Дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелердің мақсат - міндеттері

КІРІСПЕ

 

       Тақырыптың өзектілігі: Қазақстан Респупликасының әлемдік өркениетке, демократиялық дәстүрге өту жағдайында адамзат қоғамының ғасырлар бойы жинақтаған жалпы құндылықтар мұрасына ден қоюы, рухани адамгершілік негізінде дене тәрбиесін және спортты сабақтастықта дамытып, салауатты өмір сүру дағдылары арқылы дене мәдениетін қалыптастырудың өзектілігі артуда. Бұл мәселе ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» бағдарламасында, ҚР «Білім туралы» Заңында, «Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында» білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі ретінде көрініс тапқан.

          Білім беру жүйесінің маңызды  міндеттерінің бірі­ дене тәрбиесі  арқылы салауатты өмір салтын  қалыптастыру мәселесі. Соған байланысты көптеген құжаттар бар, мәселен: Қазақстан Республикасы Президентінің 1998жылы 18 мамырдағы «Халық денсаулығы» атты мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесінде «Салауатты ­ денсаулықты сақтау» бағдарламалары.

      Қазакстан Республикасының «Білім туралы» Заңында қосымша білім беру азаматтардың, қоғамның мемлекеттің білімділік және мәдени қажеттіліктерін жан­жақты қанағаттандыру мақсатында білім берудің қосымша дамыту бағдарламалары негізінде іске асырылатын тәрбиелеу және оқыту үрдісі деп көрсетіледі.

           Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан ­ 2030» стратегиялық бағдарламасында «Салауатты әрі гүлденген экономика құрмайынша, біз қуатты мемлекет пен қарулы күштер құра алмаймыз, демографиялық, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шеше алмаймыз, әрбір адамның жеке басының қадір ­ қасиеті мен әл ­ ауқатын арттыра алмаймыз»,­ деген болатын.

      Бұл құжаттардағы негізгі мәселенің бірі ­ дене тәрбиесі арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастар тәрбиесі. Сондықтан да қазіргі мектептер мен мұғалімдерге қойылатын жаңаша талаптар мен өзгерістер туындап отыр. Бұған себеп қазіргі кездегі жеке тұлғаның қоғамдық ­ әлеуметтік мәні ­ дене тәрбиесі назардан тыс қалмауы керек. Сондықтан да тек дене шынықтыру сабағымен шектеліп қалмай, оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыру мақсатында сыныптан тыс жұмыстар өткізіп,  спорттық клубтар мен спорттық ұйымдар мен бірлесе әрекет етіп, ең бастысы мектеп ішінде оқушылардың қызығушылығын анықтай отырып спорттық үйірмелерді ұйымдастыру және кәсіби маман жетекшілермен ұйымдаса жұмыс жасау қажет. Сонымен қатар

оқушының  дене мәдениетін қалыптастыру осы мектеп қабырғасынан басталатынын ұмытпауымыз  керек. Оқушыларымыздың жарқын болашақта  үлгілі, дені сау азамат болып өсуі мектепте алған білімі мен тәрбиесіне байланысты екенін  ұмытпай, оқушы тәрбиесінде қателіктер жібермей,еңбек етіп оқушылармен көп жұмыс жасап, олардың бос уақыттарын тиімді өткізу жолдарын қарастырып, қызығушылықтары мен көз қарастарын анықтап, оларға  үнемі бағыт ­ бағдар беріп, дұрыс жолда жүруіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасау мұғалімнің оқушы алдыңдағы міндеті.

Дене шынықтыру  – спорттық үйірмелердегі дене тәрбиесін, жаңа технология мен озат тәжірибені ұлттық және жалпыадамзаттық құндылық қағидаларымен сабақтастыра зерттеу – бүгінгі күн талабынан туындап отырған міндеттердің бірі. Дене мәдениетінің мәнін бүгінгі жаңа заман талабына сәйкес қарастыру – бұл адамды өзі өмір сүрген ортаның жемісі ғана емес, сол ортадағы дене мәдениеті, адамгершілік қарым – қатынасы әрекетімен көрінетін субъект деп танылуымен айқындалады. Дене мәдениетінің әлеуметтік және қоғамдық құбылыс есебінде дене тәрбиесі жүйесін, оның қалыптасуы мен дамуының негізгі заңдылықтарын, оның қызметі мен құрылымын танып білудің қажеттілігі білім мен тәрбие талаптарына сәйкес жалпы орта мектеп оқушыларының дене тәрбиесін жетілдіру үшін қажет. Дене мәдениеті тек мектептегі дене тәрбиесі сабағында ғана емес, ол сабақтан тыс уақытта денсаулыққа байланысты қажетті шаралар жүйесі екенін ескерсек, қазіргі кезендегі жалпы мектеп дене тәрбиесінің жүйесі мектеп оқушыларының денсаулықтарын нығайту мен қоса, олардың бойындағы биологиялық – психологиялық қажеттіліктердің жан – жақты жетілуіне, өмірге белсенді ұстаным мен ізгілікті қатынастарын дамытуды меңзейді.

  Дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелер өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім беру саласының бір тармағы болып табылады және ол жеке тұлғаның жан ­ жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне, ұзақ уақыт шығармашылық еңбекке жарамды адамды қалыптастыруға, оны Отан сүйгіштікке дайындауға қызмет етеді. Болашақ ұрпағымыздың денсаулығынын мықтылығы салауатты өмір сүруі мектептегі үйірме жетекшісінің жеке басымен, оның теориялық және тәжірибелік дайындығына, ұйымдастыруына тікелей байланысты.

Оқушылармен жастардың  дене дене тәрбиесін және жеке тұлғаның дене мәдениетін қалыптастыру  мәселелері бірқатар ғылыми зерттеулерге арқау  болған М.Таникеев, Т.А. Ботағариев, А.Б. Нұрлыбекова, Б.А. Тойлыбаев, Ж.К. Оңалбек, А.Қарақов, Қ.Т. Жанабаев, Б.М. Сапарбаев, Е.Мұхитдинов және т.б.

Сонымен бірге, оқушылардың спорттық қызметтегі туындаған  мәселелері ғылыми - педагогикалық  зерттеулерде кешенді, құндылық тәсілдері  тұрғысынан өзінің көрнекті ронын тауып  келеді. Оқушылардың спорттық іс – әрекетке деген қатынасы аз зерттелген өзекті мәселе ретінде қалып отыр. Бұл мәселе М.Я. Вилинский, Г.С. Туманян, Е.Қ. Уанбаевтардың ғылыми зерттеулерінде аратұра қозғалады.

Дене тәрбиесі мен спорттың жекелеген әлеуметтік мәселелеріне зерттеулерін арнаған ғалымдар: М.Т. Таникеев, А.О. Мельштейн, М.Н. Кошаев, Б.Қ. Мұхамеджанов және т.б. болды.

Спорттық ортада қандай нәтижеге беретіндігін білу мақсатында спорт психологиясы жөніндегі ғылыми еңбектерді атап өтуге болады: Ю. Ханин, И.А. Фурманов, Е.П. Ильин, А.В. Петровский, М.І. Адамбеков, Ә.Ж. Тастонов еңбектері сондай – ақ Р. Мартенес, И. Торанс, Т.Б.Рохерс және т.б. шет ел ғалымдарының спорт психологиясына кеңінен ғылыми зерттеулері арналған. 

Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың дене тәрбиесінің негізі мектепте қаланады. Бұл жүйе дене шынықтыру сабағы, сыныптан тыс спорттық үйірмелер,мектептен тыс жаттығулар мен жалпыға ортақ сауықтыру шаралары арқылы кешенді түрде жүзеге асырылады. Оқушының дене шынықтыру мен спорттық үйірмелерге қатысты аса қажетті әдет – дағдысын қалыптастырып, ынтасын оятады. Осы жерде туындайтын негізгі мақсат – өмірлік маңызы зор дене қимылдарының іс – әрекетін еркін меңгерту үшін қажетті білім мен тәжірибелік дағдыларды оқушыларға үйрету; ондағы икемділік, күш – қуат, жылдамдық, төзімділік және өзге де қасиеттердің жетілуіне жәрдемдесу; бала денсаулығының нығаюына және дене мүшелерінің қалыпты өсуіне, сонымен бірге ақыл – ой қабілеттерінің дамуына көмектесу; сауықтыру сипатындағы әр түрлі дене жаттығуларымен жүйелі түрде өз бетінше айналысу дағдысын қалыптастырып, олардың спортқа деген қызығушылығын тудыру. Ал осы тақырыптың түпкі мақсатына келер болсақ, оқушыларды белсенді өмір сүруге, батылдыққа, табандылық пен шешім қабылдай білуге тәрбиелеу.

Осы мәселелерді  шешу барысында дене шынықтыру мұғалімдерінің жұмысы жан – жақты, әрі сан – саналы болып келеді. Ол әрі оқытады, әрі жаттықтырады және баланың денсаулығын, мінез – құлқын, қабілетін қадағалайды. Ең басты талап – қолға алған іске немқұрайдылықпен қарамау, балаларды және ұстаздық істі сүйе білу, нақты педагогикалық көзқарастарды ұстану, қиыншылықтан қорықпау. Өйткені, балалардың қазіргі талапқа сай келетін дене даярлығын жетілдіруге көмектесе алатын, істің мәнісін жетік біле отырып, олардың дене дамуына жәрдемдесе алатын бірден – бір қабілетті адам дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып табылады.

