Курстық жұмысының өзектілігі

М А З М  Ұ Н Ы  
 
 

І. Кіріспе.................................................................................................................3

ІІ. Негізгі бөлім

2.1 Бастауыш мектеп оқушыларының даму теңсіздігі.................................5-7

2.2 Оқушылардың психологиялық ерекшеліктері мен қарым-қатынасы....8-11

 2.3. Оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін ескеру.......................12-13

 2.4 Оқу-тәрбие үдерісінде оқушылардың жас және дара ерекшеліктерін ескеру.................................................................................................................14-23

ІІІ. Қорытынды.................................................................................................24-26

ІҮ. Пайдаланылған  әдебиет.............................................................................27-28 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

К І Р І С П  Е 

     Курстық жұмысының өзектілігі. Қоғамдық жаңғыру кезеңінде, Қазақстандағы әлеуметтік саяси, экономикалық қатынастарының сипатының өзгеруі өз кезегінде қоғамдық білім, тәрбие институттарының да жұмыс бағыты мен мазмұнына жаңа талаптар қойылып отыр. Осының өзі қоғамдық бала тәрбиелеудің орны, оның басты міндеті- бала тәрбиесінде болған көзқарасты өзгертіп жаңа тұрғыдан тану мәселесін туындатты. Қазіргі педагогика, қоғамтану, саясаттану, психология, философия, әлеуметтану, демография секілді ғылым салалары адамның дамып қалыптасуындағы балалардың өзіндік орнын баса көрсетуде.

     Оқушылардың өзінше бейнелі әңгіме (ойыншықтар, заттар туралы) немесе сюжетті картиналар сериясы бойынша әңгімелер құрастыруға үйретумен байланысты арнайы жүргізілетін жұмыстарды өткізу кезінде бала тілі қалыптасып, ой-санасы өрістей түсуге мүмкіндіктер туатыны анық.

     Курстық жұмыстың мақсаты: Оқу-тәрбие үрдісінде оқушылардың жас және дара ерекшеліктерін ескеру.

     Курстық жұмыстың міндеттері:

  • жаңа заман сұранысына сәйкес оқу-тәрбие процесінде қарым-қатынас негізінде оқушылардың дамымалы білім ортасына сіңісіп кете алатынына көмек көрсетге ықпал ету;
  • оқушылардың физиологиялық, психологиялық ерекшеліктеріне байланысты зерттеулерге тоқталу ;
  • оқушылардың ойын, оқу, еңбектегі ерекшелігін ескере білетін біліктілігін қалыптастыру;

     Зерттеу жұмысының практикалық  маңызы. Эксперименттік- тәжірибе жұмысының нәтижелерін ата-аналардың педагогикалық сауатын ашуда, мектепте сынып жетекшілерінің ата-аналармен жұмысында, педагог-психологтардың практикалық іс-шараларында қолдануға болады. Жүргізілген зерттеудің қорытындылары ата-аналар мен ұстаздарға, оқушылардың жас және дара ерекшеліктерін ескеру арқылы тәрбиелеудің қазірден бастап маңызы зор екендігі байқалады.

     Зерттеу әдіс-тәсілдері. Ғылыми-педагогикалық, тарихи-әлеуметтік еңбектерге теориялық талдау, бақылау, байқау; ата-аналар және ұстаздармен әңгіме, сұхбат.

     Курстық жұмыстың құрылымы. Курстық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ 

       2.1 Оқу-тәрбие үрдісінде  оқушылардың жас және дара ерекшеліктерін ескеру

       Бала  дамуында жалпы және ерекше құбылыстар ажыралады. Жалпы құбылыс белгілі  жастағы барша балаларға тән, ал ерекшесі жеке балада көлінеді. Ерекше қасиет-сапалар даралықты танытады. Даралық бір нақты баланы басқа балалардан ажырататын интеллектуалды, ерік, моральдық, әлеуметтік және басқа да бітістердің бірлігімен сипатталады. Табиғат адам тегіне үлкен жомарттық көрсеткен: жер бетінде  екі бірдей адам ұқсас болмаған және болуы да мүмкін емес. Әрбір бала өз дарындылығында жалғыз да қайталанбас.

       Даралық нақты ерекшеліктерде (өзгешеліктерде) көрінеді. Олардың шығу негізі –  әр баланың өз даму жолының болуынан, жоғары жүйке іс-әрекетінің типологиялық бірегейлігігінен. Осылардың салдарынан баланың сапа-қасиеттерінде өзіндік белгілер таңба басады. Даралық түйсікте, қабылдауда, ойлауда, есте, қиялда, қызығуларда, бейімділікте, қабілеттерде, темпераментте, мінезде, яғни адамның барша психикалық болмысында байқалады. Даралық ерекшеліктері тұлғаның дамуына ықпал жасайды, барлық сапалардың белгілі күйге келуі, негізінен, осы психикалық ерекшеліктерден.

