әсерлерінен Қазақстан да шет қалған жоқ, дегенмен де оның соққыларына қарсы төтеуге лайықты екенін де байқатып  үлгерді.

Қазақстанда жаһандық дағдарыстың  алғашқы толқыны былтырғы жылы байқалған  болатын. 2008 жылғы Қазақстанның экономикасы  дағдарыс барысында дамыды, бұл іскерлік және тұтынушылық көздердің белсенділігінің күрт төмендеуіне әкелді, сонымен қатар қаржылық секторға да әсер етіп, экономика салаларының динамикалық өсуінің бәсеңдеуіне негізгі себеп болды. Әлемдік нарықта қолданыстағы өнімдердің бағасының лезде қымбаттауы салдарынан ұлттық экономикамызда инфляциялық қысым күшейді. Осының барлығының әсерінен отандық экономикамызды тұрақтандырып, күшейту үшін Қазақстанға тиімді шаралар қолдану керектігін аңғартады.

Төрт-бес жыл  бұрын біреу бізден экономикалық дағдарыс жайлы қандай да бір мәлімет сұраса, біз ойланып, бәлкім мардымды ештеңе айта алмас та едік. Ал қазіргі таңда көшеде кетіп бара жатқан кез-келген адамды тоқтатып, сұрайтын болсаңыз, бұл мәселе жайлы еш кідірместен айтып бере алады. «Адамды илейтін де, билейтін де қоғам»,-деп Энгельстің айтқанындай, қоғамдағы қалыптасқан жағдай халық санасын жаулап, соған дағдыландырды.  Қазіргі  қоғамда орын алған қаржылық дағдарыстың ерекшелігі – оның әлемдік жетекші қаржы жүйесінде туындауы және сол қаржы жүйесінің аталған дағдарыспен күресуге қабілетсіз болуы.

АҚШ федералдық резервтік  жүйесінің бұрынғы басшысы Алан Гринспеннің айтуынша, қазіргі әлемдік  қаржылық дағдарыс – бұл “жүз жылда  бір рет” орын алатын оқиға, сондықтан  да осы курстық жұмыстың тақырыбы қазіргі таңда өте актуалды.

Жұмыстың жалпы  сипаттамасы: Қазіргі әлемдік қаржы дағдарысы барысындағы Қазақстан экономикасы, яғни соның ішінде дағдарыс салдарына бейімделген жаңа қаржы жүйесі: ұлттық бюджет, банк жүйесі сонымен қатар ұлттық өндірістер,  шетелдік инвестиция және әлеуметтік инфрақұрлымға әсерінің деңгейі. Дағдарыстың Қазақстанға берер перспективалары, оның ұтымды жақтары және Үкіметтің антикризистік бағдарламасы.

Курстық жұмыстың мақсаты: Әлемдік қаржы дағдарысы ұғымы туралы және Қазақстанға әсері, салдары жайында және даму тереңдігі туралы мәселені толық ашу. Яғни жаһандық дағдарыс барысындағы Қазақстан экономикасының салаларын және антикризистік бағдарламаның принциптерін, қазіргі қаржы жүйесінің дамуын қарастыру.

Курстық жұмыстың міндеті: Бұл жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

 Бірінші  тарауда, әлемдік қаржы дағдарысы туралы ұғым және дағдарыстың дамуын қарастырдым.

 Екінші  тарауда, әлемдік қаржы дағдарысы кезіндегі Қазақстан экономикасының жағдайы: ұлттық өндірістің даму мәселелері, Ұлттық бюджетке, банк жүйесіне, инвестицияға, әлеуметтік инфрақұрылымға әсері туралы  мәселелерді нақты сараптамаларға сүйене отырып толық ашып көрсеттім.

Үшінші тарауда, еліміздің дағдарыс әсеріне қарсы күрес шаралары және Қазақстанның қаржы дағдарысы барысындағы қазіргі  даму тенденциясы туралы мәселені талқыладым.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. Әлемдік қаржы дағдарысы

 

2.1. Әлемдік қаржы дағдарысының  алғышарттары

 

 