Сонымен,  мектептегі дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелер  және оларды  ұйымдастыру барысында төмендегідей қарама ­ қайшылықтар айқындалады: мектептерде спорттық үйірмелердің аз болуы, үйірме өткізетін орынның жоқтығы, үйірмеге қажетті құрал ­ жабдықтардың жетіспеушілігі, олардың заманауи технологиялармен жабдықталмауы,кәсіби мамандардың жетіспеуі сияқты тағы да басқа үйірмені ұйымдастыруға керек қажеттіліктердің болмауы  проблемаларын анықтай отырып,  курстық жұмысымның тақырыбын «Дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелер және оларды ұйымдастыру жолдары» деп таңдауға негіз болды.    

     Зерттеу мақсаты: Оқушылардың бос уақыты мен сопрт түрлеріне қызығушылығын анықтап, сыныптан тыс уақытындағы дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелердегі катысымы,оны ұйымдастырудың жолдары.

     Зерттеу міндеттері:

  1. Оқушылардың дене шынықтыру мен спорттық үйірмелеріне қатысуын қалыптастырудың теориялық тұрғыдан анықтау.
  2. Зерттеу мәселесінің бүгінгі жағдайымен оны дамытудың мүмкіндіктеріне сәйкес, мектептерде оқушылардың үйірмеге қызығушылығын зерттеу.
  3. Мектептердегі оқушылардың дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелер мазмұнын анықтай отырып, оңы оңтайлы қалыптастырудың жаңа формаларын ұйымдастыру жолдары.
  4. Оқушылардың жеке тұлға болып қалыптасуына дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелердің  ықпалы.
  5. Оқушылардың қызығушылығын анықтап, спорт саласындағы үйірмелердің жаңа түрлерін енгізу.

        Зерттеу нысаны: мектептегі дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелер және үйірмеге қатысатын оқушылар.

        Зерттеудің ғылыми болжамы: ­ егер оқушыларға дене тәрбиесінен білім беру тарихи ­ педагогикалық тұрғыда анықталып, мектеп оқушыларының дене мәдениетін қалыптастырудың бүгінгі жағдайы мен мүмкіндіктері айқындалып, оқу үрдісі мен сыныптан тыс жұмыстарда, спорт түрлері бойынша үйірмелерде, оқушылардың өз беттерінше денені шынықтырып, дене мәдениетін қалыптастыратын арнайы әдістемесі қолданылса, онда дене тәрбиесі және спортқа қызығушылық оқушылардың денесін шынықтырумен қатар, денсаулығы нығайып, дене бітімін жақсартады, салауатты өмір салты мен дене мәдениетін қалыптастыруға, спорттың ­ әлемдік бейбітшілік құралы ретінде танып білуіне жол ашылды, дене тәрбиесі және спортқа қызығушылықтың теориялық материалын терең меңгеруге, мектеп оқушыларында дене мәдениеті қалыптасып, дені сау болып тәрбиеленеді, өйткені дене шынықтыру сабағы мен спорттық үйірмелер сабақтан тыс  бос уақытта өз қызығушылығымен өткізіліп оқушының  денсаулығы мен тыныс тіршілігіне ықпал жасай алады.

 Мәселенің  зерттелу деңгейі: зерттеу проблемасы бойынша материалдар жиналып, жүйеге келтірілді; ғылыми аппарат айқындалды; оқу-тәрбие үрдісінің мектептегі дене тәрбиесі және сабақтан тыс оқу-жаттығу сабақтарының жағдайы зерттеліп, бағдарламалар мен ғылыми-әдістемелік әдебиеттер сараланды. Зерттеу жұмысының теориялық негізі анықталды. зерттеу мақсатынан келіп, әдістемелік ұсыныстар негізінде, мақсатты бағыттағы тәжірибелік-эксперимент жұмыстары жүзеге асырылды. Дене мәдениеті іс-шараларына және спорттық жарыстарға дайындау және жарыстарды өткізудің жоспарлары өңделіп, дайындық жасалынды. Бұл кезеңдегі пайдаланылған  негізгі әдістер: бақылау, анкета, сұхбат жүргізу, оқушыларды практикалық, яғни іс жүзіндегі жүргізілетін іс-әрекеттерін талдау. Әсіресе, спортта оқушыларды психологиялық даярлауға үлкен мән берілді.

