Жеткіншек шақтағы психологиялық дамудың теориялық аспектілері

 

КІРІСПЕ

Елбасымыз Н.Назарбаев жаңа жағдайға сай біздің бәрімізді алаңдататын мәселе-білімді,кәсіби даярлығы бар адам тәрбиелеу ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және дүниежүзілік құндылықтарды қабылдауға қабілетті рухани және әлеуметтік адамгершілік мүмкіндігі мол тұлғаны қалыптастыру болып табылатынын атап көрсетті [1].

Дегенмен бүгінгі таңда ұлттық болмысымызға кереғар,келеңсіз құбылыстардың жастар арасында кең етек алуы жас ұрпаққа қажетті заман талабына сай тәлім-тәрбие жүйесін жаңартуға, ұстаздардың сонымен қатар ата-аналардың алдына аса маңызды міндеттер қояды.

Зерттеу жұмысымыздың өзектілік құндылығы, мінез-құлығында ауытқушылығы бар жеткіншектерге қол ұшын беріп, ішкі жан дүниесін түсінуге, ынта – ықыласына, жалпы жеке ерекшеліктеріне орай өмірде өз орнын табуға көмектесу.

Бүгінгі жастардың терең жан күйзеліс дертіне шалдыққанына талас жоқ. Бұны қалай түсіндіруге болады? Себебі неде? Өтпелі жеткіншектік кезең - қиын кезеңнің бірі. Организмдерде болатын өзгерістерге байланысты өтпелі кезеңде жеткіншектердің өміріне жаңа сезімдер мен мазасыздықтар нөсердей жауады. Күнде олардан құрдастары мен мұғалімі одан қалса үйде ата-анасы, алғашқы махаббаты бір нәрсені талап етеді. Теледидар, фильмдер музыка мен интернет оларға өз стеореотиптерін байлайды. Нақтылап айтсақ жеткіншектердің бұл кезеңін стресс пен мазасыздық ілескен өтпелі кезең. Жас адамдар, көбінесе, тәжірибесі жоқ және өмірдің алғашкы соққыларына қарсы тұра алмайды. Жақсы адамның қолдауынсыз олар жаман жолға түсулері мүмкін. Бұл жайлы Біріккен Ұлттар Ұйымының есеп баяндамасында «...зерттеулердің көрсетуінше, жастар нашақорлықпен айналысуды жеткіншек кезінде немесе есею алдында қолдана бастайды. Зорлық, жыныстық қарым-қатынас және басқа да жат қылықтар туралы осыны айтуға болады»- деп жазылған.

Л. М. Зюбин, Д. В. Колесов, В. Н. Кудрявцев, Г. Н. Минковский, И. В. Мягков және т.б. пікірлерінше, мінез-құлқында ауытқуы бар балалардың басым көпшілігі – бұлар мектеп бағдарламасын дұрыс меңгере алмайтындар, ұжымнан тысқары шығып қалатын балалар, ұжымдағы жағымды позициядан қалыс қалу оларды теріс мінез- құлыққа, айналасындағы адамдармен, әсіресе бірге оқитын құрбы- құрдастарымен дұрыс қарым-қатынас жасауына кедергі келтіреді [2].

  А.Жұмабаев, Қ.А.Жүкенов, А.М.Қарабаева, А.Қ.Каримов, Ш.Е.Жаманбалаева, А.В. Лысенко, И.Ф.Казаров, В.А.Парфенов, В.А.Трифанов, В.П.Шывченко, Г.А.Уманов сияқты зерттеушілер қиын балалардың қиқарлық қыныр жағымсыз қасиеттерінің қалыптасуына әлеуметтік педогогикалық факторлардың әсер ететіндігін зерттеді.

Л.К.Керімовтың еңбегінде қиын оқушыны жеке – дара қайта тәрбиелеу тұжырымдамасын және ондағы педагогтың іс - әрекеттің белгілі жүйесін жасап көрсеткен [3].

Жеткіншектердің өзін-өзі бағалау мәселесін теориялық жағынан қарастырғандар Б.Г. Ананьев, Л.И. Божович, И.С. Кон, М.И. Лисина, А. Липкина, В.В. Столин, Е. Шорохова, У. Джеймс, Ч. Куль, Д.Ж. Мид, Э. Эриксон, К. Роджерс сияқты ғалымдардың зерттеулерінде бағалаудың онтогенезі, оның құрылымы, атқаратын қызметтері, қалыптасулардың мүмкіндіктері мен заңдылықтары қарастырылады.

 Ал, Д.Қазымбетованың зерттеуінше, қоғамда неге мінез–құлық ауытқушылығы болады. Сонымен қатар мінез – құлық ауытқушылығының болу себептерін және мүмкін боларлық шешу жолдарын көрсеткен [4].

Жеткіншектердің мінез-құлықтарының қиындығы тұлғаның дұрыс дамымауы, оның қолайсыз жағдайда қалуы, сонымен қатар, отбасында және мектепте тәрбиенің жетіспеуі салдарын үйлестірумен түсіндіріліп отыр. Демек, баланың жан-жақты дамыған, еліміздің көк байрағын биікке көтеретін дарынды тұлға етіп тәрбиелеу отбасынан, мектеп табалдырығын аттағаннан кейін басталады және ол баршамыздың ісі болмақ.

