Зайырлы Мемлекет

ЖОСПАР

 

Кіріспе

    1. Зайырлы мемлекет. Зайырлылық үлгілері: шетелдік тәжірибелер
    2. «Хижаб» мәселесі. Дін және дәстүр
    3. Ислам мемлекеттеріндегі ұлттық ерекшеліктер жайында
    4. Зайырлы мемлекет — атеистік емес
    5. Дін және зайырлы мемлекет

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

«Зайырлы» сөзі қазақтың сөздік қорына тәуелсіздік  алғаннан кейін, алғашқы Ата Заңның бекітілуімен бірге енді. Ал қазақтың сөз саптау мәнерінде бағзыдан келе жатқан «зайыры» деген қыстырма сөз бар. Ол «дұрысы», «анығы», «ашығы» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөздің төркіні арабтың «ашық; айқын; сыртқы», т.б. мағыналарды білдіретін «захир» сөзінен туындайды.

 «Зайырлылық» ұғымының ең танымал анықтамасы – француз философы және лингвисті Эмиль Литтренің: «Барлық культтерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез келген теологиялық тұжырымдамадан азат болып табылатын мемлекеттің белгісі» деген тұжырымы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Зайырлы мемлекет. Зайырлылық үлгілері: шетелдік тәжірибелер

 

ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде  орнықтырады» делінген. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің  барлық салаларда, соның ішінде дін  саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан  бостандығын қамтамасыз ететінін, дін  мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын  білдіреді.

Әлемдік қауымдастықта зайырлылықтың үш түрлі үлгісі қалыптасқан. Біріншісі – зайырлылықтың атеистік үлгісі. Оның көрнекі мысалы халқымыз бастан өткерген кеңестік режимді орнықтырған КСРО болып табылады. ҚХР да бүгінге дейін осы үлгіні пайдалануда.

Зайырлылықтың екінші үлгісі – сепаратистік үлгі. Бұл үлгі діни қауымдастықтардың мемлекеттен бөлінгенін және заңнамада қандай да бір діннің немесе конфессияның ерекше құқыққа ие болмайтынын негізге алады.

Зайырлылықтың үшінші үлгісі – таңдамалы негіздегі үлгі. Бұл үлгі қоғам үшін ерекше құнды болып табылатын, конституциялық деңгейде анықталатын діни басымдықтарды басты тірек етеді.

Таңдамалы үлгі бойынша мемлекет құрушы және мәдениет құрушы дін, дәстүрлі немесе тарихи дін, басым көпшілік ұстанатын дін секілді бірнеше ерекше мәртебелерді анықтау арқылы таңдау жасалады. Ерекше мәртебеге ие діндер қосымша ерекше құқықтарды иеленеді және ең алдымен азаматтық қоғамның барлық салаларында – білім, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қарулы күштер, бұқаралық ақпарат құралдары салаларында кез келген діни қызметті жүзеге асыру құқығын иеленеді. Батыс Еуропаның көптеген елдері осы таңдамалы үлгі негізіндегі заңнаманы қолданады. Зайырлылықтың сепаратистік үлгісі АҚШ, Нидерланды секілді жекелеген елдерде ғана қолданылады. Қазақстан Республикасы да осы сепаратистік үлгіні қолдануда.

Әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттің зайырлы болуына қарамастан дәстүрлі діни ұйымға конституциялық тұрғыдан ерекше мәртебе беру тәжірибесі қолданылады. Норвегия, Израиль, Аргентина, Ұлыбритания және т.б. бірқатар мемлекеттердің заңнамаларында белгілі бір дінге мемлекеттік статус бекітілген. Дәстүрлі діндер тиісті конституциялық-құқықтық мәртебе берген мемлекеттер де бар.

Мысалы, Норвегия мемлекеті Конституциясының 2-бабына сәйкес евангельдік лютеран діні Норвегияның мемлекеттік ресми діні болып табылады. Сондықтан мемлекеттегі Норвегия Шіркеуін басқаруға қатысты барлық шығындарды мемлекеттік салық есебінен мемлекет және муниципиалдық билік көтереді. Тұрғылықты халықтың 83%-ы Норвегия Шіркеуіне тұрақты түрде барып тұратын дінге сенуші қауым болып табылады. Норвегияның мемлекеттік балабақшалары мен мектептері заң бойынша «Мораль және христиандық тәрбиені» оқытуға міндетті. Осыған қарамастан ешкім бұл мемлекетті «діни», «тоталитарлы», «клерикалды» немесе т.б. анықтамалармен атамайды.

Израиль мемлекетінің заңнамасында қандай да бір діннің көшбасшылық жағдайын айқындайтын бап жоқ. Алайда, мемлекеттің Қайтару туралы Заңының 4а бабына сәйкес Израильге репатриант ретінде қайта оралу құқығына басқа дінді ұстанбаған кез келген иудей ие. Ал христиан дінін қабылдаған иудейлер Израильге қайта оралудың барлық құқықтарынан айырылады. Израиль Жоғарғы соты осындай қаулы қабылдаған.