«Дағдарыс, дағдарыс»  деп айтамыз, ал жалпы,  экономикалық дағдарыс деген  не, оның негізгі белгілері қандай? Соған жауап іздейтін болсақ,  әлемдік өлшем бойынша, егер 20% халықтың табыс мөлшері  күнкөріс минимумынан аз, ал орташа  зейнетақы азық-түлікке әлемдік баға болған жағдайда 150 американдық доллардан кем болса, бұл дегенің ауқымды экономикалық дағдарыс белгісі болып табылады. Дамыған елдерде ҰЖӨ кері өсім темпы, акция курсы төмен, төлем балансының тапшылығы сынды белгілер байқалса, экономикалық дағдарысқа тап болды деген сөз. Тарихқа үңілетін болсақ, бірнеше мысал да келтіре аламыз. 1929 жылы өзара байланысты, бірнеше басты экономикаларды қамтыған классикалық-капиталисттік қалыптағы «қайта өндіру» дағдарысын  айта аламыз. Ал бүгінгі күнгідей, бүкіл әлем елдерін қамтыған жаһандық дағдарыс есебінде , Ресей Федерециясының ФСФР бас кеңесшісі, «Экономиканың жоғарғы  мектеп» мемлекеттік университетінің қаржы нарығын сараптау зертханасының төрағасы Юрий Даниловтың Максим Легуенкоға берген сұбатында 1997-1998 жж  азиялық дағдарысты келтіреді. Оның айтуынша: «Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында дамыған экономикалар қарқындап өсе келе, олардың әлемдік экономикадағы үлесі өсті, бірақ  көбі дағдарысқа тап болып отырды. Нәтижесінде, 1998 ж экономикалық дамуының қарқынын сақтап қалған бірнеше мемлекет ғана қалды. Бұдан көретініміз, дағдарыстар жаһандануда және азияттық дағдарыстан кейін болатын дағдарыс масштабы одан бірнеше есе мықты болмақ... Жақындағы дағдарыс және одан кейін болатын толқындардың барлығы - жай ғана одан асқан түбегейлі өзгерістердің белгілері, яғни әлемдік экономиканың жоғарғы қарқынды өсім кезеңінің аяқталғандығының белгілері  болып табылады».  Бұдан аңғаратынымыз, қазіргі жаһандану заманында тек өркениеттер үндестігі ғана емес, субаймақтық дағдарыстар үндестігі де байқалатындығы. Ал олардың әлемдік шаруашылыққа немесе жеке мемлекеттік масштабта қарасақ та, елдің тұрақтылығы мен экономикалық әрекет қабілеттілігіне кері әсер беруі айдан анық дүние болып тұр.

        Бүгінгі қарастырып отырған дағдарысмыз 2007 жылдың соңында АҚШ-та ипотекалық несиелердің қайтарылмауы, банктік ликвидтіктің төмендеуі, ипотекалық құнды қағаздар бағасының төмендеуімен түсіндіріледі. Осы жерде ипотекалық несиелер соншалықты маңызды ма деген заңды сауал туындауы мүмкін. АҚШ- та тұрғын үйге берілетін несие көлемі елдің ЖҰӨ жартысына тең немесе басқа теңеумен келтірсек , Ресейдің ЖҰӨ-нен 4  есе артық болып табылады. Сондықтан болар көптеген ірі банктер, әсіресе еуропалық, қаражаттарын АҚШ-ң «сенімді» ипотекалық құнды қағаздарына сала,   шығынға ұшырап, тығырыққа тірелуде.

Ресей Федерациясының президенті Медведев 2008 жылы 8 қазанда  Эвианда (Франция) әлемдік саясат бойынша  өткен конференцияда экономикалық дағдарыстың себептері мен табиғаты жайлы ойларымен бөлісті.  Оның айтуынша, әлемді  экономикалық дағдарысқа жекелеген елдердің тәкәппарлықтары (эгоизм) кінәлі. Негізінен Ақш-қа сілтеме жасап отырған Ресей басшысы, шешудің бірнеше жолдарын ұсынады. Соның ішінде дағдарыс жағдайында тек ұлттық ғана емес, халықаралық реттеу институттарын жинақтап, бір жүйеге келтірудің қажеттілігі.

2007ж экономикалық дағдарыстың  басталғанынан бастап, әлем бойынша  қаржылық кәсіпорындардың шығындары  1 трл. долларды құрады. Осындай  әрекеттер Жапония, ЕО экономикаларын  рецессияға ұшыратты. Бірақ дағдарыстың  бұнымен тоқтайын деген түрі жоқ.  Халықаралық Валюталық Фондтың мәлімдеуі бойынша бүкіләлемдік қаржы мекемелері мен  банктердің шығындарының көлемі 1,4 трл долларға дейін көтеріледі. Бұны дағдарыстың жаңа нарықтарды жаулауымен, яғни оның жоғарғы ипотекадан қарапайым ипотекаға, одан тұтынушылық несиелерге, коммерциялық жылжымайтын мүлікке, түбінде корпоративті секторды қамтуымен  түсіндіреді.     Осы жағдайларға байланысты 02.12.2008 жылы жарық көрген «Дағдарыс жайлы толық ақпарат. Біз қорқытпаймыз, біз тек ескертеміз»1 атты мақалада    АҚШ экс-президенті әлемдік қаржылық  дағдарыс көптеген адамдардың жұмыс орындарының және зейнеткерлік шоттардың қысқарылуына негіз болғанына өкініш білдіріп, ВВС телеарнасы арқылы: «Болып жатқан әрекеттер үшін кешірім сұраймын. Менің ойымша, осы кезеңнің тарихы жазылғанда халық Уолл-стритта қабылданған шешімдердің көбі мен президент болғанға дейін қабылданып қойғандығын түсінетініне сенемін»,- деп мәлімдеп, және осы жайлы толығымен ақпарат беріп өткен болатын.  Бұл мәлімдемесі әлемді  екі ойдың алдында қалдырды. Сонда бүкіл әлемді қыспақта ұстап отырған экономикалық дағдарыс алдын-ала жоспарланған болғаны ма, әлде биліктен кетіп бара жатқанда жаңа президент аппаратына әлем қауымы алдында көлеңке түсіргісі келді ме? Бұл жайлы тек болжам жасауға ғана болады.