Зерттеу мақсаты: Жеткіншек шақтағы оқушылар бойында пайда болатын мінез-құлықтың ауытқушылық себептерін анықтау және оның алдын-алу жолдарын көрсету.

Зерттеудің міндеттері:

  1. Жеткіншек шақтағы мінез-құлық ауытқушылықтарын зерттеген педагог-психологтардың ғылыми-теориялық зерттеулерін талдау, саралау, зерделеу;
  2. Жеткіншек шақтағы мінез-құлықтың ауытқушылық себептерін анықтап, диагностикалау;
  3. Жеткіншек шақтағы мінез-құлық ауытқушылықтарын болдырмау жолдарын қарастыру;
  4. Оқушылардың дамуындағы ”дағдарыс”, “өтпелі”, “қиын” кезеңдерге үлкен жауапкершілікпен қарап, бұл кезеңдерді арнайы бақылауға алу.
  5. Үлгерімі, тәртібі төмен оқушылармен диагностикалық-коррекциялық жұмыстар жүргізу.

Зеттеу объектісі: Жеткіншек шақтағы оқушылардың мінез-құлық ерекшеліктері.

Зерттеу пәні: Жеткіншек шақтағы мінез-құлықты қалыптастыруда оқу-тәрбие үрдісі.

Зерттеу әдістері: Ғылыми әдебиеттерді талдау, саралау, тест, сауалнама, тренингтер әдістер.

Ғылыми болжам: Егер мектеп психологтары ата-аналармен тығыз байланыста болып, жеткіншектермен психологиялық алдын-алу жұмыстарын жүргізсе, жеткіншектердің мінез-құлық ауытқушылықтарын біршама азайтуға мүмкін болар еді.

 

 

 

 

 

І-тарау.  Жеткіншек шақтағы психологиялық дамудың теориялық аспектілері

1.1. Жеткіншектердің тұлғасының даму мәселелері

Жаңа туған нәресте «адам» деп аталғанымен, «тұлға» деген атқа көпке дейін ие бола алмайды. Өйткені, кісі болып, ер жету үшін оңы мен солын, өзінің «менін» басқа «мендерден» ажырата білуі тиіс. Есейіп, ер жетіп, өз бетінше әрекет ете алатын адамды тұлға дей аламыз. Қандай да болмасын бір іспен айналысатын, азды-көпті өмір тәжірибесі, білімі мен дағдысы, икемі, дүниетанымы, сенімі мен талғам-мұраты, бағыт-бағдары бар адамды  тұлға болып табылады. Мінез, қабілеті бірсыдырғы қалыптасып үлгерген, өзінің іс-әрекетін тізгіндей білетін, өз бойындағы жаман-жақсы қылықтары үшін жауап бере алатын адамды тұлға дейміз. Тұлға - қоғамның мүшесі ретіндегі адам саналы тіршілік иесі, өзінің өмір жолын таңдай алады, қоғамда белгілі бір жағдайға ие және белгілі бір қоғамдық рөль атқаратын саналы индивид.

Сонымен, тұлға - бұл, біріншіден, әлеуметтік қатынас пен саналы әрекеттің субъектісі ретінде индивид. Екіншіден, бұл индивидтің жүйелі қасиеті. Оның қоғамдық енуімен анықталып және де біріккен әрекетпен қарым- қатынаста қалыптасып отырады.

В.Г. Ананьев пен А.Н. Леонтьев өз еңбектерінде объектіні өмірді бейнелеу процесінде белсенді тұлға, қоршаған әлеуметтік танымы, сана- сезімімен бірлестікте іске енетін, тұтастай субъект ретінде көрініс береді деп белгілеген.

Индивидтің табиғи қасиеттері мен ерекшеліктері тұлғада оның әлеуметтік элементі ретінде көрініп отырады.

С.Л. Рубинштейннің қарастыруы бойынша, тұлға арқылы сыртқы ықпал индивид психикасында өзінің туындысымен байланысты болады.

Адамның тұлға ретінде қалыптасуы, әрекет барысында белсенді түрде өзгеріп және әрекетті де өзгертетін, табиғат, әлеуметтік орта және сол тұлғаның күрделі ара қатынасы арқылы жүріп жатады. Өзгерту барысында әсіресе еңбек әрекеті процесінде, адамдар бір-бірімен белгілі қоғамдық байланыс және қарым-қатынасқа түседі. Адамның тұлға ретінде қалыптасуы, негізінен, қоғамда қалыптасқан қарым-қатынас жүйесімен анықталып, сол тұлғаның осы қатынас шартына орай әрекетінің қалыптасуына, ойын сол қоғамның басқа мүшелерімен қарым-қатынасының қалыптасуына байланысты болады.

