Адамгершілік тәрбие

 
 
 
 
 

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 

І. Кiрiспе  бөлім 

      1.1     Бастауыш мектеп оқушыларының адамгершiлiк тәрбиесi жөнiндегi теориялық негiздерi      

      1.2.  Адамгершiлiк тәрбиесiнiң мәнi  

      1.3.   Бастауыш  мектеп  оқушыларын  адамгершiлiкке тәрбиелеудегi педагогикалық-психологиялық негіздері       

      II. Негізгі бөлім: «Бастауыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу» 
       

      2.1.  Бастауыш мектепте адамгершілік тәрбие берудегі әдіс-тәсілдеріне сипаттама  

      2.2.  Сабақтар мен тәрбие шараларындағы

                 адамгершiлiк тәрбиесi 

      2.3  Отбасындағы адамгершілік тәрбиесі       

ІІІ. Практикалық бөлім

        3.1.  Сабақ жоспарлары

     3.1.  Сыныптан тыс тәрбие жұмыстары

        3.2. Тәжiрибелiк, эксперименттiк жұмыстар

 

ІV. Зерттеу бөлімі

      4.1 Тәжiрибелiк, эксперименттiк жұмыстар

    4.2 Балалардың адамгершілік тақырыбына байланысты мақал  

                     мәтелдер талдау

V. Шығармашылық жұмыс

5.1  Бастауыш сынып мұғаліміне арналған әдістемелік  нұсқау  

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

     Бүгiнгi таңда жас мемлекетiмiздiң өркениетке жету жолындағы әр талабына тұғыр боларлықтай бiлiм жүйесiн құру алда тұрған маңызды мiндеттер сан алуан.

      Тәуелсiз Қазақстан Мемлекетiнiң жаңаша даму үрдiсiнiң iшiнде жас ұрпаққа берiлетiн бiлiм мазмұнын жаңарту және оны игерту мәселесi ерекше орын алады.

      Әсiресе, жалпы бiлiм беретiн мектептерде  игерiлетiн бiлiм мазмұнын уақыт  талабына сай жаңартуды жедел  қолға алу мемлекеттiк мәнi зор мәселеге айналды.

      Бiлiм  жолы-қиын да қастерлi жол. Бұл жолда  талмай тынымсыз еңбектенiп, шығармашылық iзденуден жалықпайтын жандар ғана нәтижелi табысқа жете алады. Ал, бүгiнгiдей кезеңде бодандық құрсауынан құтылып, тәуелсiз ел атанған жас ұрпақ мемлекетiнiң жаңаша даму сипатына сай оның бiлiм беру iсiнiң мазмұнын да көп сатылы құрылымын да толығынан қайта жаңарту үшiн шынын айтсақ, жай ғана еңбекшiлдiк аздық етедi. Бұл жалындаған патриоттықты, шын мәнiнде отаншылдық сезiмдi қажет ететiн iс.

      Тұжырымдама бiлiм берудi жалпы ұлттық басымдық ретiнде белгiлейдi және мемлекеттiң Қазақстан Республикасының ұзақ мерзiмге арналған бiлiм беру саясатын дамытудың негiзiн қалайды әрi заңнамаға, қаржыландырудың жүйесiне, бiлiм берудiң мазмұнына, бiлiм беру жүйесiнiң құрылымына, бiлiм берудiң басқару жұйесiне кадрлық және әлеуметтiк саясатқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу үшiн негiз болып табылады.

      Әлемдiк  бiлiм беру кеңiстiгiне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттiлiктерiн қанағаттандыратын көп деңгейлi, үздiксiз бiлiм берудiң ұлттық моделiн қалыптастыру үшiн бiлiм берудi дамытудағы стратегиялық басымдықтарды белгiлеу.

      Бiлiм  берудi басқарудың одан әрi демократияландыру негiзiнде қазақстандық бiлiм беру моделiнiң жұмыс iстеуiнiң заңнамалық, нормативтiк, құқықтық базасын жетiлдiру.

      Тәрбие мен оқыту мазмұны бiрiншi деңгейде қызметтiң өзiндiк түрлерiн және баланың даму бағытын, оның кейiнгi мектеп жағдайына бейiмделуiн қамтамасыз етуге тиiстi.

      Балалардың  жалпы орта бiлiм алуға деген  құқығы жалпы бiлiм беретiн мектептердiң  желiсiмен қамтамасыз етiледi. Оқытудың ерекше жағдайлары бойынша мектептер, мектеп-интернаттар, дарынды балаларға  арналған мектептер, даму және оқу мүмкiндiктерi шектеулi балаларға арналған мектептер және т.с.с. болып бөлiнедi. Мектептен тыс мекемелер балаларға қосымша бiлiм беру мен тәрбиелеудi қамтамасыз ете отырып, орта бiлiм беру жүйесiне енедi.