       Оқу мен тәрбиеде балалардың ерекшеліктерін ескеру қажет пе? Әлбетте, «иә» деп жауап бересіз. Бірақ, бұлай болмайды. Мамандар арасындағы бұл тақырыпта көп пікір таласы өрбіген. Бір көзқарастар – жалпы мектеп даралықты ескере алмайды,  тіпті ескеудің қажеті де жоқ, әр балаға өз алдында мектептің икемдесуі мүмкін емес. Барша балаға мұғалім бірдей қатынас жасаса, жетіп жатыр. Ұқыпты мен еріншек, дарынды мен қабілетсіз, әуесқой мен ештеңемен қызықпайтын балалардың оқуы мен тәрбиесінде қандай да айырмашылықтың қажеті жоқ. Бастауыш мектепті бітірген адам жалпы, баршаға бірдей білімділік пен тәрбиелілік стандартымен сипатталады.

       Бұл тұрғыдан Гегельдің мына пікірі өте  дәлелді: «Адамдардың өзіндік ерекшеліктерін аса жоғары бағалаудың қажеті жоқ. Керісінше, ұстаз әр оқушының даралығын мұқият зерттеуі қажет, оған икемдесіп дамытуы керек деген пікір бос сөз, оның ешқандай негіздемесі жоқ. Мұндай қызметке тәрбиешінің уақыты да жетпейді. Ерекшелік отбасында қабылдануы мүмкін, ал мектепте өмір белгілі ережеге, жалпыға бірдей тәртіпке сәйкестендіріледі. Бұл жерде балаларды өз даралығынан ажыратып, жалпы талаптарды орындауды үйренуге,жалпы білім нәтижесін игеруге бағыттау қажет. Осылайша баланың жан дүниесін қайта құру – тәрбиенің мән-мағынасы».

       Жаңаланған  педагогика бұл мәселе бойынша басқаша  бағыттан ой сараптайды: тәрбие балалардың даралық ерекшелігін ескеруі және оларды пайдалануы қажет. Педагогиканың маңызды принциптерінің бірі ретінде даралықты тану – бала тұлғасын және оның өмір жағдайларын тереңдей біліп, мұны оқушы дамуын басқаруда орынды қолдана білу әр мұғалімнің мінднті. Даралық бағыттағы педагогика – оқу мен тәрбиенің мақсаттары және негізгі мазмұнының жеке оқушыға иемделуін көзге ұстамай, педагогикалық ықпал формалары мен әдістері мүмкіндігінше жоғары тұлғалық даму деңгейін қамтамасыз ету үшін даралық ерекшеліктерге сәйкестендірілуі қажет. Даралық бағыт әр оқушының танымдық күштерін, белсенділігін, бейімділігін және дарынын дамытуға аса қолайлы мүмкіндіктер түзуге жәрдем береді. Мұндай тәрбиелік бағыт «қиын» шәкірттер, қабілеті кем оқушылар, сонымен бірге, дамуы ауытқылуы және кешеуілді балаларға мүлде қажет. Жоғары деңгейде дамыған балалар, вундеркиндтер де осы бағытта тәрбиеленгені жөн.

       Қандай  да салада аса дарындылық көрсете  алған балаларға вундеркинд (немісше «вундер» - ғажайып, «кинд» - бала) атауы берілген. Мұндай аса дарын иелері – жас балалар жөнінде қазіргі заман ғылымы не дейді? Олардың белгілі саладағы қабілеттерінің ерте оянғаны болмаса, басқа балалардан аса айырмашылығы жоқ. Дарынды балалар өзінің алдына қойған мәселелерін аз уақыт ішінде күш жұмсап шешуге бейім. Бұдан олар шаршамайды, жеткен табысымен қанаттана түседі. Арнайы сынақтарда дарынды балалар нақты әрі тар салада ғана жоғары қабілет көрсетуге бейім. Бірақ, вундеркинті қалыпты өлшемдермен  бағалауға болмайды.

