Публицистика
1.Кіріспе
Адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі - сөз өнері. Сонау көне замандардан бастап қазірге дейінгі адам ақыл-ойының маржандары сөз арқылы бізге жетті. Өмірде болған небір оқиғалар мен құбылыстарды, тіршіліктің алуан түсті бояулары мен айшықтарын келер ұрпаққа жеткізетін де сол өлмейтін сөз.
«Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яғни қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз - осылай шығарған сөз...[1;28]»-деп
Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы.
Өткеніміз бен бүгінімізге тәуелсіз ел тұғырынан қарайтын бақытты күндер туды. Қазақтың публицистикасы қазақ халқының өсіп-өркендеу жолындағы жолбасшысы, ойсерігі, бағдаршамы іспеттес.
Ұлттық публицистика өнеріне неғұрлым шынайы, неғұрлым еркін қарап, бағалап, парықтау мүмкіндігіне жол ашылып отыр. Бұл қажеттіліктен туған мүмкіндік, әрі мүмкіндіктен туған қажеттілік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мемлекеттік тіл туралы бір толғанысында: «...Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!?"[30;2] - деп тебіреніпті. Сол туған тіліміздің барлық қадір-қасиетін "бойына сіңірген қазақ публицистикасы еліміз жүріп өткен ұзақ жолдың шежіресі бола білді. Жұрт қиналса, демеу болып, жігер отын жаныды, намыс рухын оятты, ұлт қуанса, медеу болып жарқын жолға бастады, биік белестерді бағындыруға шақырды. Сөйтіп, қазақ публицистикасы ұлттың рухани байлығының ажырамас бөлігіне айналды. Оның ғажаптығының өзі сонда - публицистика белгілі бір кезеңдегі болған белгілі бір нақтылы оқиғаны айна-қатесіз бүгін көз алдымызға әкеледі. Сол кезде не болды, қалай болды, кімдер өмір сүрді, олар қандай әрекет, мінез көрсетті? Міне осы сауалдардың бәріне публицистикалық шығармалардан жауап таба аламыз. Өткенді бүгінге, бүгінді болашаққа жалғап тұрған ақиқат көпірін көргіңіз келсе — ол публицистика өнері.
Публицистика терминінің төркіні латынның «publicus» деген сөзіне барып тіреледі. Қазақша мағынасы «қоғамдық» деген мағынаны білдіреді. «Төл тіліміздегі баламасын алғаш ғылыми айналымға енгізген – ардақты Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы. Ол өзінің әдебиет танытқыш атты атақты еңбегінде көсемсөз ұғымын публицистика баламасы ретінде қолданады» [29;26].
Публицистиканың қазіргі таңда көтерер жүгі ауыр әрі сыны басым деуге болар. Уақыт талабына дәл жауап беруде басты объект адам болғандықтан, қоғамдағы өзекті проблемаларды жан-жақты таныту үлкен жауапкершілікпен қатар, тілдік шеберлікті талап ететіні сөзсіз.
Қазақ публицистикасының тақырыптық, мазмұндық жағын өзінше дамытып, өз үлесін қосқан белгілі жазушы-журналистеріміздің шығармашылығындағы тілдік шеберліктің әдіс-тәсілдерін терең зерттеу – келешек журналистиканың арқа сүйер мектебін қалыптастыру деген сөз. Сондықтан қазақ журналистикасында қаламгерлік қуаты жағынан дараланатын авторлар нысанаға алынып, терең зерттелуі тиіс. Қазақ публицистикасының бастауы деп Ш.Уәлихановтың «Жоңғар очерктері», Б.Майлиннің «Алыпты аралағанда», І.Жансүгіровтің «Жарыс», «Соқашылар» атты очерктерін айтсақ болады. ХХ ғасырдың басы, қазақ баспасөзі үшін жаңаша даму дәуірі болды. Отан соғысы кезінде Б.Бұлқышевтің, М.Ғабдуллиннің, Б.Момышұлының, Ә.Сәрсенбаевтің, Ж.Жұмақановтың, П.Кузнецовтың көптеген очерктері жарық көрді. М.Әуезовтің «Түрксиб солай туған», С. Мұқановтың «Саяхаттар», «Алыптың адамы», кітаптары мен «Цейлон шеруі», «Адам атаның шоқысы», атты жолжазба очеріктерінің дүниетанымдық, этнографиялық маңызы ерекше сипатқа ие туындылар. Ғ.Мүсіреповтің «Отарлар оралып келеді», А. Тоқмағанбетовтың «Ақ күріштің атасы», И.Шуховтың «Теміртау», М.Иманжановтың «Тыңдағылар», Ә.Нұршайықовтың «Алыстағы ауданда», Х.Ерғалиевтің «Өмір шежіресі» деген очерктері жарияланды. [29;72] Мұны қазақ публицистикасындағы дәстүр жалғастығы, қалыптасып келе жатқан журналистика мектебі десек артық айтқандығымыз емес.