      Орта  бiлiм берудiң мақсаты – жылдам өзгерiп отыратын дүние жағдайларында  алынған терең бiлiмнiң, кәсiби дағдылардың негiзiнде еркiн бағдарлай бiлуге, өзiн-өзi iске асыруға, өзiн-өзi дамытуға және өз бетiнше дұрыс адамгершiлiк тұрғысынан жауапты шешiмдер қабылдауға қабiлеттi жеке тұлғаны қалыптастыру.

      Жеке  тұлғаны азаматтыққа, адамның құқықтары  мен бостандықтарына құрметпен  қарауға, елжандылыққа, өз Отанын сүюге  тәрбиелеу. Бiлiм сапасын түпкiлiктi бағалаудың субъективтiк факторларының әсерiн азайту.

      Оқу 6 жастан басталады. Бұл жас баланың  ақыл-ойының дамуы және әлеуметтiк даярлығы үшiн мейлiнше қолайлы кезең болып табылады. Бiлiм мазмұны шетел тiлi мен информатика негiздерiн ерте үйрету арқылы байытатын болады.

      Бастауыш  мектептiң негiзгi мiндетi – баланың  жеке басын бастапқы қалыптастыруды қамтамасыз ету, оның қабiлеттерiн анықтау  және дамыту. Осы сатыдағы оқу мен тәрбие оң уәждi қалыптастыруға және оқу қызметiн бiлуге, оқу, жазу, санаудың берiк дағдыларын үйренуге, тiлдiк қарым-қатынастың қарапайым тәжiрибесiне, өзiн-өзi шығармашылық тұғырдан таныта бiлуге, мiнез-құлықтың мәдениетiне, жеке гигиенаның және салауатты өмiр салтының негiздерiне бағдарланады, сонысымен кейiн негiзгi мектептiң жалпы бiлiм беру бағдарламаларын меңгеруге база  жасайды.

      “Адамға ең бiрiншi бiлiммен қатар – тәрбие. Тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттық қас жауы, ол келешекте оның өмiрiне опат әкеледi” – деп Әл-Фараби айтқандай, педагогика ғылымының зерттейтiн негiзгi категорияларының бiрi – тәрбие. “Бала тәрбиесi–бiр өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бiр ғылым иесi болуды тiлейтiн өнер” – деген болатын М.Жұмабаев.

      Елiмiздiң  ертеңгi болашағы - бүгiнгi өсiп келе жатқан ұрпақ. Сондықтан отбасынан  бастап қоғамдық мекемелерге дейiн  ұрпақ тәрбиесiне аса жауапты қарау баршамыздың негiзгi мiндетiмiз. Себебi, Егемендi елiмiздiң ертеңi оқу-бiлiмiнiң, тәрбиенiң тереңдiгiмен өлшенедi.

      Тәрбиенiң басты бағыты жөнiнде тереңiрек ойлансақ, әрбiр адам ең алдымен өз халқының перзентi, өз Отанының азаматы болуы керек екенiн, ұлттың болашағы тек өзiне байланысты екенiн есте ұстауы тиiс. ұлтымыздың болашағы – жас ұрпақ, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердi, елдiң мәдениетiн, әдебиетiн, тiлiн жақсы меңгерiп өсуi үшiн жастайынан бесiк жырын естiп, ертегi тыңдап, ұлттық тәлiм-тәрбие алуы керек. Тәрбие ұлылар өсиетiн сақтата отырып, олардың адамгершiлiк құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзедi. өйткенi, өскелең ұрпақ ұлағатты сөздермен, тыныс-тiршiлiгiмен, дәстүрiмен тәрбиеленедi. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Бастауыш  мектеп оқушыларының  адамгершiлiк тәрбиесi жөнiндегi теориялық негiздерi

  Адамгершiлiк тәрбиесiнiң мәнi 

      Қазiргi таңда әрбiр жеке тұлғаның құндылық қасиеттерiн дамытып, қалыптастыруға аса мән берiлiп отырғаны белгiлі, әсiресе ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын, тарихи-әдеби мұралар арқылы оқушылардың жеке бас қасиетiн дамыту мүмкiндiгiне барынша көңiл бөлiнгенiн ғылыми-зерттеу еңбектерден  аңғарамыз.