       Адам  қарым-қатынас арқылы айналасындағы  дүние жайлы мәлімет алады, еңбек пен тұрмыс дағдыларына машықтанады, адамзат жасап шығарған түрлі құндылықтарды меңгереді. Әрине, қарым-қатынас ақпарат алумен ғана шектелмейді, оның шеңбері аса кең, бұл көп қырлы ұғым. Спектакль көрсек те, лекция тыңдасақ та, телефонмен хабарлассақ та, досжарандармен сөйлессек те - осының бәрі - қарым-қатынастың сан алуан қырлары. Өмірдегі сан алуан тыныс-тіршілікте адамдар бір-бірімен тікелей, жүзбе-жүз не жанама (хат жүзінде, радио, теледидар арқылы), не біреу арқылы қарым-қатынасқа түседі. Мәселен, мұның тікелей «бетпе-бет», телефон арқылы сияқты түрлерінде қаншама жанды жылытатын, немесе суытатын ерекше қуат бар десеңізші!

       Осындай қарым-қатынастың мән-мағынасы, олардың  түрлі көріністері жеке адамдармен топтық ұйымдардың тіршілігінен жақсы байқалып отырады.

       Қарым-қатынас  «топ», «ұжым» деген ұғымдapмен тікелей  байланысып жатады.

       Адам  баласы жалғыз жүріп, көздеген мақсат-мұратына жете алмайды, сондықтан ол ылғи да басқалармен бірлесіп тіршілік етуі тиіс дедік. Мұндайда адам ылғи да топпен бірге өмір сүретіні белгілі. Ал, топтың түрлері сан алуан. Мәселен, мұның бірі - нақты (реалды) топтар. Бұл - ортақ мақсат көздеп, бір кеңістікте, белгілі уақыт ішінде, бір-бірімен қоян-қолтық араласып, іс-әрекетке түсетіндер. Топтар үлкен (макро), шағын (микро), ресми, бейресми, формалы, формасыз, ұйымдасқан, ұйымдаспаған, жасанды, табиғи, референттік болып бірнешеге бөлінеді.

       Біршама тұрақты, құрамы жағынан саны онша көп  емес, бір-бірімен тікелей қарым-қатынас  жасап отыратын ортак мақсатқа ұмтылған адамдардың бірлестігі «шағын топ» деп аталады. Осындай топтың барлық мүшесінің күш-жігері бір мақсатқа (оқу, еңбек, Т.б.) бағытталады. Мұндағылар бірін-бірі жақсы біледі, топ алдында тұрған ортақ міндетті орындау кезінде өзара қоян-қолтық қатынаста болады. Шағын топ мүшелерінің саны екі-үш адамнан құралып, әрісі 30-40 адамнан аспауы тиіс.

       Отбасы, өндірістік бригада, ұшақ пен ғарыш  кораблінің экипажы, поляр станциясында қыстаушылар, мектептегі сынып сияқты бірлестіктер шағын топ деп аталады. Мәселен, кейбір оқушы мектепте жүргізілетін әртүрлі іс-шаралардың бәріне де қатысады. Ол футбол командасының, не пән үйірмесінің мүшесі, не жетекшісі, т.б. Бірақ осылардың біреуіне ерекше ден қояды. Шағын топтағылардың өзара қарым-қатынасына шек қойылмайды. Әркім топтағы кез-келген адаммен өз қалауынша, нақты қажетіне карай қатынасқа түседі, оның бір мүшесі екіншісін жақын тұтады, бір-бірімен жиі араласып жүреді, байланыстары тұрақты сипат алады. Осындай шағын топтар формалы (ресми), формасыз (бейресми) болып бөлініске түседі.

       Формалы топ мүшелерінің арасында белгілі құжаттардың талабына сәйкес әр түрлі сипаттағы іскерлік қатынастар орнайды. Ондай қатынастардан жетекшіге бағыну, тиісті құқықты орындау, ресми орындардың алдындағы жауапкершілікті сезіну ерекше көрінеді. Формалы топтарда (іскерлік қатынаста) кейде теріс эмоциялық әуен, яғни бір-бірін ұнатпау, сыйламау, менсінбеу, жауласу сияқты құбылыстар да болуы мүмкін. Бұл жәйт ондағы іскерлік қатынасқа қолайсыз әсер етеді, оның табысты болуына залалын тигізеді.

       Формасыз (бейресми) топ - бұл ұнату, көзқарас бірдейлігін тану сияқты психологиялық себептер бірлігі негізінде туады. Мұндай топ ресми құжаттарды, тиісті нұсқауларды қажет етпейді. Мәселен, бірлесіп балық аулау, аңшылықпен айналысу, отау тігу, дос-жарандық қатынаста болу - осындай топтың мысалдары. Бұл топтарда бірін-бірі ұнату, біріне-бірі бауыр басу ерекше байқалады. Егер мұндай қасиеттер топтан орын алмаса, онда ол біртіндеп ыдырап, топ болудан қала бастайды.