 

 

 

1.2. Қаржы дағдарысы  туралы әлем экономистерінің  сараптамасы

 

Қоғамның әрбір  толыққанды мүшесін қызықтыратын мәселе дағдарыс болғандықтан ол жайлы көптеген зерттеулер жүргізілді. Сондай зерттеулердің бірін американдық Ұлттық бизнес экономикасы ассоцияциясы (National Association for Business Economics – NABE) қолға алған болатын. Нәтижесінде, АҚШ-ғы ипотекалық дағдарыс халықаралық терроризмнен гөрі әлде қайда жоғары қорқыныш ұялатады деген тұжырымға келді. Сауалнама жүргізілген 258  экономист-ассоцияция мүшелері  ішінде 18 пайызы өздерін мазалайтын мәселе инвестиция және ипотекамен айналысатын қаржы ұйымдарының дефольттары деп көрсетсе, 14 пайызы жеке шаруашылықтар мен корпорацциялар қарыздары деп  көрсетті. Тек 20% ғана  мазалайтыны және ең қорқыныштысы –террористтік шабуылдар деп көрсетті. Яғни бұл дегеніміз, АҚШ  халықының экономикалық тұрақтылықты қауіпсіздік тұрақтылығынан әлде қайда жоғары қоятындығын аңғартады. Зерттеудің нәтижесі қандай болмақ, экс-президент Буштың кезінде терроризммен күрес немесе Ирак, Ауғаныстандағы әскерді қаржыландыруға жұмсалатын қыруар қаржы мөлшерімен де байланысты деп ескереді. Әйткенмен де, алдыңғы қатарлы әлемдік экономикаларда қалпына келу үрдістері қарқынмен жүріп жатқанмен, ол көңілге  үлкен оптимизм ұялатпайды. АҚШ-ң атақты экономисті Нуриэль Рубинидің2 пікірі бойынша, АҚШ-ғы комулятивті ЖҰӨ төмендеуі орта шамамен 4-5% құрауы мүмкін, яғни бұл дегенің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең нашар рецессия. Осы тұрғыдан кішкене артқа шегініп, тарихқа зер салсақ, АҚШ ЖҰӨ рецессияға комулятивті төмендеуі 2001ж небәрі 0.4% құраса,  1990- 1991жж  1.3% құраған. Осыдан, көптеген экономисттер қазіргі дағдарыстың соғыстан кейінгі кезеңде болған дағдарыстармен салыстырғанда терең болатынын,  әрі көп уақытқа созылатынын ескертеді.  ХВФ экономисттерінің хабарлауынша,   барлық қиыншылықтар мен ауырпашылықтар әлі алда және әлемдік экономиканың тұрақтануы тек 2010 жылы басталуы мүмкін. Яғни, әлемдік экономикалық алпауыт компаниялар мен банктар жүйесіне қанжардай қадалып, құрдымға ұшыратқан бұл дағдарыстың соңы шексіздік белгісімен берілуінің өзі қарапайым халықтың психикасына  қатты әсер етуде. Бұл өз кезегіне көпшілік арасында «паника» тудыруы мүмкін. Ал ол тиісінше ортақ бір жаумен күресу кезінде ең қажетті дүние - ауызбіршілікке ірткі салатыны анық. Әлемдік экономикалық дағдарыс АҚШ-ғы ипотекалық несиелердің қайтарылмауына байланысты пайда болды. Жаһандану заманында бұл дағдарыс әлем түпкір-түпкіріндегі экономикаларға әсері қандай десек, Экономикалық даму және әріптестік ұйымының (ОЭРС) зерттеулерінің нәтижелері бойынша, дағдарыс барлық жерде ЖҰӨ төмендеуіне алып келді, яғни 2009 ж Жапония, АҚШ және  көптеген еуропалық мемлекеттерде ЖҰӨ 2008 ж салыстырғанда әлде қайда төмен болады. Әсіресе экономикалық өсімнің баяулауы АҚШ-та қатты байқалатындығын атап өтті. Ұйым 2008 ж АҚШ ЖҰӨ өсімін 1.4%  болжаса, 2009 ж 0.9% төмендейтінін және  2010 ж 1.6% өсетінін ескертеді.  Елдегі жұмыссыздар саны 2008 ж 5.7% -дан 7.3% , 2009 ж 7.5%  өскен, ал импорт көлемі өткен жылдың  қыркүйегінде  рекордты 5.6% - 211.9 млрд долл жеткен. Экспорт көлемі болса  6% төмендеген , бұл дегенің 2001 ж кейінгі максималды төмендеу болды -155.4млрд долл. Тағы бір статистикалық мәліметтерге көз салсақ, АҚШ-ғы жұмыссыздық көлемі өткен жылдың қазанында соңғы 14 жыл көрсеткіші бойынша ең жоғарғы  6.5%  көрсеткішіне жетті.  Ал еуроаймақта ЖҰӨ көлемі осы жылы 0.6% төмендеуі мүмкін , сол себепті ОЭРС Еуропалық орталық банкті 2009 ж ортасына қарай негізгі пайыздық өлшемді 3.25% дан 2.00% төмендетуді ұсынуда. Тауарларға бағаның төмендеуі және өндірістің құлдырауы 2009 ж Еуроаймақта 1.5% құрауы, мүмкін инфляция көлемін азайтады. Бұл аймақта да жұмыссыздар көлемі артуда. 2008 ж  7,4% құраса,  2009 ж 8,6%, 2010 ж 9,0% көрсеткішке жетеді деп болжайды ұйым.  Іскерлік сферасының негізгі бес құрамдас бөліктерінің нашарлауы, атап өтсек, сортақ тапсырыс көлемінің бағалануы, дайын өнім қорлары, өндірістің қазіргі жағдайын бағалау, жуық айлардағы өндірістен өнімдерін күту және экспорттық тапсырыстар. Осы көрсеткіштердің күрт төмендеуі өндіріс саласындағы өсімнің азаюына әкелуі әбден мүмкін. Бүгінгі күні көптеген халықаралық немесе мемлекеттік зерттеу мекемелері, жеке экономисттер әлемдік дағдарысты жан-жақты қарастырып, түрлі болжамдар жасауда.  Жақында АҚШ-ң  Ұлттық экономисттер ассоцияциясының елуден астам мамандардың арасында жүргізілген сауалнаманың 3 нәтижесі жарық көрді. Ол бойынша, әлемдік қаржылық дағдарыс жуық арада біте қоймайды, ал оның келтірген шығындарының орнын мемлекеттер бірнеше жылдар бойы  толтырмақ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2. Әлемдік қаржы дағдарысы  кезіндегі Қазақстан экономикасының