Бастауыш сынып оқушысының есте сақтау мен танымдық қызығушылық қабiлетi жақсы болады. Егер балаға қызығушылығына қарай жүйелi мәлiмдемелер түсiп отырса, баланың даму үрдiсi шапшаңдайды. Бiз бұл жерде Л.В.Занковтың идеясын негiзге алдық. Ол баланы қоғамдық өмiрдiң әртүрлi жақтарымен еркiн араластыру керек, әртүрлі баланың дамуы үшiн туындайтын шегiнiстерден қашпауымыз керек, керiсiнше, баланың дамуына қандай дәрежеде ықпал еткенiн айқындай отырып, жүргiзу қажет деген ұсынысын зерттеуiмiзге басшылыққа алдық. Тарихи ескерткiш мұраларға жүргiзiлген саяхат-сабақтар мен экскурсиялар балалардың танымын қалыптастыруда негiзгi орын алатынын практика барысында айқын байқадық.

     Әртүрлi жүргiзiлген саяхат жұмыстары бастауыш сынып оқушыларының  ынтымақтастығын  жетiлдере түседi. Бұл туралы психолог Л.С.Выготский: “Дербес жұмыс iстегеннен  гөрi бала ынтымақтастықта күштiрек  әрi ақылдырақ болып, ол өзi шеше алатын интеллектуалды қиындықтар деңгейi жөнiнен биiкке көтерiледi...”, - дейдi.

Жалпы жеке тұлғаның бойындағы адамгершiлiк  құндылықтарын қалыптастыруға байланысты арналған ғылыми зерттеу еңбектердi зерделеу барысында бастауыш сынып  оқушыларының мәдени адамгершiлiк құндылықтарының қалыптасуы, олардың психологиялық дамуна байланысты арналған еңбектер сараланып, жүйеленгенiн байқадық.

     Мәселен, С.Төрениязова “Бастауыш мектеп оқушыларын сыныптан тыс оқу-тәрбие жұмысы арқылы дамытудың педагогикалық негiздерi” атты ғылыми - зерттеу жұмысында оқушыны дамытуда бiлiм мен тәрбие негiзгi  орын алатынын атап көрсете келе, дамудың бес жағдайын нақтылайды:

психикалық  дамуға - оқушының мiнез-құлқының, ерiк-жiгерiнiң қабiлетiнiң дамуы;

денелiк  дамуға - дене бiтiмiнiң өз жасына сай  болуы;

     рухани дамуға - оқушының iшкi жан дүниесiнiң сырттан әсер ететiн күшпен өзара бiрлiгi;

     әлеуметтiк дамуға - өздерi өмiр сүрiп отырған қоғамдық ортаға үйлесе дамуы;

     жалпы дамуға - оқушының жан-жақты үйлесiмдi дамуы, - деп қорытындылай келе, сыныптан тыс уақытта бастауыш сынып оқушыларын дамытудың ғылыми-теориялық негiзiн айқындай отырып, бастауыш сынып оқушыларымен жүргiзiлетiн жұмыстардың тиiмдiлiгiн арттыруға, үйiрме жұмыстары мен мектептегi қоғамдық ұйымдардың құрылымын айқындай отырып, тәжiрибелiк – эскперименттiк жұмыстардың тиiмдiлiгiн нақтылайды. Ал, Р.Үсембаева: “А.Байтұрсынов мұралары арқылы бастауыш сынып оқушыларын адамгершiлiкке тәрбиелеу” атты диссертациясында А.Байтұрсынов еңбектерiн бастауыш сынып үшiн саралап, “Ахмет тағылымдары” атты арнайы бағдарлама мен әдiстемесi арқылы бастауыш сынып оқшыларының адамгершiлiк құндылықтарын қалыптастыру мүмкiндiктерiн тәжiрибелiк жұмыстар арқылы дәлелдейдi.

     Ал, Л.К. Керiмовтiң қиын балалар тәрбиесiне арналған еңбегiнде, оларды “қиын балалар” етiп тәрбиелейтiн әлеуметтiк жағдайларға ғылыми талдау жасай келе, тығырықтан шығу жолдарын саралап көрсетедi. Әсiресе, қиын балалардың мiнез-құлқын түзетуде адамгершiлiк тәрбиесiнiң ықпалының мол екенiне тоқталады.

     Көп ұлтты Қазақстан жағдайында аралас мектептегi адамгершiлiк тәрбие мәселесi В.А.Кимнiң еңбегiнде негiз болады. Әрбiр этникалық топтың бiр ұжымда тәрбиелену барысында олардың ұлттық ерекшелiктерiне, салт-дәстүрiне, әдет-ғұрыптарына аса мән бере отырып, адами құндылық қасиеттерiн қалыптастыруда әр ұлт өкiлдеренiң ықпалын жан-жақты ашып көрсетедi.