       Әртүрлі деңгейдегі топтардың ішінде референттік топтың мәні ерекше. Бұл - әр адамның жекелеген топтардың (кісі шамамен 10-нан астам топқа қатарынан енуі мүмкін) ішінен біреуіне ғана ерекеше тәнті болып, соны ғана қастерлеп, қадір тұтып, жүрек қалауымен таңдап алған тобы. Мұндай топқа енген адам ондағы талап-тілектерді, белгілі принциптерді қолдап қана қоймай, оны қызғыштай қорғайды, тіпті соның жолында жанын пида етуге дейін барады.

       Нақты топтардың жоғары дәрежеде ұйымдасқан түрі - ұжым (коллектив) деп аталады. Адамдардың ерекше ұйымшылдығының арқасында олардың мүдделерінің бірбірімен ұштасып, «бір жеңнен қол», «бір жағадан бас» шығаратындай халге жетуі, топтың психологиялық ахуалының орнауы, онда «ырың-жырыңның» орын алмауы, дамудың биік деңгейіне көтерілу - ұжымның басты белгісі. Кез келген топтың көп жағдайда ұжым деңгейіне көтеріле алмайтыны да көбінесе осындай топта келеңсіз жағдайлардың орын тебуінен туындайды.

       Әр  адам топта қандай болмасын белгілі  бір рөль атқарады. Бірақ оның бұл  рөлі тұрақты болмайды. Мәселен, сен  бір кез сынып старостасы болдың дейік, біраз уақытан кейін сен енді санитар міндетін атқаруың мүмкін. Осы ұжымның қатардағы мүшесі болатының тағы өз алдына. Кісінің атқаратын ісі неғұрлым көп болса, соғұрлым ұжыммен тез байланысқа түсе алады, ол адамның ұжымға ықпалы тиімдірек болады.

       Адамның топқа ықпал ету дәрежесі оның жеке басының қасиеттеріне де тәуелді. Орамды ақыл, терең сезім, күшті ерік-жігер, қажыр-қайрат, қабілеттілік осының бәрі ұжым игілігіне айналса, кісінің рухани өмірі бай болса, дағды икем, шеберлігі жеткілікті болса, ол соғұрлым топ ішіне тез сіңіп, беделі де жоғары болады. Ал, адам өзін ұжымнан жоғары қойса, әсіресе оған қарсы келуге тырысса, тәкаппарлық көрсетсе, оның жұртқа ықпалы төмендеп, бара-бара беделінен айрылатын болады.

       Зерттеу нәтижесіне қарағанда, мектеп сыныптарындағы (35-40) адамның ішінен тек үш-төрт оқушы ғана басқалардан айрықша белгілі болады екен. Мұның себебіне келсек: біріншіден, олардың топ мүшелерімен қатынас жасай білу қасиетінің жоғарылығында, яғни басқаның «жүрегіне жол таба» біліп, қашанда көпшілікке жақын, белгілі болатындығында. Адам өз орнын жалбақтау, жағымпаздану жолымен емес, өзінің табиғи болмысымен, қадір-қасиетімен, ашық мінезімен табады. Сөйтіп, адамның топ ішінде белгілі болуы оның басқалардың жағдайын түсіне білуі негізінде қалыптасады екен. Екіншіден, ондай адам білімділігі, іскерлігі, өз білгенін басқалардан аямай, олармен риясыз бөлісуге, көмектесуге әзір түрушылығымен де ерекшеленеді. Үшіншіден, кісінің сырт бейнесі мен келбет-кескінін, яғни дене күші факторын да ескермеске болмайды. Расында да, кей жағдайда оқушылар қара күшке ие, жұдырық жұмсай білетін құрбыларын құрметтейді.

       Топ мүшелерінің көпшілігі өзара  тату-тәтті тіршілік еткенмен, ондағы әр адамның өзгелерден гөрі жиі байланысқа түсетін, яғни мүддесі бір, әңгімелері жарасқан ортақ істі құлшына орындайтын жолдастық, достық қатынастағы адамдар да болады.

       Енді  бір жағдайда топтағы адамдардың ішінде ешкіммен жеке қатынасқа түспей, яғни өзіне ылайықты серік таба алмайтындары да кездеседі. Жұрт ондайларды жек көріп, маңайларына жуытқысы келмейді.

       Оқушы топтарында жекелеген балалардың өзгелермен араласпай, оқшау журуі, топ мушелерінің  кейбіреулерді жандарына жолатпай журетіндігінің себептері де сан  алуан. Мұндай оқушы сабақты нашар  оқиды, тіпті жақсы оқуға талаптанбайды. Оның осы немқұрайдылығы ұжымнан оқшаулануына себеп болады. Бұлар үсті-басына салақ қарайды, кейде қолайлы қарым-қатынас орнатуға немқұрайлылығы олардың жекелеген «тума» қасиеттерімен (тұйықтық, ұялшақтық, енжарлық, т.б.) тоқайласып жатады.