Л.И. Леонтьев айтуы бойынша, тұлғаның жүйелі қасиет ретінде пайда болуы, индивид басқа индивидтермен біріккен әрекетінде, ақиқатты өзгертіп, соның арқасында өзін де өзгертіп, жеке тұлға дәрежесіне жетеді. Сонымен қатар, тұлға белсенділігімен сипатталынады, яғни субъект өз шектеуінен тыс шығу ынталығымен, өз іс-әрекеттерінің сапасын кеңейтуімен, талап қойылған жағдайлардың шегінен әрекет жасауымен (мотивация, жетістік, қауіп-қатерге тәуекел ету) сипатталады.

Оқушылардың тұлғасының дамуы механизмді құрастыратын көптеген ішкі және сыртқы факторларға тәуелді болып келеді.

Л.С. Выготскийдің пайымдауынша, баланың психикасы әлеуметтік табиғатқа ие...

         Адамның  тұлға ретінде қалыптасуында жеткіншектік кезең маңызды орын алады. Бұл жас кезеңнің, адамның тұлға ретінде қалыптасуындағы ерекше маңыздылығы, 10-16 жастағы баланың дамуындағы саналы өзгерістерге байланысты. Жеткіншек жастағы бала, жаңа әлеуметтік тәжірибесін меңгеріп, жаңа қоғамдық қатынасқа және байланысқа түсе бастайды. Қатынас жүйесіндегі жеткіншектің орнының өзгеруі, әрекеттің жаңа аспектілірінің дамуына байланысты. Әрекеттің бұл жаңа аспектілері, осы жас кезеңінің ерекшелігіне тән жаңа өзара байланыс, қарым-қатынас жүйесін тудырады.

К. Юнг айтуы бойынша, жеткіншектік кезең - балалық шақтан ересектікке өтетін, үнемі қиын, критикалық қақтығыстық деп сипатталатын адам онтогенезінің күрделі кезеңі.

Танымдық - іс-әрекетте ересектіктің дамуы. Ересектіктің дамуындағы маңызды бағыт мазмұнды мүдделердің дамуымен және болашаққа жоспарлар жасаумен байланысты. Ол жеткіншектердің бір нәрсені шын мәнінде танып білуге ұмтылуынан барып дамиды. Мұның өзі мазмұны мектеп бағдарламасының шеңберінен асып түсетін танымдық іс- әрекеттің, дамуына себепші болады. Мұндай іс-әрекетінің ғылымға, техникаға, өнерге, білімнің немесе бірнеше саласына қатысты болуы мүмкін және кәсіптік ниеттермен әрдайым байланысты бола бермейді. Әуестену құштарлық сипатта болып, ондайда бірқатар  уақыт -  бос уақыт қана емес, сабақ даярлауға қажетті уақыттың да сол өзіне ұнамды іспен шұғылдануға кетеді. Қайсыбір іске ынталы жеткіншек өте белсенді болады, қажетті кітаптарды, материалдарды, аспаптарды іздестіріп, әртүрлі тәсілдермен игереді. Ықыластанған білімді табу немесе сәтсіздіктің себебін анықтау үшін жеткіншек кітаптар мен анықтамалар қарайды. Мұның өзі ынта-ықылас пен нәтижелі іс- әрекеттің дамуындағы өте маңызды қадам: жаңа білімдерді қажетсіну дербес, яғни өздігінен білім алу арқылы қанағаттандырылады. Жеткіншектің дербес іс- әрекетінде кейде шығармашылық элементтері болады, оны жаңа нәрсе жасау үрдісі және жалпы алғанда танымдық үрдістің өзі әуестендіреді. Бұл орайда интеллектілік даму жеделдеп, білім терең сипатта әрі көлемді болады.

М.И. Шардаков бойынша, жеткіншектік кезең адамның тұрмыстық құндылықтары ретіндегі заттық дүниеге психологиялық тұрғыда тәуелді болып қалады. Жеткіншек  осы өмірге ой жүгірте бастайды. Соның арқасында ол жасөспірімдік ортаға кіреді. Әр затпен дүниеге таңдау жасау арқылы жеткіншек  тұтынушыға айналады. Өз иелігіне заттарды жинай отырып әртүрлі құндылықтарды жинайды. Олар ақыл – ой, адамгершілік әлеуметтік жағынан есейеді.

Жеткіншектік кезеңнің баланың дамуындағы ерекше орны оның «өтпелі», «бетбұрыс», «қиын», «сыналатын» кезең деген атауларында көрініс тапқан. Бұл атауларда осы жастарда болатын, өмірдің бір дәуірінен екіншісіне өтуімен байланысты даму үрдістерінің күделілігі мен маңыздылығы айтылған. Балалық шақтан ересектікке өту осы кезеңдегі дене, ақыл- ой, адамгершілік, әлеуметтік дамудың барлық жақтарының негізгі мазмұны мен ерекшелігі болып табылады. Аса  айқын, қиын  және  өзгерісі  көп  қауіпті  мектеп  жасындағы бұл  кезеңнің  қиындығы  баланың денсаулығынан  бұрын  қалыптасып  қалуымен байланысты. Егер  жеткіншектің денсаулығына  қатынас бірыңғай, барабар болмаса, ол өтпелі кезеңде жағдай асқынып  кетеді. Ағзаның  маңызды  жүйелерінің қайта құрылуы  жеткіншектің  өзіне де елеусіз өтпейді, әр  жеткіншек жаңа және  ылғи сүйкімді бола бермейтін  өзгерістерге  дайын емес. Көбінесе  бұл  бас  айналу, әлсіреу  жүрек ауруы  арқылы  білінеді т.б. Жеткіншек  балалардың  көңіл – күйі  жиі құбылып  тұрады, эмоциялық әлемі жиі  өзгереді. Жекіншектер  - жаңа сапаға , яғни  үлкен жасқа  ауысуы  үшін  дағдырыстан  өтеді. Бұл  жеткіншектер  үшін ғана емес , оларды  қоршаған  үлкендер үшін  де қиын  кезең. Эмоциялық  сезімталдықтың  жоғарылаған  түрі  және  олардың  тұрақсыздығы  мен  олардан  азат  ету реакциясы  мектептегі  оқу  және  тәрбие   үрдісін  қиындатып , күрделендіруі  мүмкін. Сондықтан  педагогтар  бұл  дағдырыстың  болуы  нормада  және оның  қажет  екенін  түсіндіруі  керек.