     Қоғам дамуының жаңа кезеңiнде жоғары сынып  оқушыларын адамгершiлiкке тәрбиелеудiң ғылыми педагогикалық тұрғыда жүйесiн жасаған Р.К.Төлеубекова адамгершiлiк тәрбиесi адамзат қоғамын үнемi толғандырып келе жатқан күрделi мәселенiң бiрi. Жаңа әлеуметтiк мәдени жағдайда жеке тұлғаның адамгершiлiк  тұрғыдан қалыптасуына байланысты, бiрiншiден, бүкiл адамзат қоғамының даму тарихында адамгершiлiк тәрбиесiнiң өзектi болғанын, екiншiден, философиялық, тарихи, әлеуметтiк, психологиялық, педагогикалық әдебиеттер мен зерттеулерге талдау жасай келе, адамгершiлiк адамның тұлғалық құрылымында ең алдымен өзiн танып бiлуi, олар мен адамгершiлiк қарым-қатынасы адамгершiлiк  тәрбиенiң бiр қыры,  үшiншiден, қазiргi жаңа әлеуметтiк мәдени орта жағдайында адамның адамгершiлiк тұрғыдан қалыптасуы өзi өмiр отырған қоғамның және әлеуметтiк ортаның, оның жанды саласы-мектептiң алатын орнының маңызы зор екенiне тоқталады.

     ХIХ  ғасырдың 60 жылдары мен ХХ ғасырдың 90 жылдары аралығындағы адамгершiлiк  тәрбиесiнiң дамуы тарихын зерттеген Э.А.Урынбасарованың еңбегiндегi қазақ төңкерiсiне дейiн және төңкерiстен кейiн де қоғам дамуында адамгершiлiк тәрбиесiнiң басты орын алғанына архив деректерiн негiзге ала отырып тұжырымдайды.

Ал, болашақ  мектеп мұғалiмдерiн мектепте адамгершiлiк  тәрбиесiн ұйымдастыруға байланысты А.А.Калюжный, А.А.Аманжолова, С.Қ.Әбдiлдинаның енбектерi арналған.

Бiз, тарихи ескерткiш мұралар арқылы оқушыларды адамгершiлiкке тәрбиелеуде жоғарыда аты аталған ғалымдардың,

практиктердiң  ғылыми тұжырымдарын басшылыққа алдық. Әсiресе, “Тарих тағылымдары” атты бастауыш сыныптарға арналған бағдарламаның  мазмұнын құрастыруда оқулықтың  мұмкiндiктерiн негiзге алдық. 

     Бастауыш  сынып оқушыларына адамгершiлiк  тәрбие берудiң ғылыми-теориялық негiзiн айқындай келе, зерттеуiмiзге нысана етiп алып отырған ұрпақтан-ұрпаққа  жалғасқан тарихи ескерткiш мұралардың тәлiмдiк те, бiлiмдiк те маңызының зор екеiн зерттеу  барысында  айқындадық.

     Сонымен қатар, Қазақстандағы бiлiм беру жүйесiнiң әлемдiк стандартқа сай 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне көшуi кезiнде бiлiм берудiң негiзгi компонентi аймақтық ерекшелiктердi ескере отырып, тәлiмдiк маңызы мол тарихи мұраларды оқушылардың бiлiмдiк деңгейiн жетiлдiруге байланысты  енгiзу мұмкiндiгi бар екенiн атап көрсеткiмiз келедi .

     Тарихи  ескерткiш мұралар жеке тұлғаның адамгершiлiк құндылықтарын  қалыптастыру мәселесi әлi өз дәрежесiнде зерттелмеген тақырыптардың бiрi болып табылады. Бүгiнгi жас ұрпақ бойындағы адамгершiлiк құндылықтарды қалыптастыруда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мұралардың маңызының мол екенiн ұстаздық тәжiрибемнен көрiп отырмын. Себебi, оқушы ментали-тетiне жақын, күнделiктi отбасындағы, қоршаған ортадағы iзгiлiктер адам бойынадағы құндылықтарды дамытуға ықпалы мол. Тәжiрибе барысында қоршаған ортаның бастауыш сынып оқушыларына қандай ықпалы болатынына зерттеу жүргiздiк. Зерттеу барысында әсiресе бастауыш оқушыларының көңiл-күйiне сыртқы қоршаған ортаның ықпалының мол болғанын тәжiрибелiк зерттеу жұмысында айқындадық. Әсiресе, қоршаған табиғи ортамен тiкелей қарым-қатынаста болу арқылы табиғаттың небiр қыр-сырын бiлуге мұмкiндiк алады.