Герман Федеративті Республикасының Конституциясына келсек, ГФР Негізгі заңына сәйкес мемлекеттік мектептерде діни білім беру міндетті деп мойындалады. Бұл ретте неміс халқының негізгі сенімі болып табылатын лютерандық негізге алынады. 

 

 

 

2. «Хижаб» мәселесі. Дін және дәстүр 

 

Дін тек сенім мәселесіне ғана емес, мораль (ахлақ) мәселесіне де тікелей қатысты. Моральдың негізі ұстаным болса, ұстанымның тірегі – сенім. Адамзат баласы өз тіршілігін сенімге негіздемей өмір сүре алмайды.

Кез келген діннің негізінде ең алдымен рухани, моральдық құндылықтар жатады. Исламның ұлы тұлғасы Мұхаммед пайғамбар өзінің адамдар арасындағы міндетін: «Мен көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін жібергенмін» деп түсіндірген. Дін саласында мораль мәселесі сенім мәселесінен жоғары тұратынын осы хадистен-ақ түсінуге болады. Дінге сенуші адам ең алдымен жан-дүниесімен, болмысымен дінді қабылдауы керек. Әрбір дін жан тазалығын, ар тазалығын уағыздайды. Осы екі ұғым арқылы жеке тұлғаның өз мәселелері де, бүкіл қоғамдық қатынастар да реттеледі. Мұхаммед пайғамбар: «Иман екі түрлі болады: бірі – тілдегі иман, екіншісі жүректегі – иман», «Алла Тағала сіздің сырт көрінісіңізге қарамайды, жүрегіңізге назар салады» деген хадистер қалдырған. Осының барлығын қазақ даналары: «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді» деген бір ауыз сөзбен түйіндеген.

«Дінге  сенуші» ұғымын ең алдымен «дінге жүрегімен сенуші» мағынасында  қабылдауымыз керек. Дінге сенуші өзінің ұстанымдарымен, жүріс-тұрысымен, өмір салтымен ешкімге кедергі жасамауы, қиындық тудырмауы, қоғамдық өмірде кереғар пікір туғызбауы керек. Мұхаммед пайғамбардың: «Мұсылман дегеніміз өзгелерге қолымен немесе тілімен залал келтірмеген адам» деген хадисі де соны меңзейді.

Бүгінгі Қазақстанда белең ала бастаған салафи ағымының жақтаушылары да, хижаб киюшілер мен оны насихаттаушылар да сенімдік жағын былай қойғанда, мұсылмандық әдеп тұрғысынан да дәстүрлі қазақ қоғамының тұтастығына залал келтіруде. Бүгінгі қоғамымыздағы кейбір теріс пиғылды ағым өкілдері хижаб мәселесін орынды-орынсыз жалаулатып, саяси ойынға айналдырғысы келетіні белгілі. Өздерінің «таза ислам» өкілі екендігін қаба сақал қойып, қысқа балақты шалбар киюмен дәлелдегісі келетіндер қатары да көбейіп барады. Ислам жайындағы осындай үстірт түсініктерге, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, жат идеологияның жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірден-бір күш – біздің қазақы мұсылмандығымыз.

Қазақ халқы тәуелсіздік алғалы ғана мұсылмандықты қабылдаған жоқ. Біз мың жылдан бері мұсылман елміз. Мұсылмандық қазақтың қанына сіңген. Қазақ ұлты мен қазақ мемлекеттігі ислам діні аясында, ислам шариғаты шеңберінде қалыптасты. Қазақ халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үйлесіп, кірігіп кетті. Ұлттың дүниетанымы оның дәстүрінен танылады. «Дәстүрлі дін» деген ұғымның өзі ең алдымен «дәстүрге айналған, дәстүрмен тұтасып кеткен дін» дегенді білдіреді. Қазақстан үшін дәстүрлі дін – әрбір халықтың өз дәстүрімен сабақтасып жатқан ата діні деген сөз. Қазақстанда өмір сүріп отырған қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, түрік, әзірбайжан, күрд, тәжік, шешен, қырғыздардың барлығының ата діні – ислам. Олардың әрқайсысы исламды өздерінің ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімен бөліп-жармай бірге қабылдайды. Әр ұлт өзінің ата дінін, дәстүрлі мазхабын ұстанғанда ғана тұтастығын, бірлігін сақтап қала алады. Осы ғасырлар бойы қалыптасқан тұтастыққа жік түсіруге тырысып жүрген салафилік секілді ағым өкілдерінің әрекеттері қазақ халқының да, бүкіл Қазақстан халқының да бірлігін бұзатын қауіпті фактор. Ал ислам – бірлік діні. Ислам бөлінуге емес, бірігуге шақырады, ел ішіне бүлік салушыларды «фитнашылар» деп ауыр айыптайды.