 Мәселенің  деректік көзі: зерттеу мәселесі бойынша философтардың, психологтардың, педагогтардың және дене тәрбиесі бойынша мамандардың ғылыми еңбектері, ресми материалдар мен құжаттар(ҚР «Қазақстан -2030»даму стратегиясы, ҚР «Білім туралы» Заңы, «Дене тәрбиесі тұжырымдамасы» т.б.), «2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы», «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министірлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары», оқу – әдістемелік әдебиеттер, мерзімдік баспа материалдары, бағдарламалар, педагогикалық іс – тәжірибелер.

 Теориялық  негіздері:  Жеке тұлғаны зерттеу мәні туралы тәрбие теориясы, заңдылықтар, ілімдер мен психологиялық тұжырымдамалар, қазіргі жетекші философиялық қағидалар, салауаттылық, демократиялық, кешендік, біртұтастық, жүйелілік  сияқты білім беру түрлері, дене тәрбиесі теориясы саласындағы отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері құрайды.

     Зерттеу әдістері: Зерттеу мәселесі бойынша тарихи, психологиялық, педагогикалық әлеуметтану, дене тәрбиесі және спорт салаларындағы, ғылыми әдістемелік еңбектерге, әдебиеттерге теориялық талдау жасау, мемлекеттік арнайы деректік құжаттарды саралау, сұрақ ­ жауап,  әңгімелесу, сауалнама жүргізу, жалпы білім беретін мектептердегі үйірмелер құжаттарын талдау, тәжірибелік ­ эксперименттік жұмыстар жүргізу.

 Практикалық  маңыздылығы: Мектептің оқу – тәрбие үдерісіне:

  • жалпы орта мектептерде ден шынықтыру – спорттық үйірмелерді қалыптастыруда теориялық негіздер мен әдістемлер жасалды;
  • оқушылардың дене шынықтыру – спорттық үйірмелерге қызығушылық құндылық бағыттарын қалыптастыру әдістері ұсынылды;
  • дене мәдениетін қалыптастыруда сыныптан тыс спорттық үйірмелерді ұйымдастыруда мұғалімдерге арналған жаңа бағыттар ұсынылды;
  • зерттеліп отырған мәселе бойынша мектеп жағдай мен мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру тәжірибесі қолданысқа енді;
  • дене шынықтыру – спорттық үйірмелердің оқыту формалары мен жаңа бағыттарын айқындап практикаға енгізу, оқушылардың шеберліктері мен шығармашылық дербестігін жетілдіру,жалпы мектептердегі осы өзекті зерттеу мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

 Практикалық базасы: тәжірибелік – эксперименттік жұмыстар Ақтөбе қаласындағы №34 және №30 орта мектептерінде, Ақтөбе облысы, Темір қаласының С.Бәйішев атындағы орта мектебінде өткізілді.

Дипломдық жоба құрылымы: зерттеу мәселесін шешу жолдарын анықтаумен сәйкес құрылды және ол кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

Кіріспеде зерттеудің өзектілігі, ғылыми аппараты: зерттеудің мақсат – міндеттері, нысаны, әдістері, мәселенің зерттелу деңгейі, деректік көзі, теориялық негіздері, практикалық маңыздылығы және практикалық базасы.

«Дене шынықтыру  мен спорттық үйірмелердің теориялық  негіздері» атты бірінші тарауда  зерттеу мәселесіне талдау жасалып, дене шынықтыру –спорттық үйірмелерді ұйымдастырудағы  мақсат – міндеттері айқындалып, қазіргі мектептердегі үйірме түрлері туралы мағлұмат беріліп, осы спорттық үйірмелерді ұйымдастыру жұмысының басқалардан ерекшелігі айтылды.

«Мектептегі дене шынықтыру мен спорттық үйірмелерді ұйымдастыру» атты екінші тарауда зерттеу мәселесіне талдау жасалып, мектептердегі дене шынықтыру мен спорттық үйірмелерді ұйымдастыру жолдары мен формалары анықталып, дене шынықтыру – спорттық үйірмелердің салауатты өмір салтын жүзеге асыруда алатын орны туралы мағлұмат беріліп, осы қазіргі заманға сәйкес халықтық педагогиканы спорттық үйірмелерде ұйымдастырылатын мәдени шараларда қолдану мен ұлттық ойындардарға шағын сипаттама беру.   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ДЕНЕ  ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТТЫҚ ҮЙІРМЕЛЕРДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ.

 

         1.1. Дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелердің мақсат - міндеттері.