     Бiз  зерттеуiмiзге нысана етiп алып отырған  Маңғыстау өлкесi-тарихи және табиғи ескерткiштерге мол өлкелердiң бiрi. Тарихи ескерткiш мұралардың тарихи және әдеби маңызын олардың салыну ерекшелiгi мен ұлттық сәулет өнерiне қосар үлесiн түсiндiру арқылы олырдың қоршаған ортаға деген мәдени көзқарастарын дамыту арқылы, адамгершiлiк-құндылық қасиеттерiн қалыптастыруға болатынына көзiмiз жеттi. Жалпы, Орта Азия тарихи ескеткiштерге өте бай өлке болып саналады. Әсiресе, Қазақстанда тарихи ескерткiштер ұлттық мәдениетiмiз бен өнерiмiздiң дамуына үлкен үлес қосып отыр. Тарихи ескерткiштер мен тасқа басылып жазылған таңбалар түркi мәдениетiнiң өзiндiк бiр ерекшелiгiн, бiр қырын көрсетедi. Тастағы таңбалар арқылы түркi халқының жазба мәдениетiнiң ертеден өркениеттi елдер қатарында болғанының нышанын бiлдiредi. Тарихи ескерткiш мұралар – бұл ұлттық сәулет өнерiнiң, бiлiмнiң, мәдениетiмiздiң, тарихымыздың, әдебиетiмiздiң дамуының басты белгiсi болып отыр. Оңтүстiктегi Арыстанбаб, Қожа Ахмет Иассауи, Баба түктi шашты Әзiз, Қоқыт ата, Домалақ ана, Айша бибi т.б., Батыстағы Шақпақ ата, Шопан ата, Масат ата, Қараман ата, Бекет ата т.б. жерасты мешiттер мен күмбездер, Шығыстағы Қозы-Көрпеш-Баян сұлу, Абай т.б. ескерткiштер, Орталық Қазақстандағы Жошы хан, Алаша хан т.б. тарихи ескеткiш мұралардың тәлiмдiк негiздерi арқылы жеке тұлғаның бойындағы рухани-адамгершiлiк қасиеттердi қалыптастыруға болатынына зерттеу барысында көзiмiз жеттi.

     Жеке  адамды дамытудағы басты факторлардың, бiрi –тәрбие. Тәрбие балалардың жас және дербес ерекшелiктерiне, дайындығы мен даму дәрежесiне лайық iске асырылады. Тәрбие арқылы адамдардың iс-әрекеттерiн ұйымдастыру үшiн, тәрбиешi тәрбиенiң құралдары мен әдiстерiн және формаларын iздестiредi, оларды тиiмдi етiп пайдаланады. Демек, тәрбие алдын-ала жасалған арнаулы жоспар бойынша мақсатқа бағыттала және ұйымдастырыла жүргiзiледi. Сондықтан да тәрбиенiң ортадан айырмашылығы осындай заңдылықтарға байланысты.

     Педагогика  тарихында тәрбиенiң рөлiн аса артық  бағалаушылар да болды.

     Джон  Локк адамның көзқарастары мен адамгершiлiк  қасиеттерiн қалыптастырудағы тәрбиенiң шешушi рөлiн мойындай келiп, адам тәрбие арқылы жетiмдi деген сыңар жақ қорытындыға келдi. Локк бойынша, бала жаны табиғатынан-ақ тақта сияқты тап-таза болады, сондықтан тәрбиешi ненi қажет деп тапса, соны сол таза ақ тақтаға жазуы тиiс. Бұл жерде Локк тәрбиенiң рөлiн аса дәрiптеп, әлеуметтiк орта мен тұқым қуалаушылық факторларының адамды дамытудағы ықпалын жете бағалайды.

В.Г.Белинский  бала жаны не болса, соны жаза беретiн  таза ақ тақта емес, оған өмiр жазатын  әрiптердiң мәнi тәрбиешi мен жазу құралына және сол тақтаның өз сапасына байланысты деп жазды. Белинский тәрбиенiң рөлiн жоғары бағалай келiп, адамның дамуына тұқым қуалаушылық пен ортаның „серiн де ескерген жөн дедi.

     Локк  пен Белинский көзқарастары бойынша, адамды адамның қанауы жағдайында тәрбие арқылы адамдарды түрлi дәрменсiздiктен, кемiстiктен, кесiрлiктен құтқаруға болады. Демек, олар тәрбие арқылы адам баласының тұрмысын жақсартуға және санасын өзгертiп, жөндеуге болады деген жорамалды ойға келдi.