ағымдағы жағдайы

 

2.1. Қазақстан Республикасының  ұлттық өндірістерінің даму

проблемалары

 

 

Қазақстанның экономикалық дамуына қатысты болжам айтқан Халықаралық валюта қоры Орталық Азиядағы ең ірі экономика болып есептелетін Қазақстанның болашағы тартымды дегенді мәлімдеді. Олардың бағалауынша, әлемдік қаржы рыноктарындағы жағдай Қазақстан экономикасына да әсер етіп отыр және мұнай мен шикізат бағасының төмендеп кетуінен елдегі ІЖӨ көрсеткіші бәсеңдеуі мүмкіндігін атап көрсетеді. Мемлекет құрған тұрақтандыру қорлары банктердің капиталдануын күшейтіп, оларға қолдау көрсетеді. “Тұтастай алғанда, біз алдағы жыл Қазақстанға оңай соқпайтынын түсініп отырмыз, бірақ орта мерзімдік көрсеткіште жағдай айтарлықтай өзгермейді” деп мәлімдеді ХВҚ-ның Қазақстандағы миссиясының басшысы Тим Таллен “Рейтер” агенттігіне берген сұхбатында.

Мұнай мен металл бағасының арзандап кетуінен шикізаттық компаниялардың акциялары да құнсызданып жатыр. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, 10 қазанда несие рыногындағы дағдарыстың және экономикалық тоқыраудың әсерінен еліміздегі қор индекстерінің барлығы құлдырады. Атап айтсақ, Темірбанктің (22,4 пайызға), Центркредитбанктің (20,2 пайызға), Қазкоммерцбанктің (17,4 пайызға), Kazakhmys Pls (15 пайызға), “Қазмұнайгаз” өндіру барлау” АҚ-тың (13 пайызға), БТА банктің (8,8 пайызға), Халық банкінің (4,6 пайызға), сондай-ақ “Қазақтелеком” АҚ-тың жай акцияларының бағасы төмендеді.

Президенттің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында әлемдік қаржы дағдарысы туралы шындықты, “қазіргі қиындықтар – бұл біздің үлесімізге тиген алғашқы сынақ” деп барша қазақстандықтың алдына үлкен міндет жүктеліп отырғандығын айтты.

Әлемдегі қаржы дағдарысы  бүкіл қоғамға өз әсерін тигізуде. Күнделікті ақпараттардан көріп  отырғанымыздай, күллі әлемді жайлаған қаржы дағдарысы АҚШ, Еуропа елдері секілді “мен” деген алпауыт  мемлекеттердің экономикасын тамырынан шайқалтты және оның әсері Қазақстанды да айналып өтпеді. Елбасы айтқандай, бүгінде әлемді дүрліктіріп отырған дағдарыс бізге сырттан келді. Менің пайымдауымша, оның көзі жаһан экономикасының теңгерімсіз пішінінде. Сондықтан да бұл тығырықтан құтылу, болмаса, оның алдын ала білу мүмкін болмады. Осыған орай, Елбасымыздың тікелей басшылығымен Үкімет тарапынан экономикалық дағдарысқа төтеп беретін кешенді іс-шаралар жүйесі қолға алынуда.