Публицистика саласында сара жол қалыптастырған әрбір тұлға тілінің ерекшелігі – оның тағылымы. Газет-журнал беттерінде жарық көрген жарияланымдардағы көркемдеу тәсілдері – шеберлілігінің айнасы болып табылады. Публицистикалық жанрда оқырман ықыласына бөленген, өзіндік суреткерлік қолтаңбасымен айрықша есте қалған қаламгерлер саны аса көп емес. Әсіресе, XX ғасырдың 20-30 жылдары қазақ прозасында өз туындыларымен топты жарып, қара үзіп шыққан қаншама қаламгер бар десек, ойымызға М. Әуезов, С. Мұқанов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, I. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Б. Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, І.Есенберлин секілді майталман қаламгерлерді ескеру қажет. Бұл суреткерлердің жазғаны әлдеқашан әдебиетіміздің алтын қорына қосылды. Енді ұлтымыздың рухани санатында кейінгі толқын қаламгерлерге суреткерлік шеберліктің, жазушылық талап пен талғамның айнымас өлшеміндей болып отыр. Осындай құнды көркем туындыларды дүниеге келтірген құнарлы орта, әдеби дәстүр қазақ прозасының 1960-1980 жылдардағы кезеңіне де өз әсерін тигізді. Осы жылдардағы ат төбеліндей, аздаған дарынды шоғырдың бел ортасында жазушы Оралхан Бөкеевтің әдеби шығармашылығы оқ бойы озық көзге түсті. Өзіндік публицистикалық ұстанымы бар жазушы, табиғат пен адам, өркениет пен сана тартысын тіпті журналистикалық шындықтың өзін өз туындыларында көрсете білді, публицистикалық стильде өз жолын қалыптастырды, өзінен кейінгі ұрпаққа жол көрсетті.
Оралханның қаламгерлік даңқына, атақты жазушы болып қалыптасуына өз септігін тигізген - оның публицистика жанрындағы сүрлеу-соқпағы.
Публицистика өз алдына көркем тіл орамын ғана емес, тыңғылықты зерттеуді де қажет ететіні аян. Есімі еліміздің әдебиетін ғана жаңғыртпай, дүниенің төрт құбыласына тараған жазушының публицистикасы оны қанағаттандырып қана қоймай, жазушылық қызметінде көркемдік әлемнің қалыптасуына мол мүмкіндіктер жасады. Ол публицистикамен айналысқан жылдары адамның барша болмыс-бітімі мен ішкі дүниесіндегі жан әлеміне зерттеулер жүргізуі арқылы, прозалық әйгілі туындыларына көркемдік ізденістерді, эстетикалық идеалды тапты.
Дипломдық жұмыстың өзектілігі:
Барлық салалары мен өзара ықпал-әсер аясында өсетін дербес жанрлары ғасырлар бойы жетіле толысу арқылы қалыптасып келе жатқан әдебиет үшін көркемдік дамуыдың болашақ мүмкіндіктері де, жинақталған бай эстетикалық тәжірибе де бірдей маңызды. Әрдайым марқаю үстіндегі әдебиет қашанда соны көркемдік ізденістерге жол ашып отырмақ.
Публицистика саласы жылдан жылға сан түрлі сипатқа ие болып, түр мен мазмұн жағынан биік сатыға көтеріліп келеді. Қазақ публицистикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан белгілі қазақ қайраткерлерінің туындылары қашан да жоғары бағаланады. Қанша заман ағылып өтсе де, шығармаларда тақырып, мазмұн, идея сияқты автор даралығын айқын көрсетіп тұратын тілдік ерекшеліктерінің құндылығы жоғалмақ емес.