Мұсылмандық тарихымызға көз салсақ, Қарахандықтар мемлекеті тұсында (Х-ХІІІ ғғ.), Алтын Орда мемлекетінде, өз қандастарымыз Үнді жерінде құрған Моғолстан мемлекеті тұсында ислам діні мемлекеттік дін ретінде бекітілген екен. Осы кезеңдердің бірде-бірінде әйелдерге хиджаб кию міндеттелмеген. Исламның қаймағы бұзылмаған орта ғасырлардың өзінде ата-бабаларымыз хижабтың жат мәдениет үлгісі екенін жақсы білгендіктен, өмір салтына енгізген жоқ. Бертінде қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі де хижабтан қорғануға елеулі себеп болды.

Сөздік қорына «хижаб» деген сөзді енгізбеген қазақ үшін қауіп хижабтың өзінде емес, хижаб арқылы көрінетін көзсіз, әсіре діндарлықта және дін формасының ар жағындағы жат мәдениет мазмұнында. Сол жат мазмұнның сыналап ішке еніп, қазақы қалпымыздан, ұлттық менталитетімізден, береке-бірлігімізден айыра бастағаны қазір анық байқалады.

Қазақ ешкімнен дін үйренетіндей мүшкіл халде емес. Қазаққа тек ата дінін ата-баба ұстанған жолмен – ғасырлар сынынан өтіп, шыңдалған жолмен жалғастыру қажет. Өзгеге өнеге болатындай тағылымға тұнған тарихымыз, ғибратқа толы дәстүріміз, хикметке бай діліміз тұрғанда, санамызды сан тарапқа тартқылаған әртүрлі ағымдардың жетегінде жүргеніміз елдігімізге сын. Осы орайда хижаб мәселесіне қатысты мынадай ұсыныстар білдіреміз:

1. Зайырлы мемлекет дін саясатындағы ұстанымдарында да орнықтылық танытуы керек. Ұлттық дәстүрлеріміз бен зайырлылық ұстанымдарымызды ескере отырып, бірінші кезекте кәмелет жасына толғанға дейін қыз балалардың хижаб киіп жүруіне заң жолымен тыйым салынуы қажет. Бұл мәселені мектеп жарғысымен шешу мүмкін емес. Өйткені заң жолымен рұқсат етілген діни сенім бостандығын орта оқу орнының жарғысы шектей алмайды.

2. Зайырлы мемлекеттің өз ұстанымдарынан шегіне беруі діни ахуалды одан сайын ширықтыра түспек. Сондықтан жоғарғы оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерде де хижаб киюге тыйым салатын заңдық нормалар қарастырылуы қажет. Қазірдің өзінде жоғарғы оқу орындары мен мемлекеттік мекемелердегі хижабты қыз-келіншектердің «мұсылман бауырлар» жамағатына топтасып, өзгелерді соған белсенді түрде насихаттауы байқалады. Мұндай әрекеттеріне тосқауыл қоймақ болған мекеме басшыларының үстінен олардың «конституциялық және азаматтық құқығымды таптады» деп шағым түсіріп, сот процестерін жүргізіп жатқан фактілері де бар. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы Заңда» қатаң нормалар қарастырылмағандығының салдарынан осындай жағдайларда мемлекет өзінің зайырлылық принциптерін қорғай алмай отыр. Бұл орайда заңнама мәселесінде принципшілдік танытуға тиіспіз.

3. Бүгінгі қоғамымыздағы кейбір теріс пиғылды ағым өкілдері хижаб мәселесін орынды-орынсыз жалаулатып, саяси ойынға айналдырғысы келетіні белгілі. Хижаб мәселесін насихаттауда қазақы киім үлгісін бүркеніш ету секілді тенденциялар да айқын көрініс тауып отыр. Ислам жайындағы үстірт түсініктерге, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, жат идеологияның жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірден-бір күш – біздің қазақы мұсылмандығымыз. Біз ең алдымен мың жылдық мұсылмандық тәжірибемізді орнымен игеріп алуға тиіспіз. Халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани-діни құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратуымыз қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы хижабпен бүркемеленген жат идеологияға тосқауыл қоюға болады. Осы бағыттағы насихат жұмыстары мемлекеттік дін саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуға тиіс.

«Менің  заманымда дін бұйырған істердің оннан тоғызын орындап, оннан  бірін ғана орындамағандар тозаққа  баратын болады. Ал сондай да бір замандар келеді – дін бұйырған істердің оннан тоғызын орындамай, оннан бірін ғана орындаған адамдардың өзі жұмаққа баратын болады» деген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисі бар. Қазақтың: «Заманына қарай – амалы» деген нақылы да дәл осыны меңзейді.