       Енді бір оқушылар өте кінәмшіл, сәл нәрсеге өкпелей қалатын, көбінде өзгелерге кінә таға сөйлейтін болып келеді. Бұларға ұжымдағы әртурлі оң істер, олардың ұйымдастырушылары ұнай қоймайды. Өздері жұртты сынағыш, мінегіш келеді.

       Топ ішінде қатар-құрбыларының, ұстаздарының талап-тілегіне, ақыл-кеңесіне қарсылық көрсететін тілазар, қыңыр балалар да кездеседі. Олардың тағы бір белгісі сотқарлық, дөрекілік, көргенсіздігі. Топта, сондай-ақ, еңбек сүймейтін, жалқау, өтірік айтуды әдетке айналдырған оқушылар да кездеседі. Олар сыныптан өзінше орын алуға тырысып, осы жолда дөрекілікке, жалған беделдікке құмартады, мектептен тыс уақыттарда өздері секілді балалармен байланысқа тусіп, «көше» топтарында қабылданған мінез-құлықтың қоғамға жат нормаларын мектепке әкелуге тырысады.

       Топ басшысыз, яғни жетекшісіз болмайды. Кез  келген топтың өздері сайлап алған, не жоғарыдан тағайындалған басшысы  болады. Топ әрекетінің нәтижелі болуы  жетекшіге де байланысты. Тәжірибелі ұстаз, өнегелі тәрбиеші сыныптағыларды ұршықтай үйіріп, оларды пайдалы істі нәтижелі орындауға бағдарлап отырады.

       Топтағы адамдары танып-білу, басқару мәселесі, «психологиялық үйлесім» ұғымымен де тығыз байланысты. Бұл ұжымдағы ортақ істің табысты болуына ондағылардың өз қызметінен рахат, ләззат алуын қамтамасыз етуіне мүмкіндік беретін психологиялық жағдай. Топтағылардың бір-бірімен үйлесімділігі жарасса, яғни бірінің қылығы екіншісіне ұнайтын болса, олар бір-бірінің мінез-құлқын, қарым-қатынасын жатыр қам ай дұрыс қабылдаса - онда психологиялық үйлесімнің болғаны. Ал, мұндай ахуал жоқ жерде, яғни біреудің харекетін екіншісі ұнатпаған жағдайда, тіпті ақылға сыйымды нәрсенің өзі де қолдау таппайды, біреуі екіншісін түсінбейді. Топ мүшелері арасындағы көзқараспен сенім бірлігі, мүдделермен мінез бітістерінің қарама-қайшылығы да үйлесімсіздікке себеп болады. Егер адам шамадан тыс қазымыр, тұйық, не беймаза, тәкаппар, не өркөкірек болса, топтағы адамдармен дұрыс сыйы са алмайды. Халқымыз «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деп осындайларды айтқан. Әсіресе, топ жетекшісі не оның жекелеген мінез бітістері қолайсыз болып келсе, ондайда жағдай тіптен қиын.

       Топтағы «моральдық психологиялық ахуал» (кейде мұны «әлеуметтік-психологиялық ахуал» деп те атайды) дейтін ұғымның да мәні зор. Бұл топ, ұжым мүшелерінің өз ара қарым-қатынасындағы ортақ тәртіп пен жауапкершілік, яғни жетекші мен оның қарамағындағылардың бірін-бірі тусінісе алуы, топтың үйреншікті жұмыс стилі, онда ортақ пікірдің орнауы, т.б. Топтың көтеріңкі көңілкүйі ұжымдық міндеттің нәтижелі орындалуына қолайлы әсер етеді. Білек сыбанған құлшыныс, өзара жарасқан ынтымақ, өзара сыйластық, ұжым мүддесін қастерлейтін жерде қандай ауыр жұмыс болса да жеңіл атқарылады. Мұндайда еңсені басар ауыртпалық сезілмейді, сары уайым, жабырқау, түңілу, жалғызсырауға орын қалмайды. Тату-тәтті өмір суретін ұжымда ұрыс-керіс болмайды, творчестволық іске, білімді терең меңгеру мен саналы тәртіпке аса қажетті ахуал орнайды, қолайлы жағдай жасалады.