Л.С. Выготский байқауынша, адамның  дамуындағы  маңызды  дағдырысты кезең, дағдырыс немесе  сыни  кезең  позитивті сапалы өзгерістер  кезеңі нәтижесінде тұлғаның  жаңа сападағы  дамуына  ауысу кезеңі.

Жеткіншектің дамуындағы биологиялық фактор проблемасы баланың ағзасында нақ осы шақта биологиялық толасуы жолына түбегейлі өзгерістердің болынан туындайды.

Организмнің қайта құрылуы эндокридік жүйедегі өзгерістерден басталады. Гипофиздің, әсіресе оның алдыңғы бөлігінің қызметі күшейеді, ал гормондары талшықтардың өсуіне және ішкі секрецияның басқа да өте маңызды бездерінің (қалқан жыныс, бүйрек үсті бездерінің) қызметіне қолайлы жағдай жасайды. Олардың қызметі жеткіншектердің организміндегі көптеген өзгерістер, соның ішінде неғұрлым анық көрінетін өзгерістер туғызады. Яғни жыныс органдарының дамуы екінші жыныстық белгілердің көрінуі. Бұл үрдістер қыз балаларда 11-13 жаста, ер балаларда 13- 15 жаста неғұрлым жедел жүреді. Дене күшінің толысуы мен жыныстық жетілудің акселерациясы байқалған кезде кейбір қыздар 10- 11, ер балалар 12- 13 жаста жыныстық жетілудің бастапқы сатысында болады.

Бойдың ұзаруы, салмақтың артуы, кеуде клеткасының шеңберінің өсуі- жеткіншектік шақтағы дене толысуының өзіне тән жағдайлар, бұлар «күрт өсуі» деген ерекше терминмен белгіленеді. Осының нәтижесінде баланың пішінімен салыстырғанда жеткіншектің пішіні өзгереді, дененің пропорциясы ересек адамға тән пропорцияға жақындайды. Бас сүйегінің бет бөлігінің жедел жетілуі нәтижесінд бет әлпеті де өзгереді. Жеткіншектік кезеңінде омыртқа жылдық өсуінде бойдың ұзару қарқыны қалып қояды.

Жеткіншектің жыныстық жетілуі кезінде интеллектілік даму жолына аса маңызды қадам жасайды. Ол кешендік ойлаудан ұғымдармен ойлауға өтеді. Ұғымдардың қалыптасуы және оған сүйеніп әрекеттену - осы кезеңде табылатын маңызды жаңалық.

Г.Гегельдің көзқарасы бойынша, баланың жеткіншектен айырмашылығы - адамның өзіндегі заттарды және өзі үшін заттарды айыра білуінде.

Жеткіншектердің психологияда өзекті де, күрделі мәселелерінің бірі - жеткіншек жастағылардың өзін - өзі бағалау мәселелері.

Өзінің ерекшеліктерін білгісі келудің, өзіне ден қойып, өзі туралы ойлай бастаудың шығуы - жеткіншек жастағы балаларға тән ерекшелік. Өзін-өзі бағалау адамның өз іс-әрекетінің реттелуіне тікелей қатысушы жеке адамдық құрылым, жеке адамның автономды мінездемесі, жеке адам белсенділігінің орталық компоненті ретінде алынады. Адамның өз дене күшін, ақыл-ой қабілетін, іс-әрекет мотивтері мен мақсатын, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын сезінуі өзіндік бағалау арқылы жүзеге асады. Өзіндік бағалаудың ерекшелігі көптеген сезімдердің ерекшеліктеріне, жеке тұлғаны тәрбиелеу қарым-қатынасы  мен талаптану деңгейіне тәуелді.Адамның өзін-өзі бағалауы не тым жоғары, не өте төмен  болуы мүмкін екенін ескеретін болсақ, бұл екеуі де адам өмірін ауырлатады. Адекватты емес өзін-өзі бағалау, сол адамның өзіне ғана емес онымен өндірістік, тұрмыстық және т.б. қатынастардағы адам өміріне де жағымсыз әсер етеді. Өзін-өзі бағалаудың маңыздылығы: істеген істері мен жеткен жетістіктердің нәтижесін бағалау.