Зайырлы қоғамның дінге сенуші азаматы екі нәрсені анық түсініп алуы қажет:

1. Иман адамның киімінде емес, жүрегінде. Құлшылық ең алдымен жүрекпен жасалады. Иманды адам діндарлық көзқарасын көрсететін киім үлгісімен өзін ерекшелеуді емес, жүректегі иманын берік сақтауды ойлауы қажет. Ішін түземей, сыртын сылаудың ең ауыр күнәлардың бірі –екіжүзділік күнәсына ұрындыратынын, ал қоғамдары жүріс-тұрыстарының үлкен бүліктерге апарып соқтыратынын түсінуі тиіс. Ал зайырлы қоғам принциптері жүректегі иман мәселесіне мүлде қайшы келмейді, керісінше оны гуманизмнің биік үлгісі ретінде қолдап-қуаттайды.

2. Кез келген дінде діни ғибадат, құлшылықтарды орындауда көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Осындай жеңілдіктер кез келген зайырлы қоғамда діни парыздарды орнымен атқаруға толық жағдай жасайды. Бір ғана ата-дініміз исламдағы намаз оқуды алсақ, мүмкіндігі жоқ адамның намазды кешіктіріп оқуына жағдай жасау үшін «қазасын өтеу» шарттары белгіленген. Бүгінгі бірқатар дінге сенушілердің осындай жеңілдіктерге көз жұма қарап, фанаттық көзқарасты ұстануы өте қауіпті. «Еш нәрсеге, тіпті дінге де көзсіз берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге көзсіз берілгендіктен опат болған» деген Мұхаммед пайғамбар хадисі әсіре фанатизмнің ауыр салдарын меңзейді.

Кезінде діндарлықтың жөні осы екен деп, қызды-қыздымен асыра сілтеп, «Жәннәтул бақидағы» он мың сахабаның, Пайғамбарымыздың текті әулетінің қабірін қиратқан арабтар бүгінгі күні өз ісінен өзі шошып, артына алаңдап, «әл-уасатийа» – «ымырашыл ислам» дегенді ойлап тауып отыр. «Ақымақ өз қатесінен сабақ алады, ақылды біреудің қатесінен сабақ алады», өзгенің қателігін қайталап, өз жағдайымызда сынап көрудің бізге қажеті жоқ.

Ислам діні аясында ұлт болып қалыптасқан қазақ халқының бүкіл салт-дәстүрлері ислам шариғатымен біте қайнасып кеткен. Қазақ дәстүрлеріне қарсы шығып, оның тұтастығын бұзу түптеп келгенде исламның тұтастығына қарсы шығу деген сөз. Сондықтан әр ұлттың ата дәстүрін қорғауы ата дінін қорғаумен бірдей екенін ұмытпауымыз керек.

Ислам мемлекеттеріндегі ұлттық ерекшеліктер жайында

 

Шамамен бес жыл бұрын біздің мемлекетімізде дін саласында маман дайындайтын мекеме де, мамандар да болмаған еді. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған соң шетелге шығу мүмкіндігі теологиялық білім алуға да мүмкіндік берді. Осылай, ислам бойынша тәлімді біздің ізденушілер Мысыр, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Ауғаныстан, Иран мемлекеттерінен ала бастады. Бұл да рухани қажеттілікті толықтырудағы бір жол еді. Әрине, Діни істер басқармасынан бақыланатын мекеме, мешіттерде жұмыс істейтін бұл мамандардың мемлекеттік саясат тарапынан жұмыс жүргізілуі қадағаланады. Ал, одан тыс қалғандар аталған мемлекеттерден тоқыған түйген вахаббиттік, салафиттік, шииттік ойларын діни сауаты аз біздің қоғамға сіңіріп жүрмегеніне кім кепіл. Одан да қорқыныштысы сол адамдардың өз сенімдерінің дұрыстығына кәміл сенуінде... Әрине, әр мемлекеттің тарихына, ислам дінінің енуі мен таралуына, діліне, ұлттық ерекшеліктеріне байланысты ислам сол мемлекетке тән форманы қалыптастырды. Исламның негізгі ағымдары суннизм, шиизм, хариджизм ағымдарына байланысты теориялық тартыстарды айтпағанда, басым көпшілік халқы суннит болып табылатын араб мемлекеттерінің өзінде исламның теориялық, практикалық (киім мәселесінде) мәселелеріне байланысты біртұтас пікір жоқ екендігі мәлім. Енді тілдері, мәдениеті, тарихи дамуы әртүрлі Үндістандағы немесе Ирандағы мұсылмандарды алып қарайық. Ислам Үндістанда индуизмнен кейін екінші орынға ие. Үндістан жеріне ислам IX-XI ғғ. толығымен орнықты, дегенмен ондағы мұсылман әйелі ұлттық сари киімін киіп жұқа жамылғысымен жүреді. Батыс Африкағы мұсылман халқы басым Нигер, Гвинея, Буркина Фасо мемлекеттерінің мұсылмандары өз ұлттық дәстүрлерін сақтап, әйелдері өздеріне ынғайлы ұлттық киімдерін киеді. Шииттік Иран Иран Республикасында Әли, Фатима, Хусейндердің салынған суретін көруге болады. Иранның ежелгі діні зороастризм заманында пайда болған Наурыз мерекесін ирандықтар басты мереке ретінде тойлап өтеді. Өтіп бара жатқан жылдың ең соңғы сәрсенбісін «чехоршанбе-ие сури» деп атап ескі жылда жамандықтың бәрі артта қалсын деген ниетпен, тазалану рәсімін өткізіп жанып тұрған оттан секіреді. Жаңа жылдың алғашқы он үшінші күні 13 санының жайсыз болуына байланысты барлығы күндізгі уақытты сыртта пик-ник жасап, демалып үйден тыс өткізеді. Бұл рәсім «сиздах бе дар» деп аталады. Ислам Республикасында зороастримнен қалған ирандықтар үшін дәстүрлі рәсімдер сақталып, әлі күнге тойланып келеді.