Ұлттық публицистикамыздың майталманы Оралхан Бөкеевтің көркемдік әлеміне жаңаша көзқарас, ғылыми-теориялық талдау тұрғысынан қарастырып, зерттеу бүгінгі әдебиеттану ғылымының алдында тұрған міндет болып табылады.
Қазіргі қазақ публицистикасының ішіндегі өзіндік стиль қалыптастырған Оралхан Бөкейдің туындыларын жаңаша көзқараспен қарастыру осындай өзектіліктен туып отыр.
Дипломдық жұмыстың нысаны:
Оралхан Бөкеевтің публицистикалық шығармалары.
Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері:
Жұмыстың басты мақсаты – Оралхан Бөкейдің публицистикалық шығармаларындағы ерекшеліктерді зерттеу.
Осы мақсат – мұраттарды жүзеге асыру үшін жұмыстың алдына төмендегідей нақты міндеттер қойдық:
О. Бөкеевтің өміріне, қызметіне жалпы шолу жасау;
Оралхан публицистикасына жалпы шолу жасау;
Оралхан публицистикасының ғалым пікірлеріне талдау жасау;
Оралхан Бөкеевтің публицистикасының өзіндік ерекшеліктеріне сипаттама беру.
Дипломдық жұмыстың ғылыми жаңалығы:
Оралхан Бөкеевтің публицистикасында қозғалған ойлар желісін маңыздылығы бүгінгі күнде тәуелсіз еліміздің ұстанған бағытының бастауы іспетті. Торераннтылық, адамгершілік, этика-эстетикалық нормалардың арақатынасын публицист туындыларынан анықтау – жұмыстың негізгі жаналығы болып саналады.
Дипломдық жұмысының теориялық және практикалық маңызы:
Жұмыстың негізгі тұжырымдары мен нәтижелері әдебиет теориясы мен тарихындағы әдеби бағыт, ағым, көркемдік әдіс мәселелерін талдап, түсінуде үлес қосады.
Дипломдық жұмысының материалдарын орта және жоғарғы оқу орындарында «Әдебиет теориясы», «Әдебиеттануға кіріспе», «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәндерін оқып үйрену барысында және арнаулы курстарға, мектеп мұғалімдеріне көмекші ретінде пайдалануға болады.
Дипломдық жұмысқа ұсынылған тұжырым:
Дипломдық жұмыста О. Бөкей публицистикасының табиғаты мен өзіндік ерекшеліктері анықталып, публицистикалық бағыты зерделенді. Публицисттің ой-тұжырымдары қорытылды.
Дипломдық жұмыстың әдісі:
Жұмыста талдау, жинақтау, салыстыру, қорытындылау әдістер басшылыққа алынды.
Дипломдық жұмыстың құрылымы:
Дипломдық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімі төрт тараудан және қорытынды бөлімнен тұрады. Сонымен қатар, пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетілген.
2. Негізгі бөлім
2.1 О. Бөкеевтің өмірі мен шығармашылығы
Оралхан Бөкеев жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болған Оралхан Бөкеев 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келді.
Ол 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген. 1963-1969 жылдары Оралхан Бөкеев С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқыды.
1965-1968 жылдары ол Большенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» («Дидар») газетінде әдеби қызметкер болды.
Оралхан Бөкеев 1968 жылы республикалык «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді.
1974-1983 жылдары Оралхан бөкеев «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды. [24; 128]
Ол өз туған жерін жанындай сүйді, оған мәңгі ғашың болып, сол ұлы махаббатын ақтық демі біткенше қағазға түсіріп өтті. Әдебиетке келудегі мақсаты да сол. «Көкшетау асқан сүлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырады. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан кем емес. Бірақ оны жырға қостын, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ. Мен алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Мен мақсатыма жетемін деп сенемін» [31;24], - деген екен қаламгердің.
Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалык қамқорлығы ерекше әсер етті. Ешкімге белгісіз Шыңғыстайдағы тракторшы баланың бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны алматыға жетелеп әкеп, дуылдаған қаламгерлер қауымының қалың ортасына салды жіберді. өмірінің соңына дейін ол журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрді.
Оның прозасы мен драматургиясында қоғам өмірінің өзекті мәселелері, ар мен азаматтық алдындағы жауапкершілік, рух тазалығы, жаратылыс пен адам арасындағы қарым-қатынас, жалпы адам проблемасы публицистикалық сарында өткір қойылды.