       Мәселен, сенің көңіл-күйің бүгін нашарлап тұр делік, оның да белгілі себебі болатыны түсінікті. Сөйтсе де, басқалар сенімен әңгімелескісі, бір нәрсені сұрап білгісі келеді екен. Сен ондайда өзіңді қалай ұстауың керек. Әрине, қолайсыздықты сезінетінің анық. Сені әңгімеге тартып, үсті-үстіне сауал қойып отырғандар көбінде көңіл-күйіңді түсіне қоймайды. Өйткені оларда эмпатиялық қасиет (бұл арада адамның көңіл-күйін түсіне білу, оның сүйініш-күйінішіне ортақтаса білу - Авторлар.) жөнді қалыптаспаған. Сондықтан да эмпатиялық қасиетті өздеріңде үнемі дамытып отыруларың қажет.

       Сендерге  келесі бір сауал. Мәселен, сенің басқа оқушылардың сөзін ақырына дейін тыңдай алуға төзімің жете ме, әлде сен оның сөзін оқтын-оқтын бөліп, өзің сөйлегің келіп тұра ма? Немесе жолдасыңның әңгімесі сені қызықтырмаса, оны әрмен қарай тыңдай беруге төзімің жете ме? Ия болмаса, өзің бастаған әңгіменің басқаларды қызықтырмайтынын байқай аласың ба, мұны сезген жағдайда әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұра аласың ба? Немесе, егер өзіңмен әңгімелесушінің қылығы, айтқан пікірі сенің ой-пікіріңмен, көңіл-күйіңмен сәйкес келмесе, мұндайда өзіңдегі реніш сезімін жеңе алар ма едің? Сен әркез айналаңдағылардың көңіл-күйін түсінуге тырыс, мұны өзің қаншалықты жүзеге асыратыныңды тексер. Сенің ұжымда онша ұната қоймайтын оқушылардың да болуы мүмкін. Саған олармен де бір нәрсе жайлы сөйлесуің қажет болып қалды делік. Мұндайда әлгі балалармен дұрыс қарым-қатынаста болуға тырыс. Әңгімелескен сайын оларды еліктіріп, қызықтыра алсаң, тіпті жақсы. Бұл жерде байсалдылық, әдептілік сияқты қасиеттер саған ауадай қажет.

       Біздің  қай-қайсымыз болсын, тіршілікте кейбір адамдардың үйірсек келетінін байқап жүрміз. Бұл басқалармен тез тіл табысып кететін жандар. Ал өзара пікірлесіп, адамды өзіне тартпақ түгіл оның қитығына тиетіндер де кездеседі. Мәселен, табиғатынан тұйық адамдар әңгімені өзіне аударғысы келмейді, артық сөзге бармайды, тек әңгімелесушінің сөзін жай, ықылассыз тыңдап отырады.

       Сендер  ара-тұра «Мен басқалармен қарым-қатынаста қандаймын?»- деген тақырыпта шығарма жазып және осы мәселе төңірегінде әңгіме-дүкен құруды, бір-біріңе мінездеме беріп, оны ұжым талқысына салып, өздеріңдегі үйірсектік қасиеттерді дамыту үшін арнайы жаттығулар (сыныптағылармен үнемі амандасып жүру, өзіңе жұрттың назарын аудара білу, тосыннан қойылған сұраққа тез жауап қайтару, екеу ара, не жеке-дара сөз саптаудың әдіс тәсілдерін меңгеру, өзгелермен бірге әртүрлі қоғамдық жұмыс атқару, т.б.) жасауды әдетке айналдырсаңдар, осы іспеттес әрекетті ұйымдастыруға көңіл бөлсеңдер құба-құп.

       Сөйтіп, басқалармен қарым-қатынаста өздеріңді  қолайсыз сезініп, тумыстан ұялшақ, тұйық болсаңдар жолдастарыңмен көбірек кеңес құрып, құрбы-құрдастарыңмен жиі араласып, мұндай әрекетке бөгет болатын кедергілерді жеңуге тырысуларың қажет.

       Осы арада, тағы да айтарымыз, ұжымдағы пікір  талас кездерінде оқыған кітаптарың мен көрген кинофильмдерің, спектакльдерің туралы жиі-жиі пікір алысып, басқа балалармен қарым-қатынас жасаудың кез-келген мүмкіндігін пайдаланғандарың жақсы. Мәселен, өз ықыласыңмен сыныбыңдағы бес оқушы мен бір мәселе төңірегінде әңгімелескен кезде өзіңе нақты міндет қой, бұлардың беделді біреуіне сауал қойып үйрен, тіпті болмаса, дүкендегі сатушының саған көрсеткен сыпайы қызметін әңгімелеп бер, жолдасыңның сұрағына жауап берген кезде оның қанағаттанған қанағаттанбағанын білуге тырыс, олармен дұрыстап қатынас жасауды үнемі есіңнен шығарма! Егер құрбы-құрдастарың саған момын, тұйық, енжарсың десе, онда шамаң келгенше өз мінез-құлқыңды ширата түсуді ойлағаның абзал. Бір сөзбен айтқанда, жеке басыңдағы үйірсектікті, жұртқа жұғысу жолын (бірақ құр босқа жалпақтап жүрме) ойластырып, осы бағытта үздіксіз жұмыс жүргізгенің дұрыс. Сонда ғана адамдық қарымқатынас мәдениетіңді дамытуға мүмкіндік аласың, өзіңнен басқаларға ықпал етуді үйренесің, жұртпен өзара үйлесімді байланысқа жол табасың.   
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