Арнайы  зерттеулер жүргізсе осындай ерекшеліктерді әрбір ислам мемлекеті мен мұсылман халқы басым мемлекеттерден табуға болады. Аталған ерекшеліктері үшін оларды ислам әлемі сыртқа теппейді, іште де өздерін өздері айыптамайды. Олар салт-дәстүрлері бар сол мемлекеттің, ұлттың өкілі, сосын мұсылман екендігін ұмытпай өмір сүруде. Қазақстан үшін де солай болу қажет. Біз ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді ұмытпауымыз қажет. Егер де дәстүрімізді ұмытып, тамырымызға балта шабылатын болса Ш.Айтматов айтқан «мәңгүрттік», «рухани мәңгүрттік» сипат алатын болады. Маңғыстаулық ақын Сабыр Адайдың «Әр қазақ менің жалғызым» деген сөзі бар еді, сондықтан әр қазақтың тағдыры мен болашағына мән берілу қажет. Ал қазақ болашағы мемлекет болашағы деп пайымдалуы шарт.

Орта  Азия мемлекеттерінің, ТМД елдерінің  арасында алға нық қадам басып, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанға ОБСЕ, ОИК сияқты халықаралық ұйымдарға  төрелік ету ұсынылды. Бұл Батыс мемлеттерінің де, Шығыс мемлекеттерінің де Қазақстанға білдірген сенімдерінің айғағы. Бұл мәртебеге қол жеткізудің бір себебі Қазақстанның зайырлы мемлекет ретінде дамуында. Зайырлы мемлекетті дамытуға ат салысатын зейінді, зайырлы қазақстандықтар екенін жадымыздан шығармағанымыз жөн. 

 

Зайырлы мемлекет — атеистік емес

 

Зайырлы қоғамдағы діннің алатын орны қандай? Діни бірлестіктер қандай қызмет атқарып жатыр және олар әлеуметтік, рухани  мәселелерді шешуге ықпал ете ала ма? Діндердің өмірге араласуының өлшемі, шегі қандай дәрежеде болуы керек? Сондай-ақ мемлекеттің де діндер ісіне араласуының жай-жапсары қандай?  Неге рұқсат, нені тиімсіз деп қарауымыз керек деген сияқты сауалдар  бүгін Қазақстан азаматтарын, сондай-ақ бұрынғы социалистік мемлекеттер азаматтарын да толғандырады.  

2003  жылы  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің делегациясы құрамында Ресей Мемлекеттік  Думасына барған сапарымызда бір топ депутаттарды Мәскеудің М. В. Ломоносов атындағы университетінің ректоры академик В. А. Садовничий қабылдап, студенттердің рухани тәрбиесіне байланысты мәселелермен таныстырды.  Университеттің жанында  «Православие  мәдениеті институты»  ашылған, енді ислам мәдени институты ашылатынын, жастардың осылай жат діндерден дәстүрлі дінге қарай бет бұрғаны туралы әңгіме болды. Артынша Ресейде «Православие  мәдениеті негіздері» пәні мектептерде,  басқа да жоғары оқу орындарында енгізіле бастағанда, бір топ ресейлік академик-атеистер, белгілі қоғам қайраткерлері бұқаралық ақпарат құралдарында ашу-ызамен бұл қадамның Конституцияға қарсы екендігін алға тартты,  діннің мемлекеттен бөлінгендігіне баса назар  аударды. Сондықтан дінге сенетіндердің дінге деген белсенділігін қолдау, оқу орындарындағы факультативтік  болса да курс ашу қоғамда діннің үстемдігіне әкеледі деп Ресей президентіне де үндеу жариялады.  