Мемлекет дағдарыстың  барлық шараларын жасауда. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның бес бағытына байланысты – қаржы секторы, құрылыс саласы, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп кешені, инновациялық-индустриялық даму – Президент Үкіметке тапсырыстарында келесі мәселелерге ерекше көңіл аударды: отандық өнім өндірушілерді қолдау қажеттігіне, оларға мемлекеттік сатып алуда басымдық беруіне; Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік кәсіпорындардағы жұмыссыздықтың өсуіне және жұмыс орындарының қысқаруын болдырмауына; ауыл шаруашылық шикізаттарын өндірушілердің қаржы айналымына мұқтаждығын жедел қамтамасыз етуіне; үлестік құрылыс проблемасын шешу жөніндегі жұмысты күшейтуіне; шағын және орта кәсіпкерлікке тексеріс жасауға жарияланған мораторийға қарамастан, ағымдағы жағдайда бюджеттің кіріс бөлігін орындауына; Республикалық және жергілікті бюджеттердің мейлінше үнемделуіне.

 Осынау сындарлы кезеңде  әлемде санаулы мемлекеттердің  ғана өз экономикасын қолдауға  қаржылық мүмкіндігі бар. Солардың  бірі – біздің мемлекетіміз  екені бәріміз үшін үлкен мәртебе.  Нақты айтар болсақ, сан-салалы  ел экономикасына дағдарысқа қарсы мақсаттарда қосымша 2 триллион 700 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалуда. Тұрғын үй құрылысына және үлескерлер проблемаларын шешуге қолдау білдіруге 545 миллиард теңге жұмсалады, шағын және орта бизнес субъектілеріне 275 миллиард теңге көлемінде қолдау жасалады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 280 миллиард теңге, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға 120 миллиард теңге бөлінді. Ел экономикасын әртараптандыруға 600 миллиард теңге бөлінді. Оның үстіне Үкімет әлеуметтік төлемдерді және бюджеттегі мекемелер қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту жөніндегі мемлекеттің барлық міндеттемелерін толық көлемінде сақтап отыр. Бұрын жоспарланғандай, 2010 жылы бюджеттегілердің жалақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы 25 пайызға, ал 2011 жылы тағы да 30 пайызға ұлғайтылатын болады. Сонымен қатар ел экономикасын әтараптандыруға 600 миллиард теңге бөлінді. Тұрғын үй құрылысы мен үлескерлер проблемаларын шешуге, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіледі. Салық азаяды. Жаңа жұмыс орындары ашылады.

 Елбасы Қазақстан халқына арнаған “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жолдауында коммуналдық желілерді – сумен, жылумен қамту, энергетика желілерін қайта жаңғыртуға және жаңарту, автокөлік жолдарын реконструкциялау мен жөндеу, әлеуметтік инфрақұрылымды, ең алдымен мектептер мен ауруханаларды жаңалау, қалалар мен елді-мекендерді абаттандыру және көгалдандыру міндеті, сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейту мен жастар тәжірибесін ұйымдастыру, қазақстандықтарды жұмыспен қамту стратегиясы үкімет назарында болатынын қадап айтты. Елбасының халыққа арнаған Жолдауында әлемдік қаржылық дағдарыстан қиналмай шығудың айқын міндеттері белгіленген. Солардың бірі өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын мүлтіксіз жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар, мемлекет әлемдік дағдарысқа, біз басымыздан өткеріп жатқан кезеңнің қиындықтарына қарамастан, өмірлік маңызы зор әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру мен қолданыстағы перспективалық инвестициялық жобаларды іске асыруды одан әрі жалғастыра береді. Ең алдымен “Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ” магистральдік газ құбырын салу, “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолының транзиттік дәлізін қайта жарақтандыру, Атыраудағы мұнай-химия кешенін салуды жалғастыру және т.б. жұмыстар әрі қарай шешімін таба береді. Cондай-ақ, “Еуропаға жол” бағдарламасы негізінде саяси және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту арқылы еліміздің Еуропа мемлекеттерімен қатынастарын стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру күн тәртібіндегі іс. Ал алдағы 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі басымдықтары мен міндеттері – гуманитарлық, экономика-экологиялық және әскери-саяси қызметін дамыту жөніндегі белсенді жұмыстарын жалғастыруға мемлекетіміз ниетті.