1970 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан «Қамшыгер» атты алғашқы жинағы жас жазушының атағын шығарды. Осы баспадан оның «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным?» (1973), «Мұзтау» (1975) әңгімелер мен повестері шығарылды. Оралхан Бөкеевтің «Ән салады шағылдар» (1978), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984) әңгімелер мен повестері «Жалын» баспасынан жарық көрді. 1986 жылы оның «Құлыным менің» деп аталатын драмалыкқ шығармалары «Өнер» баспасынан, 1987 жылы «Ұйқым келмейді» деп аталатын творчестволық әңгімелері «Жазушы» баспасынан шығарылды.
1976 жылы Оралхан Бөкеев «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды.
Оралхан Бөкеев – есімі дүние жүзіне танымал жазушы. Оралхан Бөкеевтің шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне орыс, ағылшын, француз, неміс, жопан, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған. Оның өзге тілде жарық көоген шығармалары - «След молний», молодая вардия, М, 1978; «Поющие барханы», Советский писатель, М, 1981; «Чағылған», Қырғыстан, Фр., 1981; «След молнии», Христо Данов, Болгария, 1981; «Кербұғы», Эстония, 1981; «Крик», Советский писатель, М, 1984; «Үркер ауып барады», Фольк Унд Вельт, Берлин, 1982 Оралхан Бөкеевтің шығармаларынан «Кісікиік» (1985, режиссері М.Самағұлов), «Сайтан көпір» (1986, режисері Д.Манабаев) көркем фильмдері және «Кербұғы» (1986, балетмейстер б.Аюханов) балеті қойылды.
1994 жылы оралхан Бөкеевтің повестері «Таңдамалы» 1 том болып, 1996 жылы повестері мен романдары «Таңдамалы» 2 том «Жазушы» баспасында жарық көрді.
Оралхан Бөкеев 1993 жылы 17 мамырда Үндістан жерінде, Делиде қайтас болды. [14;15]
Ол халқына адал қызмет етті. Мақсатына өзін-өзі тәррбиелеу, өз бетінше білім алу ізденімпаздығымен жетті, шындық пен образдар қосуын, түнап жатқан қабілеті мен талантын бағалап әдебиет сүюші қауым, зерттеушілер, қаламдас достары Оралханға Кербғғы, Мұзбалағы, Өр Алтайдың күмбезі деген атаулар беріп, биікке көтерді.
Бөкеевтің шығармалары бұрынғы КСРО және көптеген шет ел халықтары тілдеріне аударылған. Шығармаларына адам бейнесі, оның іс-әрекетін әлеуметтік-қоғамдық жағдайлармен астастыра, реалистік-романтикалық табиғатын қанық беру тән. Бөкеев өз қатарынан айқын даралық стилімен көрінген суреткер.
О.Бөкеев әу бастан - әдебиеттің киелі босағасын аттаған күннен бері өз заманын, сол заманда ғұмыр кешіп жатқан қарапайым еңбек адамдарын шығармаларына арқау еткен жазушы. Оралханның кейіпкерлері- өзіміз күнделікті көріп, араласып жүрген замандастарымыз. "Жетім бота", "Мынау аппақ дүние" повестерін, ондағы Тасжан, Нұрлан, Луйза бейнелері поэзия тілімен өрнектелген деуге болады. "Бәрі де майдан" повесіндегі Ақан мен Құмырай- адалдық пен арамдықтың, қарапайымдылық пен қатыгездіктің бітіспес күресін көрсететін типтік бейнелер.
Оралханның қазақ әдебиетінде салып кеткен өзіндік жолы бар. Жазушы Алтайды, еңбектің сан түрлі саласында ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген адамдарын тек өзіне ғана сыйымды, ғажап пейілмен сүйе білді. Олардың сан - салалы, қилы-қилы тағдырларын өзінің үлкенді -кішілі шығармаларына өзек етті. Жазушының қандай да бір шығармасын қолымызға алып, парақтай бастасақ оның әр бетінен ауыл иісі, ауыл тұрмысы аңқып тұрады[8;92].
Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесіндегі үш жігіттің табан тіреген «Қоңқай мемлекетінің» кейіпкері өзгеше бір ортаға тап болады. Ол ортаның өмір сүру заңдылығы да әр түрлі. Кейіпкерлері де бір бөлек. Өмірдегі адамдарға ұқсамайтын, мифтік ертегіде ғана кездесетін бейнелерді ұшыратамыз. Оралхан Бөкейдің Қоңқайы – жырақта өмір сүріп жатқан, ортасынан жатсынған, оңаша, оқшау тірлікті қалайтын қызық адам . Бір қарағанда ойлауы да қызық, өмір сүру қағидасы да оқшау осы бір Қоңқай образының астарында авторлық танымнан туған сыр жатқан сияқты.
Жазушы елу жыл бойы осы Айыртауда арыстандай айбат шегіп, ошағының отын сөндірмей отырған Қоңқай бейнесіне әр қырынан талдау жасап, соны ой түйіп, саралайды. «Қоңқай жалғыз емес, - дейді автор, - Қоңқай дегеніміз өз қара басының амандығын тілеген әр қазақтың жүрегінде» деп, ой түйеді. Қоңқай жаққан от – бір кездегі найзаның ұшымен, білектің күшімен, талай қазақтың қанының құнымен келген, бабалар жағып, аманат қып кеткен қазақтың қара шаңырағының мәңгі өшпес киелі оты.
«Мынау қараша үй – менің кішкентай ғана, қарлығаштың ұясындай мемлекетім, қара басымның жалғыз еркіндігі. Бұл – Кіші Қоңқай мемлекеті, түсіңдіңдер ме! Сол қарлығаштың ұясындай мекенімнің қауіпсіздігін көзімнің қарашығындай күзетіп, суверенитетін сақтау үшін алысқанмен алыстым, атысқанмен атыстым. Бұл – менің жанымның, рухымның, жүрегімнің, тіпті бүкіл бостандығымның Отаны». [13, 312] Оралхан Бөкейдің Қоңқайы: «Мен деген – өзіммін, басқа емеспін» деп,, өзінше өмір сүріп, өз мемлекетін құрғысы келеді. Қоңқай сол өзінің титімдей мемлекеті мен от жаққан Отанының шекарасын бұзып, табалдырығын аттағандарға қасық қаны қалғанша аянбай күресіп келеді және әлі де күресіп өтпекші. Суреткердің шығармасының өн-бойында желідей тартылып отыратын – МЕН; ӨЗІМ қолданыстарының өзі экзистенциализм ұғымның антиутопиялық жанр көрінсін айғақтайды. Өз қара басының амандығын тілеген Қоңқай үшін «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген жалған ұранның мәні шамалы. «Қоңқай Қоңқай болғалы өздігінен ешкімді іздемеген, қажетсінбеген, өмірі – қоғамды жатсынуынан туындап отыр», - деген ой түйдіреді авторлық тұжырым. Ал «суверенитет» деген сөздің өзінде үлкен мән жатқан сияқты. Бұл шығарма 60-жылдары жазылғандығын ескере отырып, авторлық таным тұрғысынан бажайласақ, бұл шығарманың астарынан елінің тәуелсіздігін көксеп өткен біртуар азамат, ұлтын сүйген ұлы жүректің арман-тілегін сезінгендейміз. Қазір, тәуелсіз ел болғаннан бері осы «суверенитет» деген сөзді өз қолданысымызға енгіздік қой. Өзіндік МЕНІ көкірегін жара іштей менмұндалап тұрса да, кеңес үкіметінің жүктеген, партиясының міндеттеген БІЗІНІҢ жетегінен шыға алмай, дегендеріне үнсіз көндіккен қазақ халқының бейнесін көреміз. Сонымен қатар шығарма кейіпкерлерінің – үш тағандай болған үш жігіттің есімдерінің атауында да біраз сыр жатқан тәрізді. Қар қызы боп мұнартқан Тәуелсіздікке Нұр мен Бақытқа оранып, Аман жетер күн де туар деген асқақ арманды сезінгендей боламыз.
Қорыта айтқанда, әдебиет табалдырығын 60-жылдары аттаған қос суреткердің асыл мұраты тәуелсіздік екені олар сомдаған образдар арқылы астарлы түрде меңзелген.