Зайырлы мемлекеттер діннің үстемдігіне  де, дінді  мансұқтауға да заң бойынша  жол бермейді. Дегенмен, зайырлы мемлекет пен атеистік мемлекеттің арасын  ажырата алмайтын жағдай  ТМД елдерінде, қазақстандық қоғамда да жиі кездеседі. Төркініміз — кеңес үкіметі ұлт десе ұлтшыл деп айыптауға дайын тұратын еді. Енді бүгін дін десе, әсіресе ислам діні туралы  сөз  бола қалса, ол дінді ұстанушыларға «экстремист», «террорист», «ваххабист»  дейтіндер көбейді. Шындығында мұндай анықтаманы тек сот бере алады.

Әлі де болса дінді жау көрмесе  де, идеология саласында бәсекелес  көреді. Жастардың көбірек  мешітке баратыны, болмаса ерекше киінсе осыдан бір зайырлы мемлекетке қауіп-қатерді жасырын іздеушілер бар. Жаңарған діни сананы елдің басын біріктіретін, мәдениетінің, дәстүрінің тірегіне айналдырудың орнына дін мен мемлекет, дін мен мәдениет арасына бөгет салуға, елді жікке бөлуге тырысу байқалады. 

Құқық қорғау органдары мен арнаулы  қызметкерлер де өз қызметін тым кең  мағынада түсініп, өз қызметтерінде  өз құзыреттері шеңберінен асып жатады, мемлекеттік басқа органдардың  қызметін алмастыруға тырысушылық  байқалады. Қай салада да  барлығын бақылап, ашса алақанымда, жұмса жұдырығымда болсын деген ниет ойдағыдай нәтиже бермейтіндігі белгілі. Тізгіндеп, күнде «достық» әңгімеге шақыру адамды ашындырып өзіне өзі қол салуға дейін апарады. Экстремизммен күресті желеу етіп, азаматтардың жеке ісіне араласу да орын алуда.  

Кейде қылмыстық қақтығыстық астарына діни мән берушілік жиі кездеседі. Діннен ғана қауіп-қатердің себебін  іздеу әлеуметтік басқа да себептерін іздеуді шектейді.  

Бұл, біріншіден, көрші славян елдерінің  бұқаралық ақпарат құралдарының барлық пәлені мұсылмандардан көріп, оларды құбыжық етіп көрсетіп, өздерін ақтауға  тырысушылығынан туып отыр.  Бұл  әсіресе Шешенстандағы соғыс кезінде жиі көрініс берді. 

Екіншіден, діншілдікті — «фанатизм», радикалдық іс-әрекеттермен байланыстыратын психология өз ішімізде әлі де көрініс алып отыр. Дін ата-бабаларымыздың құндылығының негізі дегенімізбен, әлі оның парқына бара алмай жүрміз. Орыс ақыны А. Вознесенский айтқандай, «мы некрещенные дети советской империи» деп, бүгінгі қазақтардың да кіндігін негізінен атеистер кескен, рухани тәрбие алмай, енді көп дүниені ой елегінен өткізудеміз.  Сондықтан да зайырлы мемлекеттің не екенін  біреу біліп, біреуі білмей  атеистік мемлекетке теңейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясында дін мемлекеттен бөлінген делінбеген.  «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңының 4-бабында «Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген» — делінген.  Ал Конституция заңының бірінші бабында   Қазақстан «зайырлы» мемлекет деп жариялаған.

Демократиялық қоғамда дін міндетті мемлекеттік мәртебеге ие емес, бірақ  оның өз орны бар. Конституциямыздың  5-бабында: «Қазақстан Республикасында идеологиялық  және саяси әр алуандылық танылады», — делінген. Дін тек идеология ғана емес, дегенмен, Конституцияның бұл тұжырымы дүниеге деген әр түрлі көзқарастың (идеологияның) заң алдында теңдігін, бірақ ешқайсысының анық міндетті еместігін көрсетеді. Конституцияның бұл бабынан экстремистік, радикалдық емес идеологиядан басқалар, діни де, атеистік те көзқарастар  мәдени өмірімізде, бұқаралық ақпарат, сондай-ақ азаматтардың қалауына байланысты меншік түріне қарамастан оқу орындарында уағыздалуы мүмкіндігін байқаймыз.   Әрине,  бүгін Конституция берген бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Қазақстанда дінтану пәні факультативтік негізде немесе міндетті емес пән ретінде енгізіле бастады. Ал жоғары оқу орындарында тек Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында барлық мамандарға міндетті пән ретінде енгізілді.