Саналы түрде өзін-өзі басқарудың ядросы өзін-өзі бағалау екені белгілі. И.С.Кон, А.И.Липкина, Е.И.Саванько, А.М.Прихожан, А.Е.Серебрякованың пікірілерінше, жеткіншек жасы өзін-өзі бағалауын қалыптастыру үшін қолайлы. Сондықтан осы жас кезенінде  оның дамуын зерттеу, басқару процесінің маңызды құрылымы ретінде өзін-өзі бағалау қызметінің ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді.

Жеткіншектің жеке басының дамуындағы маңызды фактор оның үлкендер мен  құрдастары арасына қанағаттанарлық қатынас құруға бағытталған әлеуметтік жеке белсенділігі. Сонымен өзін-өзі бағалаудың теориялық әдістемелік аспектілері терең және жан-жақты қарастыруды талап етеді. Жеткіншек жасындағылардың өзіндік бағалауының дұрыс қалыптасуына ата-аналар мен психологтың әсері зор. Өзіндік бағалау оқушының өзінің жеке бас ерекшеліктерін білуде, тұлғасының дұрыс дамуында адекватты болғаны өте маңызды. Баланың өзіндік бағалауы, оның өзіне қатынасын және өзін қабылдауын, көбінесе оның мінез-құлқы мен үлгерімін анықтайды. Адекватты емес өзіндік бағалау баланың жағымсыз мінезінің қалыптасуына мүмкіндік туғызады, оның әлеуметтік пісіп жетілуін тежейді, жеке тұлғаның бірқалыпты дұрыс дамуына кедергі жасайды. Сонымен оқушы бойында өзін-өзі бағалау кезінде өз мүмкіншілігін бағалауға деген мақсат қалыптасуы керек, бұл өзіндік бағалаудың негізгі компоненттерінің бірі болып табылады.

 

 

 

 

 

1.2. Жеткіншек шақтағы тұлғаның мінез-құлық ауытқушылықтары

     Мектепте жұмыс істейтін  педагогтар, тәрбиешілер балаларды оқытып-тәрбиелеу барысында, сабақтан көп қалатын, тәртібі нашар, білім деңгейі төмен, құрбыларымен тіл табыса алмайтын, ашуланшақ, бұзақылықтар жасайтын балаларды жиі кездестіреді. Психолог мамандар мұндай оқушыларды «Қиын балалар», «Мінез-құлқында ауытқуы бар оқушылар», «Қиын тәрбиеленуші» қатарына жатқызады.

Қиын бала деген кім? Қиын баланың пайда болуына не немесе кім ықпал етеді? деген сұрақтар амалсыздан туындайды.

Ауытқушылық мінез-құлық деп әлеуметтік нормадан ауытқуды айтады.

Оны қоғамда қабылданған өлшемдерге әрекет жүйесі ретінде анықтайды. Ауытқушылық мінез-құлық әртүрлі формада көрінгеніне қарамастан олардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Ішімдік ішу, наша қолдану, агрессивті мінез-құлық тағы басқалар бір тұтастықты көрсетеді.

Мінез-құлықтың ауытқушылығы (тәртіпсіздігі) мәселесіне ең алғаш көңіл бөліп қараған жаңа автор Л.С.Славина болды. Мұндай мінезге ол аффектілі (жан күйзелісі қайғыру) психологиялық ерекшелігін алды және бұл саладағы балаларды екі топқа бөліп қарастырады:

  • балалардың тәртіпсіздігінің себебі мінез-құлықтың дұрыс жағдай қалыптаспауы салдарынан өте күшті эмоциалды қайғыру жеке жан күйзелісінен болады;
  • балалардың тәртіпсіздігінің себебіне мінез-құлық ережелерімен санаспау, бұл ережелерді білмеу, өзінің мінезін көп жағдайды меңгермеуді жатқызады.

В.В. Трифанов атап көрсеткендей, ауытқымалы мінез-құлықты жеткіншек - бұл күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша уақыт бөліп қарауды, мұғалімнің ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық еңбегін қажетсінетін бала [5].

Белгілі ғалымдар Б.Г. Ананьев, Л.И. Божович зерттеулерінде мұғалім мен бала арасындағы қарым-қатынас, баланың ата-анасына және құрбыларына қарым-қатынасын анықтап, эксперименттік түрде зерттеп көрсеткен. Жалпы ғалымдардың зерттеулеріне сүйенетін болсақ, бала мінез-құлқының қиындығы 6-8 сыныптарда, яғни жеткіншектік кезеңде,  әсіресе ұл балаларда басымырақ байқалады деген.  Алайда, көбінесе, «қиын оқушы» дегенде тек ұл балаларды ғана сөз етіп, сыңар жақтылық танытып жүргенімізді жасырмаған жөн. Қыз бала қаға берісте назардан тыс қалып, олардың ертеңіне көрнеу көзге қиянаттық жасап жүргенімізді несіне жасырмақпыз? Түптің-түбінде шариғат заңы бойынша ұзатылған қыздың тәрбиесіне тек қыздар кеңесі жауапты деу мүлдем түсінбеушілік. Күні ертен «қыз күнінде қыздың бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығатынын» ескермейміз.