1961 жылы Шыңғыстайдағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектепте пионерлік вожатый, кейінірек - «Алтай» совхозында тракторшы болып жұмыс істеген публицист, 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай бітірді. Большенарым ауданындағы "Еңбек туы" газеті мен Шығыс Қазақстан облысының "Коммунизм туы" газетінің редакцияларында жұмыс істеген. 1968 жылдан бастап Алматыда тұрды, жастардың "Лениншіл жас" газеті мен "Жұлдұз" журналының редакцияларында жұмыс істеді. 1991 жылдан бастап "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген жазушы оқырманын өзгеге ұқсамайтын ерекшелігімен таңқалдырды. 1970 жылы Алматыда басылып шыққан, оның «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелердің бірінші жинағы жаңадан бастаған жазушыны танымал етті. Оның барлық прозасы қайырымдылық пен зұлымдық, күш пен қайрат, нағыз және алдамшы рухани құндылықтар туралы ойлауға бағытталған.
Оралхан Бөкей - көркем сөз өнерінің шебері. Оның туындыларының форма жағынан өзіндік ерекшелігі бар. Оның кітаптары неміс, словян, болгар, ағылшын, венгер, араб, қытай, жапон және ТМД халықтарының тілдеріне аударылды. О. Бөкеев - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығының, Н. Островский атындағы бүкілодақтық әдеби сайлықтың, "Молодая гвардия", "Жалын" баспалар сыйлығының лауреаты. «Құрмет белгісі» орденімен, Қаз СРО Президиумының құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Катон-Қарағай ауданының құрметті азаматы. [6; 12].
Осынау шығармашылық жолда қазақ публицистикасына бергені мол жазушының туындылары ерекше стильдік тұрпатқа бай, өзіндік орнын тапқан идеялық, профессионалдық қырлары бүгін биік бағасын алатын сатыға жеткен сияқты.
Қызмет - өнер жолында жүрген қай майталманды болса да шынықтырады. Оралхан Бөкейдің публицистикасын шынықтырған да сол қызметтік жұмыстар мен терең ізденістер деген қорытындыға келеміз.
Жазушы 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторист болып төрт жылдай жұмыс істеген. Жазушы- публицисттың шығармаларындағы тракторшы жігіт, ауыл өмірінің кейбір көріністері суреттерінің бой алдыруы осы бір атқарған қызметінің көрінісі іспетті.
1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекетік ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1969 жылы тәмамдап шығады. 1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық "Еңбек туы" газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары және облыстық "Коммунизм туы" газетінде әдеби қызметкер болған.
1968 жылы республикалық "Лениншіл жас" газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді, осы газетте мәдениет және ғылым, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеді, ал 1974-1983 жылдарда "Жұлдыз" журналы проза бөлімінің меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі болған. Өмірінің соңғы күніне дейін "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторлық қызметін атқарады[29;85 ].
Оның көзі тірісінде де, бақиға аттанған соң да аттандап: "Алтайдың кербұғысы!", "Мұзтаудың мұзбалағы!" деген сынды эпитеттерді өз өмірін жалғастыруда. Әлі күнге Оралхан туралы әңгіме қозғала қалса әлгі эпитеттерді малданып келеміз. Осы астам сөздердің екінші бетіне көп үңіле қоймағанымыз да, үңілуге батпай жүргеніміз де шындық. Үңілуге әрекеттеніп көрелікші.
Бала Орашты, бозбала Оралханды, жазушы әрі қайраткер Бөкеевті танығысы келген кез келген адам оның шығармаларын екі қайтара оқып шықса, сол жеткілікті шығар. Екі қайтара деп отырғаным, жалқы оқумен Бөкеевтің будақ-будақ бу атқылап жатқан иін-иірімдеріне малтығып, тұншығып қаласыз. Оның үстіне екінші қайталағанда Оралханмен ілесіп жеті қат көкті шарлап кеткен көңіліңіз сәл-пәл байсал тартып, жерге түсесіз. Ақбаз дүниенің аппақ тұманының арқасында Орекеңнің жартылай адам, жартылай пері кейіпкерімен бірге адасып жүрген сіз, сансырай шаршағаныңызды сезесіз. Шаршау-салқын қандылықтың өзегі.