Мемлекетімізде іштей атеизмнің  әлі тұғыры берік. Сырттан таңылып  жатқан пікірді қолдай жөнеліп, елімізде ислам тым асқынып бара жатыр, мешіттер тым көбейіп кетті, қалаларда діни рәміздер басым, бұл зайырлы  мемлекетке сәйкес емес деушілер кездеседі. Осылай мемлекетіміз клерикалданып немесе дінге бой ұсынып бара жатыр деп те айтушылар бар. Елін, рухани дәстүрін сыйлайтын зайырлы мемлекеттерде бұндай сөздерді ашық айтуға бармайды, оны әдепсіздікке санайды, ал  ол елдерде діни ғибадатханалар, ай мен крестер де баршылық.

Конституцияның 22-бабындағы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 14-бабындағы «дінге көзқарасына» байланысты «ешкімді кемсітуге болмайды» деген қағидаларына сәйкес мемлекет:

- азаматтардың дінге қатынасына, дін таңдауына, балаларының да  дін таңдауына араласпайды;

- мемлекеттік органдардың жұмысын  діни бірлестіктерге жүктемейді;

-  діни бірлестіктерді қаржыландырмайды;

-  діни бірлестіктердің жұмысына, егер ол заңға қайшы болмаса, араласпайды;

- әр түрлі  діндегі немесе дінге сенбейтін адамдардың, діни бірлестіктердің өзара сыйластықта, төзімділікте болуына ықпал етеді.

Ал діни бірлестіктер:

-  мемлекеттік биліктің қызметін атқармайды және мемлекеттік органдардың жұмысына араласпайды;

-  саяси партиялардың жұмысына қатыспайды, оларға қаржылай қолдау көрсетпейді;

-  мемлекеттің заңнама талаптары мен хұқық тәртібін сақтауға міндетті.

Діни ұйымдар мен мемлекеттің  қоғамға ықпалы бірдей емес. Ел тұрғындары негізінен мемлекеттің азаматтары, ал наным-сенім жағынан олар әр түрлі дінге жатады, болмаса атеист, дінге бейжай, себебі адамның наным-сенімі тек дінмен шектелмейді. Мемлекеттің заңдарын орындау барлық азаматтардың міндеті болса, ал діни қауымдастықтардың, адамдардың бағыт-бағдарларының орындалуы азаматтардың калауына қарай.

Мемлекет пен діннің қызметін анықтау,  олардың арақатынасын ажырату заң алдында олардың теңдігі, олардың ортақ мүдделері барлығын жоққа шығармайды.  Сол себепті дін мен мемлекет арасында шекара жоқ.

Дін мен ғылым арасындағы қарым-қатынастарға да жеңіл-желпі қарауға, болмаса қайшылықтарды ымыраға келмейтін кереғар жақтар деп түсінуге тағы болмайды.

2009 жылдың  12 ақпанында Еуропа ғылыми қауымдастығы Чарльз Дарвинның туғанына 200 жылдығын атап өтті.  Дарвинизм теориясы әлі де әлемді абыржытуда. Мұсылмандар онымен ымыраға келмей, жоққа шығарса, басқалар жартылай  мойындайды, үшіншілер оны толықтыруда. Пікірталас әлі жалғасуда. Католиктер арасында дін мен ғылым арасында адамның пайда болуы туралы айтыс бірте-бірте мәмілеге келетін сияқты. Бүгін  бірқатар шіркеулер Ч. Дарвиннің эволюциялық іліміне қарсы емес, адамдардың биологиялық, физиологиялық жағынан жануарлармен ортақ ұқсастықтары барлығы айтыс тудырмайды, ал оның жанын жаратушы Құдай дегенге тоқтайды. Адамның тәні мен жаны сияқты, ел халқының болмысына етене жақын, сіңіскен дінді мемлекеттен түгел ажыратуға болмайды. Осылай адамзат екі билікке бас иеді, дінге және зайырлы мемлекетке деген қағида қалыптасып келеді. Атеистердің жөні бөлек.   Мемлекет адамдардың  тәнін билесе, ішіп-жеуін, тұрмыстық жағдайын, денсаулығын реттесе, жаратушы ол дүниеде де, бұл дүниеде де адамның жанын билейді. Қазақ ойшылдары «жан дүниеге қонақ екен, дүние деген шолақ екен» деп талай айтқан. Дін адамдар Алла алдында бірдей десе, мемлекет адамдар  заң алдында бірдей дейді. Мемлекет өз адамдарына елдің азаматы ретінде қараса, дін адамдарға Алланың сүйіктісі ретінде қарайды. Осы тұста зайырлы қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана, ал қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана үйлесіп жатыр.

Дін мен ғылым, жан мен тән  мәселелері төңірегінде әлі де пікір  алмасу толастар емес, біз ғылымдағы  пікірлерді ғана ортаға салып отырмыз.