 

        Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Спорт  ­ игілікті іс. Спортта мінез ­ құлық, мәдениет қалыптасады. Спортпен айналысқан адам ар ­ ұятқа тиетін іс жасамайды. Жастайынан дене тәрбиесімен шұғылданған адам бүкіл ғұмыр бойы табысқа жетуге талпынады. Мен мұны өз тәжірибемнен білем» ­ деуі тарих сахнасының төрінен спорт қозғалысының өзіндік орны бар екендігін дәлелдейді.

      Тарихи деректерді сараптасақ, адамзат қоғамы пайда болып, алғашқы өмір сүру кезеңінен ­ ақ дене тәрбиесіне көңіл бөлініп, сол еңбек пен тұрмыстық өмірдің шарты ретінде дамыды. Алғашында дене тәрбиесі арнайы ұйымдастырылған ойындар мен ойындық қимыл ­ қозғалыстар түрінде көрініс берді. Бұл кезде дене шынықтыру қарапайым болғанымен, тұлғаны қалыптастырудағы маңызы зор.

      Дене шынықтыру ­ адамның денсаулығын нығайтып, күш ­ жігерін арттыруға, қозғалыс белсенділігін жетілдіру мақсатында қоғамның жасайтын және пайдаланылатын рухани, материалдық құндылықтырының жиынтығы. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «дене мәденеиетіне жеңіл қарауға болмайды, дененің қанша керегі бар деп ойлау дұрыс емес. Дене жанның қабы. Қап берік болса ішіндегі затта берік болмақ. Дене ­ жанның құралы. Құрал мықты болса, иесі де мықты» болады деп пайымдаған.

     Әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуі мен даму көрсеткіштерінің бірі ­ дене мәдениетінің жүйесі, спорт. Мемлекетті немесе бір ұлтты күллі әлемге танытатын да спортшылар мен олардың жетістіктері, көрсеткіштері. Сол спортшыларды тәрбиелеу, спорттың бір түрімен шұғылдануға қалыптастыру мектептен басталады. Бала өз қызығушылығымен бос уақытын тиімді пайдалануда, көптеген үйірмелерге қатысып соның ішінде спорттық үйірмелерді таңдауы, баланың салауатты өмір салтын қалыптастыруына негіз болады. Қазіргі таңда барлық мектептерде спорттық үйірмелердің жұмыс жасауы, дене шынықтыру сабағының бағдарламасына зор үлесін қосты. Әрине, үйірмелерді ұйымдастыру оқушылардың жас ерекшеліктеріне, қызығушылықтарына байланысты.

      Оқушылардың дене шынықтыру білімі мен тәрбиесіне, мәдениетін қалыптастыруға факультатив сабақтар, сыныптан, мектептен тыс жұмыстар, клубтар, үйірмелер, оқытудың жаңа технологиялары тағы да басқалары ықпал етеді. [1.24-25.]

      Мемлекеттің дамуы, ең алдымен жақын болашақта дене тәрбиесі және спорт саласында кәсіби іс - әрекетпен айналыса бастайтын оқушылар тұлғасының дене мәдениетінің қалыптасу деңгейіне тікелей байланысты  болып отыр. Сондықтан, жалпы білім беру жүйесінде еліміздің жалпы мектептерінде оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыру міндеті қойылады және білім беруде дене тәрбиесіне, оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру жүйесі, дене мәдениеті және спортты дамытуға орай білім беру саласын реформалаудың маңызды бағыттарының біріне айналады. Осыған байланысты, мектептерде оқушыларға дене шынықтыруды оқытудың мақсаты ­ оларға дене мәдениетін қалыптастыру, заманауи технологиялар негізінде оқытып, үйрету мен білім беруді басқаруда пайдалану туралы білімді меңгеру, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру және оны жетілдіру мен еңбек етуге, Отанды қорғауға дайындау болып табылады.

      Оқушылардың дене тәрбиесі Қазақстан Республикасының келешек ұрпағын жоғары дәрежеде азамат қылып тәрбиелеуге бағытталған. Оқушылардың дене тәрбиесімен күнделікті айналысуының маңызы өте зор. Мектептегі дене тәрбиесі дұрыс жолға қойылып, мүмкіндігінше нәтижелі жүргізілсе, онда бұл шаралар олардың келешек өмірінің дұрыс дамуына үлкен үлес қосатыны анық. Спорт мектептерінде, секциялар мен үйірмелерде және басқа да спорт мекемелерінде балаларды спорттық жаттығуларға баулу, оларды түрлі спорт түрлеріне қызықтыру олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға және түрлі жағымсыз әрекеттерден сақтандырудың негізгі түрі болып табылады. Дене шынықтыру және спорттық үйірмелерді мектептің жалпы оқыту және тәрбиелеу жүйесіне енгізу, баланың жан ­ жақты дамуына үлкен көмегін тигізеді (денсаулығына, ақылдылығына, еңбекқорлығына, эстетикалық тәрбиесіне).[2.69.]