Оралхан-жазушылыққа өзін бала кезінен дайындаған адам. Жиырма жасына дейін ел деген, Өр Алтай деген құнарлы да қыз - табиғат өңірдің уызынан қанып ішкен ол, өз санасында сандаған повестер мен сарытап сағыныштарға толы әңгімелердің негізін қалап үлгерген екен. Алтайда жатып асқақ та өршіл дауысымен алты алашты елең еткізген өренді, Алматыдағы қазақ жұртының қаламының желігі бар жастарын құтпан айғыр секілді үйіріне қуып тығатын Шерхан Мұртаза сынды аймүйіз ағасы аяқ- қолын жерге тигізбей астанаға алғызған. Сөйтіп… Қазақтың шоқ жұлдыздарының қатарына мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан, жүрісі де, тұрысы да кербез, жұмбақ, өр де астам, басына сынық түймедей сөз асырмайтын түз тағысы - Кербұғы келіп қосылған….
Публицист-жазушының үлкен, көлемді шығармаларын былай қойғанда, кез келген ұсақ әңгімесінен туған жеріне, тіпті оның әр бұта-қарағанына деген, жалпы адамзат баласына деген алапат сағынышы аңқылдап тұрады. Сағынышсыз адам-құр тұлып. Ал, Оралхандыкі тым ерекше. Туған жерінің төсінде ойнақтап жүріп-ақ әр тал ағашын, әр тал жусанын мың сан еңірей құшады. Сол от-жалынға оранған алапат сағынышына тым ерте өртеніп кетті ме, кім білсін ? [28;25 ].
Кез-келген өнер иесі туралы әріден әңгіме қозғау барысында біз оның өмірін- дайындық, білімін жетілдіру, даму, өсу кезеңдері деп шартты түрде бөліп, бөлшектеп жататынымыз рас. Осы бір шарттылық шеңберіне Оралхан сыймайтын секілді. Себеп мынада: Оралханның қулық пен сұмдыққа толы қитұрқы өмірдің мәні мен мағынасын әлі толық ажырата алмай жүргенде жазылған шығармалары мен кейіндеу жазылған шығармаларын безбендер болсақ, бірін - бірі баса алтай, итжығыс түсіп жатар тұстары көп. Асылық болмасын, тіпті отызында жазылғандары қырық жасындағы "ағаларынан" өр де өршілдеу екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Яғни Оралхан шығармашылыққа өмірдің өзінен дайын келді деген сөз. Оның әдебиет институты да, аспирантурасы да, академиясы да-айналайын ауылы, соның ақеділ адамдары, Өр Алтайы, оның табиғаты болатын. Соған тамсануын тауыса алмай, таңырқауын түгесе алмай көз жұмды. Қат-қат сағыныштрын өзімен бірге ала кетті[19;148].
Оралхан Бөкеев шығармашылығының бастауы ретінде "Сарыарқаның жаңбыры" атты ұзақ әңгімесін атап жүрміз. Бәлкім, дұрыс та шығар. Дегенмен, мен айтар едім, "Сарыарқаның жаңбыры" болашақта дауылдатып, селдетіп өтер автордың оқырмандарына, цензураға жіберген "барлаушы" шығармасы ғана деп. Ол онда аспайды, таспайды. Сұлтанмахмұтпен кеудесіне сырыл араласа бастаған бейкүнә ақынмен бірге байсал күй кешеді. Мұңдасады, сырласады. Алғашқы шер шеменінің шетін шығарады. Оны Махмұттың ауызымен айтқызады. Күркіременің бойындағы ай сәулесінен жасыруға қауқары жоқ сирек талдың жанында, бой түзеп қалған балаң бойжеткенге айтқан өзінің асық жырын Махмұттың аузына салады. Бұл-автор мен оның кейіпкерінің тағдырларындағы ұқсастықтан да шығар.
Оралханды өз биігіне шығарған, "Бөкеев-нағыз талант" дегізген шығармасы - "Мұзтау" повесі. Міне, дәл осы шығармасынан бастап Оралхан Бөкеев қоғаммен, оның кереғарлығымен, адамзатқа қасірет әкелетін сойқанды іс-әрекеттермен тайталасқа түседі. Бөкеевтің мәңгіге бітпес айтысы басталады. Міне, осы "Мұзтаудан" басталған қоғам кереғарлығымен Бөкеевтің жекпе-жегі оның қалған ғұмырындағы шығармаларының лейтмотивіне айналғаны рас[11;58].