И.А. Кон ауытқушы мінез-құлықты психикалық денсаулық, құқық, мәдениет немесе мораль қалыптарының жалпы қабылданған қалыптардан ауытқыған әрекет жүйелері ретінде қарастырады [6].

Жеткіншектердің ауытқушы мінез-құлықын ағылшын психологтары Хевитт пен Дженкинс үлкен екі категорияға бөлді.

  • бұл  психикалық денсаулық қалыптарынан ауытқу.
  • бұл әлеуметтік-мәдени нормаларды, әсіресе құқықтық норманы бұзатын антиәлеуметтік іс-әрекеті.

С. А. Беличева жеткіншектердің ауытқушы мінез-құлықының әлеуметік ауытқуын былайша жіктеді [7]:

  • Пайдакүнімдік бағытта құқық бұзушылық: материалдық, қаржылық, дүниемүліктік пайда табуға ұмтылуымен байланысты (ұрлау, тонау, алып- сату, алаяқтық және т.б.);
  • Агрессиялық бағытта құқық бұзушылық: адамға қарсы бағытталған әрекеттермен байланысты (балағаттау, бұзақылық, ұрып- соғу, зорлау, өлтіру);
  • Әлеуметік енжар тип: белсенді өмір сүруден қашуға, азаматтық борышын өтеуден құтылуға, жеке және әлеуметтік мәселелерді шешкісі келмеуге ұмтылу (жұмыстан, оқудан бас тарту, кезбелік, маскүнемдік, нашақорлық, токсикомания, өзіне-өзі қол жұмсау)

Бүкіл әлемдік денсаулықты сақтау ұйымы берген мәлімет бойынша дүние жүзінде жыл бойы 500 мың адамдар өз өмірлерін қияды. Бүкіл әлемдік денсаулықты сақтау ұйымының соңғы мәліметтері бойынша жеткіншектер арасында өзін-өзі өлтіру екі есе артып кетті. Суицид термині итальян психологы Г. Дэзен 1947 жылы енгізіп, оны “өзін-өзі өлтіруге әрекет ету” - деп түсіндіреді.

А.Г. Амбрумова суицидальді мінез-құлқы бар 770 балаларды зерттей келе, олардың арасындағы  51%   өзін-өзі өлтіруге әрекет ететін жеткіншек жастағы балалар екенін анықтады.  Осы жасқа байланысты Железова бұл балалардың көбінің мінез-құлқында ауытқулары бар балалар құрайды деген.

Қазіргі кездегі жеткіншектердің суицидке бару себебі, олардың өмір тәжірибелерінің болмауынан, олардың алдарына қойған мақсаттарына жете алмау себептеріне байланысты және өмір қиындықтарына шыдамауына байланысты болады.

Қазіргі уақытта біздің ең негізгі абыржуымыз - ол жеткіншек тағдырының қиындығы, яғни қиын балалардың тәрбиесі, олардың проблемалары қарастырылып отырған өзекті проблемалардың бірі болып саналады. Жеткіншек арасындағы тәртіп бұзушылық көп белең алып келеді.

       Психологтар мен педагогтардың зерттеу жұмыстарының дәлелдеуінше қиын балалардың пайда болуына негізгі  себепші факторлар:

1.Қоғамда болып жатқан үрдістер: заңдардың және құқық қорғаушы  органдардың жетілмегендігі, қылмыстардың  жазаланбауы, жұмыссыздық, экономикалық  тұрмысы төмен балалы  отбасыларға әлеуметтік кепілдіктердің және мемлекеттік қолдаудың жоқтығы, ұлттық құндылықтарға мән бермеуі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы зорлық-зомбылық және қатігездікті насихаттау, темекіге, ішімдікке, нашақорлық заттарға жолдың ашықтығы.

2.Жанұяның жағдайы, оның атмосферасы: толық емес отбасы, отбасының  материалдық жағдайы, ата-аналардың  төмен әлеуметтік-мәдени деңгейі, отбасындағы тәрбие стилі, баланың  өзіндік құндылығын жоққа шығару, ата-аналардың ішімдікті,  нашақорлық  заттарды теріс пайдалануы.

3. Мектепішілік өмірдің жеткіліксіз  ұйымдастырылуы:оқу мен тәрбие  үрдісін басқаруды ұйымдастырудың  толық жетілмегендігі, пәндік мұғалімдердің  жетіспеушілігі, сабақтардың жиі  болмауы, қоғам арқылы айналыспайтын  ата-аналарға ықпал ететін тілектердің және мектептің оқушылар отбасымен жүйелі байланыстың жоқтығы.

И.А. Невскийдің түсіндіруінше, көптеген жылдың оқу мен бақылау негізінде қиындықпен тәрбиеленетін баланың пайда болуын, балалармен отбасында, мектепте жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының жеткіліксіздігінен, кемеліне жетпеген педогогикалық қарым-қатынас нәтижесі.