2.2 Бастауыш мектеп оқушыларының даму теңсіздігі

       Бала  дамуы саласындағы зерттеулер оқу-тәрбие қызметін тиімді жобалау мен ұйымдастыру  үшін аса қажетті болған бірнеше маңызды заңдылықтарды ашты.  Бастауыш мектеп мұғалімдері ең алдымен тән-дене даму заңдылықтарына арқа сүйеген жөн:

      1. жас кезінде баланың физикалық дамуы әрі жедел; ал баланың жасы ұлғаюымен даму желісі бәсеңдейді.
      2. баланың физикалық дамуы бір кезеңде – жылдам, ал екінші бір кезеңде – жай.
      3. адам денесінің әрбір ағзасы өз желісімен дамиды, ал бүтіндей дене бөліктерінің дамуы тең емес әрі олардың арасында даму сәйкестігі байқалмайды.

    Биологиялық дамумен тығыз байланыста рухани даму жүріп жатады. Ал бұл дамудың  өзінде айтарлықтай ауытқулар көрінеді, олардың себебі жүйке жүйесінің жетілуі мен психикалық қабілеттердің даму заңдылықтарында. Зерттеулер көрсеткендей, балалар арасындағы мәнді айырмашылықтар ең алдымен олардың интеллектуалды әрекеттері деңгейінде, сана құрылымында, қажеттерінде, қызығуларында, сеп-түрткілерінде, ізгілік қылықтарында, әлеуметтік даму деңгейінде байқалады. Рухани даму бірнеше жалпы заңдылықтарға бағынады:

    1. баланың жасы мен рухани даму желісінің арасында кері пропорционал тәуелділік бар: жас неғұрлым кіші болса, рухани даму соғұрлым тез; жастың ұлғаюымен рухани даму бәсеңдейді.
    2. балалардың рухани дамуында тепе-теңдік болмайды. Психикалық қабілеттер мен рухани сапалардың негізінде болатын тұлға қасиеттері бірдей даму деңгейінде  жүрмейді. өмірдің кейбір кезеңдерінде нақты сапалардың дамуына сай ұнамды жағдайлар болып қалады. Бір сапалар тез, ал екінші біреулері – жайымен қалыптасып жатады.
    3. кейбір психикалық әрекеттердің дамуы мен қалыптасуы үшін тиімді (оптималь) мерзімдер болады. Қандай да сапалардың қалыптасуы үшін аса қолайлы болған жас кезеңдері психологияда сензитивтік кезеңдер деп аталады (Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьиев, В.А. Крутецкий). Сензитивтік себептері- ми мен жүйке жүйесінің пісіп жетілуіндегі теңсіздіктер және тұлғаның кейбір қасиеттерінің бұрыннан қалыптасқан сапалар негізінде орнығуынан. Әлеуметтену үрдісінде қабылданған өмірлік тәжірибе де үлкен маңызға ие. Педогогтар интеллектуалдық, инабаттық, әлеуметтік сапалардың қалыптасу кезеңдерін (кіші және орта мектеп жасы) үздіксіз бақылауға алуы шарт. Жақын уақыттарда американ психологы мәселе шешу дағдыларының дамуына байланысты сентизиттік кезең 6- 12 жастар аралығы екенің анықтаған. Осы кезең еленбей қалса, адамның жоғары деңгейдегі шығармашыл ойлау тәсілдерін игеруі өте қиындасады.
    4. адамның психикалық дамуының арқасында оның рухани сапалары орнықты, тұрақты, сонымен бірге өзгеріске икемді сипат ала бастайды. Тәрбие ықпалының өзі жүйке жүйесінің икемділігіне негізделген. Осы икемділіктен кейбір адам кемшіліктері толығып жатады, яғни адамның күшті ағзасы кемшіндеу болған мүшенің орнына қызмет жасайды. Мысалы, әлсіз ес орнына жоғары ұйымдастырылған танымдық әрекеттер ( ойлау, сөйлеу, қиялдау т.б.) қолданылуы мүмкін. Даму теңсіздігі көп сырлы құпия құбылыс, кейде бұған біздің таңдануымыздың шегі болмайды, тіпті қиялымызға сыймайды. Мысалы, жасына сай болмаған кей сапалардың жылдам дамуы: Моцарт 4 жасынан музыкалық аспапты игеріп, 5 жасында шығарма жазған, 8 жасында алғашқы сонатасы мен симфониясын жазған, ал 11 жасында әлемге опера сыйлады.Әйгілі музыкант және композитор Глинка 7-8 жасында бөлмесінде металл ыдыс- аяқтарды іліп қойып, «Оркестр» жасаған. 2 жасқа енді жеткен Римский – Корсаков  музыкалық есту елеңі және жадымен таңдандырған. 3 жасар Репин қағаздан әр түрлі  әрекеттегі сұлу ат бейнелерін қиып үйренсе, ал 6 жаста бояулармен сурет сала бастаған. Пушкин алғашқы өлеңдерін жаза бастағанда 7 – 8 жасар бала екен. 