     Тәрбие арқылы халықтың тұрмысын жақсарту және оның таным қабiлетiн дамыту мәселелерiн педагогика таптық қоғамды жойып, жаңа демократиялық қоғамды құрғанда ғана iске асыруға болады деп қарастырады.

Тәрбие процесiнде бала өзiнiң дамуына қажеттi жағдайларды пайдалануы тиiс. Осыған орай, тәрбиешi тәрбие арқылы баланың түрлi iс-әрекеттерiн тиiмдi етiп, ұйымдастырады, оның дамып жетiлуiне қажеттi материалдарды iрiктеп алады, айналадағы табиғи және әлеуметтiк ортаға көзқарасын дамытады.

     Тәрбие жұмыстарының сара жолдарын табудың нәтижесiнде баланың ой-өрiсi кеңидi, эстетикалық сезiмi мен талғамы артып, адамгершiлiк сапасы қалыптасады.

     Балаларды мектепке оқытудың алғашқы кұнiнен-ақ бiрiншi сыныптардың қоршаған өмiр  туралы әр түрлi түсiнiкпен келетiндiгi, мораль туралы ұғымдары да, мiнез-қырларымен әдеттерi де әр басқа екендiгi анықталады. Мектепке iлтипаттары да әртүрлi. Кейбiр балалар құрбыларымен тату-тәттi ойнайды, керек болса, ойыншықтарын беруге де даяр. Ал, ендi бiреулерi сырттап жүредi. Балалардың моральдық сапаларының, қоғамдық ұғымдарының, мiнез-құлықтары дағдылары мен әдеттерiнiң дамуындағы осы айырмашылықтарды адамгершiлiк тәрбиесi барысында мектеп түзетуi керек.

     Мектеп  бiлiмi өсiп келе жатқан ұрпақтың адамгершiлiк  тәрбиесiне едәуiр ықпал етедi. Адамгершiлiк тәрбиесi белгiлi жүйеде жүзеге асырылады. Мектептi бiтiргеннен кейiн адам мiнездiң жаңа сапаларын игермейдi, қайта бұрынғыларын шыңдай түседi немесе түзетедi. Сол себептi балалардың мектептегi адамгершiлiк тәрбиесi өте шеңберлi болуы тиiс.

     Педагогика  адамгершiлiк тәрбиесiнiң мазмұнымен ұйымдастырушының қоғамдық мораль сипатына тәуелдiлiгiн объективтiк заңдылық деп санайды.

Мектептегi адагершiлiк тәрбиесi бiздiң өмiрiмiздiң тек осы кездегi талаптарын ғана емес, болашақта да бағытталуы тиiс.

Адамның социалистiк қоғамға қатысты, оның халық, қоғам алдындағы борышы моральдық  кодексте бiрiншi орынға қойылады:

  • қоғам игiлiгiне қалтқысыз еңбек ету;
  • әрбiр адамның қоғамдық байлықты сақтауға және молайтуға деген қамқорлығы;
  • қоғамдық борышты жоғары дәрежеде сезiну;

     Адамгершiлiк  бейненiң сұлулығы мен iзгiлiгi адамдардың гуманизм мен коллективизмге негiзделген  өзара қатынасында айқын көрiнiсiн  табады. Сондықтан кодекс өсiп келе жатқан ұрпақ бойында коллективизм мен жолдастық өзара көмек “Бiреуi бәрi ұшiн, бәрi бiреуi үшiн” деген принципiмен өмiр сұре бiлуi, достық сезiмi (адам адамға – дос, жолдас және бауыр), саналы тәртiптерiн сақтау сияқты қасиет-сапаларын тәрбиелеуге шақырады.

     Адалдық және шыншылдық, адамгершiлiк, тазалық, қарапайымдық, қоғамдық және жеке өмiрдегi сыпайылық, үлкендi сыйлау сияқты мiнездегi моральдық-ерiктiк ерекшелiктерiдi тәрбиелеу кодекстiң маңызды бөлiмiнiң бiрi.

      Адамгершiлiк  бастамалары “Оқушыларға арналған ережеде” көрсетiлген. Оларда 1-4, 5-8 және 9-11 сыныптар оқушыларына қойыатын талаптар жеке-жеке берiлген. Ережелер мектеп оқушысының алдына ұқыпты оқу, жалпыға пайдалы еңбекке қатысу, қоғамдық мүлiкке және өз мүлкiне сақтықпен қарау, үлкендердi және өз жолдастарын құрметтеу, адалдық пен шыншылдық, сыпайыгершiлiк, жинақылық мiндеттерiн қояды. Ережелерде адамгершiлiк тәрбиесiнiң әлiппесi берiлген.