Жеткіншектер қазіргі кезеңде тез өзгермелі мәдениетте, хаос және тұрақсыз, құбылмалы ортада өмір сүреді. Мұның өзі қылмыстың жоғарылауына әсер етеді. Бұрынғы баға жетпес құндылықтар күмәндану, сенімсіздік сезімдерін тудыра бастады. Мысалы, отбасы ертеректе, сенімді, қауіпсіз ошақ болса, қазіргі кезде, жанұядағы келіспеушілік, түсініспеушілік әсерінен үлкен мәселелерге (өз-өзіне қол жұмсау, қылмысқа бару, т.б.), итермелуші себептерінің біріне айналып отыр.

Мектептегі үлгерім заң бұзуға, қылмыс жасауға итермелейтін фактордың бірі болып табылып отыр. Данхем және Алперт мектепті тастап кеткен 137 жеткіншекті зерттей келе, мектепті тастаудың 10 себебін көрсеткен:

  • мектептегі баланың тәртібінің нашарлығы;
  • оқуға деген ынтаның болмауы;
  • сынаптастарының кері әсері;
  • ата-анасымен қарым-қатынасының нашарлығы;
  • түсініспеушіліктің болуы;
  • мектептегі жетістіктерінің төмендігі;
  • нашар бағалар;
  • сыныптағы тәртібінің жамандығы;
  • мектеп программасын алып жүре алмауы;
  • мұғалімдермен және ата-анасымен ортақ тіл табыса алмауы -

бұның барлығы осындай оқушылардың қылмысқа, заң бұзушылыққа итермелейтін факторлар. Бұлар оқушылардың психикасына кері әсер етеді. Осы кезде бұл жеткіншектер “тыныштық бұзушылар” болып табылады. Мұғалімдер мен әкімшіліктің кері әсері, жеткіншектердің жаман тәрбиесін әрі қарай шиеленістере түсіп, жеткіншектің сабақ босатуының жиіленуіне, алкоголь мен есірткінің қабылдауына итермелейді.

А.С. Макаренконың пікірінше, егер бала бұзақы болса, онда оған бала кінәлі емес. Педагогикалық әдістер кінәлі.

Жеткіншектердің тұлға ретінде қалыптасуына, қоғамда жүруіне – жанұядағы психологиялық жағдайдың әсері үлкен. Педагог-психологтардың қызығушылықтарын тудыратын жанұялық өзара қатынастар аспектісі-ол, балаларын «дұрыс жолға салу» немесе мінез-құлықтарын өзгертуге басты мақсат деп санайтын ата-ананың жасайтын әрекеттері.

Жанұя тәрбиесі - ол қасиеттер мен дағдыларды қалыптастыру мақсатында ата-аналарымен жүзеге асырылатын мақсатты бағдарланған, саналы әсер ету. Жеткіншектің ата-анасымен толыққанды өзара қатынаста болуы оның тұлғасының, сәтті әлеуметтенуінің маңызды факторы болып табылады.

Б.Момышұлының тұжырымдауынша, бала нені білсе жастан-ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан. Ата-анадан өсіп, ұрпақ тараған, жақсы, жаман болса бала - солардан.

А.В. Мудрик барлық әр алуан жанұяларды ондағы билейтін атмосфераға байланысты шартты түрде бірнеше топқа бөлуді ұсынды. Осы позиция негізінде ол жанұяның келесі түрлерін бөліп көрсетті:

  1. ата-анасы мен балалары арасында өте жақын, достық қатыныстар қалыптасқан жанұя. Осындай көзқарасты ұстанатын жанұя жеткіншектің дұрыс дамуына әлдеқайда қолайлы әсер етеді, өйткені, ата-аналары баласының көптеген ойлары мен уайымдарын, іс- әрекеттерін біліп қана қоймай, өмірінің кейбір сфераларына әсерін тигізіп отырады. Ондай жанұядағы жеткіншек әдетте белсенді, тәуелсіз және мейірімді болып келеді.
  2. Қалыпты жанұяға ата-ана мен балалары арасында мейірімді қатынастың болуы тән. Ата-аналары мүмкіншіліктеріне сәйкес балаларының өміріне қызығушылық танытып, рухани қызығушылықтарына өз әсерлерін тигізуге ырысады. Әрине, бұндай жанұяларда қақтығыстар болып тұрады, бірақ ашық түрде емес. Бұл топтың алдынғысынан айырмашылығы, мұнда үлкендер мен балалар арасында белгілі дистанция сақталып отырады. Мұндай жанұяда жеткіншектер тілалғыш, әдепті, жайдары және көнгіш, бірақта өзінің тәуелсіздігін нақтылауда әлсіз бағдарланған болып келуі мүмкін.
  3. Жанұяның ерекше тобын ата-аналары мен балаларының оқуы мен күнделікті өміріне ғана мән беруімен шектелетін жанұялар құрайды. Мұнда ең бастысы- баласын адам қылу немесе елден кем етпей жеткізу. Жанұяның материалдық қамтамасыздығы жеткіншектің қажеттіліктерін әрқашан қанағаттандырмайды.
  4. Белгілі бір топ ата-аналары тәрбиелеудің дұрыс емес жолын қолданады. Ол жеткіншек тұлғасын сыйламау, сенімсіздік таныту. Мұндай жанұяда ата-ана мен жеткіншек арасындағы қақтығыстың ашық та, жасырын да түрі кездеседі. Осындай жанұядан шыққан жеткіншекте ата-анасына деген өшпенділік, жалпы үлкендерге деген сенімсіздік сезімі қалыптасып, құрбы-құрдастарымен және қоршаған ортасымен қарым-қатынасында қиыншылықтар туындайды.
  5. Қолайсыз жанұя тобы. Мұнда ата-аналары арасындағы өзара қатынастар қалыпсыз, жанұядағы жағдай кернеулі, жеткіншек пен ата-анасы арасындағы қатынастары әдепсіз. Осындай жанұя балаға кері әсерін тигізеді.