Аршалы. Қазақ жерінің күншығыстағы сіргежинар пұшпағы. Жұрты екі- ақ күнде көр-жерін буып-түйіп бел асып, бошалап кеткен, әдірем қалған мекен. Мылқау шешесімен Ақтан ғана қалған. Тағы да бір Ақтанның мұңдасы, тіршілік иесі бар, ол арса-арсасы шыққан Шағырқасқа. Оның да терісі қанжар жүзіндей боп жұқарған, жүдеген. Мынау мүлгіген мылқау тірліктен Шағырқасқа да әбден зәрезеп болған: алқа салқасы шығып жылағысы, белгісіз бір шулы өмірге күңірене кісінеп еніп кеткісі келетін. Бірақ ондай шылбыр үзер тентектікті Шағырқасқаға кім беріпті?! Қайта мынау меңіреу тайгадағы өзі салған, өзі мың сан таптаған сүрлеуімен митың-митың тапырақтағанына, тірлік етіп жүргеніне риза болсың.
Жылқы да болса өз әулетінің тым жуастығына, тым көмпістігіне іштей қан түкіре налитын. Екі аяқтылардың еркіне көндім дегенің, табиғат берген тәуелсіз тірлігіңнен айырылдым деген сөз. Анау жылы бір тентек суға тойып алған, зәр жіберер долы Екі аяқты мұның көзін шұқып та алған. Шағырқасқа аталып жүргені сондықтан, Шағырқасқа екіаяқтылардың қолынан күніне сан рет жем алып жүрсе де оларға сауырын сипатпайтын бұғы, маралдардың ерлігіне қызығатын, Аршалының самырсынды бір сайында туып, соның ғана төсін дүбірлетіп келе жатқан Шағырқасқаның қиялы да қысыр қалған. Аршалы көгінің көкжиегін көмкерген әнеу бір, қол созым жердегі түкті төбемен шектелген. Шіркін, бұғы-маралдардай тәуелсіз болсам-ау дегенді ғана армандайды[20;98].
Шағырқасқаның үстіндегі иесі – Ақтан да жалқы. Жалғыз. Жартылай аң, жартылай адам. Табиғилығына түрен түспеген пенделердің соңғы тұяғы. Өрелдегі өңезкеуделердің аң атап жүргені де сондықтан. Олардың ойынша қулық, сұмдық, аярлық, алаяқтықты меңгермеген жан - Аң.
Ақтанның бар ермегі – ой. Санасына мәңгі тыныштық бермейді. Оралхан өзін шаршатқан, санасын сансыратқан, жауабын табу қияметқайым санаған сұрақтарын Ақан арқылы жарыққа шығарады. Ақтан мен Аңды пікірталасқа түсіру арқылы жауап іздейді. Жақсылық пен жамандықтың қансонарда жерді жапқан аппақ қылаудың бетіндегі қатар жатқан, бәсекелес қос із екендігін, жиі -жиі бастары тоқайласқан сәтте шарпысып, шаптығысып тіпті, қантөгіске де баратынын-қолқасына өгіз тобығы тұрып қалғандай өксікпен өреді.
Ақтан әділетсіздік пен аярлықтың ордасы – күлкітоқ қоғамнан қашып, Алтай тайғасының тағылар ғана мекендейтін түкпірінде табиғилығын сақтап қалу үшін жансауғалап жүрген қияли, ойсоқты адам. Совхоз орталығы Өрелге зәуімен бір бара қалса жиреніш те лас өмірден түңіле қашып тауымен, жалғыздығымен еңіреп табысады. Бұл еркіндігі, еркелігі қаншаға созылары бір аллаға ғана аян[8;59].

- Публицистический стиль и способы его перевода
- Путешествие по родному городу
- Пути достижения сбалансированности бюджета РФ и повышения его устойчивости
- Пути достижения сбалансированности и устойчивости бюджета Калужской области
- Пути и методы совершенствования бюджетной политики и межбюджетных отношений в условиях рыночной экономики
- Пути и методы совершенствования налогообложения коммерческих банков
- Пути и механизмы совершенствования местного самоуправления на примере Администрации Муниципального образования Город Киров
- Психосоматика
- Психотерапия болевых и осттравматических состояний военнослужащих, получивших ранения, травмы и увечья в ходе боевых действий в Чечне
- Психофизиологические особенности обучения детей старшего дошкольного возраста составлению повествовательных рассказов.
- Психофизическое развитие школьников с ограниченными возможностями на занятиях адаптивной физической культуры
- Птица по столичному "Корзинка сбелковым кремом"
- Птицеводство
- Птицеводство сегодняшнего дня