Халықтың күш-қуатты, жұбатуды, жан  жарасына емді діннен де іздейтіні  анық.  Бұқаралық ақпарат құралдарында  Қызылағаштағы қайғылы уақиға тұсында, сондай-ақ жергілікті жердегі ұлтаралық қақтығыстар кезінде дінбасыларының өз ұстанымдарының болмағанын, елді жұбата алмағандығын, араздасқандарды татуластыра алмағанына  сын айтады. Ол адамдар тек елдің азаматтары ғана емес, мұсылмандар емес пе деген уәж айтылды. Сын орынды сияқты.  Ал беделді сырттан келген діни топтар жинаған.

Бірқатар зайырлы елдерде діни бірлестіктер елде болып жатқан, әсіресе  адам өліміне байланысты уақиғаларға  өз бағасын беріп, не себепті христиандар, мұсылмандар, басқалар қаза тапты деп  дін тұрғысынан билікпен пікір алмасып  жатады. Мемлекет те діни бірлестіктерге байланысты өз ұстанымын ашық білдіреді. Ондай диалог заңды, ал кейде тіпті мемлекет пен дін арақатынасын шешуде сотқа жүгіну де жиі көрініс алды.

Сонымен, зайырлы мемлекет — атеистік емес.  Мемлекет азаматтарды  мейірімділік, патриотизм, сабырлылықты уағыздайтын діннің қолдауына мұқтаж. Ал тарихи құндылықтарымыз, дініміз мемлекеттің қолдауын қажет етеді.  

 

Дін және зайырлы мемлекет

 

Ежелгі қазақ хандығының мұсылман мемлекеті, оның ресми діні әрі идеологиясы  ислам діні болғандығы бүгін талас  тудырмайды. Мемлекеттік рәмізі – жасыл ту, қазақ тұрмысына негізделген заңнамасы — «Жеті жарғы» мемлекеттің құқықтық, мәдени негізі болды. Қазақ хандары Құранды сүйіп ант берген. «Сегіз қырлы» жігіттің бір қыры – мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан білімді қазақтар арабша, парсыша оқи білген, араб елдерінен білім алған. Қазақ ұлт болып мұсылмандықтың негізінде ұйыған, қазақ болмысы, дәстүрі мен ислам діні біте қайнасып сіңіскен, ислам ұлтымыздың салтына  бейімделген. Тіл мамандарының айтуынша, қазақ адам аттарының жетпіс пайызы күні бүгінде араб, парсы тілдерінен. Ислам дінін қабылдағаннан кейін кісі аттарында Мұханбет, Қожа, Саид (Сейіт), Ибрахим сияқты аттар жиі кездеседі. «Қазы»  деп аяқталатын қазақ аттары көп. Қазы арабша алғанда дін жолындағы соғысқа қатысқан адам.

Бұқара халық үшін дін мен  тәуелсіздік, дін мен патриотизм — ажырамас идеялар.  Патша үкіметіне қарсы күресте діни ұрандар  халыққа қуат берген. «Ат құйрығын сүзіңдер, Аллалап атқа қоныңдар!» — деп би, жыраулар бата берген.  Діни әдет, уағыздар халықтың мақал, мәтелдері мен нақыл сөздеріне де енген. «Халықтан ұял, құдайдан қорық», «Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды Тәңірі табады», тағы басқалар Соңғы ғасырларда қазақ ұлты ата-бабасының құндылықтарынан айрыла бастады.

Кеңес заманында Қазақстанды  басқа республикалар сияқты  «атеизм салтанат құрған» ел десе, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI ғасырдың басында, біз, керісінше, ислам мемлекеті болдық, Ислам конференциясы Ұйымына мүшеміз. Биыл, 2011 жылы сол Ұйымға төрағалық етеміз. Елімізде он екі миллиондай мұсылман бар. Ислам – күнделікті тіршілік, өмір салты ғана емес, ол мәдениет, өмірлік позиция, дүниетаным, бір сөзбен айтқанда, тұтас өркениет ретінде  енді қайта дари бастады.

Еліміздегі діни ахуалды сараптағанда, діни бірлестіктердің санының өскендігі, культтік орындардың көбейгені назар  аудартады.   2010 жылдың басында елімізде  3776 діни бірлестік пен  561 діни топ тіркелген. Сан жағынан ең көбі мұсылман діни қауымдастықтары мен топтары – 2697. Ислам дінін ұстаушылар да, ислам ғибадатханалары да сан жағынан басым —  2343.  Ал 1990 жылы небәрі  46 ислам бірлестіктері мен  46  мешіт болған.

Бүгін бірқатар ТМД елдерінде «Мемлекеттің рухани тұрағы не?» деген сауалға  жауап іздеуде. Басты тіректің бірі дін мен мәдениет екені даусыз. Осы тұста, әрине аға ұрпақтан гөрі мәселе жас ұрпақтың діндарлығына, оның діни идеяларды, догматтарды қабылдауы туралы мәселе өткір.  Ғылыми әдебиетте жастарды діни сеніміне қарай бес топқа бөледі.

Зайырлы Мемлекет