       Дене шынықтыру және спорттық үйірме сабағының мақсаттары:

    • Дене шынығуының жан – жақты дамуын, дұрыс мүсін ұстау қабілетін тәрбиелеу, салауатты өмір сүруге және тазалық сақтаудың өмірдегі пайдалы әсерлерін қамтамасыз ету;
    • Қозғалыс әрекеттерінің негізін үйрету;
    • Қозғалыс үйлесімділігін жетілдіру, жылдамдық – қуатын, төзімділігін, күшін және икемділігін қалыптастыру;
    • Тазалық сақтау білімінің негіздерін тұрақты қалыптастыру, дене шынықтыру жаттығуларының дене құрылысының негізгі жүйелеріне тигізетін әсері, еріктілік пен сана – сезім қабілетін дамыту;
    • Өздігінен дене тәрбиесімен және дене шынығумен шұғылдану дағдысын тәрбиелеу;
    • Сабақ кезінде қауіпсіздік ережесін сақтау, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету;
    • Жеке басының шынығу қабілетін қалыптасуын бағалай білу;
    • Өз бетімен жұмыс істеуге, бір – біріне көмектесуге, жауапкершілік сезіміне және тәртіптілікке тәрбиелеу.[3.4-5.]

      Дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелерді ұйымдастыру мақсатына жету үшін, ең алдымен оқытып үйретудегі алатын орны мен қызметін есепке алуымыз керек, сонымен қатар осыған байланысты дене шынықтыру мен спорттық үйірмелерді ұйымдастырудағы  міндеттеріне тоқталайық:

    • оқушының өз жас ерекшелігіне сай келетін спорттық үйірме түрімен жарақаттандыру;
    • бала денсаулығының нығайуына және оның жан ­ жақты дамуына     жәрдемдесу;
    • спорттық жаттығулардың айла тәсілдерін білу арқылы қозғалыс әрекеттерінің сапасын байыту;
    • оқушыларды бір тұтас жағымды, ақылды, еңбекқор және эстетикалық тәрбиелі азамат етіп тәрбиелеу;
    • салауатты өмір салты жайлы білімін жүзеге асыруға дағдыларын, денсаулыққа зиян кетіретін факторларды анықтау, өз өміріне талдау жасай білуі, денсаулықты сақтау және қорғау жолдарын меңгеру, өз мінезіне басшылық ету, жағымсыз әсерлерге қарсы тұру қабілеттерін қалыптастыру;
    • өз денсаулығына деген жеке жауапкершілік танытуын, өзге адамдардың денсаулығы мен салауатты өмір салтын сақтау құқығын сыйлау қабілетін қалыптастыру;
    • дене қуаты дайындығын жоғарлатуға көмектесу,уақыттарын пайдалы өткізулерін ұйымдастыру;
    • спорттық мамандықты таңдау және жас шамасына сәйкес спорттық дәрежені жетілдіру талаптарын орындап, қалаған спорт түрі бойынша жоғары нәтижеге жету;
    • мектепте дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелер оқушыларынан қоғамдық белсенділер тобын құру;
    • сопрттың бір түрін үйренуді өз бетімен орындауда іскерлік пен дағдыны қалыптастырып және оны әдетке айналдыру;
    • бос уақыттын тиімді пайдалану;[4.58-60.]

      Оқушыларға дене шынықтыру спорттық үйірмелерді өткізу  оқыту мен тәрбиелеудің жалпы заңдылықтарына бағынған. Сондықтан оны іске асыру барысында дене тәрбиесінің жас және жыныстық ерекшеліктерін ескере отырып, осы заңдылықтарды көрсететін жалпы педагогикалық ұстанымдарды басшылыққа алу қажет. Ол ұстанымдарға жататындар: жан-жақтылық, саналылық пен белсенділік, бірте-бірте жасалатын әрекет, қайталамалық, көрнекілік, жеке даралық. Оқу үдерісінің үздіксіздігі негізгі үш қағидаларда көрініс тапқан:

а) оқу-тәрбие үдерісі  көп жылғы және жыл бойындағы  сипатқа ие болуы тиіс;

ә) сабақ барысында әрбір  келесі сабақтың әсері алдыңғы сабақтың ізінше қатпарлы әсер қалдыруы тиіс, себебі жас оқушының ағзасында алдыңғы сабақтардың әсерінен пайда болған жағымды өзгерістер беки түсуі және жетіле түсуі қажет;

б) демалыс жұмыс  қабілетін қалпына келтірудің арта түсуі үшін жеткілікті болуы тиіс.                                                                                         

         Дене жүктемелерін бірте - бірте және жоғары деңгейге арттыру ұстанымы олардың көлемі мен қарқындылығының, оқушыны дайындауға қойылатын талаптардың бірте-бірте күрделенуінің үздіксіз арта түсуімен байланысты болып келеді.