 Өткен жылы әлемдік қаржы  дағдарысының Қазақстан экономикасының  даму көрсеткіштеріне тигізген әсеріне қарамастан, жалпылай алғанда, экономикалық өсуді тұрақтандыру бойынша жоспарланған жұмыстардың бәрі тиісті деңгейде атқарылды. Сондай-ақ, ол биылғы жылы да Үкіметтің жүктеген міндеттеріне сәйкес, алға қойылған жұмыстардың бәрі жоспарланған кесте бойынша өз деңгейінде жүзеге асатынын кәміл сенеміз. Былтырғы жылы әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында Қазақстан экономикасын тұрақтандыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Яғни, еліміз экономикалық өсу деңгейін сақтап қалу мақсатында макроэкономикалық болжамдар жасау, инфляциямен күрес, серпінді жобаларды іске асыру мен басқа да шараларды жүзеге асырумен айналысты. Жыл басында инфляцияға қарсы саясат, еліміздің даму деңгейін тұрақтандыруды қамтамасыз ету жөнінде салааралық үйлестіру шаралары жасалынып, 2009-2013 жылдарға арналған макроэкономикалық болжам жасау жөнінде құжат қабылданды. Сонымен бірге, 2008-2009 жылдарға арналған инфляциялық үдерістерді реттеу жөнінде іс-шаралар жоспары бекітіліп, жыл соңына қарай 2009-2010 жылдарға арналған экономиканы тұрақтандыру жөнінде бірлескен шаралар жоспары қабылданды. Елімізде тұңғыш рет бүкіл дүние жүзіндегі саяси-экономикалық үдерістерді бақылауға арналған жедел мониторинг жүйесі енгізілді. Бұдан басқа жасалған тағы бір жұмыс, “Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы” бағдарламасы мен 45 серпінді жобаларды іске асыру бойынша мониторинг жүргізіліп, ол тиісті нәтижесін берді. Осының нәтижесінде қазір еліміздің әр шалғайында аталмыш бағдарламаның іске асырылу барысы жөнінде мәліметтермен он-лайн режімінде танысу мүмкіндігіне ие болдық.

 Былтыр елімізде концессия  институтын дамыту ісі қолға  алынып, осыған қатысты қабылданған  заңдық актілерге өзгерістер  мен толықтырулар енгізу жөнінде  жұмыс атқарылды. Сонымен бірге, 2008 жылы басталған басты жұмыс  деп жаңа Салық кодексі мен Бюджеттік кодекстің қабылданғанын атап өтуге болады. Қазіргі күні аталмыш құжаттардың маңыздылығын ескере отырып, көрші елдер де оларды өздерінде іске асыруға мүдделілік танытуда. Жаңа Салық кодексі алдағы кезде мемлекет қазынасына түсетін салық көлемін ұлғайту мақсатында жасалды. Бұл құжатқа сәйкес, ендігі жерде шетел инвесторларына салық төлеуге қатаң талап қойылып, ал жергілікті кәсіпкерлерге шағын және орта бизнеспен айналысуына бірнеше жеңілдіктер беріледі.

 Жаңа Салық кодексін жүзеге асыру сала кәсіпорындарына салық салуда неғұрлым айқын жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ал ол Қазақстанның салық жүйесінде неғұрлым жоғары белгілілік пен мөлдірлікті қамтамасыз ете алады. Өткен жылы “2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заңның да маңыздылығы орасан екенін атап өту қажет. Бұдан басқа “Мемлекеттік мүлік туралы”, “Ұлттық әл-ауқат қоры туралы” заң жобаларының, бұл құжаттардың экономика саласын жандандыруға соны серпін беретіні айдан анық.

 Қазіргі жаһандық қаржы дағдарысының дауылы ең ауқатты мемлекеттердің экономикасының өзін шайқалта бастаған кезде “Қазақстан-2030″ барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы” атты стратегияда айқындалған мемлекеттік бағыт тұрақты түрде біздің мемлекетіміздің үш тұғырлы міндеті болып қала береді. Біздің өз күштеріміз бен қорларымызды қайтадан топтастыру жолындағы жүзеге асырып жатқан әрекеттеріміз еліміздің бағытының өзгергендігін білдірмейді.

Әлемдегі дамыған мемлекеттерде  елдің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 60-70 пайызы (тіпті Германия, Малайзия, Жапония сияқты елдерде – 90%-ға дейін) шағын және орта бизнестен құралатыны белгілі. Біздің елде бұл көрсеткіш 25 пайыздан аспайтыны мәлім. Шағын кәсіпкерлік халықты жұмыспен жаппай қамтамасыз етудің ең тиімді жолының бірі екендігін дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп келеді. Осыған орай, қазіргі қаржылық дағдарыстың қиындықтарынан қиналмай өтіп, республикамыздың экономикасын жаңғыртып, халықты жұмыспен қамтудың стратегиясын іске асырудың жаңа жоспары ұсынылды. Бұл Жолдау бойынша, “Елдегі іскерлік белсенділікті сақтау үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне 275 млрд. теңге көлемінде бұрын-соңды болмаған қаржылық қолдау” көрсетілмек. Осындай дағдарысты кезеңде, әсіресе, кадрларды қайта даярлау және қайта оқыту жөніндегі жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс. Мұндай кезек күттірмес міндетті жүзеге асыруда халықтың жаппай нарықтық сауаттылығын көтерудің маңызы зор екендігі даусыз. Демек, халықтың нарықтық сауаттылығын көтеруге ықпал етудің тиісті жүйесін құру керек.