      Адамгершiлiктiң  бастамасын қалыптастыруда ең алдымен  оқушының жақсы, жаман мiнезi туралы дұрыс түсiнiк берiлу ұсынылады. Жақсы iс iстеу – бұл “Оқушыларға арналған ережелерде” көрсетiлген барлық мiндеттердi дәл және дұрыс орындау болып табылады.

      Ал, жаман iс iстеу – бұл осы мiндеттердi орындамау, коллективтi, жолдастарын  сыйламау, олардың пiкiрлерiн бағаламау.

      Осы бастапқы түсiнiктерден мектеп өз оқушыларында күрделiрек адамгершiлiк сапалардың қалыптасуына: туған жерге, оларда барлық халықтар балаларымен достық, еңбек сүйгштiк, еңбек адамдарына сүйiспеншiлiк, адалдық, шыншылдық, iзгiлiк, тәртiптiлiк сезiмдерiн тәрбиелейдi, дiни сезiмдер мен нанымдардың зияндылығын түсiндiредi.

      Бұл жоғары сезiмдер бiрте-бiрте қалыптасады. Еңбек сүйгiштiк, өзiнiң және қоғамдық заттарға ұқыптылықпен қарау сезiмi, отбасындағы жеңiл-желпi жұмыстан, сынып, мектеп үшiн еңбек етуден қалыптаса бастайды. Оқу сабақтарында, еңбек, экскурсия, өндiрiс озаттарымен кездесу процесiнде, жиындарда балалар үлкендердiң еңбегi жайлы түсiнiк алады, мұғалiм осы адамдар еңбегiмен барлық материалдық игiлiктер, оның iшiнде мектепте балалар қоданып жүрген құралдар мен оқу жабдықтары да жасалатындығын ұғындырады.

      Адамгершiлiк  тәрбиесi балалар арасындағы тәрбие жұмысының барлық буындарында, сабақта, оқу және еңбек процесiнде, эстетикалық және дене тәрбиесiнде жүзеге асырылады. Адамгершiлiк  нормаларын тек жаттап алу жеткiлiксiз, оны ой елегiнен өткiзiп, бастан кешiруi керек, сонда ғана ол оқушы мiнез-құлықы  мораль нормасына айналады. Бұл жағдайлар адамгершiлiк тәрбиесiнiң әдiстемесiн анықтағанда негiзге алынуы тиiс.

      Адамгершiлiк  тәрбие тәрбиеленушiнiң дамуына қандай игi әсер ететiндiгiн, тәрбие әсерiмен оқушы қалай өзгеретiндiгiн, тәрбие әртүрлi әсерiмен адамгершiлiк кемелдiң жаңа сатысына қалай көтерiлетiндiгiн педагог жақсы бiлуi тиiс. Ол үшiн адамгершiлiк тәрбиесiнiң бүтiн процесiн жеке буындарға бөлiп, әрқайсысын жекелей қарастыру керек. Бұл процестiң аса маңызды буыны – адамгершiлiк сананы қалыптастыру. Адамгершiлiк, саналылық дәрежесi адамның тәртiбi мен iс-әрекетiн анықтайтыны әлдеқашан дәелденген.

      Сана-сезiмнiң  қалыптасуы ұзақ та күрделi процесс, ол мектепке бармастан көп бұрын, қоғам туралы, жақын адамдардың өзара қатынасы туралы алғашқы ұғым-түсiнiктерiнiң қалыптасуынан басталады. Мектепке келгеннен бастап балаларға қойылатын талап та жоғарылайды. Бiрiншi сыныптар басқалардың жағдайымен санаса бiлуi, жұмыста бiр-бiрiне кедергi болмауы тиiс. Алғашқы ұғым-түсiнiктер негiзiнде өскелең адамның тұрақты көзқарасы мен сезiмдерi қалыптасады, бұл жағдай оның мiнез-құлқына әсер етедi, бағыт бередi.