  Көптеген өмірде болып жатқан  жағдайлар құқық бұзушы балалар  мен ата-анасынан бақылағанда, отбасы  жағдайының жалпы келеңсіз жақтары, отбасы тәрбиесінің бұзылуы, баланың  жанына қатты әсер ететінін, оның  тәртіп жағынан құлдырап, мінезінде ауытқулар туғызып, құқық бұзуға дейін әкелетінін дәлелдеп берді.

А.М Решетина, С.Х. Жадыбаев көзқарастары бойынша, баланы адам етіп қалыптастыру бастамасы ең кішкентай әлеуметтік орта - отбасында жүзеге асады.

Отбасы дегеніміз - туысқандық байланыста болатын, бірлесіп әлеуметтік тұрмыста өмір сүретін адамдар.

Бүгінгі таңда миллиондаған бала мектептен кейін бос пәтерге қайтып оралады. Ал, жұмыстан өте шаршап келген әке-шешенің ойы баласында емес әлі де жұмыста болады. Көптеген жеткіншектер әке-шеше көңілінің жылулығын толығымен сезінбей өседі.

Медицина ғылымының докторы  М. Андреевнаның  пікірінше, ата-ана тәрбиесінің кейінгі он жылдықта байқалған тенденциясының нәтижесі балалардың ата-анасынан алыстауына, араласуға жоқ, оқуға зауықсыз, тәрбиеге көнгісіздіке алып келуінде. Ал ата-ананың көбісі қоғамның оларға байлаған материалдық және карьера қуу кұлдығының тұзағына түскен. Нәтижесінде олардың көп уақыты ақша табуға, одан қалса оны жұмсауға кетеді. Яғни олардың өз балаларын қарауға уақыттары да қалмайды. Әке-шешенің балаға көңіл бөлмеуі - жеткіншектерді проблемаға апаратын тура жолға айналады. Ата-анасының ықпалы жоғала жеткіншек балалар тығыз байланыстан айырылып, оның отбасыдан бөлінуі басталады.

А.С. Макаренко айтуынша, қараусыз балалардың жағдайы жетім балаларға қарағанда, көп жағдайда күрделі де қауіпті.

Жеткіншекке отбасында қандай өзгеріс әсер етуі мүмкін? Зерттеулерге көз жіберетін болсақ, әрбір 18-ге толмаған баланың 3-сі өз отбасындағы ата-анасының ажырасу процесінің куәгері болған. Отбасының бұзылуы әр баланы ауыр жан күйзелісіне түсіреді. Психологтардың айтуынша, қарым қатынасы бұзылмаған отбасы баласына қарағанда әке-шешесі жақында ғана ажырасқан отбасы балаларының мінез-құлқы өзгеріп, сабаққа үлгеру төмендеп кетеді екен.

Н.И. Озерский «Ата-ана ажырасуынының кәмілетке жасы толмағандар құқық бұзушылығына әсері» деген кітабында атап көрсеткендей, ажырасудың көбеюі балалар құқық бұзушылығының өсуіне тікелей қатысы бар.

Ажырасу процесі баланың өзін-өзі құрметтеп - сыйлау эмоциясына да кері әсерін тигізеді. Балада өзіне, бар әлемге деген жек көрініс сезімі пайда болады, жеткіншектерді қатты күйзелтеді, мінезіне әсер етеді және құқық бұзуға итермелейді. Ата-анасының некесінің дұрыс болмауы, олардың бір-біріне реніші, күнделікті ұрыс, төбелес- баланың дамуына өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай жағдайда бала ата-ананың қайсысы дұрыс айтып тұрғанын, қайсысын қолдау керектігін білмей дағдарады. Бұндайды көрген бала ата-анаға деген махаббатын жоғалтып, немқұрайлы қарауды дағдыға айналдырады. Осыдан барып, олардың бойында өзін қорғау ретінде, сөз айтқан адамға тіке жауап беру, өшпенділік, мінез көрсету секілді әдеттер пайда болады. Көптеген жеткіншектер үйде аз болуға, ата-анасы, туыстарымен кездесуден қашуға бейімделіп, жалғыз күй кешеді. Бұндай балалар елдің ықпалына тез көніп, құқық бұзу жолына тез түсетені сондықтан.

Жеткіншек шақтағы психологиялық дамудың теориялық аспектілері