       Балалардың  рухани  және тән-дене дамуы тең  жүріп жатпайды: бір кезеңдерде –  жылдам, екінші бірде – баяу. Мұндайда мұғалімдер көптеген маңызды заңдылықтарды  пайдалануы шарт. әсіресе, қандай да физикалық  және рухани сапалардың дамуына қолайлы сензитивтік кезеңдердің болатынын есте ұстау қажет. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

       2.3   Оқушылардың даму ерекшеліктерін ескеру 

       Қазіргі уақыт талабы – білімді, саналы, мәдениетті, адамгершілігі мол, қоғамда  өз орнын таба білетін тұлға қалыптастыру. Жеке тұлға дегеніміз – адамның психикалық рухани мәдениеті. Тұлға мәселесі қай уақытта да өзінің сан қырлы жақтарымен заман талабынан түскен емес. Баланың ақылы, ой-сезімі мұғалімнің ерік-жігері, таусылмас мол қажыры мен сабыры, еңбекқорлығы арқасында жетіледі. Бала алдымен тәрбиешіден пір тұтады. Оның бейнесі – болашақтың бейнесіндей әсер етеді. Ж.Аймауытұлы айтқандай, мұғалім балаларына селқос қараса, олардың жан-қуаттарын кемітіп, тәрбие де бере алмайды. Мұғалімнің жүріс-тұрысы, ақыл ой-өрісі, іс-әрекеті, тәрбиесі мен шеберлігі оқушы психологиясына қатты әсер етеді. Жеке қасиеттері арқылы әсер етумен қатар мұғалім үшін оқушылардың қызығушылығы, бейім-қабілеті және басқа да психологиялық ерекшеліктері басты орында болуы тиіс. Осы ерекшеліктерді ескеру мен дамыту оқушының жеке тұлғасын қалыптастыруда маңызды фактор болып табылады. Мектеп психологының негізгі жұмысы оқушымен, мектеп ұстаздарымен, ата-аналармен, әкімшілікпен байланысты болады. Әсіресе, соның ішінде мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас ең маңыздысы.

       Жеке тұлғаның дамуының маңызды факторларын сөз еткенде және бұл процесте тәрбиенің орны ерекше екенін баса айтқанда, адамды қоршаған орта мен тәрбиенің әсерінің пассивті объектісі деп қарастыруға болмайды. Кей кездерде қолданылатын педагогиканың «дәрменсіздігі» деген сөздің астарында тәрбие туралы кейбір еңбектерде балаға сыртқы педагогикалық әсерлердің әр түрлі формалары мен әдістері туралы айтылып, осы әсерлердің арқасында пайда болатын баланың ішкі дүниесі ескерілмей келетіні туралы  мағына жатыр. Жеке тұлға өзінің қалыптасу барысында өзіндік дамудың объектісі ғана емес, сонымен қатар субъектісі де екенін ескеру керек.

       Белсенділік адамның табиғи қасиеттерінің бірі болып табылады. Психологияда белсенділікті  іс-әрекет деп атайды. Жеке тұлғаның белсенділігі оның қажеттерінен туады (материалистік және рухани, жеке немесе қоғамдық қажеттіліктер). Жануарлардан айырмашылығы адамның қажеттіліктері сәби жасынан бастап-ақ қлғамдық қажеттіліктермен реттеледі. Адамның белсенділігі (немесе оның әрекеті) оның себептеріне, мақсат пен міндеттерін дұрыс қоя алуына, оларды орындау тәсілдерін дұрыс таңдай алуына байланысты.

Курстық жұмысының өзектілігі