        Спорттық үйірмедегі сабақтарды бір-бірте күрделендіру оқушыны даярлаудың мүмкіндіктері мен деңгейлеріне сәйкес келіп, олардың спорттық жетістіктерінің үздіксіз арта түсуін қамтамасыз етуі тиіс.[5.71-76.]

        Дене жүктемелерінің толқынды түрде өзгеру ұстанымы олардың динамикасының  толқынды сипатын көрсетеді, себебі ол салыстырмалы алғанда оқу –тәрбие үдерісінің кішігірім үзіндісіне, немесе сабақтардың кезеңдері мен тұтас бір дәуіріне де тән болуы мүмкін.

        Спорттық техника мен оны жетілдіруге үйрету әдістерінің кез-келген  түрінің жағымды жақтары бар, бірақ ол  жеке қалпында шапшаң әрі тиімді үйретуді толық қамтамасыз ете алмайды, сондықтан спорттық техниканы меңгеру барысында барлық әдістер бірін - бірі толықтыратын түрде қолданылады. Олар жиірек бір уақытта пайдаланылады.

        Талдау, жалпы білім беру мектептерінде оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру мен басқаруға білім беру мен спорттық мекемелерге  тән  компоненттер - мақсат, жалпы және арнайы міндеттер, әдістер мен қағидалар, оқу кеңістігінде жүзеге асатын, нақты бағыттылығы бар, оқу материалының теориялық және тәжірибелік мазмұны кіретінін көрсетті. Оқушы-спортшының осы  білім беру кеңістігіндегі таңдаған жолының басы, мектептегі оқу мерзіміндегі бастапқы кезеңнің де нақты құрылымы немесе мазмұны болады.

         Дене шынықтырудың негізі – жеке тұлғаның өз қолында. Мысалы, әр күні дағдылы жаттығулар жасап, тазалықты қастерлеуді қалыптастырса, екіншіден, түрлі сауықтыру қимылдарын міндетті түрде жасап, дене қимылдарын шынықтырса, онда ол денсаулығын, ой парасатын таза сақтай алады.

        Дене тәрбиесі түрлі жаттығулар арқылы жеке тұлғаның бойындағы қимыл анализаторларын іске қосып, қимыл жүйесін, сымбатын, симметриялық салмағын қалыптастырады, оның ұстамдылығын, төзімділігін, еңбекке бейімділігін арттырады.

        Әр оқушы өз денесін жан – жақты жетілдіру үшін қажетті қимыл – қозғалыста болуы керек. Ол үшін әрбір тұлға бос уақытында дене шынықтырумен айналысу қажет екенін өмір көрсетіп отыр. Дене шынықтыру арқылы қажетті қимыл – қозғалыс түрлерін жасау тәсілдерін үйреніп, оларды спорттық үйірмеде өз беттерімен орындай алатын дәрежеге жету үшін үнемі спорт жаттығуларымен таныс болуы керек. Дене шынықтыру сабағынан басқа бос уақытта қазақ халқының ұлттық ойындарын пайдалану арқылы оқушылар денелерін шынықтыруға мүмкіндіктері бар.

 

 

 

1.2. Дене шынықтыру спорттық үйірменің түрлері, жұмысының ерекшеліктері.

 

   Жан-жақты дамыған, ізгілікті тұрғыдан таза және рухани бай адам қалыптастыру мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті болып табылады. Оқушы жастардың дене бітімі жағдайына, дене даярлығына республикамыздың саяси, экономикалық және идеологиялық болашағы тәуелді болып келеді.Сондықтан да, жастардың дене бітімінің дамуы, дене даярлығы және салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды мәселелері  мемлекетіміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың, Үкіметіміз бен қоғам өкілдерінің тұрақты қамқорлығы аясынан табылады.

  Оқушылардың денсаулығын нығайтып, іскерлік дағдысын дамытуды, жастарды еңбекке және Отан қорғауға даярлауда дене тәрбиесі мен спорттың күнделікті өмірде маңызы арта түсуде. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін жалпы білім беретін және кәсіптік мектеп реформасының негізгі бағытында сабақтарды сабақтан тыс уақыттарда, спорт үйірмелерінде оқушыларға дене тәрбиесін оқып үйрету мәселелері қарастырылған.