 Ал жалпы әлемде орын алған дағдарыстың әсерін азайту мен оған қарсы төтеп беру мақсатында Елбасының Үкіметке арнайы жауапкершілік жүктегеніне, бүгінде осы бағытта тиісті іс-шаралар атқарылып жатқандығын айрықша айтуға болады. Мысалы, еліміздегі коммерциялық банктердің тоқыраудан аман қалуына былтырғы жылы мемлекеттік қордан бөлінген қаржы өз септігін тигізді. Қазақстандықтардың дағдарыстан қатты зардап шекпеуі – Президенттің ел ішіндегі және сыртқы елдермен жүргізген сарабдал саясатының зор жемісі..

 Экономика – алдымен жаңадан өндіріс орындарын ашып, тауар шығару. Ал экономиканы дамыту – ол жаңа технологияны ендірген өндіріс орындарын ашып, бәсекеге қабілетті тауарлар шығару болып табылады. Бұл – аксиома. Сондықтан, дағдарыс кезінің өзінде-ақ алдағы болашақты ойлай отырып, еліміздің экономикасын индустрияландыру мен әртараптандыру жұмыстарын одан әрі жүйелендіре түсу міндеті алға қойылды. Нанотехнология мен ақпараттық жүйелерді өндіріске енгізуіміз қажет. Отандық өндірістерді дамыта отырып, қандай өнім болсын, өзімізде өндіруді қолға алуымывз керек.

 Елімізде 2003 жылы қабылданған  индустриялық даму стратегиясы  бойынша жиыны 12 трлн. 73,5 млрд. теңгеге  немесе 80,5 млрд. АҚШ долларына бағаланатын  392 жобаны іске қосу мәселесі  алға қойылып отыр. Бағдарламаның  бірінші кезегі (2003-2005 жылдары) жалпы дайындық жұмыстарын қамтыса, қазіргі уақытта жобаларды белсенді түрде іске қосу мерзімі өтіп жатыр. Осыған орай Елбасы Үкіметке осы мәселелерді жүйелендіре отырып, нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырған. Осыған орай елімізде жүзеге асырылатын индустриялық-инновациялық жобалар үш топқа бөлініп қарастырылуда. Соның бірінші тобына Индустрия және сауда министрлігінің қадағалауымен жүзеге асырылатын 215 жоба жатқызылған. Бұл жобалардың жалпы құны 30,2 млрд. АҚШ долларын құрайды. Жобалар толық жүзеге асқанда елімізде 41 мың жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс. Екінші топта Ауыл шаруашылығы министрлігінің, “ҚазАгро” холдингінің қадағалауымен жүзеге асатын 132 жоба бар. Олардың жалпы құны 86,6 млрд. теңгені құрайды. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 5,5 мың жұмыс орны құрылуы тиіс. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы өңдеу ісіне ерекше мән беріліп отырғандықтан бұл жобалар да маңызды болып табылады. Осы аталған жобалардың ішінде бірінші топ бойынша 124 жоба, екінші топ бойынша 84 жоба 2009 жылы жүзеге асуы тиіс. Екінші топтағы жобалардың арасынан агроөнеркәсіп кешеніндегі 11 бағыт бойынша жүзеге асатын жаңа технологияларды игеру, осы бағыттағы кәсіпорындарды іске қосу ісіне ерекше мән беріледі. Мемлекет тарапынан бөлінетін ресурстар алдымен “КазАгро” холдингіне түседі. Кейіннен ауыл шаруашылығы тауарларын өңдірушілерге бағытталады. Содан кейін тауар өндірушілер оны шағын шаруашылықтарға береді. Осыған орай, ірі тауар өндірушінің шағын шаруашылықтар есебінен үлесі артады. Демек, аталған мәселе бойынша тәртіп ретке келтірілсе болғаны. Жобалардың үшінші тобына “30 корпоративтік көшбасшы” бағдарламасы бойынша жүзеге асатын 45 серпінді жоба жатқызылған. Мұның 2007 жылы біреуі, 2008 жылы алтауы жүзеге асқан болатын. Ал биылғы жылы 12 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл жобалардың барлығы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің қадағалауына тапсырылған. Мәселен, құрылыс жұмыстары қызып тұрған кезде кәсіпкерлердің көпшілігінің назары кірпіш, цемент зауыттарын тұрғызу ісіне ауып, іс алдын ала жүйеленбегендіктен кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша Ақтөбе облысынан 3 кірпіш зауытын, Қостанайдан 3 цемент зауытын, Жамбылдан 3 цемент зауытын тұрғызу жоспарланған болатын. Құрылыс бәсеңдеген қазіргі жағдайда осының барлығын тұрғызған жағдайда кәсіпкерлердің қаржысы өзін-өзі ақтамауы да мүмкін. Индустриялық-инновациялық жобаларды алдын ала жүйелеу ісі, міне, осы үшін де қажет.