      Алайда, бұл процесс әрдайым сәттi өте бермейдi. Мәселен, еңбек қоғам игiлiгiнiң қайнар көзi екендiгiн бәрi де бiледi, бiрақ бәрi бiркелкi еңбек етпейдi. Сондықтан тұрақты көзқарасты қалыптастыру – мектептiң аса маңызды мiндетi. Бiздiң балаларымызға кұштi сезiм туғызарлық, мiнез-құлқы мен iсiнде көрнекiлiк терең идеялы сенiм керек. Ондай сенiмдiлiк ойлағанда емес, адам басынан кешкен жағдайда, өзiнiң iс-тәжiрибесiнде дәлелденген жағдайда тууы мүмкiн. Сондықтан тәрбие жұмысында тек қана белгiлi бiр мiнез-құлық нормалары жайлы түсiндiрiп қана қоймай, балалар өз көзқарастарын тексерiп көре алатындай, практикада олардың дұрыстығына көз жеткiзетiндей жағдай жасау керек. Мiне, сол себептi де А.С.Макаренко ерiк-жiгердi, ер жүректi коллективке арнаулы жаттықпайынша игеру қиынға соғады, деп әлденеше рет ескерткен болатын.

      Оқушының  бұл сенiмдi сапалы түрде қабылдауының, мойындауының маңызы зор. Тек осы жағдайда ғана ол баланың мiнез-құлқының мотивiне айналады. Мотив дегенiмiз – бұл саналы ұмтылыс, бұл – адамның мiнез-құлқын қозғауға, салатын, бағыттайтын күш. Тиiстi мотивтер болмайынша, мiнездiң қажеттi нормалары нығыз бекiмейдi, қоғамшыл адам ретiндегi белгiлi бiр адамгершiлiк сапалары қалыптаспайды.

      Сезiм  баланың мiнез-құлқына керемет  әсер етедi. Тәрбиеде сезiмге сүйену, тәрбиенiң нәтижелiлiгiн арттырады. Баланың сезiмiне әсер ету шексiз жұмыс және тәрбие жұмысының күрделi саласы болып табылады. Сондықтан да көптеген мұғалiмдер баланың санасына әсер етудi жөн көредi, ал тәрбие жұмысында оның сезiмiне қалай әсер етуге болатындығын кейде бiле бермейдi.

      Оқушының  сезiмiне әсер етудiң тәсiлдерiн анықтағанда сезiмдi тәрбиелеу, негiзiнен баланың бұрынғы өз сезiмдерiн өзгерту және онан әрі тiлдiру жолымен жүзеге асырылатындығын ескерген жөн. Сезiмдi тәрбиелеудiң дәл де қыска жолдарын педагогика айтып бере алмайды. Мысалы, жолдасының немесе әдеби кейiпкердiң iсiне қалай да таңданудың керек деп оқушының алдына мiндет қоюға болмайды. Қажеттi сезiмдi тудыру үшiн соған сәйкес оқушының сезiм дүниесiне қатты әсер ететiн жағдайлар жасалынуы тиiс. Мәселен, туған табиғат туралы мектеп қабырғасында қаншама айтқанмен, балаларға оның сұлулығы мен ұлылығы жайында әсер туғызбауы мүмкiн. Ал, ендi табиғатқа экскурсия жасаса, оның ең сәндi жерлерiн тауып, фотосуретке түсiру, монтаж жасау жайлы тапсырма берiлсе, бұл балалардың табиғатқа ең нәзiк сүйспеншiлiгiн туғызар едi. Бұл жағдайда, мұғалiм iзгi сезiмдердi туғызып қана қоймайды, оның бекуiне де жағдай жасайды.

      Баладағы  жаңа сезiмдер қатты әсерленуден болады. Осы әсерленудiң ықпалымен сезiмiнiң жетiлуi, өзгеруi мүмкiн. Әсерлену әсiресе өзгелердiң iстегенiн қабылдау және санадан өткiзу процесiнде пайда болады. Еңбек қаѕармандарының iстерi жайлы, соғыс кезiндегi бiздiң адамдарымыздың теңдесi жоқ ерлiгi жайлы әсерлеп, көркемдеп әңгiмелеу бала сезiмiне өте қатты әсер етiп, оның патриоттық iзгi сезiмдерiн оятады. Әсерленушiлiк басқа адамның өмiрiне жаны ашуы нәтижесiнде тууы мүмкiн.

      Сөйтiп, педагог коллектив өмiрiн жарқын да сезiмге бай етiп ұйымдастыра  алса, мұның өзi Отанды сүю, коллектив  алдындағы борышын өтеу сияқты жоғары адамгершiлiк сезiмдерiн қалыптастыруға негiз болмақ.

      Мектеп  баланың пайдалы дағдылары мен  мiнез-құлық әдеттерiн қалыптастыруға қаншалықты қамқорлық жасаса, тәрбиенiң пәрмендiлiгi де соншалық арта түспек.

Адамгершілік тәрбие