Дене тәрбиесі – қоғамдағы  жалпы мәдениеттің бөлігі, адамның  дене қабілеттерін дамыту мен денсаулығын  нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы. Жастардың  жан - жақты дамуын дене тәрбиесінсіз елестету мүмкін емес. Денесі жақсы дамыған деп күн режиміне спортпен жүйелі айналысуды енгізген, ағзаның шынығуы үшін табиғи факторларды тұрақты пайдаланатын, жұмысты белсенді демалыспен кезектестіріп отыратын жас адамды айтамыз.

  Біздің елімізде кәсіподақтардың бірыңғай ерікті дене шыңықтыру- спорт қоғамдары құрылған. Оның негізгі міндеттерінің бірі балалар мен жеткіншектердің арасында дене шынықтыру – сауықтыру және спорт жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады, өйткені дене тәрбиесінің негізі балалық және жеткіншектік жаста қаланады. Тек қана осы кезеңде дене жаттығуларымен айналысу кажеттілігі қалыптасады, дағдылар мен іскерліктер жинақталады, спортқа қызығушылық калыптасады.

      Оқушылардың дене шынықтыру мен спорт үйірмелерін ұйымдастыру кешенді бағдарлама  бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Салауатты өмір салтын насихаттау барысында мектептерде түрлі спорттық үйірмелер жұмыс атқарады. Атап айтқанда волейбол, баскетбол, футбол, теннис, шахмат, дойбы, жеңіл атлетика, гимнастика, сонымен қатар ұлттық ойынның түрі күрес, тоғызқұмалақ үйірмелері ұдайы жүмыс жүргізуде. 

Дене шынықтыру  мен спорттық үйірмелердегі жұмыстар мен ұйымдастырылатын шараларға  қойылатын талаптар, міндеттер мен  нормативтер туралы жалпы ақпарат  «Жалпы білім беретін мектептің 1 -11 сынып оқушыларының дене тәрбиесінің  бағдарламасында» жоспарланады.

Бағдарлама  – оқушылардың дене дайындығы  мен дене туралы білім деңгейіне, дене шынықтыру сабақтарында дене тәрбиесін  ұйымдастыру және оның мазмұнына  қойылатын нормативтік талаптар жүйесін ұсынатын мемлекеттік құжат. Осы талаптарды сапалы түрде жүзеге асыру – денсаулық негізін, жалпы дене тәрбиесі туралы білімді қалыптастырады.

Оқушылардың тиісті тобының жас ерекшеліктерін ескере отырып құрастырылған 11 жылдық мектеп сыныптарының әрқайсысына арналған бағдарламаның нормалық талаптары мен мазмұнын өзара байланыстыратын әр сыныптың бағдарламасында теориялық және практикалық сипаттағы нақты тақырыптар түрінде оқу материалы баяндалады.

Теориялық материал бағдарламада «Білім негіздері» тарауынан  көрінеді. Оған енетін тақырыптар дене шынықтырудың әлеуметтік құбылыс есебіндегі мәніне, дене жаттығуларының сауықтыру және дамыту әсеріне, жаттығу қауіпсіздігінің әсеріне қатысты жалпы теориялық қағидаларды құрайды.

Практикалық материал «дағдылар, біліктілік, қозғалыс қабілеттерін дамыту» деген жалпы тақырыппен әр сыныптың бағдарламасында баяндалған.

Қазіргі жалпы  мектептерде кеңінен көрініс  тауып, оқушылардың қатысатын үйірмелер  аз емес. Олар:

  Гимнастика - дене тәрбиесі жүйесінің негізі. Дене тәрбиесі жүйесінде қандай жаттығу болсын, барлығы гимнастикалық жаттығулардың негізін құрайды. Айталық, жалпы дамыту жаттығулары - спорттың барлық түрінде, ең әуелі денені қыздыру үшін, арнаулы жаттығуды орындау үшін дайындықтан басталады. Мысалы, таңертеңгілік бой жазу жаттығуларының жиынтығы -гимнастикалық жалпы дамыту жаттығулар жиынтығынан тұрады. Міне, сондықтан да гимнастикалық жаттығулар бүкіл спорттың негізін қалайды.

  Жеңіл атлетика - бүгінгі таңда тек біздің елде ғана емес, дүние жүзінде кең таралған спорт түрі. Жеңіл атлетиканың негізгі жаттығулары - тегіс жерде жүгіру, бедерлі жерде жүгіру, жүру, кедергілермен жүгіру, ұзындыққа және биіктікке секіру, лақтыру, жеңіл атлетикалық көпсайыс.

Дене шынықтыру ­ спорттық үйірмелердің мақсат - міндеттері