 Дағдарыстан шығудың да, тұрақты  дамудың да өзекті мәселесі  – экономиканы әртараптандыру. Осыны  көздеген индустриялық-инновациялық  стратегияны алған бес жыл ішінде әртараптандырудың құқықтық-нормативтік базасы жасалды, даму институттары құрылып, оларға молынан қаржы бөлінді. Жер-жерде ақпараттық технология, басқа да технопарктер, венчурлық қорлар, бизнес-инкубаторларын құруды жалғастыра түсуіміз керек. Дағдарысқа қарсы қимыл барысында, әсіресе жаңа әлеуметтік экономика құру жағдайына, елдегі демографиялық даму үрдісіне, рухани дамуды қолға алу мәселелеріне аса көңіл аударуымыз қажет. Отандық банктер қаржыларын отандық өндіріс орындарына жұмсау керек. Өнеркәсібін өркендетпеген, ауыл шаруашылығын дамытпаған ешқандай ел, ешқандай мемлекет дағдарыстан шыға алмайды. Ауыл шаруашылығына көңіл бөлмеген, қамқорлық танытпаған ел өркениетті елдер қатарына қосылмайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дұрыстап қолға алуымыз қажет. Экономиканың негізгі діңгегі шағын және орта бизнесте жатыр.

 Халықаралық валюта қоры 2009 жылы әлемдік экономикадағы рецессиялық  жағдай одан әрі жалғаса түседі  деп болжам жасаған. Соның ішінде, осының алдындағы қаңтар айында әлемдік экономиканың даму деңгейі 0,5 пайызға төмендейді деген болжамына түзетулер енгізіп, рецессия деңгейі енді 1,0 пайызға дейін тереңдей түседі деп отыр. Мұндай төмендеу деңгейі соңғы алпыс жылдан бері бірінші рет күтілуде.

 Жағдайдың ауырлығына сәйкес көптеген елдер өздерінің 2009 жылға арналған бюджет кірістері мен шығыстарын қайтадан қарастыру үстінде. Енді осындай қадамға Қазақстан да баруға мәжбүр болып отыр. Өйткені, бюджетте белгіленген бағдарламаларды қаржыландыру мүмкіндігі нақты болуы тиіс. Осы ретте 2009 жылы әлемдік экономиканың баяулайтынына және әлемдік тауар рыноктарындағы тұтынудың қысқара түсетіндігіне байланысты қазақстандық экспорттың негізгі түрлерінің (мұнай мен металл) бағасы өспейді деген болжам жасалынып отыр. Атап айтқанда, мұнайдың бағасы 2009 жылы 1 баррелі 40 АҚШ доллары деңгейінде, 2010-2013 жылдары 50 АҚШ доллары деңгейінде болады деп болжануда. Ал металдың әлемдік бағасы 2009 жылы орта есеппен алғанда 30-40 пайызға дейін төмендейтін болады. Металл бағасының өсуі 2010-2013 жылдары 8-10 пайыз деңгейінде күтіледі.

 Осы жағдайға орай қарастырылып  отырған бюджет жобасының жаңа  сценарийі бойынша 2009 жылы ішкі  жалпы өнімнің өсуі 1 пайыз деңгейінде  қалыптасады деп болжануда. Бұл  – осыдан бұрын мақұлданған  болжамнан 1,7 пайызға төмен көрсеткіш. Ал 2010 жылдан бастап экономиканың өсуі 3 пайызды, 2013 жылы 4,3 пайызды құрайды деп күтілуде.

 Осындай жаңа болжамдарға  сәйкес бюджеттің оңтайландырылған  жаңа жобасы бойынша 2009 жылғы  түсімдер 2 триллион 837,4 миллиард теңгені  құрамақ. Бұл – осының алдында бекітілген бюджетке қарағанда 23,4 миллиард теңгеге аз. Ал бюджет шығыстары 3 триллион 411,0 миллиард теңгені құрап, осының алдындағыдан 21,2 миллиард теңгеге қысқартылады. Республикалық бюджеттің тапшылығы 573,6 миллиард теңгені құрайды. Ал бюджет шығыстарында қарастырылып отырған әлеуметтік мақсаттардағы шығындар қысқармайды, яғни бюджет тарапынан қаржыландырылатын жалақылар сол күйінде сақталынатын болады. Яғни, қарастырылып отырған әлеуметтік шығындардың бәрі қаржыландырылмақ. Қысқарту негізінен алғанда инвестициялық жобаларға қатысты болып отыр. Бірақ, олардың барлығы бірдей емес. Мәселен, басталған инвестициялық жобалар, соның ішінде «Астана-Щучье» автожолы, «Бейнеу-Бозой» газ құбыры секілді инфрақұрылымдық ірі жобаларға бөлінетін қаржылар қысқармайтын болады. Сонымен қатар, бюджеттегі қысқартулар тек қана 2009 жылға қатысты болып отырғандығын айта кеткеніміз жөн. 2009-2011 жылдар үшін белгіленген үш жылдық бюджеттің қалған жылдарғы бөлігі өзгеріссіз қалпында қалмақ.

Дағдарыс